Қазақ күресінен «Дала қырандары» турнирінің жеңімпаздары анықталды

Қазақ күресінен «Дала қырандары» турнирінің жеңімпаздары анықталды

Қазақ күресінен «Дала қырандары» турнирінің жеңімпаздары анықталды
ашық дереккөзі

Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында «Qazaq kuresi» Ассоциациясының ұйымдастыруымен «Дала қырандары» республикалық турнирі өтті деп хабарлады turkystan.kz.

Жарысқа еңсегей бойлы, қаптағай денелі, рухы өр, тәні бекем 64 балуан қатысты. Олар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 килограм салмақта белдесті.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы әрі «Qazaq kuresi» Ассоциациясының президенті Самат Ерғалиев, «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, жазғы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, екі дүркін «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров, сала ардагерлері Серік Төкеев, Марат Жақыт, Диханбай Биткөзов қатысты.

Бүгінге дейін елімізде 60, 70, 80 келі сияқты жеңіл салмақта өнер көрсетіп жүрген спортшылар көп. Олар жылдар бойы өз салмағында, жоғары бәсекелестік ортада шыңдалып, үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Тіпті, екі дүркін әлем чемпионы болған спортшыларымыз бар. Дегенмен, олардың танымалдығы төмен.

Бұл балуандар қандай да болсын құрметке лайық. Дегенмен, соңғы жылдары барлық құрмет пен марапат тек абсолютті салмақ дәрежесіндегі балуандарға бұйырып жүр. Бүгінгі турнирдің мақсаты да сол – жеңіл салмақтағы балуандардың үздіктерін анықтап, оларға құрмет көрсету.

Имидждік турнирдің жүлде қоры – 80 мың АҚШ доллары!

Жыл бойы өткен 5 рейтингтік турнирде төгілген тер ақталып, кешегі Балуан Шолақ, Иман Жүсіп, Қажымұқан, Жақсылық бабаларымыздың жалғасы, қазақ күресінің мықтылары, 8 салмақтың «Бас балуандары» анықталды!

 width=

Олар:

55 кг. – Бекжан Төлепов (Қызылорда обл.)

60 кг. Марат Нигматуллаев (Алматы қ.)

66 кг.  – Нұр Аманшүкіров (Жамбыл обл.)

74 кг.  – Жұмажан Қожамбеков (Шымкент қ.)

82 кг.  – Айдын Дартаев (Ұлытау обл.)

90 кг. Тоқтарбек Айдарбек (Түркістан обл.)

100 кг.  – Мұхит Тұрсынов (Солтүстік Қазақстан обл.)

+100 кг.  – Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау обл.)

Алапат қара күшін дәлелдеген батыр «Дала қыраны» титулына ие болып, өз салмағының «Бас балуаны» атанды. Сондай-ақ оларға жеңімпаз белдігі мен 10 мың доллардың сертификаты табысталды.

Бұл 8 балуан алдағы желтоқсан айында Астана қаласында қазақ күресінен өтетін Әлем чемпионатына іріктелді. Сөйтіп, олар бәсі биік додада ел намысын қорғайды.

 width=