221
Журналистер арасындағы "Самғау" байқауының жеңімпаздары анықталды
Журналистер арасындағы "Самғау" байқауының жеңімпаздары анықталды
Бүгін Астана қаласында журналистер арасындағы «Самғау» ұлттық байқауының аймақтық аталымдары бойынша жеңімпаз атанған журналистер марапатталды. Алдағы наурыз айында Мәскеу қаласында байқаудың бас жүлдесі - жеңіл көлікті тапсыру рәсімі өтеді. Оған тағы 8 журналист таласып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, байқаудың негізгі мақсаты - xалық арасында отандық өнімді кеңінен насихаттау. «Біз қашаннан бері отандық өнімдердің шетелдікінен артық болмаса, бір де кем еместігін айтып келеміз. Бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда, сапасы мен пайдалы қасиеттері, дизайны жағынан айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Алайда, өз тауарларымыздың артықшылықтарын насихаттау жағы кемшін қалып келеді. Осы байқауды ұйымдастырғанда да, біз аталған олқылықтың орнын толтырып, отандық өнімдерді кеңінен насиxаттауды көздедік. Біз сол міндеттің үдесінен шықтық деп ойлаймын. Шынымды айтсам, өзіміз естімей келген тауарлардың бар екенін білдік», - дейді «Халық маркасы» қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясының президенті Римма Тәжібаева.
Осылайша, «Самғау» ұлттық байқауының аймақтық аталымдары бойынша 12 журналист жеңімпаз атанды. Олардың әрбіреуі шетелге жолдаманы ұтып алды. Астана қаласы бойынша «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің тілшісі Арнұр Асқаров (Грузия) пен Bag.kz порталының журналисі Дәулет Жиенқұлов (БАӘ) үздік атанса, Алматы қаласында блогер Вера Ляховская (Қытай) мен Nur.kz порталының шығарушы редакторы Ақырыс Сейітқазы (Үндістан) оқ бойы озық шықты. Акмола облысында - «Қазақстан» РТРК Ақмола облыстық филиалы, Қазақстан-Көкшетау телеарнасының жүргізуші-редакторы Раушан Сайлауқызы (Ресей Федерациясы), Алматы облысы бойынша - «Bnews.kz» ақпарат агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Хасан Еспанов (Әзербайжан), Қарағанды облысында - Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті жауапты хатшысының орынбасары Нұрқанат Қанафин (Украина), Маңғыстау облысында - «Маңғыстау» газетінің тілшісі Валентина Қозыбақова (Түркия), Жамбыл облысында - «Shyraiber.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Айшат Жуасбаева (Беларусь), Оңтүстік Қазақстан облысында - Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Жәмила Мамырәлі (Армения), Солтүстiк Қазақстан облысында - «Неделя СК» облыстық апталық жарнамалық-ақпараттық газетінің шолушысы, «Информбюро» ақпарат агенттігінің СҚО бойынша тілшісі Алена Любушак (Тайланд) және Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қазақ радиосының Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Дәулет Абылқасымов (Мысыр) жеңімпаз атанды.
Жалпы, байқауға 200-ге жуық журналист қатысты. Алдағы уақытта байқаудың басты марапаты - бас жүлдені тапсыру салтанаты өтеді. Оны Мәскеу қаласында ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сол жерде бас жүлденің жеңімпазына Қазақстанда жасалған жеңіл көлік табысталады. Бұдан бөлек, 12 бірдей елге сапарлауға мүмкіндік беретін жолдама тапсырылады. Қалған 7 журналиске бағалы сыйлықтар беріледі.