Ұлы күн

Ұлы күн

Ұлы күн
ашық дереккөзі
768

1.Тарих тағылымы

Әр халықтың тарихы мен тағдырында бетбұрысты сәт болады. Беріден қайырсақ, ХХ ғасырдағы Қазақстан үшін, бірінші кезекте оның мемлекеттік дамуы үшін үш жұлдызды сәт орын алды. Олар, біріншіден, 1920 жылы кеңестік Қазақ автономиясының дүниеге келуі. Бұл – Кенесары хан құрбан болғаннан кейін төл мемлекетіміз пайда болған сәт. Құрылтайда қабылданған аса маңызда құжат – Қазақ АКСР еңбекшілері құқықтарының Декларациясы. Екіншіден, 1936 жылы РСФСР құрамындағы автономиялы республика мәртебесімен қоштасып, КСРО-ны құраушы одақтас республикаға айналғанымыз. Осының арқасында дербес өмір сүрудің мектебінен өттік. Үшіншіден,1990-шы жылғы 25 қазанда    егемендік туралы Декларацияның қабылданғаны. Бұл құжат КСРО-ның ыдырауын тездетті, тәуелсіздігіміздің құқықтық негізін қалады. Ең бастысы – қос Декларация да қазақтың жер бетінде сақталып қалуына кепілдік беретін ұлттық мемлекетімізге берік тұғыр қызметін атқарды. Біз бұл жерде 1917 жылғы желтоқсанда жарияланған Алаш Орда үкіметінің қадір-қасиетін жоққа шығарғалы отырған жоқпыз. Мәселенің мәнісі мынада: алаштықтардың мемлекет пен билік, ел мен жер туралы ұлы арман-жобасын, кешенді ауқымда болмаса да, олар қабылдамаған кеңестік билік шегінде большевиктік ұстанымдағы тұлғаларымыз жүзеге асыра алды ғой. Алаш жолының жалғасын таппауына себеп көп. Ол үшін қызыл Тұрар мен Сәкенді, Әліби мен Сейітқалиды айыптауға негіз жоқ. Ахаң, Әлекең, Жакаң халқын қалай сүйсе, социалистік идея жағына шыққан тұлғалар олардан бір мысқал да кем сүймегені айдай ақиқат. Ресей империясының Шығысындағы бірде-бір халық большевизмнен тыс мемлекеттік дербестікке қол жеткізе алмағанын да ескеруіміз керек. Сол топтың ішінде біз де бармыз. Алғашқы Декларациядан кейін 70 жыл өткенде қазақ қоғамы түбегейлі бетбұрыс дәуіріне қадам басты. «Елу жылда ел жаңа» қағидатының айтылуы бекер емес екен. Осы екі аралықта адамзат баласы қаншалықты сын-қатерге тап болса, қазақ халқы соның бәрін басынан өткерді. Ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс, атом қаруын сынау, экологиялық, демографиялық дағдарыстар, ұлттық-тілдік қысым – бәрі осынау 70 жылдың еншісінде. Ақиқатына көшсек, қазақ сүрінсе де, жығылмады, мұңайса да рухы сынбады. Мың өліп, мың тірілді. Өйткені ол ұлан-ғайыр жерінен, ұлы даласынан күш алды,  ең қиын сәттердің өзінде мемлекетінің азаттығын бәрінен жоғары қойды. Бәсекелік қабілеті аса жоғары екенін Қаныш, Мұхтар, Әлкей, Дінмұхамед, Күләш, Жазылбек, Тоқтар сынды дарынды да жасампаз ұл-қыздары әлемге паш етті. Қазақ мемлекеті мен халқы бұрынғысынша өмір сүруге көнбейтінін 1986 жылғы желтоқсанда КСРО-ның шаңырағын шайқай дәйектеді. Ғасырлар тоғысында Кремль билеушілерінің де елтұтқа боларлықтай қауқары қалмаған еді. Ұлы далаға жаңа тұрпаттағы мемлекет қажет екені анық көрінді.

2.Декларацияны әзірлеу.

Мемлекеттік құрылысты өзгертудің себептері саналуан. Революция, соғыс, тіпті кездейсоқ бүліктің өзі ел өмірін шайқап жіберуі бек мүмкін. ХХ ғасыр аяғына қарай Қазақстан болу немесе бордай тозу алдында тұрғанда халқына сенген елтұтқаларымыз мемлекеттік дамудың эволюциялық жолын таңдады. Басқа Одақтас республикалардағы үдерістер мен тәжірибені жіті қадағалап отырған олар мемлекеттік егемендік жайлы Декларацияны қабылдайтын мезгіл жеткенін дөп басып тани алды. Мұндай құжатты Эстония, Латвия, Литва 1988-1989 жылдары қабылдаса, 1990 жылы Ресей құрамындағы автономиялы республикалар да қабылдап жатты. Мәселен, 1990 жылы шілде айында татар бауырларымыз мемлекетінің атауынан «кеңестік социалистік» деген анықтауышты алып тастап, «Татар Республикасы» атанды. Осы жылғы көктемнің соңына қарай Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаттары мен ғалымдар Декларация мәтінін даярлауға кірісті. Жұмыс жаз бойы жалғасты. Алғашқы жобасы БАҚ бетінде жарияланды. Әйгілі академик, марқұм С.Зимановтың жазуы бойынша, Қазақ КСР егемендігі туралы Декларация жобасы Жоғары Кеңес президиумында екі мәрте, Президент кеңесінде  екі мәрте талқыланған екен. Бұл үдерістен қоғам белсенділері мен қозғалыстары сырт қалмады. Олар өз жобаларын алға тарта бастады. Жоғары Кеңеске ұзын-ырғасы төрт жоба келіп түседі.  Ақырында Жоғары Кеңес пен «Демократиялық Қазақстан» тобы ұсынған негізгі және балама екі жоба талқылауға қабылданды. Жоғары Кеңес сессиясындағы талқылау екі күнге – 15-16 қазан- созылды. Басты баяндаманы Жоғары Кеңес төрағасы Е.Асанбаев оқыды. Ол Декларацияның негізгі жобасын басшылыққа алған болатын. Жарыссөз өте  тартысты өтті. 40-қа жуық депутат мінбеге көтерілді. Тартыстың қаншалықты өткір әрі мазмұнды өрбігенін тарихи оқиғаның куәгері, ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты Қуаныш Айтахановтың естелігінен нақты көрінеді. «Декларацияны талқылау барысында, депті ол, атақты заңгер-ғалым, депутат Сұлтан Сартаев «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттардың «Ұлттық Республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікіріне қарсы өз ойын ортаға салды. Ол: «Мен әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, мынаны айтқым келеді: Сіздер ойлағандай ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни праволық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен, Англия – праволық мемлекет, алайда ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испания, Жапония,  тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі праволық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы қазақ деген сөзден қорқатын ештеңе де жоқ. Қазақ ұлты – сонау ерте дәуірден тілі, ділі қалыптасқан, кіндік қаны тамған өз тарихы бар халық. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес» деді. Ортақ пайым-тұжырымға келу қиынға соққандықтан Жоғары Кеңес арнайы комиссия құрғанды жөн санады. Комиссия талқылау барысында айтылған ұсыныстарды, сын-ескертулерді басқа да пікірлерді қорытындылауға міндеттелді. Төрағасы академик С.Зиманов, орынбасарлары З.Л. Федотова, М.Т. Оспанов комиссияның құрамына 25 депутат кірді. Ұлттық тарихымызда ерекше маңызы бар құжатты даярлауға атсалысқан азаматтарды жеке-жеке атасақ, артықшылық етпес. Олар: Қазақ КСР Ғылым акадмиясының вице-президенті Ж. М.Әбділдин, Жоғары Кеңес комитетінің төрағасы Н.И. Акуев, комитет мүшесі, өскемендік жұмысшы Б.В.Барченко, комитет хатшысы Б.Д. Белик, Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Д.Я.Брусник, министрлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Ж.Жолдасбеков, комитет төрағасы Х.Д. Дриллер,  комитет төрағасы Ю.М. Ильяшенко, комитет төрағасының орынбасары Б.А. Қадырбеков, жазушы Ә.Кекілбаев, академик М.Қозыбаев, кеңес қызметкері Ю.А.Клочков, комитет мүшесі Л.В. Кочетова, генерал Е.Н. Неверовский, Қазақ КСР Қорғаныс министрі С.Қ. Нұрмағабетов, академик С.С. Сартаев, комитет төрағасы С.Т. Такежанов, Қазақстан комсомолының басшысы И.Н. Тасмағамбетов, Президенттік кеңес мүшесі С.А. Терещенко, партия қызметкері А.Т. Тұрғанбеков, кеңес қызметкері М.А. Чжен, кәсіподақ қызметкері Б.Ғ. Шоланов. Комиссия екі жұма тынбастан жұмыс істеді. Дауласты, өкпелесті, келісімге келді, уәжге тоқтады. Кейініректе сол күндерді еске алып, С.Зиманов  орынбасары З.Л.Федотованың мемлекетшіл ұстанымын, қазақ мүддесіне адалдығын аса жоғары бағалады. Мүше бола тұра комиссия жұмысына араласпағандар да болған екен. Қалай десек те, тағдыр анықтағыш сәтте әлеуметтік-кәсіби, азаматтық-имани биіктен көрінген жақсылар мен жайсаңдар тарихи әділ бағасын алулары керек.

3.Декларацияны қабылдау

25 қазан күні Қазақ КСР Жоғары Кеңесі екінші сессиясынын ертеңгі отырысы басталды. Оны парлемент төрағасы Е.М.Асанбаев жүргізді. Комиссия басшысы С.Зиманов үйлестіру  жұмысын қорытындылаған баяндамасын оқыды. Мұнда талқылау барысында айтылған ұсыныстар, пікірлер эволюциясы, қалай кәдеге жарағаны талданды және Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасы пысықталды. Құжатқа құрылымдық өзгеріс енгізілгені айтылды. Алғашқы жобада 15 бап болса, енді олардың саны 18-ге жетіпті. Қайталаулар алынып тасталыпты. Құжаттың басты міндеттері кіріспе бөлімде /преамбула/ ашылды. Олар бес топқа бөлінген. Біріншісі – Қазақстан халқының еркін білдіру, барлық азаматтарға лайықты өмір сүретін жағдай туғызу. Екіншісі – Қазақстан халқының достығын нығайтуды басты міндет санау. Үшіншісі – адам құқықтарының декларациясын және халықтардың өзін-өзі басқару құқын тану. Төртіншісі – қазақ ұлтының тағдырына, ізгілікті демократиялық құқықтық мемлекет құруға жауапкершілікті мойынға алу. Бесіншісі – қазақ елінің егемендігін жариялау және Декларацияны қабылдау. Төртінші топқа жататын міндетке, яғни қазақ ұлтының тағдырына жауапкершілік мәселесіне келгенде қызу талас туды. Депутаттардың бір тобы қазақтарды бөле-жара айтудың қажеті жоқ деді. Баяндамашы байырғы халыққа қамқорлық Армения мен Грузияның конституциясында, Молдова мен Тәжікстанның мемлекеттік егемендік туралы Декларациясында қадап-қадап көрсетілгенін алға тартты. Әрбір бапқа қатысты талқылауда бірінші болып өскемендік депутат Б.В.Барченко сөз алды. Ол преамбуладағы төртінші міндетке қайта оралып, «басқа да халықтар» деген толықтыруын дауысқа салуды талап етті. Айтқаны орындалды, бірақ ұсынысы өтпеді. Преамбула төңірегіндегі пікірталас бойынша он депутат сөйлегенін ескерсек, халық қалаулылары біраз жерге барғанын бағамдай аламыз. Декларацияның екінші  бабында Қазақ КСР-і ұлттық мемлекетін нығайтатыны айтылған. Бағанағы Б.В. Барченко тағы қыңыр сөйледі. Ұлттық мемлекет демей өз мемлекетін нығайтады деуді ұсынды. Бұған депутат М.Т.Оспанов қарсы шықты. Украина мен Белоруссияның Декларациясында біздегідей көрсетілгенін қаперге салды. Пікір алуандығын сылтауратып Декларацияны бүкілхалықтық референдуммен қабылдауды жақтаған депутат болды. Бірақ референдум туралы Заң әзірге  болмағандықтан ұсыныс өтпеді. Депутат А.Ф.Козлов екінші баптағы қазақ халқы деген сөз тіркесін қазақ ұлты деп нақтылауды дәйектеді. Дауысқа салғанда, ұсынысы қолдау тапты. Декларацияда халық атынан сөйлеу кұкығы Жоғары Кеңеске берілгені айтылған. Депутат Т.Н.Нұрахметов осындай құқықты Президентке де беруді жөн санапты. Бірақ ұсыныс өтпеді. Арада бес жыл өткенде Қазақстанның екінші Конституциясы күшіне енгені белгілі. Осы Ата Заң Декларация орнықтырған парламенттік-президенттік билікті біржолата президенттік билік институтымен алмастырды. Демек, уақыт өте келе Декларация мазмұнына өзгеріс енді. Таңертеңгі отырыс преамбула мен бес бапты талқылаумен аяқталды. 16,00-де кешкі отырыс басталды. Оны да Е.М.Асанбаев жүргізді. Алғашқылардың бірі болып сөз алған депутат А.А.Княгинин өте қызықты ұсыныс айтты. Ол халықаралық қатынастар мен Біріккен Ұлттар Ұйымында Қазақ КСР-і қазақ халқының атынан сөйлейді деп нақты жазғанды қалады. Өкініштісі – дауыс берушілер басқа пікірде қала берді. Қазақстанның Бас прокурорын тағайындау тәртібі қызу талқыланда. Үміткерді КСРО прокуроры да, ҚР Президенті де ұсынбасын дегендер болды. Н.Ә.Назарбаев республика прокурорын Мәскеудің мақұлдауымен Президент ұсынады, Жоғары Кеңес бекітеді формуласын қолдады. Дауысқа салу Назарбаевтың нұсқасын жақтап шықты. Жобада сот органдары жанынан саяси партиялар мен бірлестіктер құруға болмайтыны қарастырылған еді. Депутат Е.А.Мустафетов көп партиялы қоғамда мәселені осылай қою кәсіпке тыйым салғанмен пара-пар деді. ҚР Президенті Н.Назарбаев депутат ұсынысын жақтады. Нәтижесінде бап тұтасымен алынып тасталды. Сөйтіп құжатта 17 бап қалды. Декларацияның әрбір бабы маңызды. Сөйте тұра ерекше маңыздыларына мыналарды жатқызуға болады: республика өз аумағында Қазақстан заңдарын бұзатын КСРО заңдарының қолданылуын тоқтата алады, қазақ жеріне қол сұғуға, оны бөлуге, келісімінсіз өзгертуге болмайды, Жоғары Кеңестің рұқсатынсыз республика аумағында басқа мемлекеттердің әскери құрамалары, әскери базалары орналаса алмайды, Қазақстан өзінің дербес ішкі әскерін, мемлекеттің және қоғамдық қауіпсіздік органдарын ұстауға құқылы. Талқылау алты сағатқа созылды. Кешкі 19.00-ге бірнеше минуттар қалғанда құжат қабылданды. 360 депутаттың 20 пайызы қарсы дауыс берді. Кеңестік билік  өмір сүріп тұрғанына қарамастан, қазақ әлі демографиялық азшылықта болса да, осындайлық батыл әрі ізашар шешімнің қабылдануы халқымыздың жасампаздық қабілетін, тарих көшін алға сүйреуге даяр ұл-қыздары барын куәлендірді. Халқымыздың біртуар азаматы, Комиссия төрағасы С.Зиманов алты саға бойы аяғынан тік тұрып әрбір сұраққа, әрбір ұсынысқа, әрбір даулы таласқа егжей-тегжейлі жауап берумен болды. Стенограммамен танысу барысында екі нәрсеге тәнті болдым. Бірі - жасы 70-ке қараған ақсақалдың күш-қуатының молдығы, екіншісі – аса терең білім иесі екендігі. Сол күні 46 рет сөйлепті. Әлемдік деңгейдегі ойшыл екенін көрсетті. Егер әйгілі академик барша ғұмырында бір ғана Декларацияны жазумен және парламентте қорғаумен шектелсе де, тарихтың төрінен ойып тұрып орын алар еді. Өкінішке орай, Декларацияның қабылданғанына 30 жылдан, С.Зимановтың дүниеден озғанына 10 жылдан астам уақыт өтсе де, тарихи тұлғаға лайықты құрметімізді көрсете алмай келеміз. Менің ойымша, Декларация, Конституция сынды аса мәртебелі құжаттарды жазуға сүбелі олжа салған тұлғаларды ұлттық мемлекетіміздің негізін қалағандар мәртебесімен айрықша ерекшелеуіміз керек. Қаңтар оқиғасына дейін тәуелсіздіктің авторы ретінде бір адамды ғана атаумен шектелдік. Сөйтіп тарихи ақиқатты бұрмаладық, қоғамдық сананы шатастырдық. Қатені қате дейтін уақыт  жетті. 25 қазан Ұлы күн екенін әлі ұғына алмай жатқан сияқтымыз. Ол күнді біресе мереке деп жарияладық, біресе мерекелер тізімінен алып тастадық. Мұның себебін жұртшылық жете білмегендіктен әрі-сәрі күй кешті. Демек,  биылғы Ұлттық Құрылтайда  ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 1990 жылы Декларация қабылдаған күнге айрықша мәртебе беру керектігі туралы айтқаны көптің көңілінен шыққан бастама болды. Тоқ етерін айтсам, 25 қазанды Қазақ мемлекеттілігінің күні деп айдарлау керек. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, Қазақ хандығы да 1465 жылы қара күзде шаңырақ көтерді. Екіншіден, кеңестік автономиялы Қазақ Республикасы 1920 жылы қазан айында дүниеге келді. Үшіншіден, Қазақстан Республикасының құқықтық болмысы 25 қазанда қабылданған Декларациямен айқындалды. Төртіншіден, Республика – елді басқарудың бір формасы ғана. Ұлы даланың ұзына тарихында мемлекеттің басқа да түрлері болған ғой. Бесіншіден, мемлекетсіз халық – жетім халық деген қағида бар. Басқаша айтқанда, Мемлекеттілік күні республика күнінен әлдеқайда маңыздырақ. Алтыншыдан, Қазақ мемлекеттілігі деумен ұлттық мемлекет құруға бет алғанымызды биік деңгейде паш етеміз. Ендеше қайта жаңғыртылатын ұлттық мерекені Қазақ мемлекеттілігі күні деп ұлықтасақ құдайдың жөні  болар. Ол тарихи зердеге, мемлекетшіл санаға,  ғылыми танымға соны серпін береді. Ұлыстың ұлы күнін саудаға салғаннан ұтылмасақ, ұтпаймыз.    

Серіктес жаңалықтары