51257
Аяғы ауыр әйел көбірек сүт ішсе, сәбидің денсаулығы жақсы бола ма?
Аяғы ауыр әйел көбірек сүт ішсе, сәбидің денсаулығы жақсы бола ма?
Еуропаның Клиникалық диетология журналында (The European Journal of Clinical Nutrition) дат ғалымдарының зерттеуі жарияланды. Мұнда екіқабат кезінде көбірек сүт ішкен әйелдің сәбиі де ірі денелі болып дүниеге келетіні, ал өмірде бойшаң жасөспірім болып өсетіні айтылған.
Ғалымдар мұндай ғылыми тұжырымға 20 жыл зерттеу жүргізу арқылы келген. 658 аяғы ауыр әйелдің жалпы жағдайын бақылаудан өткізіп, сүт ішуіне байланысты дүниеге әкелген балаларының салмағы, бойы мен дене салмағы индексін өлшеп, бұлардың арасында белгілі бір заңдылықтың барына көз жеткізген.
Талдау көрсеткендей, күніне 140 граммнан көбірек сүт ішкен аналардың баласы сүт ішпегендерге қарағанда әлдеқайда бойшаң болып туылған. Ал бұл балалардың 20 жасқа жеткен кездегі өзге құрдастарымен салыстырғандағы бойы бірнеше сантиметр ұзын боп өскен.
Сүттің пайдасы
Ғалымдар сүттің құрамында ана мен бала денсаулығына пайдалы көп ингридиент бар, ол жатырда жатқан баланың биологиялық ерекшелігінен ерте пайдасын тигізетінін айтады.
Сүттің өзі амин қышқылдары мен кальцийге бай екені белгілі. Бірақ, бұдан бөлек, сүттің тағы бір қасиеті бар: ол – сүт құрамында сигналды молекулалар болады. Бұлар ағза жасушыларының бөлінуі мен өсуіне көмектесетін қабілетке ие. Яғни, анаболикалық эффектісі бар.
Бірақ бұл жерде айта кететін бір нәрсе бар, ол – сүттің табиғаты. Яғни, сүтті барынша табиғи, ешқандай өндірістік өңдеуден өтпегенін тұтынуға тырысу қажет.
Өйткені өндірістік өңдеуден, термиялық өңдеуден өткен, ферменттелген сүтте мұндай сигналды молекулалар аз болады. Себебі өндірістік өңдеу мұндай молекулаларды құртып жібереді. Сондықтан Гарвард медицина мектебінің ғалымдары мұндай сүтті күніне 1-2 стақаннан артық ішпеуді жөн санайды.