52000
Қалың мал мен мәһрдің айырмашылығы бар ма?
Қалың мал мен мәһрдің айырмашылығы бар ма?
Қалың мал – ер азаматтың үйленер кезде қалдыңдыққа беретін заттай немесе қаржылай сыйлығы. Осы қаражатты қыздың жасауына жұмсауға не ата-анасы өз қажеттілігіне пайдалануына болады.
Мәһр – жігіттің қалыңдықтың өзіне ғана арнап беретін сыйлығы. Яғни, мәһр – некелесу барысында немесе қалыңдыққа кейін берілетін дүние-мүлік немесе ақша. Алла Тағала бұл турасында: «Үйленетін әйелдеріңе мәһрлерін (қалыңдық сыйын) шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар өз ризашылығымен сол мәһрдің бір бөлігін өздеріңе қалдырса, сендер үшін таза һәм адал. Игіліктеріңе жаратып, қызығын көріңдер», – деген («Ниса» сүресі, 4-аят). Мәһірді қыз бала жеке өзі пайдаланады.
Мәһр сыйын беру – ер азамат міндеті. Олай дейтініміз, егер ер азамат дәм-тұзы жараспай, айырылысқан жағдайда әйелі ерінен алған мәһрге алған дүниесін сатып, бала-шағасының керегіне жаратады. Мұның маңызы да осында. Сол себепті нәзік жандылар мәһрге көбіне құнды, қымбат заттарды талап етуі де орынды. Мәһрге байланысты көпшілік екі тарапқа бөлінеді, мәселен бір тарап мәһр бұрынғы ата-бабымызда болмаған, кейінгі діндарлардың шығарғаны десе, ендігілері мәһр шариғат бойынша кесіліп нақтылған ұғым дегенді алдыға тартады. Тіпті күйеу жігіттің материалдық жағдайына қарамастан аспандағы айды сұрайтын қалыңдықтар да аз емес.
Осы турасында ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл:
«Сахабалар өмір сүрген араб халифаты заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Сонда 4,25 грамм алтын, яғни мәһрдің ең аз мөлшері шамамен 70 мың теңгені құрайды», – дейді ол. Маманның айтуынша, мәһрдің құны аталмыш мөлшерден төмен белгіленген жағдайда, оны 10 дирхамға толтыру керек. Дін қызметкерінің айтуынша, мәһрдің жоғарғы шегі көрсетілмеген, ол әдетте ер адамның материалдық деңгейіне, отбасының әлеуметтік жағдайына қарап белгіленеді. «Мәһр күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмауы керек. Мәһрді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала беріп, қалғанын кейін бере алады», – дейді.