Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде Рим папасы Франциск қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ілімімен сусындауға шақырды деп хабарлады turkystan.kz Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап. Кеше азаматтық қоғаммен кездесуінде понтифик ұлттық аспап – домбыраны тілге тиек етсе, бүгін қазақтың ұлы ақыны Абайдың іліміне әлем назарын аудартты.
«Ол өзінің артынан діндарлық сіңген туындылар қалдырды. Абай адамгершіліктің бастауы – махаббат пен әділдік екенін еске салады. Қандай жағдай болмасын, зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды. Құдай баршамызды соғысқа емес, бейбітшілікке үндейді. Сол себепті қақтығысты қару-жарақ пен қоқан-лоққының күшімен емес, Жаратушыға ұнамды, адамға лайықты құралдармен шешуге тырысайық», - деді Рим папасы астанада өтіп жатқан съезде.Католик шіркеуінің басшысы Абай білім мен таным көкжиегін кеңейтуге шақырғанын атап өтті. «Абай білім-ғылымға ұмтылып, өзгелердің мәдениеті мен дәстүрін тануға, тарихы мен әдебиетін оқуға үндеді. Сіздерден өтінерім: қаруға емес, білімге ақша құяйық», - деді Рим папасы. Айта кетері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі екі күнге созылады. Шараға елу елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген. Діни форумға Рим Папасы Францисктен бөлек, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, бірқатар халықаралық ұйым өкілдері қатысып жатыр. Айта кетейік, бұл - Рим Папасының пандемиядан кейінгі шетелге алғашқы сапары.