302
Кинотеатрлар отандық фильмдерді ыңғайсыз уақытқа қояды
Кинотеатрлар отандық фильмдерді ыңғайсыз уақытқа қояды
Кинотеатрлар отандық фильмдерді ыңғайсыз уақытқа қоятыны туралы айтылып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі. Кино қояюшылардың жеке меншік екенін ескерсек те, олардың Қазақстан халқы есебінен кәсібін жүргізіп отырғанын ұмытпағаны абзал. Жуырда 5 қаңтарда ғана көрерменге жол тартқан "Қазақ хандығы. Алмас қылыш" фильмінің осындай беймезгіл уақыттарға қойылып, көрерменнің қолы тимейтін түнгі немесе таңғы уақыттарға қойылатыны туралы айтылған еді. Осы орайда «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің режиссері Рүстем Әбдірашев те көтерді. Оның айтуынша, кинотеатрларда отандық фильмдерді көрсету уақытын заңмен бекітіп қойған дұрыс. Әйтпесе, бүгінде ондай жерлерде қазақтың киносын ыңғайсыз уақытқа қойып отырады.
«Ондай проблема бұрыннан бері бар. Маған да Ақтау, Атырау, Ақтөбе жақтан осы мәселе бойынша хабарласқандар болды. Біз дистрибьюторға қоңырау шалдық. Бірақ олардың айтуынша, фильмнің уақытын кинотеатрлардың өздері қояды. Бұл мәселе заңмен реттелмеген. Бір ғана талап бар, бес адам билет сатып алса, олар міндетті түрде сол киносеансқа кіруі тиіс. Бірақ уақытын кинотеатр белгілейді. Дегенмен, дәл осы проблеманы заңмен бекітіп алған жөн. Сол кезде кинотеатрлардан фильмнің уақытын талап етуге болады. Отандық кинематографты қорғау қажет. Себебі америкалық фильмдердің, сондай-ақ көрші елдердің киноэкспансиясы қатты. Басқа мемлекеттер оған төтеп беріп, заңды түрде өз нарығын қорғап отыр. Бізге де өз мүддемізді, өз тарихымызды, өз мәдениетіміз бен тілімізді қорғайтын уақыт келді», - дейді Әбдіраш.
Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында отандық киноиндустрияны дамыту мәселесі қаралды. Оған еліміздің танымал әртістері мен режиссерлері қатысты. Асанәлі Әшімов Еуропаның қазақты «Қыз Жібек» фильмі арқылы қалайша танығанын жеткізіп, қаржы министрлігінің киноны түсіруге бөлінетін ақшаны кесіп тастағаны үшін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа арызданды. Режиссер Рүстем Әбдірашев те ақшаның тапшылығынан қандай қиындықтарға тап болатынын айтып берді. Айтулы фильмнің қаржы тапшылығынан екі жылда зорға түсірілгені шындық. Жалпы, осы саланың мамандары «Кино туралы» заңды тездетіп қабылдауды сұрап отыр.