1273
Мажарлар мен қыпшақтар: қарсыластықтан одақтастыққа дейін
Мажарлар мен қыпшақтар: қарсыластықтан одақтастыққа дейін
Қыпшақтар тарихының ең қызықты тұстарының бірі – Венгрия корольдігімен қарым-қатынасы. Моңғол басқыншылығы кезінде көптеген қыпшақтың Венгрияны паналағанын білеміз. Бізді моңғол шапқыншылығына дейінгі кезең, яғни қыпшақтардың Шығыс Еуропада пайда болған кезінен бастап моңғол шапқыншылығына дейінгі уақыт қызықтырады. Бұл мәселе В.Шушарин, П.Дьякону және И.Вашари еңбектерінде зерттелген (Шушарин 1997; Диакону 1978; Васари 2005). Бұл зерттеудің міндеті – моңғолға дейінгі кезеңдегі қыпшақтар мен мажарлардың қарым-қатынасын талдау және соған сәйкес қыпшақтардың Венгрия шекарасында пайда болған уақытын анықтау, сондай-ақ мажарлар мен Куман епископының қалыптасуына үлес қосқан қыпшақтар арасындағы қарым-қатынасты анықтау.
Зерттеушілердің жазуына зер салсақ, Д.Расовский қыпшақтардың оғыз даласын 1030 жылы иемденгенін көрсетті. В.Стоянов бұл оқиғаларды XI ғасырдың 40-жылдарына жатқызады. П.Голден қоныс аударудың бастапқы кезін 1030 жыл деп есептейді, ал тайпалар қозғалысы, оның пікірінше, Гансу ұйғырларының жерін таңғұттардың жаулап алуынан бас алған. С.Агаджанов тайпалардың қоныс аударуын қидан экспансиясымен байланыстырады. Дәл осы көші-қон 1055-1061 жылдары Ресейдің шығыс шекараларында пайда болған бірқатар тайпаның (кейін оларды половецтер деп атады) қоныс аударуына әсер етті.
Қыпшақтардың қоныс аударуын зерттегенде қай және кун тайпаларының қоныстанған жерлерін көрсету қажет. Әл-Бируни оларды алтыншы табиғи белдемде (бұған Кавказ, Краснодар өлкесі, Қырым, Украинаның батыс және оңтүстік аймақтары, шығыс және орталық Польша, Чехия жерлері жатады. – аудармашы) тұрған деп көрсеткен, бірақ қыпшақтардың көші-қоны кезінде олар Маураннахрға әлдеқайда жақынырақ болса керек. Әл-Идрисидің айтуынша, қимақтардың солтүстік жағындағы қала Кани деп аталған. Енисей қырғыздарымен шектесетін губернияның орталығы болуы керек. Қырғыздармен шекарада қимақтар мен қайлар тұрған. Оның айтуынша, кан (кай) қырғыздардың солтүстігінде өмір сүрген. Дж.Маркварт пен Б.Көмеков кани этнонимін кай деп атауға болатынын айтты. Махмұд Қашғари Кай тайпасын Ямар өзені бойында тұрған деп мәлімет қалдырған. Бұл жағдайда Енисей қырғыздарымен шекаралас Қани қаласына иелік еткен қай тайпасы болады.
Қыпшақтармен байланысты басандай мәдениетінің (орта ғасырлардағы Томск, Новосібір, Обь, Кузнецк бассейні және Алтай аймақтарындағы мәдениет) бірнеше этникалық құрамдас бөліктері болды. Шартты түрде олар «Обьтың жоғарғы сағасындағылар», «сросткиндіктер» және «осинкинскіліктер» деп аталды. «Сросткиндіктер» – қимақ-қыпшақ тайпалары болды. Олар Оңтүстік Оралдан Алтайға дейінгі орманды даланың барлық жерінде қоныстанды. Осы аумақтағы шикі кірпіштен және шымтезектен жасалған кесенелер қимақтарға тиесілі. Келесі этникалық құрамдас осинскіліктер болды. Түркілер Ямар деп атайтын Обь өзені олардың қолында болды. Басандай мәдениетін жеткізушілер, негізінен, қайлар еді. Әл-Бируни, Махмуд әл-Қашқари және Якуттың карто-
графиялық материалдары қайлардың біраз уақыт Обь маңында өмір сүргенін дәлелдейді. Кайлар ержүрек, батыл жауынгерлер еді. Олардың шабуылдарының күшті болғаны сонша, олар қимақтармен одақтас кундарды (ябаку) батысқа қоныс аударуға мәжбүр етті. Кундар өз кезегінде көршілес шар тайпасының жеріне басып кірді.
Новосібір Притомье территориясында Кузнецк бассейнінен топырақ үйінділері бар қорғандар кездеседі. Берёзовый Остров ескерткішінде табылған қорымда адаммен қоса көмілген жылқы табылды. Ол Седова Заимка мен Осинкинский қорымдарына ұқсас. Бұл қорымнан табылған сүйектер солтүстікке, солтүстік-шығысқа және шығысқа қарата қойылған, яғни сол кездегі ғұрып бойынша жерленгенін көрсетеді. Орыс зерттеушілерінің пікірінше, біздің заманымыздың 2 мың жылдығының басында қазақ даласынан Орта Обь өңіріне тайпалардың қоныс аударуы басандай мәдениетінің қалыптасуына әсер еткен. Кузнецк алабындағы қыпшақтардың ескерткіштері Бачат өзенінің аңғарында орналасқан Бекови және Шандра қорымдарынан табылған. Сондай-ақ бұл сияқты ескерткіштер Касма өзенінің аңғарындағы Торопово қорымында да кездеседі. Бұл жердегі жиырма шақты топырақ үйінділері о баста төртбұрышты қорған болғаны байқалады. Қорымнан табылған адам сүйектері солтүстік-шығысқа қарата жерленген. Ю.Худяковтың айтуынша, ХІ-ХІІ ғасырлардағы қырғыз мемлекетінің әлсіреуіне байланысты түркі және қыпшақ халқы Алтай даласынан Кузнецк алабына қоныс аударған. Сондықтан бұл жердің байырғы тұрғындары түркіленіп, Батыс Сібірдің орманды дала аймағының мәдениеттері жергілікті халық пен түркілердің үйлесімін танытады. Түркі көшпенділері жергілікті халыққа қай жағынан да үстем болған. Олар Ертістен Батыс Сібірге, Алтайға қоныс аударған.
Кундердің этникалық шығу тегі туралы мәселе біраз шатасқан секілді, оны нақтылау үшін қыпшақ экспансиясы кезіндегі Орталық Азияның этникалық тарихына экскурсия жасау қажет. Әл-Марвази кундердің кидандар жерінен шыққанын және қытай (кидан) билеушісінен қорқатынын жазып қалдырған. Кундардың шығу тегі туралы зерттеушілер арасында ортақ пікір жоқ. И.Маркварт кундарды моңғол тілінде сөйлейтін тайпа, ал О.Прицак қимақтар деп санаған. Сондай-ақ әл-Марвази шарларды басмылдар билегенін айтады. Голден шарлардың шығу тегі «сары ұйғырлармен» байланысты болуы мүмкін дейді. С.Кляшторный шар мен басмыл этнонимдерін нақтылауды ұсынады. (Қай мен Кун тайпалары, шарлар печенегтер мен уздерге шабуыл жасаған). Маттеос Урхаетци шарларды «хартеш», ал кайды «тайпа әкелері» деп таныған. Тоғыз-оғыз экспансиясы кезінде Батыс Еуразия далаларына қоныс аударған басмылдар қарахандықтардың басты қарсыластарының бірі болған.
Арнайы әдебиеттерде «половец» және «құман» ұғымдарының қатысты бірнеше гипотеза бар. Көптеген ғалым бұл этнонимдерді синоним ретінде қолданады. Бірақ «кун», «құман», «половцы», қыпшақ этнонимдері бір атаудың өзгеріске ұшыраған түрлері ме, оны қалай анықтауға болады? О.Прицак «құмандар» латын және грек деректерінде қыпшақтардың, ал «половцы» оның славян жылнамаларындағы атауы деп дәлелдейді.
С.Кляшторный әл-Марвази айтқан кундарды қытай деректеріндегі ғұн тайпасымен Махмуд әл-Қашқаридағы басмылмен және Маттеос Урхаецидің «жыландар тайпасымен» сәйкестендіреді. Сондай-ақ славян шежірелеріндегі «половцылар» әл-Марвази айтатын шарлар, Махмуд әл-Қашғаридің басмылдары – қытай жылнамаларындағы басимдар немесе або туцзюе-шэли деп таниды. Зерттеуші олардың жақын халық екенін, бірақ бір-біріне ұқсамайтынын алға тартады. Иемек этносы, біздің ойымызша, Дешті Қыпшақ құрамына енген. Кең мағынада Йемеки этнонимі шығыс Дешті Қыпшақтың барлық қыпшақ тайпаларына тарады. «Половцы Йемякове» славян шежіресінде айтылады, ал әл-Джузжани мен ан-Насави йемек тайпасын қыпшақтардың негізгі тайпасы дейді.
Қай, Кун және Шар тайпаларының қоныс аударуы ХІ ғасырдың екінші ширегінде жалғасқан көші-қон толқынын туғызып, 1055-1061 жылдары Ресейдің шығыс шекарасында қыпшақтардың пайда болуына әсер етті. В.Спиней 1055 жылды қыпшақтардың Ресей шекарасына жеткен уақыты, ал 1061 жылды Ресеймен алғашқы шайқас уақыты деп санайды. Д.Кристиан өз кезегінде бұл оқиғалардың хронологиясын – XI ғасырдың 50-жылдарының ортасы мен 60-жылдарының басы белгіледі. Д.Расовскийдің айтуынша, қыпшақтар 1054 жылы Ресей шекарасына дейін жеткен. Славян шежірелерінің мәліметтеріне келетін болсақ, тек Лаврентьевская хроникасында қыпшақтардың пайда болуы 1054 жыл деп көрсетілген. Басқа деректер бойынша, олар 1055 жылы Ресей шекарасына жеткен. 1061 жылы қыпшақтардың Ресейге жасаған алғашқы шабуылында Всеволод Ярославичті жеңген көсемнің аты – Искал (сақал). Біздің ойымызша, қыпшақтар XI ғасырдың 50-жылдарының басында Днепрдің сол жағалауын алған болуы керек, оң жағалауда олар сәл кейінірек пайда болуы мүмкін. Ростовец пен Неятин маңында өмір сүрген қыпшақтардың торктарға қарсы алғашқы жорығы 1071 жылы болған. Бұл жағдайда қыпшақтар Днепр мен Днестр өзендерінің арасын XI ғасырдың 60-жылдары басып алды деуге болады.
Төменгі Дунайдағы қыпшақтар туралы алғашқы сенімді дерек ХІ ғасырдың соңғы ширегіне тиісті. Джордж Скилица-Кедрин мен Михаил Атталиоттың айтуынша, шамамен 1078 жылы Никефорос Василаки (византиялық қолбасшы. – аудармашы) тақты басып алу үшін қыпшақтардың көмегін пайдаланған. 1088 жылы қыпшақтар Татуштың (Дунай бойындағы қалалардың бірінің билеушісі) одақтасы болды. В.Стоянов кундар Молдова территориясын 1068-1071 жылдар аралығында басып ала бастады деп есептейді. Д.Расовский 1070-1071 жылдары Венгрия шекарасына келген кундарды қыпшақтар деп болжайды.
Алайда Балқандағы печенегтердің белсенділігі XI ғасырдың 70-80-жылдары өте күшті болды. Кундарды 1070-1071 жылдардағы печенегтермен сәйкестендірудің қисыны бар. Олардың Венгрия бағытындағы қозғалысы 1064–1065 жж. Фракияға шабуыл жасаған оғыздардың кең қанат жаюына пайдасын тигізді. Оғыздардың күшеюі печенегтердің едәуір бөлігінің қоныс аударуына да әсер етті. Пожон хроникасының авторы және Симон де Кеза –Бихар мен Нир провинциясына дейінгі аймақтарды бесстер (құтырғандар, печенегтер) қиратты деп есептеген. Будская мен Дубницкая шежірелерінің авторлары, сондай-ақ Януш Турочци Венгрияға шабуыл жасаған дәл осы кундар дейді. Жорық 1070 жылы болған. Кундердің басшысы Озул болған. Симон де Кеза оны кундардың князі Дьюлының қызметшісі деп атады. Шежіреші Озул венгрлердің шабуылын күтпегенін айтады. Венгрлер күтпеген жерден печенегтерге шабуыл жасап, шайқаста талқандады. Венгрия зерттеушілері шабуыл жасаған көшпелілерді оғыздар немесе печенегтер деп санаған. Бұл – қисынды, өйткені қыпшақтар тек 1071 жылы ғана Поросьені алаңдата бастады. Сонымен қатар Анна Комнена қыпшақтардың Балқандағы печенегтердің иелігінен жырақта жүргені туралы мәлімдеген.
1072 жылы Дунай аймағында болған оқиғалар сипатталғанда печенегтер туралы айтылады. Олар Венгрияға Болгар Белграды (Нандорфехервар, Альба Болгария, Сербия Республикасындағы қазіргі Белград) арқылы келді. Оларды римдіктер мен болгарлар көмекке шақырды. Печенегтер Сава өзенінен өтіп, Бузиаш даласына кірді. Бірақ оларды бан Янның әскерлері талқандап, печенег басшысы Казар бірнеше адаммен әрең құтылып кетті. Оғыздардың қысымымен печенегтер венгрлер мен римдіктердің иелігіне қарай шегінді. Печенегтер 1052 жылы Эндре I армиясында қызмет етті. Печенегтер Геза патшаның әскерінде қызмет етіп, 1074 жылы бұрынғы патша Шаламонның неміс одақтастарына қарсы шайқасты.
Кейбір ғалымдардың болжамы бойынша, 1085 жылы Венгрияға көшпелілер шапқыншылық жасаған. Дереккөздерде олардың көсемі, яғни кундардың ханзадасы Дучем Кунорум болғаны айтылады. Бұрынғы патша Шаломон көшпелілерді өзімен бірге ала келген. Кундар Венгрияның Унга және Борсава аймағына шабуыл жасады. Кутесканың көмегімен Шаломон тағына қайта ие болғысы келді. Егер қыпшақтар Шаломонды шынымен қолдады десек, Шаломон жеңілгеннен кейін бірден Болгарияға шегініп, Алексей Комненос әскерлерінен жеңіліске ұшырауы таңғалдырады. Болгария ХІ ғасырдың аяғында печенегтердің иелігінде болды (қыпшақтардың емес).
Тек 1091 жылы Крулдың (Кола) ұлы хан Копулх жүргізген кундардың жорығын қыпшақтармен тікелей байланыстыруға болады. Соңғысы Трансильванияны қиратып, Бечей аймағына (Тисадағы Сербиядағы Стари Бечей) жетті. Копулчтың жанында Энфем болғаны айтылады. Мажар шежіресінің жазуынша, Есембу қызметшісінен басқа кундардың ешқайсысы қашып құтылмаған. Копулх Паганти шайқасында қаза тапты. Венгр патшасын келемеждеген қыпшақтар өз көсемінің өшін алуға ант беріп, тұтқынға түскен Кунсты босатуды талап етіп. Бірақ Ласло Дунай маңындағы шайқаста дукса (ханзада, хан) Акуштың қыпшақтарын талқандап, осы көсемді өлтіреді. Қыпшақтардың Альфьольд аумағына ықпалын кеңейту әрекеті сәтсіз аяқталды. Сол кезден бастап батыстағы қыпшақ иеліктерінің шекарасы тұрақталды.
Венгр корольдігі Копулх пен Акушты жеңгеннен кейін қыпшақтар бір ғасырдан астам уақыт бойы мажарлар жеріне шапқыншылық жасаған жоқ. Бәлкім, бұл Ресей шекарасындағы қыпшақтардың әрекетіне байланысты болса керек. Рюрикович ХІІ ғасырды толық қыпшақтармен қақтығыста өткізді. Венгрия шекарасында қыпшақтардың жандануы ХІІІ ғасырда, дәл Византия империясы мен Екінші Болгар патшалығының соғыстарында үзіліс болған кезде (Калоян қайтыс болғаннан кейін) басталады. Венгрия патшалығының құжаттарында қыпшақтар Брашов және Фегерас уездеріне шабуыл жасағаны жазылған. Олар Татар асуы мен Олт өзенінің аңғары арқылы өтті. Король Эндре II Барц жерін тевтондық рыцарьларға беруге мәжбүр болды. Венгрлер немістерді оңтүстік шекарасына ХІІ ғасырда-ақ қоныстандырды. Бірақ бұл немістер Вен-грияны Барц жеріне қоныстанған тевтондар сияқты қорғай алмады. Сасси деп аталатын 500 адамнан тұратын әскери контингентке (саксондар, барлық немістерге арналған венгр белгісі) 1212 жылғы патша жарғысы бойынша татар асуының оңтүстігінен жер берілді. Тевтондар қыпшақтар мен көшіп-қонып жүргендер есебінен өз иеліктерін кеңейтуге мәжбүр болды. Неміс отаршылары бұрын аз қоныстанған Барц жерінің халқын толықтырды. Дипломатиялық құжаттарда пұтқа табынушылардың (яғни қыпшақтардың) Барт жеріне және «қар басқан таулы аймақтарға» шабуыл жасағаны көрсетілген. Жазда қыпшақтар Карпатқа жақындап, Венгрияның шекаралық аймақтарына шабуыл жасады. Тевтондар көшпенділердің шабуылын тоқтатып қана қоймай, өздері де шабуылға шықты. Рыцарлар Барт жеріне жақын, қыпшақтар мен тұрақсыз қаңғыбастардың иелігіндегі біраз жерді жаулап алды. Олардың одан әрі ілгерілеуі венгр патшасымен қақтығысқа байланысты тоқтатылды, ол тевтондарды қоныстандыру үшін басқа жер іздеуге мәжбүр етті. Мажар патшасы Тевтон орденін көтермелеудің орнына өзіне бағынышты католик қыпшақтардың мемлекетін ұйымдастыруды қолға алды.
Латын тіліндегі құжаттарда қыпшақтар көшпелі халық ретінде сипатталады. Рим папасы қыпшақтар жерінде қалалар мен бекіністер салуды ұсынды. Ол қыпшақтардың отырықшы болғанын қалады. Венгрия корольдігінің грамоталарында қыпшақтардың шомылдыру рәсімінен өту фактілері баяндалған Бірақ қыпшақтар көшпелі болып қала берді. Қыпшақтар қызметі үшін ақы алмаған және жорықтардан түскен олжамен өмір сүрген. Шіркеу қыпшақтардан 1364 жылға дейін салық алмаған.
Куман епископиясының құрылуына Секелис басшылары кедергі келтірді. Бірақ соған қарамастан Венгрия королі Куман епископының құрылуына қол жеткізді. Бұған негізінен Рим Папасының саяси ұстанымы ықпал етті. Қыпшақтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына арнайы грамоталар арқылы кепілдік берілді. Куман епископының аумақтарын зайырлы түрде басқаруды IV Бела жүзеге асырды. Куман епископтығы корольдің жеке иелігіне қарады. Венгрия мен папа билігі Карпаттың шығысындағы және Төменгі Дунайдағы жерлерді иеленуге мүдделі болды. Католицизмді қабылдану қыпшақтарға аса жайлы бола қойған жоқ, өйткені Рим Папасы барлық сенімсіз қыпшақтарды бағынышты етуді талап етті.
Әрине, епископияны басқару Римге адал Венгрияның қолында болды. Кейінірек оларды папаның шығыс миссиялары үшін пайдаланады. Куман епархиясындағы венгр доминикандықтарының әрекеттері екі мақсатты көздеді. Әрине, олар қыпшақтар арасында христиан дінінің католиктік нұсқасын таратуға алаңдады, бірақ сонымен бірге Венгрия мен Римнің ықпалын Дунай атырауына тарату маңызды болды. Венгрия королінің өз мүддесі болды. Мажар королі жауынгер ретінде әйгілі болған қыпшақтарды католицизмге айналдыра отырып, әскерін нығайтып, көбейтті. Мажарлар мен Романовичтер арасындағы соғысқа Беговар (Борц) қыпшақтары қатысты. Романовичтерді Котян қыпшақтары қолдады. Католик дінбасыларына кейбір «псевдоепископтар» қарсы болды.
Каталог Ninivensis II құжатына сәйкес, Корона қаласы (Брасов) Куман епископына тиесілі болды. Осылайша, оған Оңтүстік-Шығыс Трансильвания да кірді.
Осыған байланысты Куман епископының астанасына қатысты сұрақ туындайды. Ұзақ уақыт бойы зерттеушілер Мильков епископтың астанасы болды деген пікірде болды. Бірақ епископта Милковтан басқа бірнеше елді мекен болды. Православие немесе католицизмді қабылдаған қыпшақтар дәстүрлі қыпшақ жерлеу рәсімдерін ұстануды жалғастырды. Жерленген қыпшақ жылқымен, ең жақсы жауынгермен, байлықпен бірге жерленген. Шыңғұл хан да қыпшақтардың дәстүрлі ырымы бойынша жерленген.
Қыпшақтар шомылдыру рәсімін қабылдап, өздерін ресми түрде христиан деп санады. Мұны Котян және Венгрияға қоныс аударған барлық тайпаның басшылары жүргізді. Мұндай шоқынған қыпшақтардың діни көзқарастарын қос сенім ретінде сипаттауға болады. А.Осипянның пікірінше, католицизм және жалпы христиандық XIII ғ. көшпенділердің дүниетанымын ығыстырмады, тек толықтырды. Христианданған қыпшақтар бірнеше дұға білуге мәжбүр болды. Бірақ католицизмнің таралуына бұқараның латын тілінде өтуі кедергі болды, бұл қыпшақтарды түсінуге қиын болды.
Қыпшақтардың Шығыс Еуропада пайда болуы ХІ ғасырдың ортасында болғанын айта кеткен жөн. Алайда олар Карпато-Дунай аймағында әлдеқайда кейінірек пайда болды. Мажарстан шекарасында қыпшақтардың алғашқы пайда болуын 1091 жылға жатқызуға болады. Кундардың Венгрияға жорықтары туралы бұрынғы мәліметтер қыпшақтарға емес, печенегтерге және оғыз-торктарға қатысты. Кун экзоэтнонимі қыпшақ экзоэтнониміне балама емес және венгрлердің барлық шығыстағы көшпелі көршілерін білдірді. ХІІ ғасыр венгр-қыпшақ қатынасының тарихы үшін зұлмат болды. Деректер үзік-үзік және жеткіліксіз. Қыпшақтар мен венгрлер арасындағы қарым-қатынастар тарихын зерттеудің жаңа дәуірі – қыпшақтардың христиандануымен ерекшеленетін XIII ғасыр болды. XIII ғасырдың басында қыпшақтар Венгрияның шекарадағы жерлеріне қарқынды шабуылдарын қайта бастады, нәтижесінде венгрлер Тевтон рыцарларының көмегіне жүгініп, олар Барц жерін иемденді. Король Эндрю II олардың көмегіне мұқтаж болмай қалғанда, олар Венгриядан қуылды. Мажарлардың саясаттың векторын өзгертіп, күшпен мәжбүрлеудің орнына қыпшақтарды сенім арқылы сендіруге көшкенін айта кеткен жөн. 1227 жылы Куман епископтығы құрылды. Қыпшақтардың шомылдыру рәсімінен өтуіне саяси (Дешті Қыпшақтағы билік үшін күрес және моңғолдардан сескену) және әлеуметтік (қыпшақтардың бір бөлігі көршілерінен христиан дінін қабылдаған) факторлар әсер етті. Куман епископының құрылуы Венгрия саясатындағы жаңа бетбұрысты көрсетті. Оның үстіне, бейбіт жолмен Борц пен Мемборктың иеліктері Венгрия мен Рим Куриясының вассалдық мемлекетіне айналдырылды. Болгарлардың қарсылығына қарамастан Куман епископтығы дамып, өсті. Бұл епископтық тарихының соңы Орталық-Шығыс Еуропаға жасаған моңғол жорығымен аяқталды.
Ярослав ПИЛИПЧУК, тарих ғылымдарының докторы
Орыс тілінен ықшамдап аударған Ахмет ӨМІРЗАҚ