2017: Қандай тосынсый күтіп тұр?

2017: Қандай тосынсый күтіп тұр?

2017: Қандай тосынсый  күтіп тұр?
ашық дереккөзі
621
Шашасына шаң жұқтырмаған аламан уақыттың кідіретін түрі жоқ. Әне-міне дегенше, тағы бір жылды да артқа тастадық. Әдетте жыл соңында әркім өз-өзіне есеп беріп, қорытындылайтыны белгілі. Нені еңсердік, неге үлгермедік? Қашанда өткенге салауат айтып, келешектен үміт ететін Қазақ елі Тауық жылынан не күтеді? Қазақ тарихында «тас мешін» атауымен белгілі Мешін жылы еліміз үшін үлкен әріптермен жазылмақшы. Себебі 2016 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алып, дербес мемлекет атанғанына 25 жыл толды. Сондай-ақ, ел егемендігінің алғашқы іргетасының қалануына күш салған Алашорда өкіметіне және Ұлт-азаттық көтерілісіне – 100 жыл, қазақтың ұлт болып ұйысуы жолында басын бәйгеге тіккен Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толды. Ал ата-бабамыз аңсап өткен Тәуелсіздікті бір табан жақындата түскен Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы да осы жылдың еншісінде. Бұл айтулы шаралардың бір парасы ғана. Демек, Мешін жылы қол жеткен биіктерді саралап, алда тұрған асқаралы міндеттерді атқарған жыл. Бір қарағанда, ақылды әрі тапқыр көрінетін мешіннің мінез-құлқы әп-сәтте мың құбылатындығын ескерсек,  ата-бабаларымыз бұл жылды жайсыз жыл ретінде бағалаған. Мысалы, тарихтан белгілісі, мешін жылы әлемде бүліншілік, жайсыз оқиғалар жиі орын алған. Айталық, 1920 жылы кең-байтақ қазақ даласында қора толы мал қырылып, соның салдарынан бұл жылды халқымыз «тас мешін» деп атап кеткені ақиқат. Ол ол ма, сан миллиондаған адамды жалмап, талай жанды елден шеттеткен 1932 жылғы аштықтың да мешін жылынан бастау алғаны белгілі.

Құты мен жұты қатар келген

Адам баласы тумысынан білмекке, көрмекке құмар боп келеді. Әр жылға өзімізше долбар жасап, тіпті кейде сәуегейлік танытуға бейім тұратынымыз да сол себепті. Қазақы таным бойынша, нағыз тауық жылы наурыз айында кіреді. Десек те, мемлекетімізде григориан күнтізбесі жаппай қолданылатындықтан қазақ тарихындағы Тауық жылында  орын алған оқиғаларға шолу жасап көрелік. Тауық мүшел есебінің оныншы жылы. Тауық жылы – 1909, 1921, 1933, 1945, 1957, 1969, 1981, 1993, 2005, 2017, 2029 жылдар болып кете береді. Бізге жеткен әңгімелерге сүйенсек, тауық жылы қауіп-қатер жиі болып тұрған, халық бейнетті көп шеккен жыл деседі. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, дәл осы Мешін кетіп, Тауық туатын 1969 жылдың жазы қуаң, қысы малшы мен шаруаға өте жайсыз болыпты. Бүкіл елді қалың қар жауып, үскірік боран бірнеше апталап соққан екен. Содан 1969 жылғы Тауық жылы «жұт болған жыл» ретінде елдің есінде қалған. Ал сонау 1920-21, 1932-33 тауық жылдары қорада тігерге тұяқ қалмаған жұт, аштық болғаны көпке белгілі. Алайда мұның ғылыми негізі жоқ десек те, Әбіқай ақын: «Тас мешін» жалғастырдың «тауығыңды», Сыпырып сансыз қызық, сауығымды. Тоңқиған атпақылдың сақасындай, Көркімен көрсетпедің ауылымды. Аштықтан қырға, Сырға тентіреттің, Ағайын неше дос, жар, бауырымды, – деп жазған екен. 1909 жылғы тауық жылын қазақ руханиятына сүбелі үлес қосылған жыл деп айтуға болады. Себебі дәл осы жылы Абай Құнанбайұлының тұңғыш рет жыр жинағы жарық көрді. Аталған еңбектің Петербор баспасынан шығуына Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан мұрындық болған еді. Сондай-ақ тауық жылы Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал», Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабы жарық көрді. Ақын «Оян, қазақ!» кітабын жазған кезде небәрі 24 жаста болатын. Негізі, Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» деуі тегін емес. Себебі патшалы Ресейдің империялық саясаты қазақтың басына әңгіртаяқ боп ойнап, шектен шыққан болатын. Әйтсе де 7-8 жылдан кейін патша тағынан тайып, билікке большевиктер келеді деп ешкім ойлаған жоқ. Ал бұл кезде қазақтың саны 6 миллионнан асқан болатын. 1921 жылғы тауық жылы қазақ тарихында сұрапыл аштық болды. Коммунистердің солақай саясатының салдарынан қазақ бір емес, екі рет аштықтан қырылды. Мысалы, профессор С.П. Швецовтың мәліметтері бойынша, 1921 жылғы аштықта Қазақстан халқы 30 пайызға дейін азайып кеткен. Кейбір елді мекендерде нәубет халықтың 100 пайызын қамтып, олар түгелдей дерлік қырылып қалған. Швецовтың дерегіндегі қырылған 30 пайыз адам шамамен 1,5 миллион болады екен. Демек, 1921 жылғы тауық жылы қазақ есінде «жұт жылы» ретінде қалды. Соның кесірінен қазақ халқы 6 миллионнан 4,5 миллионға азайып кетті. 1933 жылғы тауық жылы аштықтан қырылған қазақтың тамырына қан жүгірткен жыл болды. Бұл жылы қазақ елін 8 жыл басқарған Голощекин биліктен кетіп, оның орнына билікке Мирзоян келген еді. Қазақтар «Мырзажан» деп атаған Мирзоян Голощекиннен қалыспай ұлт зиялыларын қыруды әрі қарай жалғастыра берді. Қош, сонымен аштықтан 4,5 миллион қазақтың қаншасы аман қалды? Батыс зерттеушісі Р.Монвест 1931-1932 жылдардағы ашаршылықта 1 миллион, М.Олкотт 1,5 миллионнан астам адам өлді дейді. Ал шын мәнісінде, аталған аштықтан шамамен 2 миллион 200 мың адам қырылған көрінеді. Тарихшы-ғалым Бүркітбай Аяған ашаршылық құрбандары туралы мынадай деректер келтіреді: «Жалпы, отандық зерттеушілер бүгінге дейін 1921-22 және 1932-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарының санына келгенде, әртүрлі мәліметтер береді. 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтан минимум – 1,5 миллионнан – 2,2-2,3 миллионға дейін, максимум – өмірге келмеген ұрпақтың саны туралы мағлұматтарды қоса есептегенде 4 миллионға дейінгі сандар көрсетіледі». Бір сөзбен айтқанда, 4,5 миллион қазақтан небәрі 1 миллион 800 мың қазақ аман қалды. Міне осы қазақты 1941-45 жылдардағы сұрапыл соғыс күтіп тұрған болатын. 1945 жылғы тауық жылы 4 жылға созылған соғыс аяқталып, қазақтың көңіліне қуаныш ұялады. Алайда соғыстағы ауыртпалық қарашаның шымбайына батып, әбден титықтатып тастаған болатын. Тұрмыс ауыртпалығынан бөлек, анасы баласынан, әйелі ер азаматынан айырылды. Екінші дүниежүзілік соғысқа елімізден 1 млн 200 адамнан 1 млн 400 мың адамға дейін аттанған екен. Өкінішке қарай, 600 мыңға жуық отандасымыз соғыстан оралмады. Ресейдің әскери деректеріне сүйенсек, сұрапыл соғыста 126 мыңға жуық қазақ жауынгері қаза тапқан. Шын мәнісінде соғыста қаза тапқандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі большевиктер орыс емес ұлттарды алдыңғы шепке қойып, өздері тасада қалғаны белгілі. Демек, 1921 жылдан бастап, 1945 жылға дейінгі 24 жылда 6 миллион қазақтың шамамен 4,5 миллионы қырылды. 1957 жылғы тауық жылындағы еңбектерде ауыл шаруашылығындағы астық өндіруден өсімнің мол болғандығы жазылғанмен, 1957 жылы астық екі жарым есе кем өндірілсе, 1963-1964 жылдары егіс көлемі бес есеге кеміген. Ғалымдардың зерттеуі бойынша тың игеру жылдарындағы топырақтың сапалы қыртысының 15-20 пайызы, ал кейбір жерлерінде 23 пайызға дейін бүлініп құнарсызданған. Ең бастысы – жылдар бойы мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан қазақ халқының мал басы күрт төмендеді. Ұсақ мал үш есеге азайса, жылқы саны 1916 жылы 4340 мыңнан 1961 жылы 1158 мыңға азайды, ал түйе саны 1928 жылға қарағанда сегіз есеге кеміген. Тыңайған аймақтың 700 қазақ мектебі орыс тіліне ауыстырылып, 1960 жылдың басында облыстық, аудандық барлық қазақ газеттері жабылып, іс-қағаздар мен байланыс, телеграф қызметтері орыс тілінде жүргізіле бастады.  Сондай-ақ, 1957 жылы қазанның 4-інде Байқоңыр ғарыш айлағынан ғаламшар тарихында алғаш рет жердің жасанды серігі ұшырылды. 1969 жылғы тауық жылы қазақтардың есінде қатты қысымен есте қалды. Соның салдарынан төрт түлік мал жем-шөптен ашығып қырылды. 1981 жылғы тауық жылы Кеңес үкіметінің орыстандыру саясаты күшейгенімен, одақта саяси дағдарыс байқала бастады. КСРО-ны 1966 жылдан басқарып келе жатқан Брежнев 1982 жылы қайтыс болып, оның орнына Андропов келеді. Небәрі екі жыл ғана КСРО-ны басқарған ол елде қатаң тәртіп орнатады. 1993 жылғы тауық жылында қазақ халқы тәуелсіздіктің 2 жылдығын атап өтті. Азаттықтың алғашқы жылдарында қараша халықтың жағдайы өте мүшкіл болды. Алайда дәл осы жылы қазақтың ұлттық валютасы теңге айналымға енді. Әлеуметтік жағдайы нашарлап, әбден титықтаған халықты төл теңгенің жарыққа шығуы серпілтіп тастады. Әу баста 1 АҚШ доллары 4,7 теңге болған еді. Ал 1994 жылдың қаңтарында теңге 10 есеге жуық құнсызданып кетті. Бірақ қалай болғанда да 1993 жылдың тауық жылы қазақтар үшін құт жылы болды. 2005 жылғы тауық жылы елімізде сайлау жылы болды. Аталған жылы Парламент сенаты мен Президент сайлауы өтті. Сондай-ақ осы жылы Қазақстан мен Ресей арасында тарихи қадам – «Қазақстан-Ресей шекарасы туралы» Заңы бекітілді.

Тауық жылы табысты жыл болғай

Шығыс күнтізбесі бойынша, Тауықтың табиғат күші – От, сондықтан Тауық отты, қызба болып есептеледі. Негізгі түсі – қызыл және қызылға жақын реңктер, алтын түстес, қызғылт, сары. Көптеген жұлдыз белгілері үшін 2017 жылы келеңсіздікке толы болуы мүмкін. Әтештің қызба мінезі секілді долы уақыттың қай жағынан тосынсый жасайтынын болжай алмайсың. Мәселелердің көп болатыны соншалық, біреуін жайғамай жатып екіншісі туындауы мүмкін, уақытылы дұрыс шешім шығару үшін бәрін бақылауда ұстауға тура келеді. Және біз айтқан өзгеріс адамдардың қоғамдық өмірінде ғана емес, бүкіл әлемде орын алады. Сондықтан да астрологтар Тауық жылының тосын оқиғаларынан сақтануға шақырады. Алайда Тауық әрекетсіз отыруға төзбейді, барлық іс-әрекетте ұқыптылық пен тәртіпті қалайды. Тауық – мансапқор, көшбасшы, ұйымдастырушы, жауапты, жетекші, көптеген амал-әрекеттің ортасында жүреді. Егер сіз өзіңізге сенімді болсаңыз, яғни өз ісіңіздің шебері болсаңыз, бұл жыл сіздің жылыңыз. Өз шаруаңызға берілген жан болсаңыз, көп нәрсеге қол жеткізесіз. Жұлдыз жорамалы бойынша, Тауық жылы адамдарға кейбір міндеттемелерді қабылдай отырып, жауапкершілікті сезінуге үндейді. Тауықтар – аузын ашса, ар жағынан жүрегі көрініп тұратын ақкөңіл адамдар. Еңбексүйгіш, батыл. Әрнеге әуесқойлығы да басым келеді. Жұрттың назарында болғанды, өзін мақтағанды жақсы көреді. Ешкімге сенбейді, тек өз дегенімен жүреді. Тауық атына заты сай, ширақ мінез танытуы мүмкін. 2017 жылдың басында әтеш бірқалыпты, байсалды болғанымен, көктемге қарай құс түрлі жаңалықтарымен баршаны әуре-сарсаңға сала бастайды. Бұл жылдың басты қағидасы – өмірдегі кез келген өзгеріске философиялық тұрғыдан қарау. Әтеш жарқырап топтың алдында жүргенді ұнататындықтан адамдардан да сондай мінез күтеді. Түрленіңіз, бейнеңізді құбылтып, «эксперимент» жасаңыз, себебі әтеш өзгерісті ұнатады. Қатып қалған ережеге бағынбай, өз ішкі түйсігіне сенетіндерге жыл символы міндетті түрде көмекке келеді. Бұл жылы кез келген интеллектуалды жұмыс өрге басады, әсіресе шығармашылық еңбекпен айналысатындардың жолы болады. 2017 жыл қаржылық тұрақтылығымен де қуантады. Себебі, әтеш шоқып жейтін дәнді іздеп жүріп табады. Ол бұнымен шектелмей, баршаға тиімді табыс көзін табуға көмектеседі. Отбасылы адамдардың өмірі де бірқалыпты болмайды. Әсіресе, сәбиі жоқ отбасылар да биыл бала сүюді ойластырғаны жөн болар. Себебі тауық жылы туған балаларды жарқын әрі ғажайып өмір күтіп тұр деген болжамдар жиі кездеседі. Тауық жылы туған сәбилер саясатта, жалпы өмірдің кез келген саласында биік асуларды бағындырады екен. Ал тауықтың іс-әрекетіне қарап ауа-райын қалай болжап келген, енді соған оралайық. Тауық биікте қонақтаса, сондай-ақ, жерге аунап, қанатын тазалай бастаса, жауын жауады. Егер қыс кезінде тауық ерте қонақтаса, күн суытады. Жаңбыр жауып тұрғанда тауық далада жем іздеп жүрсе, онда ақ жаңбыр болады, яғни ұзаққа созылады. Әтеш қыста бір аяғын көтеріп тұрса, күн күрт суытып, аяз болады. Ал жаңбырлы күні әтеш таң атпай шақырса, күн ашылады деп болжанған. Ислам дінінде тауық періштені көргенде шақыратыны айтылады. Қораздың қызба мінезі, көптің көз алдында жүргенді ұнататыны айтылады. Әрине, бұл да жаман қасиет емес. Осылай бола тұра, «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы» деген секілді келеңсіз мәтелдер де кездеседі. Аңыз-әфсаналарда алтын жұмыртқа табатын ерекше тауық жайлы әңгімелер де көп. Жаратушының әр жылы тұрғай, әр күні сәтті саналады. Демек, адами өлшемдермен сараланған болжамдарды талғамай қабылдай беру де дұрыс емес. Адам өмірінде әр жыл өз ерекшелігімен есте қалатынын қаперге саламыз. Не дегенде де, біздің естіп, біліп, көріп жүргендеріміз адамзат баласы ойлап тапқан һәм өмір тәжірибесінен алған болжам мен тұспалдар ғана. Демек, адами өлшемдер соңғы, кесімді үкім бола алмайды. Шариғат жолымен келіп айтар болсақ, қасиетті Құранда: «Олар ойларына ғана ілеседі де, мүлдем жорамалдайды» деген аят алдымыздан шығады.

Серіктес жаңалықтары