Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәлімдеуінше, аймақта барлық экспортталған өнімнің 87,7 пайызын күріш дақылы құрайды. Сыр салысы бүгінде Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғол мемлекеті, Тәжікстан, Түркмения, Украина, Грузия, Литва, Түркия және Ирак мемлекеттеріне экспортталып отыр.
«Есепті кезеңге сәйкес, өңірде 70,5 мың тонна күріш өнімі экспортталды. Нәтижесінде былтырғы жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда экспорт көлемі 165,6 пайызға артты. Сондай-ақ балық пен көкөніс, бақша өнімдеріне сұраныс зор. Жоғары сапалы өнімдеріміз арқылы қажетті сұранысты өтеп отырмыз», - деп мәлім етті басқарма тарапынан.
Сыр өңірінен күріш дақылынан өзге, Ресей, Әзербайжан, Польша, Грузия, Венгрия, Литва, Германия, Чехия, Нидерланды және Австрия мемлекеттеріне 2 539,1 тонна балық экспортталған. Сол сияқты Германия, Дания және Нидерланды мемлекеттеріне 2 210,6 тонна қамыс, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстанға 1 126,8 тонна бидай қалдығы және Ресей мемлекетіне 280,0 тонна қызанақ, 2183,0 тонна қарбыз, 305,0 тонна қауын жөнелтілген. Сонымен қатар, Қытай мемлекетіне 1 229,4 тонна көкөніс өнімдері экспорттау ісі жолға қойылған.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ
Қызылорда облысы