242
Қазақстандағы Аблайкет будда монастыры қалпына келтірілмек
Қазақстандағы Аблайкет будда монастыры қалпына келтірілмек
Туристердің ерекше назарын аударту мақсатында Шығыс Қазақстан облысындағы Аблайкет (Аблаинкит) бекініс-монастырі қайта қалпына келтірілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аблайкет - бұл Ұлан ауданында орналасқан XVII ғасырдағы будда монастырі. Қабырғалары тастан қаланып көтерілген үлкен ғибадатхананың кітапханасы болған. Монастырь біздің заманға дейін алғашқы кейпінде сақталмаған. «Бұл ерекше әдемі әрі ұлы ғимарат болды. Бұл халықаралық деңгейдегі ескерткіш. Біз ғибадатхананы толығымен қалпына келтіре аламыз. Ол барша әлем туристерінің назарын аудартатыны сөзсіз. Осында Қытай мен Кореяның өкілдері қажылыққа келетін болады», - деді «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты форум барысында тарих ғылымдарының докторы Карл Байпақов. «Аблайкет» ғибадатханасының үйінділері республикалық маңызды ескерткіштер тізімінде мемлекеттік есепке алынған.
Ескерткіш Ұлан ауданы, Никитинка ауылынан 15 шақырым жерде Аблакетка өзені бойында орналасқан. Аблайкеттің құрылысы 1654 жылы басталған. Осындай ғибадатханалардың пайда болуы 17 ғасырда ойрат феодалдарының басып алған жерлерге жүргізген саясаты және Ресейден Қытайға шығатын сауда жолдарына бақылау орнатуымен түсіндіруге болады. Біздің өлкеге келген көптеген зерттеушілерді жоңғарлардың "Аблайкет" бекініс-монастрі қызықтырды. Бұл бекіністің құрылысы туралы алғаш рет Аблай ханның қыстағында қыстап шыққан Федор Байков хабарлаған-ды.
1735 жылы орыс геодезисі Василий Шишков ғибадатхананың сұлбасы мен алғашқы жоспарын жасады. Осы жерде Петербургтегі Азиаттар мұражайының алғашқы жәдігерлерін құрған қолжазбалар табылды. Бекініс қабырғалары граниті басым сланцті плиталардан өрілген. Бекіністің солтүстік-шығысында терең үңгір іспетті қуыс бар. Мұнда ұзақ от жағылғандығын көруге болады. Қабырғасы тегістелген. Бақылау пунктінің нобайына келеді. Сақталған қабырғалар биіктігі 2 метрге жетеді. Қабырғалардың 3 метр болғандығы байқалады, оны гранитты ірі тастардан салынған жанындағы екі метрлік биіктіктен топшылауға болады.