«Сіздерге осы оқиғаны баяндау үшін тәліптерден ноутбугімді жасырдым» – ауған қызы

«Сіздерге осы оқиғаны баяндау үшін тәліптерден ноутбугімді жасырдым» – ауған қызы

«Сіздерге осы оқиғаны баяндау үшін тәліптерден ноутбугімді жасырдым» – ауған қызы
ашық дереккөзі
«Талибан» қозғалысының Ауған билігін құлатып, елде репрессия жасап жатқанына жылдан асты. Жапа шеккендердің дені – әйелдер. Бушра Седдик – Ауғанстаннан кішкентай сіңлісімен қашып, артта тағы бір сіңлісін және анасын қалдырып кеткен журналист қыз. Ол өзінің тағдырын және көргенін Atlantic журналына жазған екен. Turkystan.kz аталған мақаланың аудармасын назарларыңызға ұсынып отыр.  2021 жылдың 26 тамызында кешке қарай SMS-хабарлама келді. Бұған дейінгі 11 күнде «Талибан» Ауған билігін құлатқан болатын. Германияда білім алып жатқан жазушы құрбым менің отбасыма көшуге көмектескісі келді. Ол Германия билігі және бір коммерциялық емес ұйыммен тез арада бізді эвакуациялау үшін, яғни, мені және екі кішкентай сіңлімді Франкфурт рейсі арқылы ұшатын жолаушылардың тізіміне қосқан.
«Ал анам ше?», – деп сұрадым. Жауап бірден келмеді. «Ол кісіні тізімге қоса алмадым», – деді сәлден соң. Мен оған жалынышты күймен: «Өтінемін, менің ағаларым кетіп қалды, ал әкем екінші әйелімен тұрады. Анамның бізден басқа ешкімі жоқ. Құдай үшін, бірдеңе істеші», – деп өтіндім.
Бірақ одан ендігі қайыр болмады. «Олардың бар ұсынғаны осы. Мен сенің бұл шешімді қабылдау үшін қиналатыныңды білемін», – деді құрбым. Ол бізге нақты жауап беру үшін тек 20 минут уақытымыз бар екенін айтты. Егер баратын болсақ, онда заттарды жинап, таксиге құпия орынға дейін жеткізуді сұраймыз; ол жерде бізді әуежайға тасып жатқан адамдарға апаратын автобус күтеді. Санаулы апта бұрын ғана менің өмірім тыныш әрі алаңсыз еді. Біз ауған әскерінің әлсірегенін, соғыста ондаған әскердің қаза болатынын білдік. Тіпті жаудың Кабулға жақындап қалғанын түсіндік. Соған қарамастан қалада кафелер, офис және мектеп жұмыс істеп тұрды. Адамдар ән айтып, билеу үшін мейрамханаларға барып жүрді, таксиде әуен ойнап тұрды. Мен 21-ге толдым, енді ғана газетте жұмысымды бастаған едім. Бүкіл қала бойынша сюжет жинадым: маған адамдар туралы жазған ұнады, әсіресе, кедейлік пен кімнің үні естілмейді солар туралы жазған. Мен олардың қуаныш пен қағида болатын әсерлерін, тағдырларын жаздым. Әкем – Гор провинциясындағы бөлек жатқан Толак ауданынан. Ол жақта «Талибан» билігі құлап, 20 жыл өтсе де әлі күнге дейін әйелдерді таспен ұрып өлтіретін. Менің білуімше, ол жақтан шыққан бірде-бір журналист жоқ. Әрдайым мынаны есімде тұттым: осы өмірімнің бәрі әкемнің арқасы. Ол бізді Кабулға көшіру үшін тынбай еңбектенді. «Талибан» қайта оралды. 15 тамызда билік құлап, ұлттық қауіпсіздік қызметі шашырап, ал президент Ашраф Гани елден қашып кетті. Ол өзінің елін тастап кетті, оның ізімен Еуропа АҚШ та солай істеді. Егер мен Ганиды бүгін көріп қалсам, оған айтар сөзім қалмас еді. Мен жай ғана оның алдында тұрып және көзіне қарайтын едім, оның жас әйелдің үйсіз қалған күйінің қандай болатынын сезгенін қалар едім. Өмірі талибандар туралы естіп өстім, бірақ оларды көрмеген едім. Енді міне олар Кабулдың әр түкпірін қарауылдап жүр. Менің бар отбасым АҚШ елшілігінің қасындағы анамның үйіне жиналды; мен, менің кішкентай сіңлілерім және анам, тағы әкем, өгей анам және олардың бес баласы. Биліктің құлауымен бірге газеттегі жұмысым да жайына қалды. Оның үстіне жұмысқа баратын жол да тым қауіпті еді; бізден ешкім пәтерді тастап, сыртқа шықпады, тек дүкенге түстік. Тар болса да, біз бірге болдық. Қазір маған ең жақын адамдарының бірін таңдау керек. Анамды жалғыз қалай тастап кетем? Ал бір сіңлімді тастап кетсем, қайсысын қалдырам? Егер қалып кеткен сіңлімді өлтіріп кетсе ше? Егер қашып бара жатқан сіңлімді өлтірсе ше?
Мен, анам, кішкентай сіңлім Сара және ортаншы Асман бәріміз менің қызыл-ақ араласқан пердесі бар бөлмемнің еденінде отырып не істейтінімізді талқыладық. Мен біздің отбасымыздың нысанада екенін білдім, себебі: екі үлкен ағам да америкалықтарға қызмет істеген, оларды эвакуация жасап алып кетті, ал мен жұмыс істейтін әйел баласымын. Бірақ менің кеткім келген жоқ. Әсіресе, анама қарған кезде – маңдайынан кесілген әжімдерге, сұр шашқа, ол елуден асқан көрінеді, өйткені бұл Ауған әйелі мен анасының өмірі. Соңында ол біз үшін деп шешім қабылдады. «Сендер Сара екеуің кетесіңдер, – деді маған. – Біз Асман екеуіміз қаламыз».
Сара сол кезде 16 жаста еді. Ол армандағанда және ізденгенді жақсы көретін, өскенде ұшқыш болғысы келетін. Анам оның талибандар келгенде күресуге шамасы, күші жетпейтінін түсінді. Асман 19  жаста-тын. Үйдегі ең жуасы әрі ең мейірімдісі осы. Біздің арамыз тек екі жас, бәріміз егіздер секілді өстік. Ол мен үшін сіңлімнен де артық жақын. Ол – менің бүкіл құпиямды сақтаушы. Анам Асманның кез келген қиындықты көтере алатынын білді. Бұл таңдаулардың ішіндегі ең ұтымдысы болды. Мен ше? Мен Сараға қарай аламын ба, жоқ па оны түсініп те үлгерген жоқпын. Бұдан бөлек ең жақын құрбымды қалай тастап кетемін? (Айтпақшы, Асман оның шын  аты емес, ол әлі Ауғанстанда, сондықтан материалда жазу қауіпті). Сара екеуіміз заттарымызды жинадық, бір-бір сөмкеден ғана алдық, анам бізге жолға деп – пірәндік, пирожки, су салды. Біз етегі ұзын қара көйлекті кидік, шашымызды орамалмен жаптық. Мен Асманның көзіне қарай алмадым. Менде онымен қоштасуға деген жүрек болған жоқ. Бәріміз жылап алдық. Сара екеуіміз есіктен шыққан кезде анам артымыздан су шашты, бұл – Ауғанстанда қалыптасқан дәстүрдің бірі. Бәрі өте тез болып кетті. Әкем басқа бөлмеде ұйықтап жатқан. Оны оятпадым, жай ғана есікті ашып, қаншама жыл қауіпті аймақта жүрсе де, балалары үшін, олардың оқуға баруына, жақсы өмір сүруіне жанын салған азаматқа қарадым. Содан кейін шығып кеттік. Автобусқа дейін 15 минут кетеді. Мен үшін дәл осы 15 минут ішінде уақыт тоқтап қалғандай болды. Терезе сыртындағы өмір, менің елім мүлде басқаша көрінді. Такси жүргізушісі тәліп еді, мен оны бірінші рет көрдім. Бұл 20 жастағы, ауған дәстүріне сай киінген – түгелімен сүр түсті, үстінен васкат деп аталатын қара күрмеше киген, басында қара тюрбан болды. Ұзын әрі қою қара шашы білегіне дейін түсіп тұр, көздері қап-қара – бәлкім көзді бояуға арналған қара сурьмоны пайдаланған болар, көпшіліктің ойынша, ол көздің көруін жақсартып, сырттай әділетті адам ретінде көрсетеді-міс. Одан бөлек оның винтовкасы болды. Айналамның бәрінде тәліптердің ақ туы, джип пен мотоцикл мінген қарулы ерлер жүр. Қыз-келіншектер мүлде көрінбейді. Мен Сараның қолынан мықтап ұстап алдым. Мен енді оның анасы да, әкесі де боламын. Егер бізге бір жағдай болатын болса, жауапкершілікті мен арқалаймын. Біз жол жиегіне тоқтадық. Онда бес автобус күтіп тұр, жанында 250 ауғандық тұр: журналистер, құқық қорғаушылар және неміс үкіметіне қызмет еткен адамдар. Бейтаныс азамат тізім бойынша аттарды атап, кімнің қай автобусқа отыратынын реттеп жатты. Мен оған жақындап келіп (кейін оның есімі Джордан екенін және оның Австралиядан келген режиссер екенін, бірнеше жыл Ауғанстан туралы репортаж жасап жүргенін білдім) анам туралы сұрастырдым. Мүмкін оны тізімге қосуға болады? Бәлкім, әлі де кеш емес, Асман екеуін қосып алуға болатын шығар. «Өте өкінішті», – деп қана қайырды ол. Жалғасы бар…