388
Еңбек еткеннің еңсесі биік
Еңбек еткеннің еңсесі биік
Асқақ Алатау мен қарт Қаратаудың тоғысқан тұсында орналасқан Жуалы жерінің таңғажайып табиғаты кім-кімнің де таңдайын қақтырмай қоймайды. Батыр Баукең мен Шерағаның кіндік қаны тамған қасиетті мекенде еңбек көркін қыздырған ерлер де аз емес. Солардың бірі – Ақтөбе ауылының тұрғыны Рысбек Есімбековпен ойда жоқта таныстық. Қазыналы қариямен ә дегеннен әңгімеміз жарасып сала берді. Жасы 72-ге келсе де, қол қусырып қарап отыруды білмейді. Қимылы да ширақ. Бүгінде өз меншігіндегі жерінде картоп өсіріп, қыруар табысқа кенеліп отырған жайы бар. Сонымен қатар шағын қора жайында мал асыраумен де айналысады.
Кейіпкеріміз Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында өмірге келіпті. Дегенмен Жуалы өңірінде өсіп-өнген. Кеңшарда әртүрлі жұмыс істеп, су шаруашылығын жетік меңгерген.
– Қаршадай кезімізден қара жұмысқа бейім болдық. Әкем Мәмек колхозда еңбек етті. Анам Күлпаршын екеуі бес ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірген көпбалалы ана. Анам бала тәрбиесімен, үй шаруасымен айналысқан. Алайда жұмыс күші жетіспеген сонау соғыс жылдары трактор тізгіндеген екен, – дейді Рысбек Есімбеков. – Мен Теріс-Ащыбұлақта Күйік сегіз жылдық мектебінде оқып, әрі қарай Қайрат ауылындағы қазақ мектебінде білім алдым. 1969-1971 жылдары Байкалда әскери борышымды өтедім. Артиллерист болдым. Әскерден келген соң «Бурный» совхозының Қызыларық бөлімшесінде жұмысшы болып еңбек жолымды бастадым. Әртүрлі жұмыс істедім, мал бақтым. 1976-1991 жылдары сушы болдым.
Рысбек Есімбеков ол жылдары кеңшарда 1 000 гектарға дейіп картоп егілетінін айтады. Мұндайда сушыларға артылар жауапкершілік жүгі де жеңіл емес.
– Бір звенода төрт сушы жұмыс істедік. Түнде кезекшілікке қаламыз. Суды Көксай каналынан алдық. Одан бөлек, бұлақ сулары бар, Қырғыз елінен де су келетін. Соның барлығын жүйелеп, ысырапсыз суғаруға күш салатынбыз.
Егер жыл жаңбырлы болса, картопты төрт рет, ал құрғақ болса бес-алты рет суғаратынбыз. Суғару картоптың сортына да, жеріне де байланысты. Мысалы, «Алладин» деген сортын көп суғарса, шіріп кетеді. Сонымен бірге жер саз болса, аз суғарамыз. Тастақ жер болса жиірек суғарылады.
Картопты бір жерге жыл сайын еге беру де жақсы өнім бермейді. Жерді тыңайтып отырған дұрыс. Картоп егілген жерге арасында жоңышқа егіп тұрған дұрыс. Сонда жақсы өнім береді. Оның үстіне, картоптың да сортын ауыстырып тұру керек. Неғұрлым жаңа жоғары сұрыпты тұқым еккен жақсы. Ескі тұқымның көздері көп болады да, одан мол өнім ала алмаймыз.
Картоп егілетін жердің тереңдігі 30 сантиметрден кем аударылмауы тиіс. Бір гектарға ірі болса, майда болса 3,5 тонна тонна тұқым егіледі.
Күзде картопты қазып аламыз. Өнімді жинап алған соң жұмысшыларға сыйақы берілетін.
Тағы бір айта кетерлігі, бұрын егін егуде агротехникалық талаптардың сақталуына қатты мән берілетін. Қазір жерді тыңайтпайды, агротехникалық талаптарды орнымен сақтай бермейді. Салдарынан өнім де жақсы болмайды. Алқаптарын шөп басып кетеді. Жер де тозып кеткен.
90-жылдары колхоз-совхоздар тараған соң әрқайсысымыз өз жерімізді бөліп алып, өз бетімізше жұмыс істей бастадық. Қазір ауылдағы замандасым Алексей Краснов екеуміз бірігіп картоп егеміз. Мен үш гектарға, ол 10 гектарға егіп, бірігіп жұмыс істейміз. Картобымызды күні кеше қазып бастадық. Өнім жаман емес, шамамен 25 центнерден айналатын сияқты, – дейді Рысбек аға.
Еңбек ардагері жұбайы Гүлсара екеуі төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Тұрмыстағы қыздарынан бес жиені бар. Енді келін түсірсек деген ниетте. Ертелі-кеш алқап басында жүретін азамат үй іргесіндегі жеріне де көкөністің түр-түрін егіпті. Одан бөлек, ауласына үлкен үй салып жатыр екен. Әрине, мұның барлығы да тынымсыз еңбектің жемісі.
– Екі биеміз, басқа да азын-аулақ мал бар. Жаз бойы екі биемізді саудық. Қысы-жазы жұмыс істейміз. Қартайдым деп қарап отыруға болмайды. Еңбек еткеннің арқасы деп ойлаймын, денсаулығым да тәуір, тамақ та жақсы сіңеді. Еңбек етіп, шаршап ұйықтағанға не жетсін?! Еңбекті сүйсең, елге де сыйлы боласың.
Балаларды ең бірінші өтірік айтпауға, маңдай терін төгіп еңбек етуге баулыдық.
Ауылда жұмыс көп, бірақ ауылдың жұмысы ауыр ғой. Есесіне еңбегіңе қарай табысың да жақсы. Жермен айналыссаң, бір жазда тапқан табысыңмен біраз қажеттілігіңді өтейсің.
Қазір жастардың көбінің ауылда тұрғысы келмейді. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Ара-тұра ауылды, еңбекті жақсы көретін жастар кездесіп жатады. Бірақ аз, – дейді Рысбек Есімбеков.
Иә, адал еңбек адам баласын қашанда абыройға кенелтеді. Осы тұста ұлы Абайдың «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Бұл тұрғыда жетпістің жотасына ат шалдырса да, жермен жұмыс істеуді жолға қойған Рысбек қарияның тынымсыз тірлігі көпке үлгі екені сөзсіз.