КЕЛЕР КҮННЕН ҮМІТ КӨП

КЕЛЕР КҮННЕН ҮМІТ КӨП

КЕЛЕР  КҮННЕН  ҮМІТ КӨП
ашық дереккөзі
342
Өткен күнде белгі бар, ал келер күннен үміт көп. Тарих дөңгелегі тағы бір айналым жасады, кезекті белесті артта қалдырды. Өткенге салауат айтуды әдет қылған халықпыз ғой, мешін жылының тауқыметі мен тартуларына шүкіршілік етіп, шығарып салдық. Әйткенмен, қазақша жыл санау үрдісі бойынша Ұлыстың ұлы күніне дейін тауық жылы табалдырықтан аттамайтындай көрінетіні де рас. 2016 күнтізбелік жыл Қазақ елі үшін айшықты да мерейлі кезең болды – Тәуелсіздіктің ширек ғасырға толғанын атап өтті. Бірақ қоғамның тұрақтылығын сынға салған, ұлттың тұтастығын шайқауға шақ қалған ауырлау жыл болғанын айту ләзім. Мешін жылының сабақтарын саралап, тауық жылының бізге тартар сыбағасын таразыға салып көрелік, ендеше.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЯСАТ: ДЕМОКРАТИЯ СЫНҒА ТҮСТІ

Өткен жылдың елеулі оқиғаларының бірі – Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығуы еді. «Брексит» деп аталған референдумда жалпы саны 46,5 миллион британдық дауыс беріп, олардың 51,9 пайызы Еуроодақтан бөлек шығуды қолдады. Бірақ қалған 48,1 пайызы Брекситке қарсы дауыс берді, осылайша британ қоғамы екіге жарылды. Шын мәнінде, басқа түгілі, Альбион аралының өзінде Брексит жүзеге асады деп ешкім болжаған да жоқ, күткен де жоқ. Брекситтен кейін кең тараған анекдоттардың бірін келтірсек, 51,9 пайыздың ішіндегі қауым: «Сен неге Брекситті қолдап дауыс бердің?» десе, «Бәрібір жүзеге аспайды деп ойладым, сондықтан қарсы жаққа көмек берейін деп ойлағаным ғой» деп жауап береді. Басқаша айтқанда, дауыс беру үшін дауыс берген немесе Брексит аз дауыс алып қалады деп ойлағандықтан ғана оны қолдаған. Демократияны пір көрген қоғамның ойлау жүйесі осындай. Референдумның нәтижесіне наразы болса да, демократиялық ұстанымдарды сыйлаған Дэвид Кэмерон өз еркімен қызметінен бас тартты. Қалай дегенмен де, Брексит – британ қоғамының демократиялық таңдауы әрі демократиялық жүйенің кемшілігін көрсеткен оқиға болды. Брекситтен кейін ағылшын фунт стерлингі екі ай ішінде 18 пайызға құнсызданып кетті. Қазіргі премьер-министр Тереза Мэй Еуроодақтан шығу мәселесін 2017 жылдың наурыз айында бастауға уәде берді. Бұған қоса, британ үкіметі Брекситті неғұрлым өз елінің мүддесіне сай жүзеге асырудан үмітті. pogudx3o666f17vij.5e3e410b Өткен жылдың тосын оқиғаларының бірі – АҚШ президенті сайлауының нәтижесі. Анығын айтқанда, 45-ші президенттің кім болғаны. 19 желтоқсанда өткен арнайы сайлаушылардың дауыс беруі нәтижесінде, Дональд Трамп 538  дауыстың 306-ына ие болып, АҚШ-тың сайланған президенті мәртебесін заңдастырды.  Ал бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон осымен екінші мәрте президенттік додада тауы шағылды, онымен бірге Америкада әйел затынан президент сайлау үміті тағы кейінгі шегерілді. Шоу-бизнес пен қонақ үй бизнесінен жеріп, ойламаған жерден мемлекет басшылығына сайланған, сөйтіп, Айды аспанға бір-ақ шығарған Дональд Трамп 20 қаңтардан бастап ресми түрде қызметіне кіріседі. Қалай дегенмен де, Брексит референдумы мен АҚШ-тағы президент сайлауы – Батыстағы либералды демократияның сынға түсуі еді. Обалы нешік, бұл сыннан заманауи демократия өте алмады. Көптің көкейінде «Британдықтардың тең жартысы қаламаса да, бұл ел Еуроодақтан шығуға мәжбүр, ал америкалықтардың көпшілігі Трампты жақтырмаса да, халық оны президенттіке сайлауға мәжбүр, сонда мақтаулы демократияның мәнісі неде?» деген күмәнға толы сұрақ туды.

ҒАЛАМДЫҚ САЯСАТ: ТӨҢКЕРІСТЕР МЕН СОҒЫСТАР ЖЫЛНАМАСЫ

Шілденің 15-сінен 16-сына қараған түні Түркияда әскери төңкерістің талпынысы жасалды. Билікті ауыстыруға апармады демесеңіз, бұл тұтас елді дүрліктірген бұлғақ болды. Арандатушылар Анкарада бірнеше үкіметтік ғимараттар мен Бас штабты басып алғанымен, Ердоған үкіметі шалт қимылдап, халықты жұмылған жұдырықтай тастүйін болуға, төңкеріс жасауға жол бермеуге үндеді. Ақыры, миллиондаған түрік көшелер мен алаңдарға шығып, демократияны қорғады. Әскер мен халық арасындағы қақтығыста 250 адам қаза тапты. Режеп Тайип Ердоған ә дегеннен төңкерісті ұйымдастырған адам ретінде Фетхуллах Гүленді атады, соңынан оның ізбасары деген айыппен 37 000 адам тұтқындады, 76 мыңнан аса адам жұмысынан қуылды. Ердоған үкіметінің іс-әрекетін адам құқығын аяққа таптау деп таныған Еуропалық парламент Түркияның Еуроодаққа мүше болу мәселесін талқылауды кейінге шегерді. Бірақ Түркия бұдан кейін де тыншыған жоқ: түрлі террорлық әрекеттерден зардап шегіп отыр. Еуропалық елдер де «Ислам мемлекеті» сияқты ұйымдар жасаған түрлі қанды оқиғалардан зәрезап болды. Былтыр шілде айында Францияның Ницца қаласындағы 86 адамның өмірін жалмаған қырғын кәрі құрлықтың қауіпсіздігіне күмән тудырды. Жүк көлігімен жаяу адамдарды таптау оқиғасы желтоқсан айында Германияда қайталанды. Босқын мәртебесін алу үшін тіркелген адам 12 тұрғынның ажалына себепкер болды. Осыдан соң Еуропа мигранттар мәселесі мен Шенген визасы мәселесін талқылау қажеттігін шындап ойлана бастады. Сириядағы соғыс тоқтамаса, оның жалыны осылайша басқа елдерді шарпи беретіні анық.

СЫРТҚЫ САЯСАТ: АСТАНА ТЫҢНАН ТҮРЕН САЛУҒА БЕЙІМ

Табалдырықтан жаңа аттаған жылдың ең айтулы жаңалықтарының бірі – 1  қаңтардан бастап Қазақстан БҰҰ-ның тұрақты емес мүшесі ретіндегі екі жылдық қызметін бастады. Азия-Тынық мұхиты аймағы тобының атынан сайлану кеше ғана 25 жылдығын атап өткен жас мемлекет үшін үлкен мәртебе әрі салмақты жауапкершілік. 193 мемлекеттің 138-інің қолдау білдіруі – Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанған бағытының дұрыс екенін аңғартса керек. 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізуі, 2003 жылдан бері әр үш жыл сайын Астанада Әлемдік діндер құрылтайын шақыруы, кеше ғана Түркия мен Ресей арасындағы кикілжіңнің бейбіт аяқталуына күш салуы, Сирия мәселесін талқылау үшін өз жерінде келіссөздер алаңқайын құруға дайындығы, осы және басқа да дипломатиялық жетістіктерінің жемісі деуге лайық. Бұған қоса, Елбасының БҰҰ Бас Ассамблеясының жиындарында, Ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша саммитте түрлі бастамалар көтеріп, ғаламдық мәселелерге ой қосуы назардан тыс қалмаған. Таулы Қарабақ мәселесінде бейбіт шешім іздеп, Ресей мен Украина қарым-қатынасын жақсартуға қал-қадірінше ұмтылыс жасауы да Астананың арағайындыққа бейімдігін көрсетсе керек. Бұған дейін де ғаламдық саяси мәселелерді талқылаудағы белсендігін ескерсек, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі екі жылдық қызметі соны әрі орнықты ұсыныстарға бай болуы кәдік деп болжауға негіз бар. Ең бастысы, азуын Айға білеген жас мемлекет үшін бұл мәртебелі ұйымға мүше болу өте тиімді тәжірибе әрі таптырмас мүмкіндік болғалы тұр. Халықаралық саясаттағы өз үнін қатайтудың бұл мүмкіндігін Астана құр жібермес. Ендеше, тауық жылында сыртқы саясатымыз тосын жаңалықтарға толы болуы мүмкін. Желтоқсан айының соңғы күндерінде сыртқы істер министрлігінің басшысы ауысып, бұл қызметке бұрын Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі болған Қайрат Әбдірахмановтың тағайындалуының мәнісі осында. Президенттің өзі айтқандай, «сыртқы саясатымыз жаңа стартегиялық бағыттарға зәру», ал бұл ең әуелі БҰҰ аясындағы жаңа құзыретке және елімізде өтетін халықаралық шараларға қатысты. БҰҰ деңгейіндегі жаңа құзырет Астананың Сирия мәселесін талқылау үшін өз төрінде келіссөздер ұйымдастыру талпынысы үшін де өте маңызды. Газетіміздің бұрынғы нөмірлерінде санында жазғанымыздай, қаңтар айының аяғына таман Астана – Женева келіссөздеріне қосымша келіссөздер алаңқайына айналуы мүмкін. Бүгінге дейін Ресей, Түркия, Иран мемлекеттері мен Сирияның ресми үкіметі және кейбір оппозициялық топтардың өкілдері қазақ жерінде бас қосып, ортақ мәміле іздеуге келісімін беріп отыр. Бұған дейін Сирияның тағдыры Женева, Вена, Брюссельдегі алпауыт елдердің талай басқосуында талқыланса да, бес жылдық соғысты аяқтап, Шам елінде бейбітшілік орнатуға қауқарсыз болғаны мәлім. Енді аймақтық державалар бұл мәселені өз өлшемдерімен салмақтап, бір мемлекеттің ішінде теке-тірескен қарама-қайшы күштерді бітімге шақыруды жөн көріп отыр. Бұл басқосуға АҚШ пен Еуропа одағы елдері шақырылмағанын ескерсек, ғаламдық саясаттағы шешуші тетіктің осі өзгере бастағанын аңғарамыз. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Сирияда оқ атуды тоқтатып, Астанада бейбіт келісімдерді бастауды мақұлдап отыр. Бірақ сириялық оппозициялық топтардың кейбірі Башар Асад армиясының әскери қимылдарды тоқтатуын талап етуде. Бейбіт келіссөздерге кірісудің басты шарты да сол. Астана – Сирия халқының басындағы ауыр халді барынша жеңілдетіп, соғыс өртін тоқтатып, бітімге келудің талпынысын жасауға өте ыңғайлы орта екенінде дау жоқ. Бұл оқиғаның жанама салдары – Астананың халықаралық саясаттағы ықпалы арта түсуі ықтимал. Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде бұл мәртебеге ие болған бірінші мемлекет болғандықтан, екі жылда осы аймақтың атынан сөз алмаққа ниетті. «Біз ғаламдық мәселелерді шешуге қомақты үлес қосамыз. Тұрақты әрі қауіпсіз әлем – біздің барлық тұрғындар мен балалар үшін тілейтініміз осы» деді Н.Назарбаев бұл абыройлы міндетке қатысты. Анығын айтқанда, Астана терроризммен күрес, ядролық қаруды таратпау,  су, қуат көздері мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша ұсыныстарын ортаға салады. Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «G-Global» интернет алаңқайы даму деңгейіне қарамастан барлық мемлекеттерді ғаламдық мәселелерді талқылауға бірдей атсалысуға шақырады. Биыл Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында «G-Global» алаңқайына арналған форум  ұйымдастырылуы мүмкін. Осылайша, Астана ғаламдық мәселелерді ашық айтып, тайсалмай ортаға салып, бірлесе мәміле іздеудің ордасы болуға дайындық жасауда. Арағайындық жасау, бітімге шақыру, бейбіт шешім іздеу қазақтың қанында бар, рухына жақын қасиет. Астананың ғаламдық саясаттағы арағайындық жасаудағы алғашқы талпыныстары жеміссіз емес. Астананың сыртқы саясаттағы басым­дық беріп отырған бағытының бірі – Еура­зиялық экономикалық одақ аясындағы құзы­реттері мен міндеттері. Еуразиялық интеграцияның ұйытқысы Астананың өзі болғанда, өзінен басқа Ресей, Белоруссия, Армения, Қырғызстан сияқты бес бірдей мемлекеттің басын құрап, Вьетнам сияқты елдермен еркін сауда-саттық келісімін жасап үлгерген ұйымның ұлттық саясатқа ұрынбай, экономикалық тиімділігін арттыруға күш салу Қазақстанның төл мүддесіне сай.

ҒАЛАМДЫҚ ЭКОНОМИКА: МҰНАЙ МЕН ДОЛЛАР БАҒАСЫНА АЛАҢДАП...

Bloomberg агенттігінің есебіне жүгінсек, былтыр әлемдегі 500 ең бай адамның дәулеті тағы 5,7 пайызға арта түскен. Осылайша, шоғырдай топ әлем байлығының 4,4 триллион долларын уысында ұстап отыр. Аса ауқаттылардың қатарында америкалық Уоррен Баффет, Билл Гейтс көш бастауда. Дамушы нарықтарды тәлтіректетіп, қарапайым тұрғындардың қалтасын қағатын қаржылық дағдарыс қор нарығындағы ірі ойыншылар үшін байлықты үстемелеудің ең ұрымтал кезі. Байдың одан әрі байып, кедейдің одан әрі кедейленетін шағы бұл. Әйтсе де, 2017 жыл бизнесте тәуекелшілдердің жолын ашуы мүмкін. Сондықтан қандай дағдарыс есіктен сығаламасын, табыс тауып, нәпақа айырудың адал жолын іздегендердің бағы жанары сөзсіз. c7cb93e0a4ec99c30a90be4b27f58c08-1 Қараша айының соңында Венада ОПЕК елдері мұнай өндірісін азайту туралы келісімге келді. Картельге кірмейтін мемлекеттер осы келісімге қосылатынын мәлімдеді. 2008 жылдан бергі мұнай өндіруші елдердің алғаш рет келісімге келуі еді. Осы келісімнен соң қара алтын бағасы он пайызға өсті. Бұл келісім іс жүзінде биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін болды. Осы айдан бастап ОПЕК ұйымына мүше мемлекеттер күніне 1,2 миллион баррель, ал картельге кірмейтін елдер тәулігіне тек 600 000 баррель ғана қара алтын өндіреді. Ақ үй мен АҚШ Сенаты мен Конгресінде Республикалық партияның басым түсуі ғаламдық қаржы нарығына да әсер етуі анық. Қаржыгерлер доллар тұғырынан таймайды, ал еуро бұдан әрі әлсірей береді деп болжап отыр. Ал былтыр халықаралық резервтік валюталар қатарына қосылған юаньның да тұрақтылық көрсетер шамасы аз. Ал ұлттық валюта – теңгенің жағдайына келсек, ресейлік рубль сияқты оның да бағамы мұнай бағасының құбылысына тәуелді екені айтпаса да түсінікті.

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА: ИНФЛЯЦИЯ ЖАЛ СИПАТПАЙ ТҰР

Мұнай өндірісін қолдан шектеуге қатысты келісім Қазақстан нарығына тікелей әсер етті. Анығында, шикізат құны артып, теңгенің бәсі жүре бастады. Сарапшылардың айтуынша, биылғы жылы мұнайдың баррелі орташа есеппен 53-57 долларға саудалануы мүмкін. Ендеше, төл валютамыздың орташа бағамы бір долларға шаққанда 325-340 теңге айналасында болуы ықтимал. Ашығын айтқанда, теңге бағамының тым құлдырап, не тым аспандап кетуі де үкіметтік саясат үшін тиімсіз. Сондықтан Ұлттық банк теңгенің бағамын 330-360 шамасында ұстап тұрудан дәмелі екенін жасырмайды. Мұнай экспортері ретінде Қазақстан да жыл басынан бастап мұнай өндірісін тәулігіне 20 мың баррельге дейін азайтуы тиіс. Осылайша, Астана картельге мүше елдердің келісіміне қосылатынын айғақтайды. Өткен жылы Қашаған мұнайын өндіру жолға қойылды, енді оны Әзірбайжан арқылы тасымалдау қолға алынды. Жылдағыдай зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы көлемі көбейтіліп, орта есеппен 20 пайызға артады деп жоспарланған. Бірақ зейнеткерлер мен көп балалы отбасылар үшін бұл «жиырма пайыздың» қаншалықты септігі тиері күмәнді. Себебі олардың нәпақасы қолға тимей жатып, инфляцияға жем болып жатқаны жасырын емес. Қазақстанда инфляцияның ресми көрсеткіші былтыр 7,5 пайыз деп хабарланды. Соңғы екі жыл бойы біздегі халық тұтынатын тауарлар мен тарифтердің бағасы көршілес екі ел – Ресей мен Қырғызстанға қарағанда анағұрлым жоғары. Мысалы, қараша айындағы көрсеткіш бойынша, біздегі инфляция деңгейі Ресейден 2,5 есе, ал Қырғызстаннан аттай 9 есе артық болатын. Қазіргі таңда Мәскеу ең қымбат қала болғанымен, Астана азық-түлік бағасының қымбаттау қарқыны бойынша алда. Егер осы қарқын сақталса, онда Астана жоғары бағалар бойынша Мәскеумен теңесуі де ғажап емес. Жалпы алғанда, Қазақстанның сыртқы саудасы 2016 жылы 58 миллиард долларға жеткен. Оның ішінде, экспортқа 35 миллиард доллардың тауары шығарылып, сырттан 23 миллиард долларға тауар әкелінген. Осылайша, Үкімет ұлттық экономикада сатып алудан сатудың көлемі көп екенін алға тартады. Бірақ экспортқа шығарылатын тауарлардың дені шикізат екенін, ал шетелдік импорт – дайын тауарлар екенін несіне жасырамыз?

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ: ЕГЕМЕНДІКТЕН – ЭКСПО-ға ДЕЙІН

Мешін жылы талай жыл қордаланған мәселелерді ортаға салды. Анығын айтқанда, қақпақтың астында қайнап жатқан қазанның буын аз да болса сыртқа шығарды. Ең әуелі, жерді жекеменшікке беру мәселесі қоғамдық тартыс тудырып, әлеуметтік наразылыққа себепкер болды. Шетелдіктерге ауылшаруашылық жерлерін 10-25 жылға жалға беруге қарсы шыққандардың уәжі айқын – қазақтың жерін талан-таражға салудан сақтану. Жер – қазақтың қаны ғана емес, жаны екені тағы дәлелденді. Ақыры, Елбасының өзі Жер кодексіне тиісті өзгертулер енгізу мәселесіне 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін тоқтау салды. Былтыр Қазақстан экстремизмнің нақты қаупімен бетпе-бет келді. 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбе облысында болған террорлық әрекеттің салдарынан біраз адам қаза тапты. Бүгінге дейін ел ішінде бұл қанды оқиғалардың артында кімдердің тұрғаны жайлы сыпсың сөз желдей есіп жүр. Білетіндер бүлік жасау туралы бұйрық шекара асып келген дейді. Ал ел аумағында көзсіз бағынатындар саны мыңдаған адамнан асады. Осы оқиғадан соң Қазақстан билігі діни экстремизммен күрестің шұғыл шараларын өткізіп, бұдан кейінгі арандатушылық оқиғалардың алдын алуға кірісті. Қыркүйек айының соңында басталған жоба жыл соңына дейін жүргізіліп, тұрғын халықтың радикалдануына тоқтау салатын, экстремизмнің алдын алу жұмыстары жүргізілді. Мешін жылының мақтануға тұрарлық жаңалықтарының бірі – Кейкі батырдың бас сүйегінің туған жеріне оралуы еді. Батырдың бас сүйегімен бірге рухы қайтып келгендей, қазақтың өшкені жанып, өлгені тірілгендей күй кешкені хақ. Батырдың 125 жылдығы туған ауылында тойланып, Арқалық қаласында бюсті қойылды. Бұл оқиға отаршылдықтың зардаптарынан арылып, азат елге тән асқақ мұраттарға ұмтылдырар күшті еселеді. Өткен жылдың тартуы – Қазақстан Тәуелдіздігінің ширек ғасырға толғанын атап өту еді. 25 жылдықты үш ауыз сөзбен түйіндеген Елбасы Тәуелсіздіктің мәнін ашып берді: «Бұл 25 жылда біздің ең үлкен жетістігіміз – Қазақстан мемлекетін құруымыз. Екіншісі – Астананы салуымыз. Үшіншісі – сыртқы саясатымыз, барлық көршілерімізбен мемлекетаралық шекараны бекітіп, олармен достық қарым-қатынас орнатуымыз», – деді. Биылғы жыл да еліміз үшін айшықты оқиғаларға толы болмақ. 2017 жылы Қазақстан үшін айтулы да жауапты екі шараны ұйымдастырғалы отыр. Оның бірі – Астанада ЭКСПО бүкіләлемдік көрмесі болса, екіншісі – Алматыда Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада жарысы. Желтоқсан айында Президент Н.Назарбаев ЭКСПО қалашығын аралап көріп, көрмеге дайындық барысына баға берді. Қазіргі таңда көрмеге әлемнің 112 мемлекеті қатысатынын мәлімдеп, оның 75-і ұлттық күндерін өткізуге өтініш берген. ЭКСПО сияқты халықаралық шаралардың арқасында 2017 жыл Қазақстан өз аспаны мен шекарасын шетелдіктер үшін барынша ашық ұстауға бекініп отыр. Жыл басынан бастап 60 мемлекеттің азаматы 30 күнге дейін біздің елімізде визасыз тұра алады. Бұған қоса, жаңадан бес авиакомпанияның ұшақтары ел әуежайларына сапарлайтын болады. 220 Бірақ ЭКСПО көрмесін тамашалауға Қытай елінен миллионнан аса турист келеді деген хабар қоғамды екіұдай күйге түсірді. Үш ай бойы созылатын көрмеге шетелдік туристерді көптеп тарту мемлекеттің мүддесіне сай болса да, алпауыт көршінің арғы пиғылына күмәндануды сөлекет көре алмаймыз. Алыс-жақын шетелдерден мыңдап қонақ шақырып алып, шекараны жауып отырудың реті тағы келе қоймас. Әйткенмен, ұлттық идеологияның ұстыны – қазақ мемлекеттігінің баянды болуын ойлау екенін есте ұстаған ләзім. Бұдан бөлек, 2017 жылы елімізде Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті, Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым мен технология бойынша саммиті, Халықаралық туристік форум, Армиялық халықаралық ойындар өтеді.    

Серіктес жаңалықтары