Ұлттық байлықтан үлес тие ме?

Ұлттық байлықтан үлес тие ме?

Ұлттық байлықтан үлес тие ме?
ашық дереккөзі
543
Президент мемлекеттің ел экономикасындағы үлесін бірте-бірте азайту, мемлекет активтерін жеке­ше­лендіру мен ұлттық компанияларды IPO-ға шығару туралы бірнеше рет айтқан болатын. Биылғы 1 қыр­күйектегі Жолдауда бұл тақырып тағы бір мәрте қозғалды. Маусымның аяғында «Самұрық-Қа­зына» «ҚазМұнайГаз» акциялары­ның бір бөлігі халықтық IPO-ға шығарыла­ты­нын мәлімдеген болатын. Сонымен, IPO дегеніміз не? Бастама қа­ра­пайым халыққа ұлттық байлықтан үлес алуға мүмкіндік бере ме? IPO дегеніміз не? IPO, толығырақ айтсақ, Initial Public Offering дегеніміз – қандай бір компанияның өз акцияларын көпшілікке сатып алуға алғаш рет ұсынуы. Егер IPO халықтық болса, онда компания акциялары бірінші кезекте сол мемлекеттің тұрғылықты халқына ұсынылады. Негізінен, мұндай бастама акциялардың толық немесе бақылау пакетін мемлекет иеленетін кәсіпорындарда болады. Осы арқылы халық елдегі ірі компаниялардың акциясын сатып алу арқылы қосымша табыс табуға мүмкіндік алады, одан бөлек басқару ісіне қатыса алады. Мемлекеттік кәсіпорындарды IPO жолымен жекешелендіру науқаны біз­де 2011 жылы басталған болатын. Деген­мен акциясы сатылымға шығады деп жос­пар­ланған компаниялар IPO-ға қатыспай қа­лып, бастаманың нәтижесі күткендегідей бол­маған еді. 2020 жылғы 29 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық IPO» бағ­дар­ламасын қайта жаңғыртуды тапсырды. Ал биылғы қыркүйектегі жолдауда ел игі­лігін халыққа теңдей бөлу мәселесіне тоқ­талып, «Самұрық-Қазынаның» активтері мен акциялары жекеге өтуі керек екенін, ол үшін халықтық IPO тәсілін қолдануға бола­ты­нын айтқан болатын.
– «Самұрық-Қазына» қоры экономи­ка­ның басты салаларына бақылау жасауға ғана мүм­кіндік беретін мажоритарлы үлесі бар ин­весторға айналады. Қордың басқа актив­тері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін де қолдануға болады, – деді Президент.
«ҚазМұнайГаз» акциялары IPO-ға шықпақ 10 қазанда «Самұрық-Қазынаның» ресми өкі­лі «ҚазМұнайГаз» «Халықтық IPO-ға» жел­тоқсан айының басында шығады деп жос­­парланып отырғанын мәлімдеді. Бастама 10 жел­тоқсанға дейін аяқталады. Қазір бағалау жүр­гізіліп, инвесторларға қандай акциялар пакеті ұсынылатыны шешіліп жатыр. Қазір алаяқтардың Қа­зақ­стан аза­мат­тарын «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық ком­па­ниясына қаржы салуға ша­қы­рып, арнайы сайт, мобильді қосымша құ­рып, әлеуметтік же­лілерде парақшалар ашып, жал­ған ақ­парат таратуы жиілеп ке­тті. Ал компания өкілдері мұндай ақпаратқа сенбеу керек екенін, ресми мәлімет тек компания сайттарында дарияланатынын ескертеді. Ал SkyBridge Invest басқарма төрайымы Шол­пан Айнабаева «ҚазМұнайГаздың» 25 пайыз­дық үлесін ұсынуды жоспарлап отыр­ған­дарын мәлімдеді. SkyBridge Invest ҚМГ-ның IPO бойынша кеңесшісі болып саналатынын айта кетейік.
– Қазірдің өзінде «ҚазМұнайГаздағы» мем­лекет үлесін иеленудің шекті деңгейін 75 пайызға дейін төмендету туралы Үкімет қаулысына түзетулер енгізіліп жатыр, – деп атап өтті Шолпан Айнабаева ҚМГ-нің IPO-ға арналған қоғамдық кеңесінде.
Қордың ресми өкілі Ернар Жанәділдің ай­туынша, осы мәселеге бастамашылық ету үшін қордың атынан Премьер-Министрге хат жолданған. Алдын ала шешім қазан айы­ның соңына дейін белгілі болады.
– Біз «Қазатомпромның» ісін аналогия ре­тінде қабылдадық. Үкіметтің бір критерийі бар: стратегиялық салаларда бақылауды сақ­тау, ал мұнай-газ саласы – стратегиялық сала. Бақылауды сақтау үшін акциялардың ба­сым бөлігін үкіметке, яғни 75 пайызын қал­дыру ұсынылды. Бұл – ең жақсы нұсқа, – деді ол.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, акция­лар­ды AIX және KASE платформаларында ор­наластыру жоспарланып отыр. KASE мәліметтері бойынша, 2022 жылғы шіл­дедегі жағдай бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның 90,42 пайызы «Самұрық-Қазына» қо­рына, 9,58 пайызы Қазақстан Республи­ка­сы­ның Ұлттық банкіне тиесілі. Сонымен қа­тар инвесторлар үшін «бір қолға» бағалы қа­ғаздарды сатып алуға шектеу қою жос­пар­ланбайтыны айтылды. Жалпы, ІРО мемлекеттік компания­лар­ды жекешелендірудің салыс­тыр­малы түрде әділ жолы деп саналады. Деген­мен бастаманың басқа қандай артық­шы­лығы мен олқылығы болуы мүмкін? Бұдан бұрынғы тәжірибелерден не үйрендік? Сарапшы мамандардан сұрап көрдік.  width= Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Азаматтар қор нары­ғында жұмыс істеу бойынша тәжірибе жи­нақтайтын болады
– Халықтық IPO жобасы бізде бол­­ған. Бұл – өте жақ­­­сы идея, өйт­кені азаматтардың қор нарығына шы­ғу­ға мүмкіндігі бо­ла бермейді. Көп жағ­дайда олар бро­кер­лік компания арқылы, яғни белгілі бір брокерлік компанияға жүгініп, арнайы шот аштыруы керек. Бұл жерде, яғни халықтық IPO бойынша компаниялардың акциясын ті­келей сатып алуға мүмкіндік туады. Ол ком­панияның нарықтағы құны өсетін болса, акцияны кері сату арқылы салған қаражатын ұлғайта алады. Қаншалықты табыс түседі деген мәселеге кел­сек, мемлекеттік компаниялар болған­дық­тан, бұл жақта табыс көп болады деп айта алмаймыз, өте көп инвестициялық кіріс алып келмейді. Мүмкін, ол банктік депо­зит­тен де төмен болып қалуы мүмкін. Мәселен, биыл банктік депозит 15 пайыз берсе, ол жерде 10 пайыз болуы ықтимал. Осы тұрғы­дан алғанда, табыс аздау болады деген ой да келеді. Бірақ, менің ойымша, бұл жерде ең маңыз­дысы – азаматтар қор нары­ғында жұмыс істеу бойынша тәжірибе жи­нақтайтын болады. Болашақта аза­мат­тардың қосымша қаражаты, инвестициялық мүмкіндіктері пайда болып жатса, онда сол жалпы қор нарығына кіріп, акциялар мен облигацияларға инвестиция жасай бастайды. Сөй­тіп, пассив кірісті түсіріп отыруға үй­ре­неді. Яғни, халықтың қаржылық сауат­ты­лығын арттыруға белгілі бір дәрежеде үлес қо­сады. Бұдан бұрын өткен IPO-ларға келер болсақ, ұйымдастыру жағы кемшін түсті. Жоспарланған ұлттық компаниялар нарыққа шықпады, сондықтан да көп адам ол туралы білген жоқ. Дейтұрғанмен, сатып алып көрген азаматтар бар. Ол азаматтар үшін бұл жақсы тәжірибе болды деп ойлай­мын. Осы жолы да барынша дұрыс, жүйелі түрде ұйымдастырылуы керек. Құр сөз күйін­де, Президенттің тапсырмасы болып қа­на қалмауы керек. Халық осы акцияларды сатып ала алатындай бүкіл жағдай жасалуы керек. Ұялы телефондағы қосымша жасақ­та­лып, жобалар жасалса ғана бастама халық­тық сипат алады.
 width= Бауыржан ИСКАКОВ, э.ғ.к, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тағылымдамашысы: Ақпарат­тық саясат ашық болуы өте маңызды
– Халықтық IPO барлық дамыған мем­ле­кеттерде экономиканы әртараптан­дыру­дың бір жолы ретінде қалыптасқан жүйе саналады. Біз әлі де шикізатты өндіріп, соны сату арқылы экономиканы тұрақтандырып отыр­мыз. Ал шикізат сарқылатын ресурс бол­ғандықтан, біз бұл нарықтан қалыпты, тұрақты, экономиканы алып кететін нарық­тың басқа бір сегменттерін қалыптас­тыруы­мыз керек. Яғни, әртараптандырудың мақ­са­ты – осы. Бұл бағытта бұл бастама өте тиім­ді. Халықтық IPO табысты азаматтарға та­бысты компаниялардың акция­лары­на ие болып, одан пайда табуға мүм­кін­дік береді. Қазір артық ақшасы бар азаматтар оны қалай сақтауды, қайда сақ­тау­ды біл­мейді, сөйтіп экономикаға тиімді емес са­лаларға салады. Пассивті операция дейміз, екін­ші деңгейлі банктерден депозит ашып, жылына 15 пайыз үстемесін алады немесе жылжымайтын мүлікке салады. Жалпыхалықтық IPO-ны тиімді ұсы­на алатын болсақ, ол екі тарапқа да, мемлекетке де халыққа да пайдалы бо­лады. Өйткені халықтық ІРО мемлекеттік ком­панияларға қаржысын өндіріс пен кәсіп­орынды кеңейтуге және жаңартуға салуға мүм­кіндік береді. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» 5 пайыз акциясын нарыққа сатуға шығарса, бұ­дан түскен табыс ол ҚМГ-ның кәсіп­орын­дарын модернизациялауға мүмкіндік береді. Акцияларды алған адамдар үшін де үлкен мүм­кіндік. Баршамызға белгілі, 2012 жылы «Қаз­Транс­Ойл» өзінің 10 пайыз акциясын сатқан болатын. Әр акциясын 715 теңгеден сатты. Нарықта түрлі макроэкономикалық фак­торға байланысты өз табысын бол­жай алмайтын компаниялар бар. Ал «Қаз­Транс­Ойл» тасымалдаушы компания болған­дық­тан, мұнай-газ бағасы түссін, түспесін та­быс­ты болатынын, өзінің нарықтағы баға­сын 5-6 жылға дейін бекітіп қояды. Сол үшін де оны нарыққа шығардық. Шамамен 34-35 мың қазақстандық жеке тұлға сатып алды. Қазір «ҚазМұнайГаз» нарыққа акция­ларын шығармақ. «Неге «ҚазМұнайГаз?» деген сұраққа жауап беріп өтсек. Жалпы, қазір Brent мар­ка­лы мұнай бағасы 100 доллардан да қымбат бо­лып отыр. Тіпті, 2020 жылдары 90-95-ке дейін төмендегеннің өзінде, нарыққа ком­панияның акцияларын шығару тиімді, ың­ғайлы болады. Яғни, мұнайға деген сұра­ныс­тың жоғарылауы, басқа да факторлардың әсерінен «ҚазМұнайГаздың» табысы тұрақты. Екіншіден, қыс кезінде мұнайға деген сұра­ныс жоғарылайтыны белгілі. Дегенмен біз кей нәрселерді ескеруіміз ке­рек. Мысалмен айтар болсам, 2006 жы­лы Ре­сей өзінің «Роснефть» акциясын са­ту­ға шы­ғарды. Бір ай қалғанда жаппай жарна­малай бастады. Сөйтіп, соңында 115 мың же­ке тұлға әрбір акцияны 203 теңгеден са­тып алды. 250 миллион долларға сатылды. Де­генмен бастама көңіл көншітерліктей нәти­же бермеді. Неге? Себебі акцияларды са­тып алғаннан кейін дивидендтен пайда та­бамыз дегеннің өзінде, құны керісінше құлдырап кетті. Бір жарым жылдың өзінде 12 пайыз ғана өсім көрсетті, бірақ ол жыл­дық инфляция деңгейімен бірдей болған­дықтан, 75 мыңға тарта ресейлік акционер үлкен шығынға батты. Ал акция сатып алушылар, эмитенттер ба­ғалы қағаздары сақталып тұруы үшін ко­миссия төлейтінін білмеген екен. «Сбер­банк» «Роснефттегі» акцияларының сақталуы үшін әр акцияға айына 50 рубльден ұстап отыр­ған. Бұл қарапайым адамдардың ак­циядан көретін табысы, яғни дивидендтері­нің төмендеуіне алып келді. Сатып алынған акц­ия­ларды қайта сату үшін брокерлік ком­­па­нияларға қосымша ақы төлеу керек­тігін де білмеген. Яғни, ақпарат жеткіліксіз болған. Үшінші, Ресейде акцияны сату кезінде сатып алынған және сатылғаннан кейінгі, яғни сатып алынған акцияны қайта сатуға мүмкіндік туса, сол екі аралықта та­быс түскен болса, айырмаға кіріс салығы са­лынатынын білмеген. Сол үшін осындай халықаралық тә­жірибелердің нәтижесін сараптай оты­рып, біз де алда болатын халықтық ІРО-ны насихаттау кезінде мыналарды ескеруіміз керек. Бірінші, халықтың қаржылық сауат­ты­лығын арттыруымыз керек. Халыққа неғұрлым көп ақпарат берілуі керек. Оли­гархтар мен олардың топтары емес, мейлін­ше қарапайым халықтың атсалысуына да жағ­дай жасалғаны жөн. Бұл акциялар нарықтық бағада са­тылуы керек. Сонымен қатар ақпарат­тық саясат ашық болуы да маңызды. Әрбір акционер, ол қанша акция алса да диви­денд­терді бөлу кезіндегі жұмыстардың барлығы көз алдымызда болуы керек. Қаржылық сауаттылығын арттыру үшін отандық мамандарды тарту мәселесі на­зар­дан тыс қалмаса дейміз. Бюджет ақшасын шы­ғындамай, өз мамандарымызға да ба­сым­дық беруіміз керек. Және қарапайым ха­лық­қа ақпарат қарапайым, түсінікті тілде жет­кізілуі керек деп ойлаймын.
Қорыта айтқанда, бастаманың тиімді тұсы көп, осы арқылы халықтың құнды қағаздармен жұмыс істеу дағдысын дамытуға болады. Дегенмен атқарылу жағынан олқылықтар болса, ойдағы дүние орындалмауы мүмкін. «ҚазМұнайГаз»-ға қатысты нақты ақпарат айдың аяғына дейін жариялануға тиіс. Сол кезде акциялардың бағасы да нақтыланып қалады. 

Серіктес жаңалықтары