18 бала асырап алған Өмірхан Жетесов: Рим Папасының алдында өнер көрсеткен соң бізді әлем таныды

18 бала асырап алған Өмірхан Жетесов: Рим Папасының алдында өнер көрсеткен соң бізді әлем таныды

18 бала асырап алған Өмірхан Жетесов: Рим Папасының алдында өнер көрсеткен соң бізді әлем таныды
ашық дереккөзі
51245
Балалар үйінен бала асырап алу – ма­шақаты көп іс. Әбден әбігерге салса да, бұл істі бәрінен биік қойып, отбасы жылуына зәру балалардың жарым көңіліне қуа­­ныш сыйлап, қамқорлығына алған қа­зақ­­стандықтар туралы көп дерек айтыл­май­ды. Ақтөбеде тұратын ерлі-зайыпты Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанованың 18 бала­ны бауырына басқанын, оларды жастайынан өнерге баулып жүргенін өткен аптада отба­сы­лық ансамбльмен Рим Папасының ал­дын­да өнер көрсеткенде бір-ақ білдік. Астанадан Ақтөбеге күні кеше ғана оралған Өмірхан Жетесовтың әңгімесін жазып алған едік.

Мал соңында жүріп жыр жаттадым

Мен Ақтөбе облысы Байғанин ауда­нын­да туып-өстім. 1-сыныпқа көш­кен кезде анам­нан ажырап қалдым. 37 жасына дейін тоғыз ба­ланы аман-есен дүниеге әкелген анам жатырына біт­кен егіздің біреуінің ше­тінеп кету себебінен жан тәсі­лім етті. «Алла жал­ғыз, Ана жалғыз» деп өскен қа­зақ­пыз. Адам­зат, тіршілік үшін ананың орны бө­лек. Тірі кезінде қадірін жете түсіне бермейміз ғой. Ал айырылып қалған соң жер сипап қаламыз. Сон­­дықтан мен ана мейіріміне шөлдеп өстім. Оған дейін тентек болып жүрген мен бірден есейіп, өмірді енді ұққандай болдым. Ауруға шал­дыққан анаңның төсек тартып, ауыр хал­де жат­қанын көрсең бір жөн. Ал ойламаған жер­ден күліп жүріп кетіп қал­ғанынан дүниеде қиын нәрсе жоқ екен. Жан жарамның емін да­ладан іздедім, мал бақтым. Мал соңында жү­ріп, жыр жаттадым. Сол кезде «үлкен сах­наға шықсам ғой» деп қиялға бері­летінмін. Кіш­кентайымнан батырлар жырын жат­тап өс­тім. Көршілерден пластинка сұрап әкеліп, түр­­лі жыр тыңдайтынмын. Бағы­ма орай, жат­тау қа­білетім жақсы болды, бір өлеңді екі рет тың­­дасам, лез­де жаттап аламын. Ол кез жай­бара­қат заман еді ғой. Ауыл жас­тары­ның бар ой­ла­ғаны мал бағып, та­быс тауып, ауыл ішінде өз алдына бөлек шаңырақ тігу еді. Ол уақытта қа­ла дегенді білмейміз, он­да жүру, тұру дегенді елес­тете алмаймыз тіп­ті. Әскерден оралғаннан кейін де мал ба­ғып, одан түскен табысқа,  width=қай­мақ-майға тойып, қарнымыз қампайып жүре бердік. Еш­теңеге алаңдамадық. Горбачев Кеңес үкіметін құлатпағанда мал бағып жүрер едік, бәл­кім, кім біліпті. Кейін тоқырауға тап бо­лып, амалымыздың жоғынан қалаға көштік. 2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» болып бе­кітілгендіктен, сол жылы бұл салаға ерекше көңіл бөлінді. Термешіліктен бөлек, тойларда асаба болып жұмыс істедім. Ол кезде қазіргідей емес, асаба тапшы кез. Жолдасым Амангүл ән­ді керемет орындайды. Содан Yamaha сатып алып, екеуіміз өңірдегі бүкіл ауылды аралап, кон­церт қойып, той-томалақ басқардық. Ха­лықтың қошаметі аса жоғары болғаны сон­ша­лық, тік тұрып қарсы алып, қимай шығарып са­латын. Сол тойдан түскен қаражатқа Ақ­тө­бенің қақ ортасынан үлкен үй сатып алдық. Жағ­дайымыз өте жақсы болды. Мінбеген кө­лігіміз жоқ. Мал бағып өскен мен бұрын-соң­ды ондайды көрмегенмін, анадай қымбат кө­лік мінемін деп ойлаған емеспін. Менің тіпті Жигулиім де болған жоқ. 2004 жылы бір айда 1, 5 миллион теңге таптым десем қазір еш­кім сенбес. Бірақ расымен солай болды. Аман­гүл екеуіміз күн-түнге қарамай жұмыс істе­дік. Тоғыз жолдың торабында тұрған жол­да бір-бірімізге қисайып, ұйықтағандай бо­ла­мыз немесе той иесінің мазасын алмайық деп үйінің маңына тоқтап, көз шырымын алып, со­­сын жаңа ғана келгендей ауласына кіріп бара­­тынбыз. Күндіз құда күтуге ат салыссақ, кеш­­ке басқа тойға жүгіреміз. Осылайша, бір ұл, екі қызымызбен барлық аймақты арала­дық. Сол уақыт ішінде тапқан қаражатқа мей­­­­рам­ха­на салып немесе әншілеріміз секілді қазір Түр­киядан үй алып, рахаттанып жүруіме бо­лар еді. Бірақ анасыз өскендіктен мен секілді ана­­ның жылу сөзі мен мейіріміне зәру болған б­алаларды қамқорлығыма алайын, үлкен үйім­нің ішін күлкі мен шаттыққа толтырайын деп балалар үйіне бет алдым. Ол уақытта үл­кен қызым тұрмыста, ал ұлым әскерден орал­ған соң шаңырақ көтеріп, бөлек шықты.

Басында бір ғана бала асырап аламыз деп ойладық

Басында бір ғана бала асырап аламыз деп ойладық. Қазір домбырада шебер ой­­найтын ұлым Даниярды «Үміт» үйінен бай­қап, оны қайтсек те асырап аламыз деп жүр­ген­де бір күні оны балалар үйінен алып кет­кенін хабарлады. Әйелім екеуіміз жан­тала­сып барсақ, оны Алғадағы балалар үйіне қарасты балабақшаға ауыстырған екен. Сол кезде қара көзді қыз балаға назарымыз ауып, Амангүл екеуіміз «оны да асырап алсақ қайтеді?» деп бір-бірімізге қалжыңдағанымыз есімде. Оны аме­рикалықтар асырап алғалы жатқанын естіг­ен соң, айқай шығарып, ақырында оны Да­н­иярмен бірге асырап аламыз деп шештік. Ол екеуін көру үшін бәленбай шақырымда ор­наласқан балалар үйіне 40 күн бойы қаты­нап жүрдік. Сөйтіп жүргенде 13 жастағы бір қыз «Мұнда күн көре алмаймын, мені де алыңыз­даршы» деп жылап, алдымызға тұрып алды. Оны аяп, ақырында үш бірдей баланы асырап алдық. Әдепкіде бойды үрей билегені рас, бірақ үшеуі туғанымыздай болып «жа­бы­сып», бізді жақын тартқаны соншалық, тон­ның ішкі бауындай бір-бірімізді іздеп тұра­тынды шығардық. Сосын «балаң – бауыр етің» деген сөздің бекерге айтылмағанына көз жетіп, алдымен бесеуін, сосын үшеуін, кейін тағы үшеуін асырап, ақыр соңында үйіміздің іші қалайша 18 балаға толғанын сезбей қал­дық. Көбі «Екі адам 18 баланы қалай асырап жет­кізе алады?» деп сұрап, таңғалып жатады.  width=Алғашқыларына жақсы тәрбие берсең, соңы­нан ергендер оларға қарап бой түзеп, елік­тей­ді. Амангүл де сол себептен жүрген жерінде «Көп балалы болудан қорықпаңыздар. Сіздерге аса салмақ түсірмей, бір-біріне демеу болып өсіп шыға келеді» деп айтады. Бұрын аналары­мыз мал мен шөптің арасында жүгіріп жүріп, оннан астам бала тәрбиелеген ғой. Бала бағу, әлбетте, қиын. Әсіресе, қазіргідей аумалы-төк­пелі заманда ер жетіп келе жатқан баланы тәр­биелеу оңай емес. Бірақ асау атты тізгіннен айы­рылмай ұстасаң, айтқаныңа көнеді, айда­ға­ныңа жүреді ғой. Сол секілді баланы бір ба­ғытқа беттетіп жіберсең, ол содан айырыл­майды. Расымен, дұрыс тәрбие берсең, еш­теңе­ден сүрінбейсің, ештеңеге уайымда­май­сың. Со­сын көп ата-ана баланың қабілетін аша ал­май, ақырында қор болады. Балалармен жұ­мыс істей алмайды. «Дені сау, сабағын оқып жүр» деумен ғана шектеліп, оның бойындағы дарынын тап басып, ұштауға атсалыспайды. Мен секілді бала асырағысы келетіндерге «кірпігін көтеріп, бетіне он тонна бояу жағып алатын әйелің болса әуре болмай-ақ қой» деп айтамын. Себебі бала асырағысы келетін ана үйде отыруы керек. Ол бала мен әкенің ара­сында көпір болуға тырысуы керек. Ал бізде қазір баласының көзінше әкесіне ауыр сөздер айтатын әйелдердің қатары көбейіп барады. «Әкең келе жатыр» дегенде селт етіп, алдынан жү­гіріп шығатын бала болып өспеген соң, олар­дың әкемен емірене сөйлесуге құлқы, құ­қы да болмайды. Асырап алған кейбір ата-ана­лар «Кәмелетке толған соң құжатын сұрап, бө­лек кетемін» дейді» деп назын айтады. Құ­дай сақтасын, бірақ біздікілердің ауызынан он­дай сөз шыққан емес. Себебі мен оларды туған баламдай қабылдадым. «Өз балаң өзегің­нен тепсе де кетпейді, кісі баласын кісендесең де тұрмайды» деген. Кісі баласындай емес, өз ба­лам­дай қарап, кішкентайынан әке мен ана иі­сін сіңіру үшін қасымызға алып жатып, бар­лы­ғына бірдей мейірім көрсетуге тырыс­тық. Көп­ке топырақ шашпаймын, бірақ көбі қазір мейірімсіз болып барады. Тіпті туған балалары ата-анасына еміренбейді. Вахтадан келген ата-анасының бетіне қарамай «Ассалау­ма­ға­лейкум» деп отыра береді. Оның орнына ал­ды­нан жүгіріп шығып, иісін иіскеп, көкірегі тол­ғанша кеңінен тыныс алып, мойнына асыл­са несі айып? Мен екі-үш күн сыртта жү­ріп, үйге келсем, балаларым бас салып құшақ­тап, жерге жығып, сағынғанын айтып, жамы­рай жөнеледі. Сол кезде бақыттан басым ай­на­лады. Мұндайды көріп өскен олар біреуі ауру­ханаға түсіп, ем алып келсе немесе бір жарыстан жүлделі орын алып келсе бір-бірін құ­шақтап қарсы алады. Бізде бала түгілі, әке­лер де мейірім көрсетуден жұрдай. Баланы иіскеу, құшақтауды артық санайды. Сөйтеді де қартайған шағында «Ұрпағым бақпай бара жатыр. Ұлым теріс қарайтын, ал қызым беттен алып, төске шабатын заманға жеттім» деп налиды. Баланың тәртіпсіздігі үшін ата-ана жауапты. Баласы біреуге пышақ сұғып, біреуді көлікпен қағып кетсе де ата-анасы жауапты. Бала бірдеңе сындырса, ата жауындай көріп, кішкентайынан қыспаққа алып, қаталдық та­нытады. Сынған зат қайта құрастырыл­май­ды. Жоғалған зат табылмайды. Бір рет ұрыс та қой.  width=Жоқ, көбіміз ашу-ызамызды балаға төгеміз. Сосын туған күнді атап өтуде үлкен мән жатыр. Әкелер слетінде тәрбие туралы көп нәрсе айтып, талай әкені жылатқанмын. Көбі «Өзіміз үш баланы әрең тәрбиелеп отыр­ғанда сіз 18 баланы қалай бағып отырсыз?» деп сұрайды. Барлығы туған күннен баста­ла­тынын айтамын. Бір әкеден «Туған күн той­лай­сыңдар ма?» деп сұрасам, «Жоқ, әкем той­лаған жоқ. Мен де тойламаймын» дейді. Оған: «Бауырым, ол заманмен бүгінгіні шатас­тырма. Бұрын көршінің үйінде не болып жатқанын білмейтін едік, қазір әлемде болып жа­тқан оқиғаның әрбірінен хабардармыз. «Әке, ертең туған күнім ғой» деп қасына кел­ген балаға «Өзіміз әрең күн көріп отырғанда қайдағы туған күн?» деп дүрсе қояды. Пейілі таза бала емес пе, жылылықты күтеді. Сосын ол бала мектепке барғанда сыныптасының ту­ған күнін атап өткенін, қандай сыйлық ал­ға­нын естиді. Сол кезде балаңның орнында бо­лып көрші. Содан кейін жүрекке кішкене қан­жарлар бірінен соң бірі қадалады. Бойында өшпенділік пайда болады. Ешкімді тыңда­майды. «Сыныптасымның әкесі нағыз әке, ал менікі оңбаған» деп тістеніп, сұрағаныңа дұрыс жауап та қатпайды. Үйіңе ағайын-ту­маны шақырып, улап-шулап тойла деуден аулақпын. Күтпеген жерден қуант. Ешкімге біл­діртпей, тортын әкеп қой. Сосын көзін жұмғызып әкел де, торттың үстіндегі май­шам­ды үрлет. Балаң аш емес, бірақ қуаныштан жеген торттың дәмі оның таңдайынан көпке дейін кетпейді. Ертесі бәріне мақтанып ай­тады» деп айтқанымда көзіне жас алғаны бар. Біз 18 баланың әрбірінің туған күнін атап өте­міз. Өздері де «Әке, туған күніме осыншама күн қалды ғой. Білесіз бе?» деп еске салып жүре­ді. Сосын ұйықтап жатқан жеріне топыр­лап кіріп, ән айтып, торттан тістетіп, жамырай құттықтаймыз. Ертең өз алдына бөлек үй бол­ғанда осылай бір-бірін құттықтап, жылы сөз­дерін аямай айтып жүреді. Бауыр арасын­да­ғы ауызбіршілік содан басталады. Сон­дық­тан баланы қуантуды бәрінен жоғары қоямыз. Өз арамызда жарыстан бас жүлде алып келген балаға телефон сыйлау дәстүрі бар. Кім бас жүлде иеленсе, соған телефон әперемін. Сосын қалада қыдыртамын. Сосын біз балаларды те­лефонсыз өсірдік. Өткенде бір әке «Теле­фо­нын тартып алсам, өз-өзіне қол жұмсай ма?» деп қорқамын» дейді. Телефонды ішінен бір теуіп, қолынан жұлып алмайсың ғой. 8-сынып оқығанда Дамир деген балам бас жүлде алған соң телефон әпердім. Бізде тағы бір дәстүр бар: дастархан басында бәріміз отырғанда ба­лалардың мұғалімдеріне хабарласып, оқу үл­герімін сұраймын. Сосын өздері естісін деп, те­лефонның дауысын шығарып қоямын. Бірде Дамирдің апайы телефон ұстағалы бері сабаққа қарамайтынын айтып қалды. Балама қарап «Ренжімейсің ғой» деп едім, ол басын изеп, телефонды қасыма әкеп қойды. Шынын айтайын, он сегізіне бірдей телефон әперу оңай болған жоқ. Кішкентайларым сенбі, жек­сенбі күндері қолданады. Бірақ қазір те­ле­фонсыз ештеңе істей алмайсың, тіпті сабақ­тары да телефонмен байланысты.

Он сегіз баланың әрбірін алты жасында өнер мектебіне бердік

«Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұм­са» деген түйінді біз де ұстандық. Бірақ біз жұ­мыс­қа салмадық, есесіне өнерге баулыдық. Әр­бірін алты жастан бастап Қазанғап атын­дағы өнер мектебіне бердік. Содан бері оларда бос уақыт жоқ. Біреуі қобызын, енді бірі дом­быра­сын арқалап, сабаққа кетеді. Бала­ларға ойнайтын алаңқай қажет болған соң иелі­гімдегі 240 шаршы метр аумақты 360 шаршы метр­ге үлкейтіп, аула, алаңқай салдым. Ке­зінде әкім үш қабатты үй салып беретінін айт­қан еді, бірақ ол да іске аспады. Үкіметтен бірде-бір көмек сұрамай, өз күшіммен аула, алаңқай жасадым. Сабақтан келген соң балалар сонда ойнайды. Сосын үйге келіп ре­пе­тиция жасайды. Бос уақытын тиімді пай­далана алмайтын бала бірдеңеге ұрынатыны хақ. Бұзық көршісіне еріп, көше кезіп кетеді. Сосын сыртта көргенін қайталайды, ішімдік ішіп көргісі келеді, темекіге әуес болады. Қазір балаға барлығы қызық қой. Балаларыма «Жақсы ортада жүрсең өздерің де жақсылыққа бөленіп жүресің. Жақсы адаммен сөйлесуге ты­рыс. Жаман ортаны аттап бассаң қиын­дық­қа душар боласың» деп үнемі айтып отырамын. Со­сын мысал ретінде өздерін айтамын. «Сен­дер өнер орталығына барғанда көбі сендерді қау­малап, таланттарыңа таңғалып, ақжарма тілек­терін айтады ғой» десем, барлығын түсі­ніп, айтқанымды екі етпей, тыңдайды. Тағы бір дәстүр: арасында кім өнерлі сол бізбен бір­ге концерттерге барады, ал ештеңеге қы­зықпағаны үйде қалады. Осыдан кейін ба­лаларды үйде қалдырып көр. Әрқайсысы түрлі аспапқа «жармасып», дыңылдатып, үйрене бастады. Әріберіден соң бала үйде қалғысы кел­мейді ғой. Сосын олар аға-әпкелеріне қа­рап еліктеп өсті, қазір барлығы бірдей өнер де­се ішер асын жерге қояды. Балаларымның кө­бі тетелес, аралары бір-екі жас. Бүгінде екі ба­лам Астанада Шабыт университетінде білім алу­да. Ал сегізі А.Жұбанов атындағы Ақтөбе му­зыкалық колледжінде оқиды. Қалғаны – өнер мектебінің оқушылары. Мұнда да екі қыз, екі ұл балам бесінші сыныпта оқиды.  width=Отбасымда бес орыс бала тәрбиеленуде. Оның үшеуі – ағайындылар. Үйдің үлкені – 21 жастағы Даниил. Қыздың кішісі Са­ша, бірақ біз оны Жарқынай деп атаймыз. Жарқынай – үш үйден қайтып келген балақай. Үш ата-ана да оны қабылдай алмай, балалар үйі­не қайта алып келген. Біз сол жаққа кон­церт қоюға барғанымызда әбіржіген, шашы ұй­па-тұйпа болған оны көріп, жүрегіміз ауыр­ды. Сосын ол бізбен бірге барғысы келетінін айт­қан соң бес жасында үйімізге алып келдік. Алғашында Амангүл екеуіміз қасымызға алып, бірге ұйықтадық. Біресе мені, біресе Амангүлді құшақтап, ата-ана мейіріміне сусап қалғанын байқап, көзімізге жас алдық. Любовь деген қы­зымызды Махаббат, ал Снежананы Гүлімай деп атаймыз. Ал Тихон деген термеші балам «мені Темірхан деп атаңдар» деді. Сөйтіп, есім­дерін өздері өзгертіп алды. Балалар үйіндегі есімдерін аса ұнатпайды. Асырап алған қызым Ғалия туған қызым Құндызайдың есіміне ұқсас бол­сын деп Жұлдызай деп ата­ған­ды жөн көр­ді. Өздері «саған Сәу­­­лемай, Ер­ке­май деген есім жарасады» деп айтып оты­рады. Сашаны да ашық-жарқын бей­несіне бола жарқыл­дап жүрсін деп Жар­қынай деп атау­ды құп санадық. Жар­қынай демекші, ол алға­шында дом­быра үйір­месіне барғысы кел­ген. Ал біз үйде шаң басып тұрған же­тігенді кім­ге үйретсек бо­ла­ды деп жүрген едік. Бірақ ол кез­де қаламызда же­ті­ген үйрететін маман тап­шы болды. Сосын Қарақат Әбілдина Ақтө­беде мектеп ашып, онда жетіген сыныбы ба­рын есті­ген­де қуаны­шы­мызда шек бол­ма­ды. Ол сыныпқа кім­ді бере­міз деп ақыл­дасқанда Амангүл Махаб­батты мең­зе­ді. Бірақ мен Жар­қынайдан мық­ты жеті­генші көріп тұр­ғанымды айт­тым. Айт­­қа­ным сол екен, Жар­­қынай ана­сын құ­шақтап «Ер­тең көре­сіңдер, бәрің­нен оза­мын» деді. Алла ау­зына салды, расымен ол бәрі­нен озып, ас­танада өт­кен «Мың бала» бай­­қауынан бас жүл­дені иеленді. Қарақатпен бірге сахнаға шықты. Бір айта кетерлігі, біздің балалар бір аспаппен шектел­мей­ді. Жетігенде жақ­сы ой­найтыны домбыраны, ал қобыз тарт­­қанды ұнататыны жетігенді үй­ренеді. «Мына аспа­п­ты ұнатпа­саң да үйрен» деп қыспаққа ал­май­­мыз. Өздері «Енді ана аспап­ты үйренсем бола ма?» деп сұрап алады. Балаларым – «Қа­зақ­стан таланттары», «Жас Талант KZ», «Га­лактика талан­тов», «XXI таланты» секілді ха­лық­аралық, республикалық байқаулардың жеңім­паздары. Үйдегі сөреде 18 Гран-при жүлдесі, 100-ге жуық медаль тұр. Сол жүздің екеуі ғана күміс, қалғаны – алтын. Олардың ара­сында же­ке­лей сында, сосын біздің – ха­лық­тық отба­сы­лық Жетесовтар ансамблімен бірге өнер көрсетіп алған медальдары да бар. Барған жері­нен жүлдесіз қайтпайды. Қайбір жы­лы бір байқауға бесеуін бірдей қатыс­тыр­ғанымда, бесеуі де жүлделі оралды. Сайысқа қа­тысар кезде олар телефонға қараудан қала­ды. Тап­жыл­май отырып, репетиция жасап, бас алмай дайындалады.

Туған қызым мен бауырыма басқан балам шаңырақ көтерді

Туған қызым Құндызай Шабыт уни­вер­ситетіне оқуға түскен кезде баянда ше­бер ойнайтын балам Дамир осында кол­ледж­де соңғы курста оқитын. Сосын Дамир Аман­гүлге Құндызайға сезімі бар екенін, он­сыз өмір сүре алмайтынын, бірақ жария қы­лайын десе бізден ұялып жүргенін айтқан. Қы­зыма хабарлассам, оның да балаға деген се­зімі бар екен. Сөйтіп, екеуі бас қосып, отау іші­нен отау тікті. Екеуінің көңіл жарас­тырға­нын естіген туыстардан «Ата-анасы жоқ бала­ға қызыңды қалай бересің?» дегенді де естідім. Дамирді бауырыма бастың демесеңіз, ол – туғанымдай болып кеткен аса қымбатты жан. Қызымның Дамир секілді жігіттің етегінен ұста­ғанына алақайлап қуанбасам, налы­май­мын. Оның ешкімді қорламайтын, қамқор­лықсыз қалдырмайтын жігіт болып өсіп шыға келгеніне көзім жеткен соң келісімімді бердім. Бүгінде үлкен ұлымнан төрт немере, қызым­нан үш жиен сүйіп отырмын. Он үш жасында бауырыма басқан қызым да тұрмыста. Одан бір жиеніміз бар.  width=Мақтанбаймын, бірақ балаларым – өте бауырмал. Мектептегі вахташы әйел «Бір балаңыз келіп «Еркемай сыртқа шықты ма, білесіз бе?» деп сұрайды. Жоқ десем, есік ал­дында күтіп отырады. Сосын Еркемайдың сөм­кесін көтеріп, қолынан жетектеп кетіп ба­ра жатқанын көргенде таң-тамаша бола­мыз» дейді. Олар өнер мектебінде жеті сы­нып­тық білім алып, сауатты музыкант болып шы­ғады. Сосын колледжге дайын музыкант бо­лып барады. Оны бітірген соң, амандық бол­са бас қаладағы Шабыт университетінде оқы­мақ. Өнер ішінде жүретін баланың жаман бол­майтынын біліп, оларды осы ортадан айыр­­ғым келмейді. Спортқа берсең, әлімжет­тік жасауы мүмкін ғой. Дұрыс істеген секілді­мін. Бірақ қолдарына диплом алған соң басқа мамандықты оқимын десе де өз еркі. Оқудың ерте-кеші жоқ, бірақ өнерден асқан мамандық жоқ секілді. Бәлкім, өзім өнерде жүрген соң осылай ой түйетін шығармын. Бірақ өнерпаз қай жерге барса да шоқтығы биік, құтты қонақ бо­лады. Қазірдің өзінде балаларыма Ақтө­бедегі көп ансамбль мен оркестр таласып, жалақыға келісіп, өнер көрсетуін сұрап отыр. Мен келіспей жүрмін. Олар алдымен сабағын оқы­сын. Жұмысқа тұрған соң, гастрольге шы­ғады, қызық қуады, ал сабағы жайына қалады.

Лексусымды сатып, ұлыма 3,5 миллионға баян сатып әпердім

Балаларымды сабағы мен секциясына таситын автобус қажет екенін айтып, ке­зінде Мәдениет министріне хат жаздым. Еш­теңе өнбеді. Жеңімпазға шағын әмбебап ав­тобус кілті табыс етілетін «Мерейлі отбасы» ұлт­тық байқауына да қатыстым, үздік үштікке ілі­не алмай, ынталандыру сыйлығымен шек­телдім. Кезінде Лексус маркалы көлігім болды, бірақ оны сатып, түскен ақшаға екі балама 1 мил­лион теңге тұратын домбыра, сосын екі балама құны 2,5 және 3,5 миллион теңге бола­тын баян сатып әпердім. Сөйтіп, өзім жаяу қал­дым. Сол кезде балам «Неге өйттің?» деп рен­жіп сұрағанда «Барлығы өз уақытымен ор­нына келеді, балам. Бастысы, сендер ас­пап­сыз жүрмеңдер, ешкімге жәутеңдемеңдер» деп жұбаттым. Шынымды айтайын, басында баян­ның бағасын білген кезде төбемнен жай түс­кендей болды. Оны соншалық қымбат тұрады деп ойламаппын. Әдепкіде балаларға 200 мың теңгеге баян алып беріп, сонымен үйреніп жүр­ген еді. Кейін апайы оның жарамайтынын, құны 3,5 миллион болатын баян алу керек еке­нін айтты.  width=Көлігімді күні кеше ғана біреу сұра­ғанын, сол ақшаға алып беретінімді айт­қа­нымда апайы «Жаңа ғана келіп кеткен бір өнерпаздың әкесіне аспап туралы айтқанымда ол кісі «Одан да ол ақшаға жаңа көлік сатып ал­маймын ба?» деп ашуланды. Ал сіз керісінше кө­лігіңізді сатамын дейсіз» деп таңғалғаны бар. Сосын Алматыға барып сатып әкелген аспап­тарды көргендегі балалардың әсерін көр­сеңіз. Төбелері көкке жетті. Бір балам «Өскен кезде астыңа қымбат көлік мінгіземін» деп көңілі босап, арқамнан қақты. Негізі, Бердібек Сапарбаев балаларға 2016 жылы 1 миллион 800 мың теңгеге бірнеше аспап алып берген. Бірақ олардың бәрі арзан әрі сапасы да онша емес, ал балалар арзан аспап ұстағысы жоқ. Бір күні бас жүлде иеленген бір балам зал­да отырса, қарсыласы болған бір бала келіп «Ме­нікі – 200 мыңның домбырасы. Ал сен 60 мыңның домбырасымен не мақтанып отырсың?» деп қызғанып, түртіп өтіпті. Балам үйге келіп айтқан соң, ашуға булығып, Ал­ма­тыға барып, 2 мың доллардың домбырасын әкеп бердім. Сосын әлгі баланың алдына барып, күй ойнап, енді одан кем түспейтінін ымдап келді. Қараңыз, мұндай бағалы аспап ұстаған баланың шоқтығы да, талабы да биік болады. Ал талаптанған баланың бетін қақпау керек екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Бірақ аспапты баптап ұстаудың да машақаты көп. Сенбессіз, бірақ, балалардың аспабын күтіп ұстауға 300 мың теңгедей жұмсалады. Ішектерін ауыстыру, қылын түзету қымбат. Мен 2019 жылға дейін ешкімнен ештеңе сұраған емеспін, бірақ дәл сол жылы біраз қи­налдық. Бұрынғыдай асаба емеспін. Қазір той иелері көбіне жас асабалардың басқар­ға­нын қалайды. Өкініштісі сол, бүгінде асабалар жын-ойнақ жасауға құмар болып алған. Асабаның ауызынан аталы сөз естімейсің. Арзан күлкі, айқай-шу, ортаға шығарып дома­латып билеткеніне ішің ашып үйге қайтасың.

Рим Папасының арқасында әлемге танылдық

Жазда белгілі композитор Бауыржан Ақтаевтан дәріс алу үшін бас қалаға бар­дық. Сол кезде ақтөбелік бір жігіттің ша­қы­руымен Достық үйінде маңызды тұлға­лардың қатысуымен өтетін басқосуда өнер көрсеттік. Дәлізде өнер көрсетіп отырғаны­мыз­да арамызда орыстардың ұлттық аспап тар­тып отырғанын байқаған Сергей есімді шір­кеу қызметшісі телефонына түсіріп жүр­генін байқадым. Сосын қасыма жақындап сұрас­тырғанда олар менің балаларым екенін ай­тып едім, ол таңғалып, бізбен ұзақ сөйлесіп тұ­рып алды. Сөйтіп, онымен жақсы дос болып ал­дық. Содан соң ол бізді шіркеуге шақырып, он­да концерт өткіздік. Ондағылар бізге қар­жылай көмек көрсетті. Сосын ол Рим Папасы ел­ге келетінін, бізді оны қарсы алуға шақыра­тынын айтты. Бірақ біз көңілімізге қарап, асыра айтып тұрған болар деп сенбедік. Кейін өзі хабарласып, билет алып қойғанын, нақ­ты қай күні келетінімізді айтқанда барып қана сендік. Сол кезде Сенаттан хабарласып, 15 күн ішінде бізге жаңа киімдер тігіп берді. Осы­лайша, Рим Папасының арқасында киініп қал­дық. Рим Папасы шіркеуге кірер тұста өнер көр­сетіп отырған жерімізде кідіріп, біздің өне­рімізді тамашалап, қол соқты. Керемет әсер алдық. [caption id="attachment_197483" align="alignnone" width="2048"] width= Рим Папасымен кездескен сәт[/caption] «Баланы ақша үшін бағып отырсыңдар ма?» деп беті қызармай айтқандар да бар. Адам ақ­ша үшін бала емес, мал бағады. Үкімет бір ба­лаға 30 мың теңге төлейді. Қымбатшылық қыс­паққа алған заманда 10 баланы 300 мың тең­геге баға аласың ба? Осы сомаға кейбір адам­дар екі баласын әрең киіндіріп отыр. Бала­лардың көбі 18 жасқа толған, ал оларға ақ­ша төленбейді. Бірақ бізге Алла көмектеседі. Айналамызда мейірімді адам көп. 15 қапшық картоп, бір соғым етін әкеп беретін азаматтар бар. Әділет, Естай, Нұрхан деген атымтай жігіт­тер сиыр, бие сойып, үйге әкеп берді. Бір­неше жыл бұрын 500 мың теңгеге автономды пеш орнатып едік, уақыт өте келе ол да істен шығып қалды. Өткенде Темірханым «Асар» мейі­рімділік қоры өкілдерінің алдында арнау айт­қан еді, олар біздің отбасы туралы естіп, үйге келіп, пеш орнатып берді. Бір қызығы, осы уақыт ішінде облыста алты әкім ауысты, бірақ ешбірі де біздің табалдырықтан аттаған емес. Енді жаңа тағайындалған әкім келеді деп кү­тіп отырмыз. Құдайға шүкір, шайымызды қолымыз ді­ріл­демей ішеміз. Алла тағала бүгін алып кетсе де оның алдында ақпыз. «Адамға қан­дай жақсылық жасадың?» дегенде көзіне тіке қарап жауап бере аламыз. Балаларды өз ең­бегімізбен өсіріп келеміз. Бірде жетеді, бірде жет­пейді. Жетпеген кезде ешкімнің алдына ба­рып көмек сұраған емеспін. «Сұрасаң қайыр­шысың, ұрласаң қарақшысың» дегізетін заман. Мен балаларды қамқорлығыма өзім үшін алдым. 18 баланы қасыма ертіп алып, қо­­­лымды жайып, Ақтөбені аралап шықсам байып кетер едім. Бірақ мен дүние қуған адам емес­пін. Сосын бізді ақтөбеліктер онша таны­майды. Оңтүстік Кореядағылар секілді өнер­паздарды үйде жылдап дайындап, дайын бол­ғанда ғана сыртқа шығарамын. Тойға бар­ғызбаймын. Әйтпесе ел-жұрт ақша табу үшін тойға шығып жүр деп қаңқу сөз айтады. Осы уақытқа дейін балаларды шектеп келдім, бірақ өткенде Рим Папасын күтіп алған соң біз­ді Қазақстан түгілі, әлем таныды. Сол кезде ба­лаларымды «Өткір қылыш не істейді? Дұрыс, қап түбінде жатпайды! Біз түбі бір жер­ді тесіп шығамыз» деп желпіндіріп қой­дым.  width=Бұйырса, қараша айында Ақтөбедегі өнер орталығында біздің отбасылық ан­сам­бльдің жеке концерті өтпек. Оған дейін кіші залдарда концерт қойып жүрген едік. Жо­ғарыда айтып өткендей, Кореядағылар се­кілді әбден пісіп, толысқанда ғана үлкен сах­наға шығаруды көздеп жүрген едім. Ет әб­ден піскен кезде ғана сорпа дәмді болып шы­ғады. Сол секілді алты жастан бері музыка десе елең ететін балаларымның мыңдаған көрер­меннің алдында өнер көрсете алатын сәті келді.

Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары