26 немересіне қазақша есім берген Байрух әже әулеті

26 немересіне қазақша есім берген Байрух әже әулеті

26 немересіне қазақша есім берген Байрух әже әулеті
ашық дереккөзі
50830
Қуғын-сүргін зобалаңы жылдары Қазақстанға жер аударылған өзге ұлт өкілдерінен көмегін аямаған қазақтардың қамқорлығы әлі де көптің ауызында жүр. Онсыз да бір басында тауқыметі көп олар жазықсыз қоныс аударылған өзге ұлттың үзілген үмітін жалғап, жүрек жылуын аямай төк­кенін көпшілік күні бүгінге дейін жылы тебіреніспен айтады. Сондай жан­ның бірі – Шымкент шаһарында тұратын Тазабек Филикұлы. Алға­шында оның әзербайжан ұлтынан тарайтынын естіген кезде «Ал есіміңізді Та­забек деп кім қойды?» деп сұрақты үсті-үстіне төпелете қойғанымыз бар. Жалғыз өзінің емес, бауырларының да есімі қазақша екенін айтқан Таза­бек аға отбасының Қазақстанға қоныстану тарихын баяндап берді.

«Байрух әжемнің айтуынша, Гру­зия­да тұрып жатқан әзербайжандар 1942 жылы Қазақстанға жер ауда­рыл­ған. Бірақ оларға түбегейлі көшетінін еш­кім айтпаған. «Бір жерге бір аптаға жұ­мысқа барасыңдар. Сол уақытқа же­те­тін тағам әзірлеп алыңдар» деп алдап, ж­­­ылы орындарын тастауға мәжбүрле­ген. Сөйтіп, олар үй-жайы мен мал-мү­лік­терін тастап, түн ішінде жүк тие­ле­тін пойызға мініп, көппен бірге жолға шық­қан. Қазақстанға келгенде оларды Бадам, Түлкібас, Меркі стансаларына тү­­сіріп кеткен. Алматыға дейін бар­ған­дары бар, бірақ көбін айдалаға тастап кет­кен. Бөтен ел топырағына топ ете түс­кен оларды қазақтар үйлеріне кір­гізіп, бауырына басқан. Өздерінің халі мүшкіл болса да қолындағы бар­ды бөліскен. Әжем сол жылдары тіпті мал­дың терісін асып, атала қайнатып жегенін ай­та­тын. Сөйтіп, «көктемге әупірімдеп жетіп, адам бол­дық» деп отыратын. Сосын біреудің малын ба­ғып нәпақа тауып, жағдайын түзеп алған», – дейді Тазабек аға. Тазабек аға жалғызбасты әжесіне көмек­тес­кен қазақтарға «алғыстан басқа айтарым жоқ» деп ағынан жарылды. «Атамыз Грузияда қа­мауға алынып, сонда жантәсілім етті. Әжем төрт баласын қатардан кем қылмау үшін тын­бай жұмыс істеген. Қазақстанға келе жат­қан жол­да кенже баласы дүние салған. қазақтар он және алты жастағы екі қызы мен үш жастағы менің әкемді ертіп, стансада дәрменсіз күй кешіп жүр­ген әжемнен қолынан келген көмегін ая­маған. Оларды Бадам стансасынан отыз ша­қырым жерде орналасқан бұрын Ленинту, кейін Қажымұқан деп аталған ауылға орна­ластырған. Әжем өмірінің соңғы жылдарын сол ауылда өткізген әйгілі Қажымұқанның көзін көрген. Онда біраз жыл тұрған соң сол ауылға жақын маңда орналасқан Темірлан ауылына көшкен. Әкем онда мал шаруашылығымен ай­налысқан анасына көмектесу үшін ерте жастан еңбекке араласқан. Әкем «Он жыл бойы ақша дегеннің не екенін білмей өстік. Бізге еңбе­гіміздің ақысы ретінде арпа, бидай, ұн беретін» деп еске алып отыратын. Әжем қандай қиын кезең болса да, қазақтармен бірге қуанып, бірге мұңайғанын айтқанда жүрегі жібіп сала беретін-ді. Ақтық демі қалғанша олардан көр­ген жақсылығын ауызынан тастамай, айтып кетті», – дейді Тазабек аға. Қазақтардың аса қамқорлығы мен ерекше мейірімділігіне шексіз риза болған Байрух әжей оларға көрсеткен құрметі ретінде үш баласынан тараған барлық немересіне қазақша есім беруді ұйғарған. «Әжем 26 немере сүйді. Бұрын жаңа туған сә­бидің есімін әжелер ақылдаса қоятын еді ғой. Сол секілді менің әжем де барлық немересінің есімін өзі қойды. Барлығының есімі қазақша. Тіп­ті, олардың туыстар әзілдеп қойған ныспы­лары да қазақша. Мысалы, біздің әулетте менен үлкен әпкемнің есімі – Тазагүл. Менің есімім төлқұжатта Тазабай деп жазылған. Менен кейін­гі туған қарындасымның есімі – Қызыл­гүл. Қызылгүлден кейін дүниеге келген қызға ырымдап, «келесісі ұл болсын» деген ниетпен Гүлтәмам есімін берген. Бірақ одан кейін тағы да қыз бала дүниеге келген соң әкемнің қазақ дос­тары қалжыңдап «Әзербайжанның ырымы дұрыс келмейді. Қазақтың ырымын ұстаның­дар» деген соң ақырында ол қыздың есімін Ұлжал­ғас деп қойған. Расында, Ұлжалғастан соң Тұрсынбай деген ұл туды. Одан соң Фатима және Тұрлыбай есімді екі бауырым тағы бар», – дейді Тазабек аға. «Ол заманда ел арасында еңбегі еленетін адамдардың есімін ырымдап қоя­тын дәстүр бар еді ғой. Сіздің есіміңізді де со­лай қойған болар» деген сұрағымызға «Дәл солай. Әжем колхоз меңгерушісі ретінде ха­лықтың игілігі үшін аянбай еңбек еткен Таза­бай ағаның құрметіне қойған. Шынында, ол уа­қыт­та еңбегі ел ауызында жүргендердің есі­мін ырымдап қоятын еді ғой» деп жауап берді.  width=Байрух әжей көш кезінде оңтүстік өңірдегі түрлі стансадан түсіп қалған туыстарынан ажы­рап қалған. Олардың өзі тұрып жатқан ауыл­дан жүз шақырым жерде орналасқан Түл­кібас ауданына қоныстанғанын үш жылдан соң білген. «Ол уақытта телефон, пошта деген жоқ. Әжем анадан бір сұрап, мынадан бір сұрап, ақырында сабылып іздеген туыстарының Түлкібас жақта тұратынын естіп-білген. Сөйтіп, есекке арбаны жегіп, жүз шақырым жерді үш тәулік бойы жүріп өткен. Есек байқұс та шар­шайды. «Жүр» дегенге көнбейді. Әжемдер жолай бейтаныс адамдардың үйіне қонып, әйтіп-бүйтіп, туыстарын тапқан. Әкем сол Түлкібаста үйленді. Қазақтар жеті атаға дейін үйленбейтін дәстүрді қатаң ұстанады ғой. Ал бізде бір ата, екі атадан кейін қыз алыса береміз. Мысалы, мен бес атадан ары қызды алдым, балам төрт атадан ары қызды келін етіп түсірді. Негізі, біз араласпыз. Қазақтарға қыз да береміз, олардан да қыз аламыз. Бізді танитындар «Сендер – әзер­байжансыңдар. Бөлек ұлтсыңдар» деп еш­қа­шан бөлмеген. Дініміз, діліміз бір. Түбіміз бір. Салтымыз да ұқсас. Біз сіздердің салт­тарыңыз­дан алдық, сіздер бізден керегін ал­дыңыздар. Бірақ қазір біздің салттан көп нәрсе қалған жоқ, көбіне той-томалақты қазақтың дәстүріне сай өткіземіз», – дейді Тазабек аға. Тазабек ағаның балаларының есімі де қа­зақ­­ша. Алты тілді жетік білетін Тазабек аға бә­рі­­нен бұрын мәні зор, мағынасы терең қазақ ән­дерін тыңдағанды ұнататынын айтады. Бірақ көпшіліктің қазақтың қазақ тілінің байлығы мен әсем­дігін бағалай бермейтініне қынжыла­тынын да жасырмайды. «Мысалы, біз әзербайжан тілін ауызша біле­міз, бірақ қалай жазу керек екенінен бей­ха­бармыз. Ал біз оны қалай сақтап қалдық дей­сіз? Үйде ана тілімізде сөйлесу арқылы. Қа­зақтардың басты кемшін тұсы – дастарқан ба­сын­да орысша сөйлескенді құп көреді. Мен көп адамға қазақ тілін үйреттім, қазақ әуенін тың­датып, мәнін түсіндірдім. Жүрген жерімде үнемі қазақ тілі туралы айтып жүремін. 90-жыл­дары бір досым «Менің қазақша білме­ге­німе орыстілді орта кінәлі» дегені есімде қа­лып қойыпты. Сонда ашуға булыққан мен «Са­ған тілді өз бетінше үйренуге біреу тосқауыл қой­ды ма? Неге ортаңды кінәлай­сың? Маған қара­саңшы. Мұнда әзербайжан тілінде сабақ бере­тін мектеп түгілі кітап та жоқ. Бірақ мен ана тілімді жетік білемін ғой» деп түсіндіргенім бар. Біздің әулетте бәрі қазақшаны жетік біледі. Қазақ тілін білетін адам өзін ба­қыт­ты санауына бола­ды. Ал ол тілді түсінбесең, көп нәрсені жо­ғал­тасың», – дейді Тазабек аға мемле­кеттік тіл­дің мәртебесіне ерекше көңіл бөліп. «Мен қазақтарды өте қатты жақсы көремін. Ерекше сыйлаймын. Ел ішіндегі мәдениет қар­қынды түрде дамып келе жатқанына қуанамын. Бұрын­ғының жастары ішімдікке құмар, төбе­лес­кіш келетін еді. Ауыл тойлары төбелессіз өт­пейтін-ді. Ертесінде «Той қалай өтті? Төбелес бол­ды ма? Ой, төбелес болмаса түк қызық бол­ма­ды деші» деп сұрап отыратын едік (күліп). Ал қазір барлығы мүлде басқаша. Қазіргі жас­тар өте білімді. Оқымысты. Жастайынан мақ­саты мен мұратын айқындап, өзіне не керек еке­нін жақсы біледі», – дейді Тазабек аға сөз соңында.

Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары