51034
Атыраудағы ұлттық қыздар мектебі сәләфизмді насихаттай ма? – Директор жауабы
Атыраудағы ұлттық қыздар мектебі сәләфизмді насихаттай ма? – Директор жауабы
Атырауда жаңа ашылған «Қазақ ұлттық қыздар мектебінің» төңірегіндегі даулы ақпаратқа қатысты мектеп директоры Жұмазия ЖОЛМҰХАНОВА «АЖ» тілшісіне өз комментарийін берді деп хабарлады turkystan.kz.
Оның айтуынша, мектепте сәләфизм идеологиясының үгіт-насихаты жүреді деген ақпарат жалған және мұнда оқушылар еліміздегі мемлекеттік білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларының талаптарына сай оқытылады.
Бұған дейін блогер «Адырна» сайтына Атырауда жаңа ашылған «Қазақ ұлттық қыздар мектебінің» сәләфилік бағытта екенін және онда исламистер бүлдіршін қыздардың құқығын таптап, бет-жүзін тұмшалауға итермелейтінін жазып, видеожазба жариялаған. Кейін бұл мектептің әлі лицензия алмағаны белгілі болды. Бұл ақпарат «АЖ»-ға жарияланған соң мектеп директоры Жұмазия Жолмұханова бізді мектептің ішкі тәртібімен танысуға шақырып, сауалдарымызға жауап беруге келісті.
«Қазақ ұлттық қыздар мектебі» биыл 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдады. Бұл - бастауыш сыныпқа арналған қазақтілді жеке мектеп. Қазір мұнда 7 сынып бар, әрқайсысында 15-20 қыз балаға дейін оқиды. Мектептегі барлық оқушының саны – 117. Олар мұнда екі ауысыммен оқиды. Ал педагогтар саны директормен бірге қосқанда – 15. Ж. Жолмұханованың айтуынша, ұстаздар жеткілікті, олардың барлығы да мұнда қосымша жұмыс істейді. Негізгі жұмыстары қаладағы кәдімгі жалпыға орта білім беретін мемлекеттік мектептерде. Түске дейін сол мектептегі сабақтары біткен соң, түстен кейін жұмысын осында келіп жалғастырады.
Бізге асхананы, кітапхананы, сынып бөлмелерін, дене шынықтыру залын, оқушыларға арналған шкафтар тұрған жерді көрсетті.
- Міне, көріп тұрсыз ғой, кітапханаларда бірде-бір діни кітаптар жоқ. Бәрі де бастауыш сынып оқушыларына арналған оқулықтар мен әдебиеттер. Оларды қалалық кітапханалар уақытша пайдалануға берді. Оқу жылы біткен соң апарып береміз, - деді Ж.Жолмұханова.Мектепке кіреберісте ілінген «ҚР 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 7-бабы 3-бөлігі 3-тармағына сай «Құдайға құлшылық етуді, діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге (жасауға), сондай-ақ, миссионерлік қызметті жүзеге асыруға: білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында жол берілмейді» деп жазылған тақтайшаны байқадым. Директор оны 1 қыркүйекке дейін-ақ ілгенін айтады. Мектептің іші балабақшаны еске түсіреді. Қабырғалары көңілді суреттерге толы. Жолмұханова ғимараттың балабақшаға арналып салынғанын, ал мектеп құрылтайшылары қазір бұл ғимаратты жалға алып отырғандарын алға тартты. Бұл жеке мектеп болған соң мұнда оқу да ақылы. Алғашқы жарна ретінде 100 000 теңге және ай сайын 30 000 теңге төлем төлеп отырады. «Бұл ақша мұғалімдердің жалақысын төлеуге, мектепке қажетті керек-жарақты алуға жұмсалады», - дейді директор. Ал мектеп мұғалімдері мұнда еңбек өтілі мен санатына қарамастан бәрі бірдей 160 000 теңге айлық алады. «Ал, мектеп лицензиясын алған соң санаты есепке алынып, жалақы бұдан жоғары болады», - дейді Ж.Жолмұханова. - Жұмазия Бозайқызы, мектеп құрылтайшылары кімдер? «Адырна» сайтында Есбосын Асан Балғабайұлы мен Розыев Мұрат Довлетович деп көрсетілген. - Иә, «Адырна» сайтында айтылғандай, олардың Түркіменстанға қатысы жоқ. Екеуі де Қазақстан азаматтары, Атырауда тұрады. Екеуі де намаз оқиды, бірақ Әбу-Ханифа мазхабында. Екеуі де кішкентай қыздарымыз білім алсын деп мектеп ашты. - Сіз олардың рұқсатымен беріп отырсыз ғой сұхбатты? - Иә, олардан мектеп туралы айтуға рұқсат алдым, ал өздері туралы өздері айтсын. Олардан 29 маусымда мектепке директор болуға ұсыныс түсті. Мен қандай мектеп екенін сұрағанымда, олар мемлекеттік білім стандартына сай мектеп ашқысы келетінін, бірақ, онда тек қыздар оқитынын айтты. Бұл идея маған қатты ұнады. Олар бұрыннан сондай мектеп ашуды ойлап жүр екен. - Мектеп бағыты қандай болады деді? - Қыз балаларға жалпы білім берумен бірге, қыздар тәрбиесіне көп үлесін қосқан Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсарин, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының өмір-өнегесін, мұраларын, қазақтың дәстүрлерін оқытуға бағытталса деп тілек білдірді. Күні кеше ғана осы тақырыпта ашық сабақ өткіздік. - Құрылтайшылар оқу бағдарламасына, мектептің идеологиясына кіріспейді ғой? - Жоқ, олар тек қаржылай көмек беріп, қажеттіліктерімізді өтеуге жұмыстанады. - Мектепте сәләфизм бағытын насихаттайды, қыз балаларға орамал тағуға мәжбүрлейді деген әңгіме қайдан шыққан? - Мектепте намаз оқитын отбасылардың қыздары оқиды. Намаз оқып, орамал тағатын қыз балалар басқа да мемлекеттік мектептерде оқып жатыр. Мектебімізге орамал тағып келетін қыз балалар бар, бірақ, бізде де басқа мектептердегідей бірдей мектеп формасы талап етіледі. Сондықтан біз де мектепке кіргенде орамалын шешіп кіруді талап етеміз. Оған ешбір ата-ана қарсылық танытқан жоқ. Блогердің «Адырна» сайтына жариялағаны теріс ақпарат. Мен мұндай блогердің өмірде бар-жоғын да біле алмай отырмын. Біздің мектептің ата-аналары арасында ондай есімді ешкім жоқ. Оның көздеген мақсаты не екенін де түсіне алмай отырмын. Ол қыздарды мектептің сыртынан түсіріп алған. Ал бізде қыз балалар ішке кірген соң бірден орамалын шешіп, шкафына салады немесе сөмкесіне салып кіреді. - Енді мектеп лицензиясына келсек. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының м.а. Бердібек ТАИШЕВ бұл мектепке өкілетті органдардан лицензия берілмегендігін хабарлады. - Жекеменшік мектепке Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті рұқсат берген соң алты ай ішінде лицензия алуға құжат жиналады. Мен Бердібек Таишевтің қабылдауында болдым. Ол мектебімізді Ұлттық білім беру деректер қорында тіркеді. Мектеп жұмысына рұқсат берді. Рұқсат мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы жиналып, білім стандартына сай сабақ жоспары жасақталғанда беріледі. Мектеп толық жабдықталып, лицензия алуға құжаттар жинақталған соң лицензия беріледі. Лицензия алынбаса, өкілетті органдардың алты айдан соң мектепті жауып тастауға құқығы бар. Ал қазір біз парталарды толықтырдық, кабинеттерді жабдықтап, пандустарды жасатып жатырмыз. - Өзіңіз туралы таныстырып өтсеңіз. - Мен математика пәні мұғалімімін. 7 жасымда анамнан жетім қалған соң ба, кішкентайымнан балаларға жылу сыйлағым келіп тұратын. Білім саласына келмей тұрып, төрт жыл «Шаңырақ» балалар үйінде істедім. Содан соң Серік Аманғалиев қалалық білім бөліміне тәрбие жұмысын басқаруға шақырды. 2018 жылы немерелі болғасын, оның үстіне жалақым төмен түсіп кеткен соң шығып кеттім де бизнеспен айналыстым. Себебі, жалақым 63 мың теңгеден 53 мың теңгеге түсіп кетті. Кейін 2021 жылы enbek.kz сайтына тіркеліп, жұмыс іздедім. Сөйтіп №32 мектепке математика пәні мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Бірақ қыздарға арналған мектепті басқаруға ұсыныс түскенде маған идея ұнап, осында ауыстым. - Мектепте қосымша үйірмелер бар ма? - Жоспарда шахмат, шашка үйірмелерін ұйымдастырғым келіп отыр. Құрылтайшыларымыз қолдаса, тоқыма, бисер тоқу өнерлерін үйрететін үйірмелер ашқым келеді. Бізде әр кабиетте әр мұғалімге ноутбук, принтер алып қойдық. Мұғалім қайдан бастырамын, қағазды қайдан шығарамын деп басын қатырмайды. - «Адырна» сайтындағы ақпараттан соң мектеп мұғалімдері арасында жұмыстан шығып жатқандар бар дедіңіз... - Иә, «отбасылық себептермен» деп шығып жатыр, енді біріне негізгі жұмысындағы мектеп директоры рұқсат бермей жатыр дейді. Мен мұның бәрі осы жалған ақпараттан соң болып жатыр деп ойлап отырмын. Адамға кері әсер ететін ақпараттар ғой. Мені сындырған жоқ, бірақ жеке басыма қатысты ақпарат қатты ауыр тиді (осы жерде бір босап алды -авт.). Жедел жәрдем шақырттым. - Иә, құрылтайшылар өздері туралы өздері айтар, ал сіз туралы ақпаратты өзіңізден естісек. - Иә, менің туған інімнің қызы мен күйеу баласы Сирияға кетіп қалды. Жеті жыл бұрын. Олар әлі жоқ, бірақ, кәмелетке толмаған 2, 3, 5 жастағы үш баласы 2019 жылы «Жусан-3» операциясы арқылы Атырауға жеткізілді. Олар құда мен құдағайдың қолында, Ақтауға көшіп кетті. Балалар анасын көрдік дейді, әкесін білмейді. Қызымызды әлі күтеміз.