50745
Боксшыларды қазақша таныстырып, ел ықыласына бөленген Риши Паникер
Боксшыларды қазақша таныстырып, ел ықыласына бөленген Риши Паникер

Өткен аптада Иордания астанасы Амманда бокстан өткен Азия чемпионатында ұлттық құрама боксшыларын рингке қазақ тілінде шақырған ринг анонсер Риши Паникерге тәнті болмаған адам жоқ шығар, сірә. Лықа толы залдың қақ ортасында тұрып алып «Ханымдар мен мырзалар! Қарсы алыңыздар! Қазақстаннан...» деп қазақша сөйлеген Риши тек біздің атлеттерді емес, финалға шыққан әрбір боксшыны ана тілінде таныстырып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Дубайда туып-өскен ол боксшыларды ана тілінде таныстыру арқылы олардың туған жеріне, мәдениетіне деген ерекше құрметін көрсетіп қана қоймай, сондай-ақ былғары қолғап шеберлерін осылайша рухтандырғысы келгенін айтады. Амманнан Дубайға жол жүргелі отырған Ришиге хабарласып, ағылшын тілінде аз-кем әңгімелескен едік.
– Азия чемпионатының алтын дауысына айналған сіздің қазақшаңызға тәнті болған біздегі бокссүйер қауым сіз туралы білгісі келіп, өз бетінше анықтап жатса керек. Сол үшін алдымен оқырман қауымға өзіңізді таныстыра отырсаңыз.
– Менің аты-жөнім – Риши Паникер. 28 жастамын. Үнді ұлтынанмын. Ата-анам Үндістанның Керала штатынан Дубайға көшіп келген. Мен Дубайда туып-өстім. Сонда мектеп табалдырығын аттадым, жоғары білім алдым. Бакалавриатта бизнес менеджмент, ал магистратурада маркетинг саласы бойынша білім алдым. Кәсіби ринг анонсер ретінде жұмыс істеп жүргеніме төрт жылдай уақыт болды. Жалпы, бұл сала маған өте жақын. Бұл индустрияға келу үшін көп нәрсе үйрендім. Әуесқой бокс сайыстарының тізгінін қолға алғанға дейін үш жылдай Дубайда өткен бокс кештерін жүргіздім. Үш жыл осы нарықта нөмірі бірінші ринг анонсер болдым десем артық айтпаймын. Дубайдағы ең беделді спорт ұйымы ұйымдастыратын кештерді жүргіземін. Бокстан бөлек, кикбокс, муай-тай спортынан өтетін жарыстарда да ринг анонсер қызметін атқарамын.
[caption id="attachment_204233" align="alignnone" width="1200"]
Алуа Балқыбекованы марапаттау сәтінен.[/caption]
– Ал Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA) қалай шақырылдыңыз?
– IBA-ға дейін Азия бокс конфедерациясында (ASBC) жұмыс істедім. Былтыр Дубайда бір турнирді жүргіздім. Өзіңіз байқағандай, мен үнемі дауысымды шығарып сөйлеймін. Оған қоса, ірі денелімін. Көпшілік бірден назар аударатыны анық. Сол кеште Азия бокс конфедерациясының бұрынғы президенті Анас Аль-Отайбамен әңгімелесіп, шүйіркелескен соң IBA өкілдерімен таныстым. Сөйтіп, ақырында қауымдастық атынан ұйымдастырылатын сайыстардың ринг анонсері болып бекітілдім. Алдымен Ташкентте 22 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Азия чемпионатын, сосын осы Амманда Азияның кіл мықты жастары мен жасөспірімдерін анықтайтын чемпионатты жүргіздім. Кейін Түркияның Ыстанбұл қаласында бокстан әйелдер арасында өткен әлем чемпионатында ринг анонсер болдым. Бастапқыда фрилансер ретінде жұмыс істеген мені IBA өкілдері маман ретінде мойындаған соң штатқа алынып, қауымдастыққа толығымен жұмысқа тұрдым.
– IBA эгидасымен өтетін сайыстарда сіз секілді ринг анонсердің бірнеше тілде сөйлегенін бірінші рет көруім.
– Иә, бұл бұған дейін болмаған. IBA – дүниежүзінде бокс спортын кеңінен насихаттайтын ең ірі ұйым. Кімнің қай елден шыққанына қарамастан боксқа деген сүйіспеншілігіңді арттыра түсіретін бірден-бір құрылым. Жаһандық комьюнити. IBA – бір үлкен отбасы. Қауымдастық өкілдері түрлі ел, түрлі федерациямен тығыз жұмыс істейді. Тиісінше, мұнда әркелкілік бар. Ал бұл әркелкілікті көрудің өзі бір ғанибет. IBA таза әрі әділ сайыс өткізетін ұйым болғандықтан, мұнда әлемдегі мықты боксшылардың өз әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндігі бар. Осындай түрлі мәдени ортада шыныққан, әлемдік деңгейдегі боксшыларды неге осылай таныстырмасқа?! Мен – IBA-ның қызметкерімін. Мұнда жұмыс істеп жүргеніме бір жыл болды. IBA секілді отбасының мүшесі болу – мен үшін бақыт. Мен IBA өкілдеріне көп нәрсе бере алатынымды көрсеткім келеді. Жұмысымды қатты жақсы көремін. Жұмыс істеу стилім де ұнайды. Мен IBA-ны осылай таныстырғым келеді. Кәсіби ұйым болғандықтан, IBA-ның басты кілті – бокс жанкүйерлерімен байланыс орнату. Ал бұл – маған артылған міндет. Мен бұл міндетті абыроймен атқарып жүрмін деп ойлаймын. Амманда өткен биылғы Азия чемпионатында біздің континенттегі 27 елдің боксшылары өзара кім мықтыны анықтады. Моңғолия, Тайпей, Оңтүстік Корея, Жапония елдерінде таланттар жетерлік. Олар Қазақстан, Өзбекстан секілді боксымен танымал емес шығар. Бірақ олар әр жарысқа өз атлеттерін жібереді. Бұл аймақтарда бокстың дамып келе жатқанын көру бір бақыт. Ал атлеттерді ана тілінде таныстыруға келсек, мен мұны кәсіби бокс кештерін жүргізгенде-ақ бастағанмын. Жалпы, әр маманның өзіндік стилі бар екені белгілі. Әйгілі ринг анонсер Майкл Баффер «Айқасқа дайын болыңыздар!» (Let's Get Ready to Rumble!) дегенді үнемі айтатынын білетін боларсыз. Бұл – алтын қағида. Әрбір индустрияның осындай алтын қағидасы бар. Сол секілді менде де бірнеше тілде хабарлау арқылы осындай қағида болғанын қаладым. Әрі мен мұны жалғастыра беремін. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Іздене беремін. Қарапайым тілмен айтсам, мен қазір жұмысқа «ашпын». Осы ретте айта кетейін, мен – БАӘ-де туып-өскен жанмын. Дүниенің әр бұрышында досым бар десем, артық айтпаймын. Олардың мәдениетін, музыкасын жоғары бағалаймын. Жалпы, маған жаңа елді, жаңа мәдениетті зерттеу қызық. Олардың ұлттық тағамдары мен спорттағы жетістіктері туралы да кішігірім зерттеу жасаймын. Ал боксшыларға келсем, олардың өз елдерінде іріктеліп, финалға дейін сүрінбей жеткендеріне, олардың жүріп өткен ауыр жолына айрықша құрмет көрсеткім келді. Оның үстіне, оларды әлем жұртшылығы бақылап отыр. Шешуші сәтте дем беріп, ерекше қолдағым келді. Сөйтіп, әрбір финалисті өз ана тілінде таныстыруды құп көрдім. Менің қолымнан келетіні осы. Олардың жарқыраған сәттерінің бір бөлшегі болғаныма өте-мөте қуаныштымын. Жалпы, спорт әлемі мені қатты еліктіреді. Мен ол жарыстарды жай көріп қана қоймаймын, сондай-ақ стильдерін байқауға тырысамын. Соның ішінде қазақ боксшыларының стилі маған ерекше ұнайды. Геннадий Головкиннің өзі әлемді мойындатқан соң сіздердегі бокс спортының бәсі биік екені айдан анық. Сіз жақта балалар кішкентай кезінен боксқа ерекше ден қоятынын білемін. Оны тіпті түрлі чемпионатта жартылай финалға, финалға сүрінбей жететін боксшылар санынан-ақ аңғаруға болады.
[caption id="attachment_204235" align="alignnone" width="1300"]
Жайна Шекербек жеңген сәттен.[/caption]
– Қазақша сөздерді жаттауға қанша уақыт жұмсадыңыз?
– Қазақ тілін аз уақыттың ішінде үйрену мүмкін емес екенін айта кетейін. Әлі де үйреніп жатырмын. Қазақша анау айтқандай көп сөз білмеймін. Рингте атлетті таныстыруға қажет, маңызды сөздерді ғана білемін. Бастысы, өз ісімді қазақша қалай жүргізу керек екенін білемін (күліп). Осы ретте айта кетейін, мен қазақтармен бірге өскенмін. Дубайда университетте оқығанда Алматы, Астанадан келген Нұржан, Қамбар, Еркен, Алдияр есімді қазақтармен жақын дос болдым. Сондықтан қазақ мәдениетінен хабарым бар. Jah Khalib деген атпен танымал Бақтияр Мамедовпен кездескенім бар. Кейін оның жанкүйеріне айналдым. Оның бірнеше әні, әсіресе «Медина» туындысы арқылы қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін тағы да тани түстім. Сөйтіп, тарихқа үңілдім. Көп мәлімет білдім, қызық дерекке қанық болдым. Күндердің күнінде Қазақстанға барып, оқып-естігенімді өз көзіммен көремін деп ойлаймын. Ал Азия чемпионатының қарсаңында боксшыларды қазақша таныстырғым келіп, кәсіби бокс кештерін ұйымдастыратын досым Нұрғазы Исмағамбетовке «Қазақ тілін үйрете аласың ба?» деп өтіндім. Негізі, мен көп уақыт бойы орыс тілін үйренгенмін. Орыстілді мемлекеттерден келген атлеттерді орысша таныстыратынмын. Бірақ осы құрлықтық сайыста түрлі елдің мәдениетіне құрмет көрсеткім келеді. Мәдениет пен құрмет – менің өмірімдегі ең жоғары бағалайтын екі нәрсе. Байқағаныңыздай, мен парақтан оқымаймын. Мағынасын түсініп, есіме сақтап аламын. Қазақ тілін нағыз қазақ секілді сөйлей алмайтыным айтпаса да түсінікті. Әрі сіздердің әліпбилеріңізде бар төл әріптеріңізді дыбыстау да оңай емес. Әсіресе, «қ» әріпі басқа ешбір ұлтта жоқ шығар, сірә (күліп). Бірақ тілдердің қиын құрылымына қарамастан, тырысып-бағып, дұрыстап дыбыстауға бар күшімді салдым. Бұл турнирде бірінші рет кәріс, жапон, моңғол, өзбек, мандарин, тай тілдерінде сөйледім. Ана тілінде сөйлегенім боксшыларға да ұнағанын байқадым. Соның ішінде қазақ боксшыларының кейбірі ағылшын тілін білмегендіктен, ризашылығын ыммен, түрлі әрекетпен жеткізуге тырысты.
[caption id="attachment_204234" align="alignnone" width="1200"]
Сәкен Бибосыновтың кездесуінен.[/caption]
– Азия чемпионатында күміс жүлдені қанжығасына байлаған Сәкен Бибосыновты қазақша ерекше таныстырған сәті таспаланған видео көп қаралым жинады. Ал сол видеоның астына сізге разылығын білдіріп, тіпті туыс ретінде жақын тартқандардың қарасы көп. Осыдан кейін сізге біздің федерация басшылығы ринг төрінде шапан кигізгенін көрдік. Біздің жанкүйерлерден мұндай ерекше қолдауды күтпеген боларсыз, сірә?
– Шынымды айтайын, алғашында «шок» болдым. Расымен, Сәкенді қазақ тілінде таныстырғаныма көбі мен күтпеген реакция танытты. Тіпті, аренада отырғандардың да ерекше қуанғанын байқадым. Рингтің ортасында тұрып, «Ханымдар мен мырзалар! Қарсы алыңыздар! Қазақстаннан Сәкен Бибосынов!» деп айқайлағанда аренадағылар да айқайлап сала берді. Негізі, мен өз бетіммен, тыныш жүргенді қалайтын адаммын. Оқшау жүргенді дұрыс санаймын. Жұмысымды аяқтаған соң үйге қайтуға асығамын. Әлеуметтік желіде де белсенді емеспін. Әлдебір видеолар салып, қызықтыруға тырыспаймын. Лайк үшін жарыспаймын. Әкем бала кезімнен қарапайым болуды санама құйғандықтан, сол қалпымнан тайып кетпеуге тырысамын. Әлемге айқайлап жар салмасам да, өзімнің кішігірім кеңістігімде өзімді бақытты сезінемін. Бірақ қазақ жанкүйерлерінің қолдауы өте ыстық болды. Мұны байқаған Азия бокс конфедерациясының (ASBC) вице-президенті Азиз Қожамбетов қазақ дәстүрі деп, ұлттық киімдеріңіз – шапанды иығыма жауып, бөрік кигізді. Бұл сыйлықты тарту еткен кездегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ерекше әсерге бөлендім. Сосын ел ішінде таратылған видеолардың астына жазылған пікірлерді оқып шықтым. Біразының жазғанын оқып, күлкіге қарық болдым. Бірі «қайыненесі қазақ шығар» деп жазыпты (күліп). Кейбірін оқи алмадым, себебі әлеуметтік желіде орысшаны ағылшыншаға аударғанымен, қазақшаға аудару функциясы жоқ екен. Сондықтан көбін оқи алмадым. Десе де, жекеме шығып, хат жазған қазақ жанкүйерлері жетерлік. Олардың бәріне жауап беруге тырыстым. Кейбірі «Қазақстанда емес, Қазақстаннан» деп айтыңыз» деп ақылын айтты. Түзеп, ертесіне дәл солай айтып шықтым. Алдағы уақытта қазақшамды жақсартқым келеді.
[caption id="attachment_204236" align="alignnone" width="1300"]
Шапан кигізу сәтінен.[/caption]
– Ринг анонсер ретінде рингте ешкімді бөліп-жармау керек екеніңізді білемін. Десе де, чемпионат барысында фаворитіңізге айналған боксшылар бар ма?
– Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дусматовты Сербияда өткен турнирден бері танимын. Екеуінің де жұдырықтасу техникасы мықты, әлемдік деңгейдегі атлеттер. Жарқын болашақта Головкин, Усик секілді атын шығарады деп сенемін. Содан соң Махмұд Сабырханды да ерекше атап өткім келеді. Оның бокстасу стилі, техникасы керемет. Одан бөлек, Таиланд намысын қорғайтын Бунджонг Синсиридің де қабілеті қайран қалдырады. Моңғолия атынан сынға түскен Буяндалай Баярху да тосын әрекетімен көпшілікті таңғалдырды. Бұл жарыста әйелдер де ерлерден кем түспей жұдырықтаса алатынын байқатты. Олар да ойын ережесін өзгертіп, әйелдер боксының деңгейін көрсетті. Жапониядан Ринка Киношитаны ерекше атап өтер едім. Сондай-ақ үшінші рет Азия чемпионы атағын иеленген оңтүстіккореялық Ёнджи О да болашақта әйелдер боксының жарық жұлдызы болады деп сенемін. Жалпы, қазір әйелдер боксына көптеп көңіл бөлінуде. IBA басшысы Умар Кремлев әйелдер боксының әлеуетін арттыру үшін көп шаруа атқарып жүргенін байқап жүрмін. Ерлер боксымен қатар, әйелдер боксының бір бөлігі болу керемет.
[caption id="attachment_204237" align="alignnone" width="2048"]
Кәсіпқой боксшы Мурад Гассиевпен бірге.[/caption]
– Қазақстандықтардан бөлек, басқа ұлттық құрамалардың жанкүйерлерінен де фидбэк алған боларсыз?
– Иә, Өзбекстан құрамасының жанкүйерлері жазды. Негізі, мен Өзбекстанға екі рет барғанмын. Екі ретінде де ондағы ареналар, мамандардың ұйымдастыру қабілетіне таңғалғаным бар. Әлбетте, мені ең алдымен өзбек халқының кең пейілдері мен қонақжайлылығы таңғалдырды. Қазақтар да сондай керемет қонақжай дегенді жиі естимін. Алла қаласа, жарқын болашақта Қазақстанға бару жоспарда бар.
– Әңгімеңізге рақмет!





Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ