50470
Ұлт өнерін ұлықтаған – Заңғар Еркебекұлы
Ұлт өнерін ұлықтаған – Заңғар Еркебекұлы
Қазақта «өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей болды» деген бейнелі сөз бар. Ата-бабаларымыз салып кеткен жөн-жосық, салт-дәстүр, өнеріміз ұмыт қалып жатқанда үлкендер осы сөзді жиі айтады. Таяуда «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен Таразда өткен «Қасиетті қазақ елі» фестивалін тамашалаған үлкендеріміз онда тамыры ар жағынан тартатын ұлттық өнеріміз бен құндылықтарымыздың жадымызда жаңғырғанын жарыса айтып жүр. Көне шаһарға Түркия, Иран, Моңғолия, Қытай, Ресей, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан арнайы шақырылған 35 өнерпаз қандасымыз мүшәйра, терме мен күй, қолданбалы өнер және вокал номинациялары бойынша өз өнерлерін ортаға салды.
Соның ішінде терме номинациясы бойынша 2-орынды иеленген Баян-Өлгей тумасы Заңғар Еркебекұлы фестиваль қатысушыларының ерекше әсермен тарасқанын айтады.
«Бұл фестивальдің бірінші ерекшелігі – Тараз секілді көне де тарихи қалада өтуі. Бізді бір күн бұрын ерте жиған ұйымдастырушылар қаланың тарихымен таныстырып, көне жерлерін аралатты. Сосын Түркия, Ресей, Қытайдан келген термешілердің өнеріне тәнті болдым. Бұрын-соңды олармен кездесіп көрмеген мен олардың сахнада өзін ұстауы, киім киісі, сөйлеу мәнеріне таң-тамаша болдым. Әсіресе, Ресейдің Астрахань секілді аймағынан келген өнерпаздың орындау шеберлігіне таңғалдым. Ол да өзіміз секілді төл өнерді барынша сақтап, жүрген жерінде насихаттап жүрсе керек. Содан соң қолөнер шеберлігі номинациясы бойынша сынға түскендердің арасынан Түркиядан келген қандасымызды ерекше атап өтер едім. Оның қолынан шыққан дүниелерді көріп, ауызым ашылып, қатты таңырқадық», – дейді Заңғар өзге мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыздың ұлттық өнерімізге деген ықыласы жоғары екеніне риза болғанын жасырмай.
Заңғар Баян-Өлгей өлкесіндегі Қызыл қайың ауылында туып-өскен. «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» демекші, жастайынан сан түрлі сезімді бастан кешірген Заңғар көкейіндегісін қағазға түсіріп, жазба әдебиеттің өкілі болуды көздеген. «Бірақ Тәңірдің берген дарыны осы болса керек. Сахнаға қолыма домбырамды алып шығып, дәстүрлі әнімді айтып бастағалы бері термешілікке әуес болдым. Ертеден келе жатқан төл өнерімізді жастарға насихаттағым келді. Ондағы қуатты сөздер арқылы үлгі көрсеткім келді. Кішкене күнімнен Қайрат Байбосынов, Рамазан Стамғазиев, Ерлан Рысқалидың әндерін тыңдап өстім. Қазір Мейрамбек Бесбаевтың репертуарындағы термелерді жаттап алып, той-томалақтарда, түрлі жиындарда айтып жүрмін. Мен бұл өнерді ерекше бағалаймын. Термешіліктен енді ажырамаспын», – дейді Заңғар.
Қаймағы бұзылмаған нағыз қазақы жер – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында 120 мыңға жуық қазақ тұрады. «Қазақ көп шоғырланған ондай ортада дәстүрлі өнер де назардан тыс қалмайтын шығар?» деген сұрағымызға Заңғар: «Сіз секілді бізде қазақилық жағы басым болған соң барлығы солай ойлайды. Бірақ қазір біздегі таразы басында эстрада бағыты басым болып жатыр. Сосын Қазақстандағы танымал реперлерді тыңдайтын жастар көп екенін жасырмау керек. Бұл – заманның шындығы. Қазақстанда бізбен салыстырғанда дәстүрлі ән өнеріне қолдау басым. Үлкен қолдау көрсетіледі. Бізде жастар көп болғандықтан, олар термені жиі тыңдамайтынын айта кету керек. Сол үшін термені ұлттық мерекелер мен тойларда, басқа да жиындарда мүмкіндік беріліп тұрғанда насихаттап қалуға тырысамыз», – дейді қандасымыз. Десе де, төл өнеріміздің іздеушісі мүлде жоқ деп тағы айтуға болмайтынын айтады. «Мысалы, Тараздағы сол фестивальге барар кезде өлкемізде тұратын аталарымыздың ауызынан бірнеше термені жазып алдым. Әдетте үлкен кісілер термені ұйып тыңдағанды жақсы көреді. Дей тұрғанмен, ұлттық өнер десе ішер асын жерге қоятын жастар жиындарға, тойларға, басқосуларға термешілерді арнайы шақырып, ерекше құрмет тұтып, төбеге көтереді», – дейді Заңғар осындай жастардың қатары арта түсетініне сенім білдіріп.
Тараздағы фестивальге қандастардың көбі іс-шара біте салысымен елдеріне оралды. Бірақ Заңғардың өнеріне тәнті болған Қазақстанда мәдениетті дамытуға жауапты тұлғалар оның атажұртта бірнеше күнге тұрақтауын өтініп, түрлі іс-шараға шақырған.
«Алматыда Ұлттық музейде өткен іс-шараға қатысып, көпшілікпен бірге Абай күнін атап өттім. Содан мені көрген Астанадағы жастарды дамыту орталығының өкілдері «АМАNAT» партиясының қолдауымен бас қалада өткен бірқатар іс-шараларда өнер көрсетуімді сұрады. Мұны мен бауырға, қандасқа, алыстан келген ағайынға, төл өнерге деген құрмет деп қабылдадым», – дейді Заңғар атажұртта өзінің өнеріне сұраныс бар екенін байқағанына таңырқай.
Ұйымдастырушылардың Қазақстанда өтетін осындай рухани кештерде әрдайым назардан тыс қалдырмайтынына риза болған өнерпаз болашақта осында түбегейлі көшіп келгісі келетінін де жасырмады. «Бұйырса, термешілік өнерді саф алтындай сақтай отыра атажұртқа ат басын бұруды көздеп отырмын. Атажұртымыз, ата қонысымыз Қазақстан болған соң оған деген сүйіспеншілігіміз, оған деген құрметіміз ерекше. Жиі барып тұрамыз. Отбасым, Құдай берген екі перзентім бар. Ата-анам осында тұрады, бірақ інім мен қарындасым Қазақстанда оқиды. Туған-туыстың тоқсан пайызы сонда тұрады. Біз де көп кешікпей ондағы туыспен, алты алашпен табыссақ деймін. Қазақстанда театр, мәдениет саласында қызмет етсем деймін. Құдай қаласа, бұл мақсат алдағы бір жылдың ішінде орындалып қалар», – дейді Заңғар.
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ