50245
Ауырып қалған жағдайда несиені төлемеуге бола ма?
Ауырып қалған жағдайда несиені төлемеуге бола ма?
Несиені төлемеуге түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Біреулер денсаулығының нашарлауына байланысты қарызын өтей алмаса, басқалары жұмыстан қысқартуға ұшырап, қаржы жағынан қысылып жатады. Заңгер Нұрбол Батырбай қарыз қайтару кезінде заң бойынша төтенше жағдайларға не жататынын және ол кезде өз міндеттерін тоқтатуға болатын-болмайтынын түсіндіріп берді деп хабарлады turkystan.kz massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Маман заңда қарыз алушы қандай да бір қиындықтарға тап болған жағдайда, оларға жеңілдік жасаудың нақты жолдары көрсетілмегенін және ол мәселені тек заем беруші банктің шешетінін айтады.
«Қандай да бір оқыс жағдайлар болып, қарыз алушы келісімшартта көрсетілген міндеттерін орындамаған жағдайда оған белгілі бір уақыт беріп, жеңілдік қарастыруды тек банк шешеді. Заңда нақты айтылмаған. Дегенмен қарыз алушы мен банк жасасқан келісімшартта барлық пункт көрсетілуге тиіс. Көрсетілмеген жағдайда борышкер ешқандай анықтамалармен де, себептерімен де қарызды тоқтатып, кейінге шегере алмайды», - дейді заңгер.Нұрбол Батырбайдың айтуынша, бүгінде банктер көп жағдайда жеңілдік қарастырмайды. Келісімшарттарда, құжаттарда әдетте белгілі бір оқыс жағдай болып қалса, жеңілдіктер қарастырылатыны жайлы көрсетілмейді.
«Жалпы, оқыс жағдай деп адамның еркінен тыс күтпеген, болжанбаған және оны адам өзінің қабілетімен, мүмкіндігімен еңсере алмайтын жағдайларды атауға болады. Оның оқыс жағдай немесе оқыс жағдай емес екенін тек сот бағалай алады», - дейді Нұрбол Батырбай.Осы ретте маман қарыз қайтару кезінде ықтимал төтенше жағдайларды атап берді. Оның айтуынша, бұл жағдайлар расталса, банкпен белгілі бір уақытқа келісімге келуге болады: - адамның жұмыс істеуіне кедергі келтіретін түрлі жағдайлар, апаттар; - жұмыспен қамту орталығында тіркелген жағдайда, яғни ресми түрде жұмыссыз екені дәлелденсе; - ойламаған жерден жұмыстан қысқартуға ұшыраған кезде (қажетті құжаттар болуы керек); - соңғы жалақысы әлі түспей жатса - тек анықтама берілсе; - жалақысының кем дегенде 20 пайызға төмендеуі.
«Егер борышкер ауырып қалса немесе жұмыстан шығып қалса, онда өзінің міндеттерін тоқтатуға немесе кейінге қалдыруға құқығы нақты заңда көрсетілмеген. ҚР Азаматтық кодексінің 272, 273, 319-баптарында да айтылады. Мысалы, 274-бап («Мiндеттеменi бөлшектеп орындау») бойынша, банк пен қарыз алушы жасасқан мiндеттеме шарттарында ол туралы көрсетілмесе, белгiленбесе, несие берушi мiндеттеменi бөлшектеп орындауды қабылдамауға құқылы. Егер банк келіссе, әрине, болады. Бірақ ондай банк Қазақстан Республикасында əлі құрылмаған», - дейді заңгер.