Қазіргі жастар мотивацияны қайдан алады?

Қазіргі жастар мотивацияны қайдан алады?

Қазіргі жастар мотивацияны қайдан алады?
ашық дереккөзі
Мотивация – белгілі бір мақсат үшін өзіңді ояту процесі. Адамдар өмір сүруге деген құлшынысты қоғамнан, қоршаған ортадан алады. «Өмірдің мәні мен өмірге деген құлшыныстың жоғалуы» деген сынды психологиялық жағдайды немесе депрессияны кез келген адам өмірінің әртүрлі шағында басынан өткеруі мүмкін. Ал жұмысшы компаниялар мен ұйымдардан тұратын қоғам жастарға тиісінше қажетті мотивация бөлігін бере алады ма? Дәл осы тақырып аясында  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультетінің 1 курс магистранттары Жубаназарова Назираш Сулейменовнаның «Басқару психологиясы» пәнінде ашық әңгіме-талқы жүргіздік. Мотивация кез келген жерде қажет. Арықтау үшін, ең әдемі болып жүру үшін, жетістікке жету үшін немесе бизнес бастау үшін, оқуға түсу үшін де мотивация керек. Құлшыныстың бар болуы жеткіліксіз, мотивацияны демеу керек, онымен жұмыс істеу керек. Былайша айтқанда, мотивацияңыз өз әсерін, пайдасын жоғалтып алмау үшін оны «қоректендіру» керек. Мәселен, Жапония  менеджментінде жұмысшылар мотивациясы –  кез келген компания үшін ең бірінші орында. Бір ерекшелігі, Жапония компаниялары жұмысқа тек университетті түлеп ұшқан белсенді студенттерді қабылдайды. Әрбір жұмысшының өзінің үстелінің қасында құлшынысты арттыратын, мотивацияны көтеретін жазбалар тұрады екен. Барлық жағдай қызметкерлер үшін жасалады. Ал бізде қалай? Қазіргі жастар мотивациясы қоғам үшін маңызды ма? Кез келген компанияның өзінің мақсаттары бар. Сол сияқты жастардың да өз мақсаттары мен жоспарлары болады. Сол мақсаттары аясында қазіргі жастар компанияға жұмысқа орналасады. Егер компания немесе ұйым басшылығы: «Жұмысшының не қалайтыны мені қызықтырмайды. Жұмыс істе, ұнамай ма – сау бол!» деген қағиданы ұстанса, ол жақсы нәтиже бермейтіні анық. Себебі, ең соңында мұндай компания тек жұмысшы-орындаушылармен ғана қалады. Ал егер әлгі компания керісінше: «Менің қызметкерлерім сондай мықты. Біз барлығымыз – бір отбасымыз. Жұмысшыларымның көңілін қалдырмайын, сонда нәтиже де болады» деген қағидамен жұмыс істесе, нәтиже міндетті түрде болады. Сәйкесінше, бұл да белгілі бір деңгейде жастарға қажетті мотивация бола алады. Қазіргі жастар мотивацияға тәуелді, себебі оларға жалқаулықты жеңу үшін мотивация керек. Алайда ол адамның ниетіне байланысты. Шын жүрегіңмен қаласаң, барлығын өзің-ақ істеуге болады. Мәселен, «Басқару психологиясы» пәнінің негізінде Н.С. Ахтаеваның «Басқару психологиясы» және С.Қ. Бердібаеваның «Тұлға психологиясы» атты еңбектерін оқып, мотивация түрлеріне тоқталып, ой елегінен өткіздік. Ішкі мотивация – сыртқы ортаның қалай болуына қарамастан мотивациялық талпыныс ішкі ниеттен оянады. Онда міндеттің өзі құштарлық пен шаттық туғызады. Ішкі мотивацияның артықшылығы, ішкі құштарлық оянған жағдайда адамның өз артықшылықтары түгел іске қосылады және орындауға міндетті қабілет пен өнерді өздігінен үйренеді. Сыртқы мотивация – мотивация тұрақты талпындырушы ретінде көбінесе сыртқы орта талаптарына бағынады. Сонда кіріс, мәртебе, мансап секілді сыртқы нәрселердің талабымен мақсатқа белсенділік оянады. Сонымен қатар, ол белсенділік ішкі мотивация ниетімен қайшыласып жатады. Яғни, өз талпынысын соншалық сүйе қоймайды, бірақ қажеттілік үшін соған барынша талпынуға мәжбүр болады. Оң мотивация адамды еркін шабыттандырып, жігерлендіріп, белсенді етіп, үміткер етіп, қайтпас қайсар етеді. Ал теріс мотивация  адамды салғырттандырып, енжар етіп, үмітсіз етіп, шегіншектетеді. Әркімнің мотивациясы түрлі-түрлі. Қазіргі жастар мотивацияны көбіне шетелдік мотивациялық кітаптардан, фильмдерден, тіпті музыкадан, саяхаттаудан, тауға шығып серуендеуден, отбасының не жақын адамдарының демеуінен, жігерлі сөздерінен алып жатады. Сондай-ақ, «жұрттың қолынан келгенді мен де істей аламын», «мен ешкімнен кем емеспін» деп өздерін жігерлендіреді. Соңғы кездері қазіргі жастардың көбісі дерлік психолог, коучтердің семинарлары мен тренингтеріне қатысып, бойына бір серпіліс алып жатады. Дегенмен, сол мотивациялық тренингтің күші әр адамға тек үш күнге ғана жетеді екен. Бұрын коучтер мен мықты мотиваторлар болмаған кезде адамдар мотивацияны қайдан алды екен деген сұрақ келеді. Мотивация ешқайдан келмейді, әр адам оны өзінен ғана таба алады. Егер діттеген мақсатымызға жеткіміз келсе, үнеміз ізденіс үстінде болуымыз керек. Күн сайын пайдалы ілім алып, үнемі позитивті көңіл-күймен шабытымызды шақырып, жақсылық жасап жігерленсек, міндетті түрде мақсат пен нәтижеге жетеміз. Шын мәнінде, жетістікке жетіп, мотивацияны жоғалтпау үшін жанардағы отты жаға білу керек және оны сөндіріп алмау қажет. Сондықтан «Басқару психологиясы» пәнінің бізге берер пайдасы мол деп білеміз. Қазіргі жастардың мақсатқа жету жолында белгілі бір деңгейде мотивациясының болуы, сол мотивацияның негізінде нәтиже ала білуі осындай психологиялық пәндердің көптеп оқытылуының арқасында жүзеге асады.

Жубаназарова Н.С.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

жалпы және қолданбалы психология кафедрасы

психология ғылымдарының кандидаты, профессор

 Адилова Э.Т.

PHD, аға оқытушы,

Педагогика  ғылымдарының кандидаты,

доцент Тленшиева Н.

Кемелхан Ұлбану,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

филология факультетінің 1 курс магистранты.