994
Ахыска түріктерінің тағдыры
Ахыска түріктерінің тағдыры
Месхет түріктері (джавах түріктері, месхет түріктері, ахыска түріктері, месхеттер, кавказ түріктері) – түркітілдес халықтар, Грузияның Месхетия аймағынан шығып, қазір бүкіл әлемге таралған. Жалпы саны шамамен жарты миллионнан асады, соның 200 мыңнан астамы Қазақстанда тұрады.
1944 жылғы СССР халық комиссары Лаврентий Берияның Сталинге жасаған ұсынысы негізінде Грузияның Түркиямен шекаралас аймақтарында тұратын 76 021 месхет түрігі Орталық Азия елдеріне күштеп көшірілген. Содан бері бұл халық өз атамекеніне орала алмай жүр. Тағдыры қиындыққа толы бұл халық туралы профессор Асиф Гаджиевтің мақаласын орыс тілінен ықшамдап аударып беріп отырмыз. 1944 жылы қарашада совет билігі Түркия шекарасына жақын Грузия аудандарында тұратын 115 мыңнан аса месхет түрігін Орталық Азия елдеріне мәжбүрлеп жер аударды. Қақаған қыста тоңып, әбден ашыққан мыңдаған адам мал таситын вагондарда қаза тапты. 77 жыл өтсе де, бірнеше елге тарыдай шашылған ахыска түріктері әлі күнге дейін атамекеніне орала алмай жүр.
Ежелден Грузияның Месхети мен Джавахетияның тарихи аймақтарын мекендеген ахыска-түріктері жергілікті сөздермен байыған түрік тілінің шығыс-анадолы диалектісінде сөйлейтін түркі этно-
графиялық тобы.
ХІІІ ғасырда бұл аумақта Самцхе-Саатабаго (Самцхе Атабекдом) княздігі пайда болды, ал ХVІ ғасырда Осман сұлтандығы құрамындағы әкімшілік – Ахыска патшалығы құрылды. 1828 жылы орыс-түрік соғысының нәтижесінде Ахыска пашалығы тарап, оның аумағының бір бөлігі Ресей империясының құрамына енді. Осылайша, Ахалцихе түріктерінің тарихында жаңа кезең басталып, бұл аумақта Ахалцихе және Ахалкалаки атты екі округ құрылды. Жергілікті түрік халқына жүргізілген қатаң отарлау саясатының нәтижесінде тұрғындардың көпшілігі Түркияға қоныс аударды, оның есесіне бұл аумақтарға Карс пен Баязиттен армяндар жаппай көшіп келіп, иммигранттар орыстарға, грузиндерге және түріктерге қарсы түрлі арандатушылық жүргізе бастады. («Ахалцихская нетерпимость». «Кавказ» (№ 94), 1897 г.)
1828 жылы Ахалцихе қаласының халқы 50 мыңнан аса адам болды. Одан кейінгі жылдары бұл көрсеткіш: 1939 жылы – 12,2 мың, 1959 жылы – 16,9 мың болса, 1966 жылы 17,8 мыңға жетті. (Советский Союз. Географическое описание в 22-х томах. Грузия. Отв. ред. Ф.Ф.Давитая, М., 1967, с.298).
ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында түріктерге қарсы репрессиялар айтарлықтай күшейді. Армян содырларының жақсы қаруланған отрядтары жергілікті халыққа қарсы жаппай террор ұйымдастырды. Бұл қауіпке қарсы түріктер ұйымдасқан түрде қарсылық көрсете бастады. Жергілікті түріктердің басшылары Омар Фаик Бей, Осман Сарвар Атабек және Диқанлы Хафиз бей еріктілер жасақтарының басында бұл жерлерде тыныштықты қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.
1918 жылдың аяғы – 1919 жылдың басында дашнақтардың арандатулары Грузия мен Армения арасындағы әскери қақтығысқа әкелді. Айта кету керек, Кавказда ХІХ ғасырдың басында ғана пайда болған армяндар грузин жерлеріне талап қоя бастады. 1913 жылы Кавказ губернаторы граф Воронцов-Дашков армяндардың Борчала және Ахалкалаки округтерін Тифлис губерниясынан шығарып, Гюмриге қосу туралы талаптарын талқылау үшін арнайы комиссия құрады. 1917 жылы Гюмрин (Александрополь) губерниясын құру және оған Лору облысын қосу туралы мәселе көтерілді. Дәл осы кезеңде Грузия мен Әзербайжан жерін қоса алғанда, үш теңіз арасындағы кең аумақта «ұлы Армения» құру идеясы алға шықты. Жағдайдың шиеленісуі түріктер мен грузиндерді 1917 жылы жазда Тбилисиде өткен шаруалар съезінде армянға қарсы грузин-мұсылман одағын құруға мәжбүр етті (В.Гурко – Кряжин. Армянский вопрос. Б., 1990, стр. 13). 1919 жылы грузин христиан ұйымдары армян басшыларын мұсылмандарға қарсы террорды тоқтатуға шақырды. Өз кезегінде ахалцихе түріктері грузиндерге ең қиын сәттерде көмектесті, армян терроры кезінде католиктік грузиндерге баспана беріп, оларды өлімнен құтқарды. Бір ғана Уде ауылында 1919 жылдың қаңтар айынан наурыз айына дейін 180 грузин католигі осылайша құтқарылды (Л.Бараташвили, К.Бараташвили. Мы – месхи... Литературная Грузия, 1988).
1921 жылы 16 наурызда Мәскеуде Түркия мен Ресей арасында жасалған достық келісіміне сәйкес Ахалцихе мен Ахалкалаки уездері орыстарға берілді, кейін Грузин КСР-іне қосылды. Бірақ Кеңес дәуірінің өзінде армяндар бұл аумақты басып алу әрекеттерінен бас тартқан жоқ. Армяндар Ахалкалаки және Борчалы облыстары негізінде тағы бір армян әкімшілік бірлігін құру туралы ресми талаптар қойды (Н.Насибзаде. Азербайджанская Демократическая Республика. Б., 1990, стр. 47). Сонымен бірге қоныс аударушылар есебінен Ахалкалаки және Ахалцихе аймақтарын біртіндеп армяндандыру тактикасы жүзеге асырылды.
ХХ ғасырдың 20-30-жылдары Ахальцихе түріктерінің мәдени-экономикалық дамуы күшейіп, жаңа мәдени-ағарту орталықтары қалыптасып, ұлттық кадрлар өсті, техникалық-педагогикалық училищелер, саяси ағарту курстары ашылды. Омар Фаиг Неманзаде, Осман Сервер бей, Ахмед Пепинов, Мамед Зеки Дурсунзаде, Мамед Али бей, Афзал бей, Мамед Шейхзаде Закавказьенің қоғамдық өмірінде көрнекті рөл атқарды. Грузияда түрік тілінде шығатын газет-журналдар, оның ішінде Адыгюнде шыққан «Адыгюн колхозчусу» (1931), «Гызыл ренджбер» (1933), Ахалцихеде шыққан «Коммунист» (1930), «Багбан», «Сосиализм кянди» (1940) – Аспиндзеде түркілердің қоғамдық өмірінде прогрессивті рөл атқарды.
1920-1930 жылдары көркемөнерпаздар театр үйірмесі ашылды. 1934 жылы Тбилиси Әзербайжан театрының көмегімен Ибрагим Исфаханлы (Аббас Гаджиев. Тифлисский азербайджанский театр. Б. 1984, с. 138 - 141; Тифлисский азербайджанский и Адыгюнский тюркский театры. Б. 2006) жетекшілігімен Адыгюн колхоз-совхоз театры жұмыс істей бастады.
1920 жылдардың аяғында бұл өлкеде жаңа бес аудан – Адыгюн, Ахалкалаки, Ахискин, Аспиндза және Богдановка құрылды. 1939 жылғы халық санағы бойынша Ахалцихе халқының жартысынан көбі (55 490-ның 28 480-і) түріктер болды. Айта кету керек, бұл статистика объективті емес, барлық есептерде Ахыска-Ахалқалақтағы түріктердің саны төмен бағаланған. Н.Джавахашвили атындағы Тарих, археология және этнография институтының мәліметі 1939 жылғы ресми статистикадан ерекшеленетін нақты сандарды береді: Адыгюнь облысында түріктер халықтың 80%, Богдановкада – 70%, Аспиндзе – 66%, Ахалцихеде – 51% (Маңызды тарихи фактіні нақтылау үшін қараңыз: «Национальная образование» газеті, Тбилиси, 30 шілде 1989 ж., 10-11 б.).
Құжаттардан түріктерді бұл жерлерден қуу жоспарының бұрыннан дайындалғанын білуге болады. Осы мақсатта соғыстың басында Боржомиден Валеге дейін 70 шақырымдық теміржол желісі тартылды. Түріктерді қоныстандыру туралы №6279 декрет 1944 жылы 31 шілдеде Мемлекеттік қорғаныс комитетінде қабылданып, 20 қыркүйекте 001176 санымен НКВД бұйрығы шықты.
Жер аударылғанға дейін түріктер арасында оларды қорлайтын үгіт жүргізілді, оларды грузин ұлтын қабылдауға көндіруге тырысты. Бірақ, тіпті грузин деректерінде көрсетілгендей, халық мұндай ұсыныстардан үзілді-кесілді бас тартты, тамырына адалдығын білдірді (Маңызды тарихи фактіні нақтылау үшін қараңыз: Газета ЦК КП Грузии «Народное образование», 30 июля 1989 г. // Ш. Бадридзе. «Турки-месхетинцы»: как возникала проблема?». Газета «Вечерний Тбилиси», 25 июля 1989 г.).
1944 жылдың қараша айының басында түріктердің қоныстанған аймақтарын әскерилер қоршап, 15 қарашада мұнда әскери жағдай жарияланғаннан кейін бейбіт халықты еріксіз депортациялау басталды. Бірнеше күннің ішінде 220 ауылдан 125 000 адам – 115 000 түрік, 7 000 күрд және 3 000 хемшин жер аударылды. Ол кезде Екінші дүниежүзілік соғыс майдандарында 46 мың ахальцихе түріктері шайқасты, оның
26 мыңы қаза тапты, бірақ соған қарамастан елге оралғандардың барлығы, соның ішінде ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталған жүздеген адам, оның ішінде сегіз Кеңес Одағының батыры жер аударылды.
НКВД-ның ресми мәліметі бойынша, 1944 жылдың желтоқсан айының ортасына қарай 92 307 адам қуылған, оның 18 923-і ерлер (қарттар мен мүгедектер), 27 399-ы әйелдер, 45 085-і 16 жасқа дейінгі балалар. Жер аударылған түріктермен алғашқы эшелондар 22 күндік жолдан кейін 1944 жылы 9 желтоқсанда Ташкент облысына келді. Үш күнге жететін тамақ алуға рұқсат етілген адамдар негізінен қираған вагондарда тамақсыз және жылы киімсіз жолға шықты.
КСРО НКВД-ның 1948 жылдың маусым айындағы анық бағаланбаған мәліметтері бойынша бұл айуандық операция кезінде
14 895 адам қаза тапты. Шындығында, алғашқы 6 айда 37 мың адам қайтыс болды, оның ішінде 17 мыңы балалар (М.Бараташвили. Правовое положение месхов-репатриантов в Грузии. Тбилиси, 1998, с.12). Жер аударылған, жүріп-тұру еркіндігі шектелген, әлеуметтік және азаматтық құқықтарына зор нұқсан келген түріктер Орталық Азия мен Қазақстан республикаларының ауылдық жерлеріне қоныстандырылды. 12 жыл бойы олар ерекше қоныстанушы мәртебесінде, коменданттық режим жағдайында, толық құқықсыз және озбырлық жағдайында өмір сүрді. Бірақ мұндай сынақтар мен қиыншылықтар да халықтың рухын түсірмеді.
КОКП-ның ХХ съезінен кейін, 1956 жылы 28 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының No135/142 қаулысы шығып, Ахалцихе түріктерінен арнайы қоныстандыруға қойылған шектеулерді алып тастап, оларды коменданттық режимнен азат етті. Сонымен бірге қаулыда шектеулерді алып тастау материалдық шығынды өтеуге әкеліп соқпайтыны және олар шығарылған жерлерге оралуға құқық бермейтіні айтылған. Солайша, Ахалцихе түріктеріне ұзақ жылдар бойы Кеңес үкіметі толыққанды оңалтуды жасамады.
Ахалцихе түріктерінің алғашқы шағын тобы Әзербайжанға 1958 жылы келді. Жалпы, Әзербайжанға қоныс аудару өз ұлттық мәдениетін сақтауға және дамытуға, қоғамдық және саяси өмірге белсене қатысуға, жалпы бейбітшілік пен достық атмосферасында өмір сүруге мүмкіндік алған бұл халықтың тағдырында оң рөл атқарды.
Әзербайжанды 1969 жылдан бастап басқарған Гейдар Әлиев Ахалцихе түріктерінің мәселелеріне қатты қызығушылық танытып, олардың өкілдерімен кездесіп, Кеңес үкіметі рұқсат еткен шектерде оларға жан-жақты көмек көрсетуге тырысты. 1973 жылы Саатлы ауданы Вархан ауылында түріктермен кездескеннен кейін Х.Әлиев бұйрық шығарды, соған сәйкес белгілі бір сандағы түрік абитуриенттері университеттерге емтихансыз қабылданады. Бұл қадам халықтың әлеуметтік және мәдени дамуында үлкен рөл атқарды.
50-80 жылдары Әзербайжанға барлығы 50 мыңға жуық түрік көшіп келді. 1989 жылғы Ферғана трагедиясынан кейін Өзбекстаннан келген босқындардың көпшілігі – шамамен 40 мыңдайы да Әзербайжаннан пана тапты, сонымен бірге сол кезде Армениядан келген 200 мың босқынды қабылдады және армяндар басып алған Қарабақтан 800 мың ішкі қоныс аударылғандарды орналастырды. Айта кету керек, Әзербайжанға қоныстанған түріктер атамекеніне оралу үшін белсенді күресті жалғастыруда.
Ахалцихе түріктерінің халықтық қозғалысы 80-жылдардың ортасында белсендірек болды. Соның нәтижесінде 1988 жылы Мәскеуде комиссия құрылып, Ахалцихе аймағындағы жағдай туралы ресми баяндама дайындалды. Бұл құжат бойынша облыстағы 220 ауылдың 84-і әлі күнге дейін қаңырап бос тұр, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1944 жылмен салыстырғанда 5 есеге, ал халық саны 59 мың адамға азайған, жердің 70 пайызы пайдаланылмай отыр...
1989 жылы Өзбекстанның Ферғана алқабында болған қанды арандатушылықтың кесірінен осы жерді мекендеген түріктер зардап шекті. Куәгерлердің айтуынша, арандатушылар мен ұйымдастырушылардың арасында жергілікті тұрғындардың ешқайсысы болған жоқ («Ферганская правда», 19.06.1989). Ферғана облысы МҚК басқармасының бастығы Н.Песков та қанды қырғынға аз уақыт қалғанда РСФСР-дан аса қауіпті қылмыскерлердің келгені анықталып, қанды оқиғалардың алдын ала жоспарланғанын растады («Моя родина – Грузия», Тбилиси, ноябрь 2001, №4, с. 13). Ферғана оқиғасында көздеген басты мақсаттардың бірі – 1989 жылы сәуірде тәуелсіздік пен бостандыққа ұмтылатындарын ашық жариялаған Грузияға, Грузия халқына Кремльдің қысым жасауы еді. Алайда ахалцихе түріктері арандатушылыққа көнбеді, өздерін саяси ойындардың құралы ретінде пайдалануға жол бермеді.
Ферғанадағы қайғылы оқиғадан кейін Ахалцихе түріктерінің ұлттық қозғалысы айтарлықтай жанданды. Отанға оралу қозғалысы 1950 жылдардың аяғында қалыптасып, түріктердің қоғамдық ұйымының құрылтай съезі 1962 жылы астыртын жағдайда өтті. 1990 жылы жалпыұлттық ұйым «Ватан» Ахалцихе түріктерінің қоғамы болып өзгертілді. КСРО ыдырағаннан кейін бұл ұйым халықаралық мәртебеге ие болып, 1996 жылы Еуропа халықтарының федералдық одағына қабылданды.
1998 жылғы 7-10 қыркүйекте Гаагада, 1999 жылғы 15-17 наурызда Венада ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары, Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары және Мәжбүрлі көші-қон жобасының қатысуымен Ашық Қоғам институты Әзербайжан, Грузия, Украина, Түркия үкіметтерінің, сондай-ақ Еуропа кеңесінің өкілдері қатысқан консультациялар ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар жиынға қатысушылардың барлығын Ахалцихе түріктерінің мәселесін шешу жолдарын іздестіру мақсатында келісілген іс-әрекеттерге шақырды
(Ч.Нейманзаде. Трагедия длиною в 58 лет, «Эхо Плюс», 1 июня 2002 г.).
1999 жылы Еуропа кеңесіне кірген кезде Грузия Кеңес өкіметі жер аударған месхет халқы, сондай-ақ Грузия азаматтығын алған месхеттік (ахалцихе) түріктерін 12 жыл ішінде атамекеніне қайтару мәселесін шешуге, оның ішінде репатриация мен интеграцияны қамтамасыз ететін заң жобасын әзірлеу бөлігінде ресми міндеттеме алды.
Соңғы жылдары түрік халқының Ресейдің Краснодар өлкесінен АҚШ-қа қоныс аударуы мәселесі өзекті бола бастады. Бұл алғаш рет 2002 жылы белгілі болды, ал 2004 жылы наурызда АҚШ-тың Ресейдегі елшілігі Америкадағы түріктерді қоныстандыру бағдарламасының басталғанын ресми түрде жариялады (http://www.gazetasng.ru). Алғашқы отбасылар АҚШ-қа көшіп кетті. Бірақ жарты миллионға жуық ахальцихе түріктері тарихи Отанына оралғанда ғана проблемаларын шешуге болатынына сенімді. Ал бұл жолдағы басты кедергілердің бірі – армян факторы болып отыр. Яғни, Грузияда осыдан 150 жыл бұрын патшалық Ресей бастаған Месхети мен Джавахетияны жасанды армяндандырудың зардаптары бүгінде толық сезілуде.
Армяндардың түріктерге деген фанаттық араздығы 1998 жылы 10 қарашада Тбилисидегі Армян мемлекеттік театрында армян жұртшылығымен кездесуге қатысқан Еуропа халықтарының федералдық одағының өкілдерін дүр сілкіндірді. Тбилисиге түріктердің жағдайымен танысу үшін келген делегация мүшесі С.Червонная өз баяндамасында бұл кездесуде FSNE (Европа халықтары федеральдық одағы) делегациясы Түркіфобияға толы бұл ортада ақымақ пікірлер мен идеялардың қалай айтылып жатқанын өз көзімен көруге мүмкіндік алғанын атап өтті.
Армян зиялыларының бұл кездесуінде Еуропадан келген қонақтарға Грузияда азшылықты құрайтын армян ұлтына қаншалықты назар аударылғанын көрсету керек еді (өз театры, газеті, педагогикалық университетте армян тілі кафедрасы, радио мен теледидарда армян тілінде хабар беру сағаттары, армян өнер қайраткерлері мен жазушыларының марапаттары мен құрметті атақтары бар), сондай-ақ түріктерге қарсы дау-дамайға әділ түрде байсалды пікір айтқан бірде-бір адам болмады. Бұл Грузиядағы армяндардың FSNE делегациясының мүшесі, Федералдық әлеуметтік қамсыздандыру қызметінің вице-президенті Х.Хансеннің «Месхетиялық түріктердің қайтып оралу перспективасына қалай қарайсыз?» деген сұрағына жауап беру кезінде анық байқалды.
Грузия президентінің этносаралық қатынастар жөніндегі кеңесшісі Алексей Герасимов бұл аумаққа армяндардың қоныстануын түріктердің туған жеріне қайтару жолындағы басты кедергілердің бірі деп атады (Бюллетень «Убежище» Ассоциации ООН и УВКБ ООН, 2001, № 3-4).
Тағы бір кедергі ретінде Грузияның белгілі бір ғылыми және саяси ортасындағы ұлтшылдық көңіл күй мен стереотиптерді атап өткен жөн. Бұл, әсіресе халықтың этногенезі, оның қазіргі этникалық идентификациясы мен терминологиясы мәселелерінде айқын көрінеді. Құқықтық мәселені шешуге Грузия халқының қылмыстық жолмен депортацияланған бөлігін елге қайтаруға іс жүзінде еш қатысы жоқ кейбір пікірлер «мәселені шешудің» негізгі шартына дерлік айналып отыр. Яғни, түрік, күрд, хемшин болып қуылған адамдар 63 жылдан кейін «месхи» немесе «түріктенген грузиндер» болып атамекеніне оралуы керек екен. Ахалцихе түріктері мұндай әдепсіз көзқарасқа жол бермейтіні анық. Шындығында, түріктер өздері күштеп қуылған жеріне қайта оралуға тырысады, бұл олардың заңды құқығы, әсіресе бұл үшін демо-
графиялық немесе басқа да кедергілер жоқ.
Сонымен қатар Грузия демократиялық даму жолына түскен соңғы жылдары бұл мәселеге қоғам мен саяси элитаның көзқарасында серпіліс байқалды. Алдыңғы қатарлы грузин зиялыларының ұстанымын білдіре отырып, құқық қорғаушы Паата Закариашвили былай деп жазады: «Месхет түріктері өз отанына оралу үшін Грузиядан ақша сұрамайды, олар Грузияға тек оралу құқығын қалайды. Олар бізден өтемақы сұрамайды... Халық арасында үрей тудырып отырған біздің ұятсыз саясаткерлеріміз бен ұятсыз депутаттарымыз мәлімдегендей, онда тұратын грузиндерді сол аумақтан қуып жіберуді сұрамайды. Жабық есіктер мәселені шешпейді».
Бұл елде болып жатқан демократиялық өзгерістер, үкіметтің ізгі ниеті, Грузия, Түркия және Әзербайжан арасындағы одақтастық қарым-қатынастар Ахалцихе түріктері мәселесінің тезірек шешілуіне және бұл халықтың көптен күткен тарихи Отанына оралуына үміт ұялатады.
Асиф ГАДЖИЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор