612
Трансплантация өмірді сақтайды
Трансплантация өмірді сақтайды
Донор тапшылығы – қазіргі уақыттағы өзекті мәселенің бірі. Біздің елде қазір мыңдаған адам ағза трансплантациясын күтіп отыр. Ағза ауыстыруға мұқтаждар қатарында үлкендер де, балалар да бар.
Ағзаны ауыстыру отасын қажет ететіндердің көпшілігі оны ұзақ күткендіктен, қайтыс болып кетеді. Бұған бірден-бір себеп – біздің қоғамдағы трансплантацияға деген көзқарастың дұрыс қалыптаспауы. Өкінішке қарай, адамдардың көпшілігі ағза ауыстыруды өмірді құтқару деп емес, адам ағзасын сату, ұрлау деген оймен байланыстырады.
Елімізде өмірден өткен адамдардың ағзасын донор ретінде пайдалану дамыған мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен деңгейде. Оның себебі – халқымыздың бұл мәселеге келіспеуіне байланысты.
Еуропаның дамыған елдерінде 1 млн адамға шаққанда 30-40 ағзалық трансплантация жасалады. Ал Қазақстанда жылына 1 миллион халыққа 1-2 ғана мәйіттік донор табылады екен. Біздегі жасалып жатқан оталардың басым көпшілігі – ол туыстық байланысы бар донорлар. Сондықтан біз көбіне туыстық трансплантация жасауға мәжбүр боламыз.
Қазір елімізде 3 500 адам ағза трансплантациясына мұқтаж. Оның ішінде 3200-ден аса адам бүйрек, 175 адам бауыр, 150-дей адам жүрек, 16 адам өкпе, 6 адам өкпе-жүрек трансплантациясын жасату үшін кезекте тұр.
Алматы каласы бойынша 600-ден аса науқас бүйрек трансплантациясы бойынша кезекке алынған. Арнайы «Күту парағы» бағдарламасы трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығында жүзеге асады. Қазақстанда барлық әлеуетті донорларды бақылап отыруға мүмкіндік беретін Республикалық трансплантациялаудың координациялық орталығы құрылды. Қазір Республикалық орталықтың облыстардағы филиалдары жұмыс істеп тұр. Осы филиалдар арқылы аймақтарда бас сүйек зақымы, инсульт пен жансақтау бөлімшесіне түскен науқастар туралы барлық ақпарат жүйеленіп отырады.
Мысалы, осы жылы Қазақстан бойынша 169 адам ағза ауыстырды. Оның ішінде 132 науқасқа бүйрек трансплантациясы (мұның 127-і туыстық донордан, 5-еуі мәйіттік донордан), 32 науқасқа бауыр трансплантациясы (оның 31-і туыстық, 1-еуі мәйіттік) жасалды. Алматы қаласы бойынша осы жылы 41 науқасқа бүйрек трансплантациясы отасы жасалған. Олардың 40-ы туыстық болса, тек біреуі ғана мәйіттің ағзасынан алынды. Бауыр трансплантация 22 науқасқа жасалған. Оның да тек біреуіне ғана мәйіт ағзасын пайдаланған. Бұл деректерге қарап-ақ мәйіт ағзасын пайдалану дерегі өте төмен екенін байқауға болады .
Заң бойынша бас-ми өлімі тіркелсе, қайтыс болған адамның туысқандарынан рұқсат сұралады. Егер туыстары қарсы болса, ол кісіден ешқандай ағза алынбайды. Көп жағдайда бізде туысқандары қарсы болады. Олардың пікірінше, адам ағзасын алу дінге қайшы. Бұған қарап бізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары баяу жүріп жатқанын байқауға болады. Қазақстан мүфтиятының арнайы шығарған пәтуасында ағзаны алу бас-ми өлімі тіркелген кезде, сондай-ақ пайда табу үшін сату және сатып алу болмаған кезде рұқсат берілген. Яғни, басты талап – өз еркімен және тегін болуы тиіс. Егер қайтыс болған адамның туыстары келісім беретін болса, қаншама науқастың өмірін сақтап қалуға себепші болар еді.
Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша әр азамат қайтыс болғаннан кейін ағзасын алуға алдын ала өз келісімін бере алады. Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін ағза донорлығына келісімді немесе келіспеушілікті электронды форматта беруге болады. Екі жылдан бері eGov.kz порталында «транспланттау мақсатында ағзалардың, тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» бойынша автоматтандырылған қызмет енгізілді. Әрбір азамат электронды қолтаңба арқылы порталға кіріп өз келісімін де бере алады. Қазақстанда көп адам өзінің таңдауын жасауға асықпайды. Осы күнге дейін 20 мың адам ғана өз таңдауын жасаған. Оның 1 мыңнан астамы келіскен. Қалғаны донорлыққа қарсы. Көбіне ми өлімі диагнозы қойған кезде азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы республикалық координатор оның шешімін білуге болады. Адамдар тірі кезінде донорлыққа келісім беру не бермеу туралы таңдауын жасамағандықтан, біз көбіне әлеуметті донорды ми өлімі диагнозын қойған кезде туысқандарымен сөйлесіп, ойын тыңдаймыз.
Қазір Алматы қаласы бойынша 400-ден аса адам трансплантация оталарынан кейін өмір сүріп жатыр. Оның ішінде бүйрек трансплантациясынан кейін – 340 адам, бауыр трансплантациясынан кейін – 40 адам, жүрек трансплантациясынан кейін – 18 науқас, сүйек ми трансплантациясынан кейін – 10 адам. Осы адамдардың ішінде донорлық ағза алмасудан кейін ең көп өмір сүру ұзақтығы 25 жылға дейін жалғасады.
Қазақстанның барлық транс-плантация орталығында маман, құрал – жабдық және дәрі-дәрмек жағынан мүмкіндіктер бар, толық жағдай жасалған. Тек туыстық және мәйіттік трансплантацияның санын көпшілік болып көбейтуіміз керек.
Меруерт Мұқанова,
Алматы қаласы бойынша трансплантация
координаторы, жоғары санатты нефролог дәрігері