«Ең арзаны – 30 мың»: Қазақстанда ұрығын жарнамалап, саудаға салатын еркектер көбейген

«Ең арзаны – 30 мың»: Қазақстанда ұрығын жарнамалап, саудаға салатын еркектер көбейген

«Ең арзаны – 30 мың»: Қазақстанда ұрығын жарнамалап, саудаға салатын еркектер көбейген
ашық дереккөзі
50320
Қазақстанда ұрық саудасы қызып тұр. Соңғы кезде оны табыс көзіне айналдырған жігіттер жетерлік. Мамандардың айтуынша, оған басты себеп «өзі үшін бала туып алғысы келетін қыздардың» көбеюі деп хабарлады turkystan.kz Астана арнасына сілтеме жасап. Қазір балалы болғысы келетін кез келген әйел жасанды жолмен сәби көтере алады. Бойы 180 см-ден жоғары, көзі домалақ, шашының түсі қоңыр. Құлағы қалқаңқұлақ болмауы керек. Осылайша, болашақ балаңның руын да, түрін де таңдауға болады. Ұрық донорын іздейтін қыз-келіншектердің әлеуметтік желідегі жазбасы осындай. Олар донор боламын, ұрық тапсырамын деген еркектің кескін-келбетіне, бойына – бәріне ерекше мән береді. «Өзім үшін» туып аламын. Бұл сөзге де етіміз үйренді. Оң жақта отырып қалған қыздар уақытын өткізіп алмауы үшін кейде «көзсіз ерлікке» барып, некесіз бала табуға тәуекел етеді. Солардың бірі, 22 жастағы - Аяулым.
«Мұнда тұрған ешқандай әбестік жоқ сияқты. Енді жалғыз тұрғым келмегендіктен, болашақта өзің үшін бала босанып алу, меніңше, ол қалыпты жағдай сияқты», – дейді Астана қаласының тұрғыны.
Сұраныс артқан сайын, ғаламторда ұрығын жарнамалап, саудаға салатын ер азаматтар көбейген. Олардың дені – өзге ұлт өкілдері. Ұрығын жарнамалаған жігіттердің сұрайтын ақысы әртүрлі. Ең арзаны - 30 мың теңге. Алайда репродуктолог мамандар әлеуметтік желіден көрген мұндай хабарлама иелеріне жүгінбеуге кеңес береді. Өйткені ғаламтордағы «саудагерлердің» дені арнайы тексерістен өтпейді.
«Бір ұрық тапсырсаң, бір порция 30 мың теңге. Бір келіп тапсыруы. Егер бес рет келіп тапсырса, беске көбейтесіз, 10 рет тапсырса онға көбейтеміз. Бұл жерде ең маңыздысы – сапа. Бізге көбісі келген кезде қарайтын болсақ, 80%-ға жуығы донор бола алмайды. Өйткені көрсеткіштері донорлыққа сәйкес келмейді», – дейді уролог Арман Есенұлы.
Қазақстан аумағында экстракорпоральды ұрықтандырумен айналысатын 20-ға жуық клиника бар. Заң бойынша 35 жасқа дейінгі ер адам жасырын түрде донор бола алады.
«Талап, бұл – арнайы медициналық ұйымның қорытындысы керек. Ол жерде денсаулығы, психикалық және репродуктивті денсаулығы сай екенінің қорытындысы керек», – дейді заңгер Олжас Лекеров.
Ал дін өкілдерінің айтуынша, ұрық доноры болу - шариғатқа қайшы. Олар мұндай жолмен дүниеге келген бала некесіз туған боп саналады дейді.
«Бөгде әйелдің жұмыртқа клеткасы немесе өзге ер кісінің шәуеті немесе жұмыртқа клетканы өзге әйелдің жатырына қондыру арқылы іске асса, онда ол шариғат бойынша харам болады. Бұл жолдардың кез келгені зинаның бір түріне жатады», – дейді Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы.
Ұрық донорлығы елімізде 1990 жылдары басталған. Ерлер мен әйелдер ЭКО-орталықтарға қанша рет ұрық сатса да, шектеу жоқ. Олардың кім екенін зерттеп-зерделеп жатқан арнайы жүйе де қарастырылмаған. Ал келешекте сол ұрық иесінен тараған ұрпақ бір-бірімен шаңырақ көтеріп, неке қимауына ешкім кепілдік бере алмайды.

Серіктес жаңалықтары