455
Тынысы тарылған қысқы туризм
Тынысы тарылған қысқы туризм
Жақында құрбы-құрдасты тауға барып, «шаңғы тебейік» деп қолқаладым. Бірақ бұрын-соңды барып көрмегесін бе, ешкім құлшына қоймады. Біреу бағасы қымбат десе, біреуі жолы алыс деп сылтауратты. Осыдан кейін қалаға ең жақын Шымбұлақтың бағасын білу мақсатында интернетті ақтара бастадым. Көп іздеудің қажеті болмады, бірден табыла кетті. Әлеуметтік желіден де, Шымбұлақтың сайтынан да шаңғы тебудің бағасын біліп алдық.
Сонымен, күндізгі билет – 6 мың 500 теңге, балалар мен студенттер, зейнеткерлерге – 3 мың теңге. Ал мейрам мен демалыс күндері – 9 мың 500 теңге, балаларға – 4 мың 500 теңге. Сондай-ақ аспалы жолдың ақысы – 2 мың 500 теңге. Қай-қайсымыздың да шаңғы жарақтарымыз жоқ, себебі қарапайым әуесқойлар шаңғысының арзаны 75-100 мың теңгеден басталады. Ал жалға алу құны – 2-3 мың теңге. Жоғарыда айтылған шығын қатарына осыны да қосамыз. Сонымен жұмыс күндері Шымбұлаққа барсақ, шамамен 10-15 мың теңге шығын кетеді. Ал алатын әсеріңіз бен қызмет көрсету сапасы осыған тати ма?
Шаңғы тебу – өте қымбат. Бұл әркімнің қолы жете бермейтін спорттың түрі болғандықтан, елімізде де, шетелде де көбіне көп қалталы туристердің ермегі. Кез келген адамның Шымбұлақта бір күн шаңғы тебуге шамасы келе бермесі анық. Өйткені өмір сүрудің айлық көрсеткіші шаңғыға кететін ақшадан сәл ғана көп. Демек, Шымбұлақ жергілікті тұрғындардан гөрі, туристерге тиімді болғаны. Мәселен, шаңғы курортына түсетін пайда теңіз жағасындағы жайлы демалыс орындарынан 6 есеге көп. Сондықтан шетелдіктер үшін Шымбұлақтың арзан болатыны анық. Осында демалуға келген бір-екі туристі сөзге тартқанымызда осыған көз жеткіздік. Ұлыбританиядан келген ерлі-зайыптылар Қазақстанға жыл сайын осы мезгілге туралап келеді екен. Алматыда қыздары тұратын көрінеді. Қызына келу үшін қыс мезгілінде келеді, себебі Шымбұлақтың қызығын жылда тамашалауға асық. Оларды әуелі қызықтыратын жайт – таудың жақындығы. «Біз Италияға барғанымызда, 300 шақырым жерде болатын. Францияда да жақын емес. Ал Шымбұлақ қалаға тиіп тұр, 20 минуттық жерде. Тіпті, қаланың қоғамдық көліктерімен жетуге болады. Алматыда осылай жақын десек, ешкім сенбейді. Екіншіден, Францияның шаңғы курорттарында баға өте қымбат. Олармен салыстырғанда, Шымбұлақты арзан деуге болады. Бірақ Францияда жоталар ұзын, екі-үш төбеге созылады. Ал Шымбұлақтың трассасы қысқалау», – дейді туристер. Біз оларды қызықтыра түсу үшін қалаға жақын басқа да демалыс орындарының барын айттық. Ақбұлақ, Табаған, Лесная Сказка деген қаладан 20-30 шақырым қашықтықтағы мекендерде де шаңғы тебуге болады. Алайда ондағы жоталар Шымбұлақпен салыстырғанда аласа, жолы қысқалау. Дегенмен, қаланың қақ төрінде, Алатаудың баурайында орналасқан Шымбұлақтың шыңы сөзсіз, еліміздегі ең келісті, көрікті мекен екені ақиқат. Оның қасында басқа кешендердің көркі де, қызметі мен жолы да жолда қалатыны жасырын емес. Ал қала сыртындағы кешендердің қарапайым халықты қызықтыратыны бағасы. Мәселен, Ақбұлақ таушаңғы кешенінде күндізгі билет – 4 мың 900 теңге, мейрам күндері – 7 мың теңге. Мұнда адам аяғы көп, десек те туристер аздау көрінді. Бір қарағанда, қай кешенде де адам аяғы аз емес. Осыған қарап, спорттың бұл түріне деген қызығушылық артып келе жатқанын байқауға болады. Демек, баға да жыл сайын арта бермек.
Куршевель қымбат дейсіз бе?
Алатау баурайының қай жотасы да шаңғы тебуге ыңғайлы-ақ. Дайын туристік мекен қыста есігін айқара ашып, Алматы мыңдаған қонақтарды қарсы алып, ал Алатау мыңдаған шаңғышыларды бауырына сыйдыра алады. Алайда осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін қажетті инфрақұрылым салынуы тиіс. «Көкжайлау» таушаңғы жобасының әзірге есік жапқаны қысқы туризмнің тынысын тарылтып тұр. Жақында, бір топ белсенділер Шымбұлақтағы бағаның қымбаттығын айтып, таушаңғы кешеніне бойкот жариялаған болатын. Себебі қарашаның аяғында кешен тағы да бағаны көтерді. Осыған орай Шымбұлақ басшылығы шаңғы сауығының қымбаттығын түсіндіріп берді. «Баға былтырғы маусымнан 1000-1500 теңгеге қымбаттады. Аспалы жолға италиялық Leitner мен австриялық Doppelmayr Seibahnen компаниялары жауап береді. Олардың құжаттарына сәйкес, курорт қажетті бөлшектер сатып алып, жасаушыға монтаж бен қызметке ақы төлеп отыруы тиіс. Бағаның көтерілу себебі – жөндеу жүргізу жұмыстарының көбеюі мен теңгенің еуроға қатысты курсының өзгеруі», – дейді «Шымбұлақ» кешенінің маркетинг қызметінің басшысы Владислав Семенов. Оның мәліметінше, 2016 жылы аспалы жолды жөндеуі 21,5 миллион теңгеге қымбаттады. Қосымша бөлшектерін сатып алуға 260 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, оның бөлшектерін ауыстырып, тексеруден өткізу үшін шетелдік мамандар шақыртылады. Олардың қызметі де еуромен төленеді екен. «Біз қызмет көрсететін компаниялармен тікелей байланыс орнатып, алыпсатарлардың қосымша қызметінен бас тарттық. Осылайша біз қосымша бөлшектерді шығарушының өзінен аламыз. Басқа да шығындар бар, салық, кедендік салым, мемлекеттік баж салығы да төленеді. Жанармай мен электр құны да қымбаттады. Уақтылы жөндеу мен жабдықтарды жаңарту мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бірінші кезекте екенін қалалықтар түсінуі қажет», – деді Семенов мырза. Ал бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенсек, атақты Куршевель курортында 25 мың теңгеге шаңғыны бір аптаға жалға алуға болады. Бірақ бір күнгі билет – 19 мың теңге, ал жотаның қашықтығы – 600 шақырым. Иә, шетелде жалға беру де, күндізгі, кешкі тариф жүйесі де басқаша бекітілген. Туристерге, яғни шаңғы тебушілерге неғұрлым ыңғайлы жағдай қарастырылып, қонақтардың қайта оралуы үшін қызмет көрсету деңгейі дамыған. Ал біздегі әлеуметтік желіде Шымбұлақтағы далада тұрған әжетхананың ешқандай халықаралық стандартқа жатпайтынын, тіпті шаңғысы бар адамның ішіне кіріп-шыға алмайтыны жазылған. Әлемге әйгілі Шымбұлақ кешені туристер үшін таптырмайтын кешен. Дегенмен, Шымбұлақтың Қысқы олимпиада ойындарын қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Қажетті инфрақұрылымның жетіспеушілігі мен қызмет сапасы нашар Шымбұлақ әзірге кәсіби шаңғышыларға емес, әуесқой туристерге ғана ыңғайлы сияқты. Десе де Универсиада ойындары өтетін негізгі кешендердің бірі осы. Универсиаданың басталуына 24 күн қалды. Шаңғы спортының биатлон, шаңғы жарысы, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл, сноуборд түрлері бойынша бірнеше кешенде жарыстар өтеді. Осы жарыстар бойынша «Алатау» шаңғы стадионы, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, “Сұңқар” Халықаралық трамплиндер кешені спортшыларды қарсы алуға дайын.