Әзілхан Нұршайықов – әдебиеттегі дара тұлға

Әзілхан Нұршайықов – әдебиеттегі дара тұлға

Әзілхан Нұршайықов – әдебиеттегі дара тұлға
ашық дереккөзі
3691

Әдебиетіміз бен әдебиеттануда қай кезеңде де маңызын жоймайтын өзекті мәселенің бірі – тұлғатану саласы. Тұлғатану әдебиет тарихын тануға, шығармашылық тұлғаларымыз жасаған әдеби  мұраларды  халық игілігіне айналдыруға қызмет етеді. Әдебиеттанудағы тұлғатанудың басты объектісі – шығармашылық тұлға.

Шығармашылық тұлға өзі өмір сүрген қоғамның шындығын бейнелей отырып, сол дәуірдің сөзін сөйлейді, бүкіл адамзатқа қызмет ететін әдеби мұра қалдырады. Әдебиет тарихында халықтың өмірін бейнелеудің жаңа бағытын ашқан, белгілі бір тың әдеби әдіске сүйеніп жазылған туындыларды дара туындыгерлер ғана дүниеге алып келді. Қазақ әдебиетінде мұндай тұлғалар көп болғанымен, әзірге қазақ әдебиеттануында арнайы жеке саланың зерттеу объектісіне айналған шығармашылық тұлғалар некен-саяқ.  Қазақ әдебиеттануында тұлғатану мәселесі Абайтанудан басталатынын білеміз. Қазірге дейін Абайтану, Әуезовтану, Жамбылтану, Ахметтану сияқты тұлғатанушылық бағытындағы зерттеулер, ізденулер дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Дегенмен де санаулы тұлғалармен шектеліп қалмауға тиіспіз.

Биылғы 100 жылдық мерейтой иесі Әзілхан Нұршайықов – тұлғатанудың жеке саласына айналуға лайықты әдебиетіміздің алыбы. Қазақтың көрнекті қаламгері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов – өмiршең шығармаларды дүниеге әкелген қаламы қарымды шығармашылық тұлға.

Әдебиетімізге 60-70 жылдары прозалық шығармалары арқылы идеялық-көркемдiк жаңа сипаттар, жанрлық-стильдік ерекшеліктер мен дара поэтикалық қуат алып келген жазушы Әзiлхан Нұршайықов болғандығын қазақ оқырманы ғана емес Кеңестік Одақтың әдеби қауымы мойындады.

Ә. Нұршайықовтың дара қолтаңбасы мен шығармашылық тұлғасын тану үшін академиялық өмірбаянынан бастап, жазушылық зертханасының қат-қабат қырларына, суреткерлік шеберлігіне үңіліп, дәлелді әдеби талдаулармен тұжырымдап, шығармаларына объективті баға берілуге тиіс. Өйткені жалқыны танымай жалпыны тани алмаймыз. Әзағаңның дара болмысын өзіндік қолтаңбасын таныту үшін жазушы шығармаларының поэтикасын сөз еткен абзал.

Жазушының әдеби бетiн айқындау – оның өмiр тәжiрибесiн, шығармашылық еңбек жолын, ерекшелiктерiн, материал жинау, образ жасау тәсiлдерiн, яғни жазушылық зертханасының қат-қабат қырларын тануға жол ашады. Ә. Нұршайықовтың жазушылық лабораториясын зерттеп қарасақ,  публицистикадан көркем прозаға бет бұрған алғашқы кезеңiнен-ақ адами құндылықтарды шығармаларының басты дiңгегi ете алуынан жазушы шығармашылығының идеялық-тақырыптық ерекшелiгiн аңғару қиын емес. Болмысынан гуманист-жазушы мейлi әскери-қаһармандық тақырыпқа иек артсын, мейлi еңбек пен махаббатты сөз етсiн өз идеясының түп қазығын адам бойындағы гуманистік құндылыққа әкеп тірейді. Рас, адамгершілік мәселесін қозғамайтын шығармалар кемде-кем. Алайда, Ә. Нұршайықов оны өз дүниетанымы тұрғысынан, жаңаша әдiс-тәсiлмен шеше бiледi. Осы бiр өмiрлiк  мәндi мәселенi нақты деректердi, өмiрлiк ащы тәжiрибенi ұсына отырып, көркем шындыққа айналдырады. Мұнысы шығарманың өнегелiк, тәрбиелiк жақтарын арттырып отырады. Оның тырнақалды туындыларынан бастап қай жанрда жазылған шығармаларын алсаңыз да жазушы өзi көрiп, басынан өткерген немесе замандастары куә болған жайларды ғана суреттейдi. Мысалы, «Ақиқат пен аңыз» роман-сұхбаты, «Махаббат, қызық мол жылдар» романы, «Махаббат жыры», «Ғажап адам», «Тоғыз толғау» повестерi, майдан жазбалары – бәрi тарихи деректер, құжаттар негiзiнде жазылған дүниелер. Жазушыда фактiлер, деректер, құжаттар негiзiнде жазу стилiнiң орнықты қалыптасуының сыры әдебиетке очеркист, публицист ретiнде келуiнде.

Өмір жолы мен қызмет еткен жылдары халық тағдырының қиын сынға түскен кезеңдеріне тұспа-тұс келген Ә.Нұршайықовтың шығармаларын оқығанда, ең алдымен, сол заман бедері мен замандастарының асқақ та қайсар рухты  бейнесін көреміз, жан сарайы көрікті, адамгершiлiкке толы  кейіпкерлерді көз алдымызға елестетеміз.

Әзілхан Нұршайықов – қазақ прозасында шығармашылық тұлғалар мен әдебиет қайраткерлерінің бейнесін жасау жолында еселі еңбек еткен жазушылармыздың бірі. Ол әдебиетте өз орны бар алдыңғы буын ағалары мен замандастарын естелік, эссе, хикаялардан бастап, повесть, романдарына дейін кейіпкер етіп алады. Оның қаһармандары – Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Мұқан Иманжанов, Әбділдә Тәжібаев, Тахауи Ахтанов сынды әдебиет қайраткерлері болып келеді. Жалпы суреткер қаламынан туындаған «Ақиқат пен аңыз» роман-сұхбаты, «Тоғыз толғау» повесть-монологы, «Қаламгер және оның достары» атты эпистолярлық романы, «Мен және менің замандастарым» атты өмірбаяндық романы, «Екі естелік» эссе, хикаялар кітаптарынан әдебиетімізге еңбегі сіңген көрнекті жазушы, ақын, ғалымдардың әдеби-мәдени әрі қоғамдық ортасын көреміз, олардың асқақ бейнелеріне сүйсініп, асыл қасиеттерін мойындаймыз. Жазушы бұл шығармаларында көрнекті шығармашылық тұлғалар өмірінің ғибратты тұстарын, адамгершілікпен үйлескен азаматтық келбеттерін айшықты етіп көрсетуді ізгі мақсаты еткен.

 «Ақиқат пен аңыз» (1976) роман-сұхбатынан аты аңызға айналған халық батыры, Ұлы Отан соғысының даңқты қаһарманы, гвардия полковнигi Бауыржан Момышұлының өр тұлғасын, азаматтық қасиетiн танысақ, «Тоғыз толғау» (1977) повесть-монологынан  Кеңес Одағының Батыры, iрi әдебиетшi ғалым Мәлiк Ғабдуллиннің күнделікті өмір тіршілігіндегі қарапайым бейнесі мен тұлғалық болмысын көреміз. Бұл повесте ғұлама жазушылар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұканов, Бейімбет Майлин, Мәлік Ғабдуллин сияқты халқымыздың сыйлы азаматтарының тұлғалық болмысы танылады. Аты аталған әдебиет майталмандары өмiрiнiң жеке бөлшектерi жайындағы мәндi толғаулар көбіне М. Ғабдуллин мен автор тарапынан баяндалады.

Повесть-толғаудың өн бойы үлгi-өнегеге толы. Повесте М. Ғабдуллиннiң әдебиетке келу жолынан, осы жолдағы С. Мұқанов, Б. Майлиндердiң ұстаздық қамқорлықтарынан хабардар боламыз. Ұстаз бен шәкiрттiң қарым-қатынастары, Б. Момышұлымен танысып бiлiсуi, Ж. Жабаевпен жүздесуi толғауда әсерлi баяндалған. Олардың образын эстетикалық қуаттылықпен танытып, оқырманына ғибратты үлгi беретін деңгейге көтеріп суреттейді.

 Бұл образдарды толықтыруда автордың естелiктерiнiң, қолжазба, күнделiктерiнiң атқарған қызметi үлкен. «Тоғыз толғау» повесть-монологы – естелік-әңгімелерден тұратын, баяндау тәсілі өзгеше шығарма.

Ә. Нұршайықов «Тоғыз толғау» повесть-монологында Әуезовті кең эпикалық көлемде негізгі қаһарман етіп бейнелемесе де, дара шығармашылық тұлға бейнесін бұдан басқа бірнеше шығармаларында жан-жақты таныта алғандығын айта кеткен абзал. Әсіресе «Махаббат, қызық мол жылдар» романы мен «Екі естелік» эсселерінен Әуезовтің толыққанды бейнесін көре аламыз. Жазушы бұл шығармаларында Мұхаң өмірінің ғибраты мол тұстарын, адамзат мойындаған дарыны мен қабілетін, кемеңгерлігі мен биік парасатын, адамгершілікпен үйлескен азаматтық қабілеттерін айшықты етіп көрсетеді.

Ә. Нұpшaйықовтың «Тоғыз толғaу» повесть-монологының «Ұмытылмaс бейне» бөлiмiнде кемеңгер М.Әуезовтің Керекуге келген сaпaры жайындағы естеліктері баяндалады. Мұхтaр Әуезовтiң бiлгiрлiгiн, кiшiпейiлдiгiн, сыпaйылығын, мейiрiмдiлiгiн көрсететiн детaльдaр келтiрiлген. Әсiресе жaс тaлaпкер жaзушылaрғa деген бейiлi мен жaлын берiп жiгерлендiре жүретiн қaмқорлығы aвтор тaрaпынaн бaяндaлaтын естелiк-әңгiмеде үлкен ықылaспен aйтылғaн.

Автор тарапынан баяндалатын алғашқы әңгімеден кейін Мұхаң туралы естелік-әңгімені әдебиетші-ғалым М. Ғабдуллин жалғастырады. Мұхaң обрaзын кеңiрек aшa түсуде М. Ғaбдуллиннiң толғaулaры бaсты қызмет aтқaрғaн. Екінші толғaудaғы «Бір хaттың тaрихынaн», Мұхaң мен Мәлiк aрaсындaғы жaзысқaн хaттaрдaн олaрдың әдебиет мaйдaнындaғы еңбектерi жaйынaн мaғлұмaттaр aлып, aғa мен iнi aрaсындaғы сыйлaстықты aңғaрaмыз. 1955 жылдың 28 қaзaнындa «Қaзaқ әдебиеті» гaзетінде бaсылғaн Мәлік Ғaбдуллиннің «Мұхтaр Әуезовке хaтының» тұтaстaй келтiрiлуі, осы жылдың 11 қaрaшaсындa шыққaн Мұхтaр Әуезовтің «Мәлік Ғaбдуллинге жaуaп хaтының» мaзмұнын беруі, М. Әуезовтiң үлкен тaлaнт иесi болa тұрa, әдiлдiкке бaс ие бiлетiн, әдiл сынды қaбылдaй aлaтын кiшiпейiлдiгiне сүйсiндіреді. Осы тұстa aйтa кететiн бiр жaйт, бұл хaттaрдaн тaрихи шындықтың тaбы сезiледi. Атaп aйтқaндa, елуiншi жылдaрдaғы әдебиет мaйдaны aтмосферaсындaғы келеңсiз жaйлaрдың бiр-бiрiмен көңiлi сыйлaс aғa мен iнi aрaсынa дa сaлқындық тигiзгендiгiн түйсiнемiз. Алaйдa aдaл көңiл иесi болғaн бұл жaндaрдың үлкен жүрегi ұсaқтыққa орын берген жоқ. Iнi aғa aлдындa кешiрiм сұрaй бiлсе, aғa оны кешiре aлды. Осы хaттaрды оқи отырып, ұлы aдaмдaрдың мәдениеттiлiгiне, сыпaйылығынa тәнтi болып, әркез әдеби сын осындaй биiк дәрежеден көрiнiп жaтсa деп ойлaйсың.

Ә. Нұршайықовтың «Тоғыз толғау» повесть-монологында Мәлiк Ғабдуллиннiң әдебиет тарландары М. Әуезов, Ж. Жабаев, С. Мұқанов, Б. Майлиндермен кездесулерi, Кеңес Армиясында қызмет еткен кездерiндегi қызықты эпизодтар жеке новеллалар түрiнде берiледі. «Тоғыз толғау» повесть-монологы қаламгер замандастарының өз аузынан айтылып, қағазға түсірілген толғау іспетті. Ұлы тұлғалар мен атақты адамдар ғұмырының ұшқындары, солардың өмiрiнiң бөлшектерi iспеттi бұл толғаулар деректi материалдарға толы. Бұдан Ә.Нұршайықов шығармаларының ұлт тұлғаларын танытудағы маңызының зор екенін көреміз.

Әзiлхан Нұршайықов прозасының тағы бір поэтикалық даралығы – оның документтік, нақты деректілік табиғатымен байланыстылығы, оны адам жанының күрделі табиғатын танытуда да шебер қолдана алатындығы. Кейіпкер немесе автор тарапынан айтылған ақиқат әңгімелер кез келген көркем ойдан шыққан дүниеден әлдеқайда бағалы, әсерлі.

Жазушы қай тақырыпты жазса да өмір дерегінен алды, оған көркемдік қуат дарыта бiлді. Әзiлхан Нұршайықов кезінде әдебиетiмiзге жанрлық-стильдік ерекшеліктер ала келген жазушының бiрi болды. Жазушы шығармаларына материал жинауда ғана емес, оны оқырманына жеткiзуде де ұтқырлық танытады. Мейлi мақала, очерк жазсын, мейлi әңгiме, повесть немесе роман жазсын оның оқырманға тартымды болуына, оқушысын бiр сарындылықпен жалықтырмауға тырысады. Бұл үшiн олардың түр жағынан бiр-бiрiне ұқсамауы жолында iзденiс жасайды. Оның шығармаларының роман-диалог, повесть-монолог, естелiк-әңгiме, т.б. болып келуi соның айғағы. Тiптi очерктерiнiң өзi очерк-эссе, очерк-әңгiме, естелiк-очерк болып, ал мақалалары хат, бетпе-бет әңгiме, шағын пьеса, публицистикалық толғау түрiнде жазылып, жаңа нақыл, жарасты теңеулермен өрнектелiп келедi. Мұндай жанрлық iзденiстерi жазушылық стилiнiң тағы бiр қырын танытып тастайды.

Ә. Нұршайықов талантының қуаты мен дара қолтаңбасын айғақтайтын шығарма халық батыры Бауыржан Момышұлы туралы жазылған «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы болды. Шығармаға ден қойып қарасақ, оның стилiне де, жанрына да журналистиканың әсерi болғандығы айқын сезiледi. Тiптi шығарманың тууына «Жұлдыз» журналының тапсырмасы түрткi болғандығын автордың «Ақиқат пен аңыз» қалай туды?» деген мақаласынан бiлемiз. Сауал мен жауап түрiнде жазбақ болған интервью очеркi болашақ романның жанры мен стилiн айқындап бердi. Шығарманың деректiлiк стильмен сұхбат түрiнде жазылуы оны деректi көркем роман-сұхбат деп атауымызға толық мүмкiндiк бердi. Сұхбат түрiнде кең көлемдi эпикалық шығарма жазу – Ә.Нұршайықовтың әдебиет жанрына салған дара соқпағы болды. Әзағаңның бұл жаңалығы кезінде әдебиетшi қауым назарынан тыс қалған жоқ.

Сұрақ-жауап әңгімені өрбітер қозғаушы басты тетік болғанымен, автор сұрақ-жауап сүрлеуiмен ғана тартып отырмай, лирикалық шегiнiстер жасап, айтқалы отырған ойын қосымша деректермен толықтырып отырады. Ал бұдан бiз роман жанрына тән көптеген көркемдiк элементтердi табамыз. Кiтаптың сұхбат түрiнде жазылуы авторға талай мүмкiндiктер бердi. Бiрiншiден, қаһарманын шығарма мақсатына қарай бағыттауға әрi оны әр қырынан танытуға жол ашса; екiншiден, шығарманың тарихи шыншылдығын арттырды; ал үшiншiден, автордың оқиғаны өз тарапынан да баяндауына, өз сезiмдерiн еркiн бiлдiруiне мүмкiндiктер жасады. Роман-диалогта автор мен кейiпкердiң кезектесе отырып сөйлеуi – өз ойы мен болмысын танытуда да, роман оқиғасын өрбiтуде де өзгеше бiр әдiс болған. Сұхбат барысында екi түрлi мiнездi жандардың (бiрi – қатал, екiншiсi – жұмсақ) тiл табысып, пiкiр түйiстiре алғанына таң қалмасқа болмайды. Бұның сыры тереңдегi жан дүние ұқсастығында жатса керек. Ол – адалдық, әдiл сөйлеушiлiк, өзге пiкiрмен санаса алушылық, сезiмталдық. Мұндай ұқсастықты мәселе төңiрегiнде ой қозғау, деталь, эпизодтарды сөз ету, одан түйiн жасауларынан аңғарып жатамыз.

Шығармадағы жазушының өз образы жайынан сөз қозғағанда авторлық баяндау тәсiлiн айтпай кетуге болмайды. Себебi көркем туындының нарративтік жүйесi автордың сөзi мен толғаныстары арқылы келiстi өрнек табатындықтан, шығармада, автор мен нарратор көп ретте ортақ қызмет атқарады. Жалпы баяндау тәсiлi жазушы үшiн бет алған нысанаға жетудiң жолы iспеттi болғандықтан, суреткер оны өз идеясы мен шығарманың материалдық негiзiне сай етiп таңдайды.

Оқиға деректiлiгi мен образ шынайылығына аса ден қоятын Ә. Нұршайықов шығармаларында тек авторлық баяндау сүрлеуiмен тартып отырмай бiрде баяндаушы-нарратор – кейiпкер болса, бiрде ол қызметтi әңгiмешi-нарратор атқарып отырады. Бұған қоса ауызша тұрмыстық баяндаудың түрлерiн (хаттар, күнделiктер, құжаттар т.б.) пайдалана отырып, шығарма мазмұнын кеңейтiп өрбiте баяндайды. Бұл әдiсi, бiрiншiден, шығарманы ықшамдап, тартымдылығын арттырса, екiншiден, суреттелген жайдың шыншылдығын күшейтедi, ал үшiншiден, автордың қатысын байқатады. Жазушы өз замандастарының образын суреттеуде де осы тәсiлдi қолданады. Мұндай шығармаларының ұлғайтылған iшкi монолог түрiнде жазылуы замандастың жан дүниесiн психологиялық нәзiктiкпен көрсетуге жол ашқан. Мысалы, замандастар болмысын, олардың биiк моральдық келбетiн алға тартатын «Махаббат, қызық мол жылдар» романының оқиғасы бас кейiпкер – Ербол аузымен баяндалып, бар құбылысқа талдау соның сезiмi, көңiл-күйi, көзқарасы арқылы берiлуiнiң өзi баяндаушы-нарратор – қаһарманның болмысын танытып отырады. Онсыз шығарма шыншылдық қуатқа, тәрбиелiк мәнге ие бола алмайды. Сондықтан кейiпкер автор идеясына бағынса, ал автор жалпы адамзаттық мораль ережелерiн қатаң ұстанады. Бұдан келiп нарратор-кейiпкер – автор – оқырман санасының сфераларында идеялық-эстетикалық бiрлiк туындайды. Осындай бiрлiктi Ә. Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар» романында лирикалық баяндау жүйесiне сыйғыза алған. Бұл шығарманың лирикалық сарынға құрылғандығын дәлелдейдi. Әрi адам жанын танытудағы басты әдiсi болғандығын көрсетедi.

Журналистік соқпақтан өткен қаламгер Ә. Нұршайықовтың қаламынан туған шығармалар құндылыққа, қазақ халқының рухани қазынасына айналған дүниелер деп толық айта аламыз. Ол «Алыс ауданда», «Тың астығы», «Жомарт өлке» сияқты көптеген очерктер жинағының, «Махаббат жыры», «Алтын соқпақ», «Батырдың өмірі», «Мен журналиспін» атты публицистикалық топтамалардың, «Автопортрет», «Жамбылға хат» әскери естеліктер,«Қаламгер және оның достары», «Өмір өрнектері», «Екі естелік» тағы басқа да көптеген кітаптардың авторы.

Ә.Нұршайықов – естелік, күнделік, хат жанрларын көркем проза деңгейіне көтерген жазушы. «Қаламгер және оның достары» атты эпистолярлық романы, «Өткелдер» роман-естелігі, әдебиетші қауым күнделік-эпопея деп баға беріп жүрген «Өмір өрнектері» атты  әдеби күнделіктері бұған дәлел. Қарапайым өмірлік деректерден мәнді дүние тудыра білетін еңбекқор қаламгердің әскери, тұрмыстық және әдеби күнделіктері өмірінің соңғы жылдарында жеке кітап болып жарық көріп жатты.

Жазушы естелік жанрына да ерекше ден қойды. Естелік жанрына былай баға береді: «Естелік жазуға ерекше шеберлік қажет. Өз заманының шындығын жан-жақты қамтып жазған шынайы естеліктің көркем шығармадан еш кемдігі жоқ. ...оқиғаны, кейіпкерді табиғи болмысымен көрсете алатын шығарма – естелік». 1985 жылы қазақтың ұлы жазушылары М. Әуезов пен С. Мұқанов туралы «Екі естелік» эссесін жазса, 2000 жылы Әзілхан Нұршайықов әдебиетімізге бір емес, қатарынан екі тың туындысын алып келді. «Қаламгер және оның достары» атты эпистолярлық романы мен автордың өзі «әдеби күнделіктер» деп атаған «Өмір өрнектері» кітабын оқырманға ұсынды. Сонымен қатар адал жары, өмірлік қамқоры, сенімді серігі бола білген Халима апайдың бейнесін өшпестей етіп «Мәңгілік махаббат жыры» атты прозалық поэма жазды.

Ә.Нұршайықов шығармашылығының мол мұрасы 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан шыққан таңдамалы шығармаларының он томдығында тұтастай жинақталып берілді. Көзі тірісінде әдеби мұрасының шашауын шығармай келешек ұрпаққа жиып-теріп беруі жазушының өз еңбегіне де, ұрпақ алдындағы борышқа да жауапкершілікпен қарауы деп бағалап, тағзым етсек артық болмас дер едім.

Ал енді Әзілхан Нұршайықов шығармашылығының зерттелуі жайына келер болсақ, туындыгер жайында дер кезінде мерзімді басылымдарда  сындарлы  пiкiрлер айтылып, дара қолтаңбасының қырларына баға беріліп отырды. Қазіргі таңда Ә. Нұршайықов шығармашылығын әр қырынан зерттеп, ғылыми еңбектер жазған ғалымдарымыздың қатары арта түсуде. Туындыгердің әдеби мұрасының танымдық-тағлымдық мәнін, тарихи-деректілік сипатын, дара стилін ғылыми зерттеу аспектісіне айналдырған ғалымдардың ізденістері туралы мәліметтер «Әйгілі Әзаға» атты естелік-эсселер жинағында кеңірек айтылған.

Адамзаттың тағдыры мен тіршілігі, болмысы мен арман-мұраты шынайылықпен көркем өрнектеліп, тұлғалана  бейнеленген Ә. Нұршайықовтай дара туындыгердің ғибратты шығармашылығы әлі де талай зерттеу нысанына айналып, ондағы құндылықтардың дәріптеле түсетіні аян. Өйткені өмірдің өзінен ойып алып, көркемдік қуат дарытып жазған Ә. Нұршайықовтың шығармалары өнегеге толы, болашақ үшін де өте қажет өміршең шығармалар.

Қалқабаева Сәлима Әбдіраманқызы,

филология ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Серіктес жаңалықтары