499
Мұса ЙЫЛДЫЗ: Ясауи руханияты қайта түлеуге тиіс
Мұса ЙЫЛДЫЗ: Ясауи руханияты қайта түлеуге тиіс
Байтақ даламызға даналық дәнін еккен Қожа Ахмет Ясауидің бай мұрасын ұрпақ жадында жаңғырта түсу мақсатында Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында ту тіккен Түркістан мемлекеттік университеті Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті ретінде қайта бой түзеді. Туысқан Түркия Республикасының қолдауымен білім айдынында құлаш кере самғап келе жатқан жоғары оқу орны – түркі жұртының тағылымды білім ұясына айналды. Бүгінде қаншама шәкіртті қанаттандырған университеттің жұмысын өнімді өрістетіп келе жатқан уәкілетті орган – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Өкілетті кеңесінің қарқынды қызметін айрықша атап өткеніміз жөн. Ал Өкілетті кеңес төрағасы, профессор Мұса Йылдыз мәртебелі міндетті қолға алғалы бері Ясауи мұрасының мазмұнын өскелең ұрпақ жадына сіңіруге күш салуда. Биыл ЮНЕСКО халықаралық ұйымының ұйғарымы бойынша «Ясауи жылы» деп жарияланған болатын. Осы тұрғыда ұлы ғұламаның философиясына сай шәкірттерді тәрбиелеу ісіне білек сыбана кірісіп, айтулы шаруаларды атқарып жүрген азаматтың айтары да көп.
– ЮНЕСКО халықаралық ұйымы 2016 жылды «Ясауи жылы» деп жариялады. Біз Түркі әлемі үшін орны дара тұлғаны қаншалықты түсіндік және қай деңгейде тани алдық?
– Биыл Қожа Ахмет Ясауидың өмірден озғанына 850 жыл толып отыр. Осыған орай, Түркия Республикасы атынан ЮНЕСКО-ға биылғы жылды Ясауиға арнау туралы ұсыныс түсірдік. ЮНЕСКО да біздің сұранысымызға маңыз беріп, 2016 жылды Ясауи жылы деп жариялады. Бұл ұсынысты Қазақстан, Қырғызстан мен Әзірбайжан бірауыздан қолдады. Ал аталмыш халықаралық ұйымға мүше 195 мемлекеттің тарапынан құпталуы, оның күллі әлемге жайған ілімінің адамзат баласын дін, тіл, діл мен ұлтқа алалап, бөлмеуінде жатса керек. Бұл Ясауи мұрасының әлемдік деңгейде кеңінен қанат жайып, адамзат санасында қайта жаңғыруына септігін тигізеді.
Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тарихи еңбегінің бірі – түркі жұртын ислам дінімен етене жақындастырғандығы. Дәуірлес жұрттың тілін терең меңгеріп, шығармаларын да сол тілде жазу арқылы қауымның көңілінде сенім ұялатып, ізінен ерте білді. Тәрбиелеген шәкірттері дүниенің төрт бұрышына таралып, ілім шуағын әлемге жайды. Әрине, Ясауи ілімін толық таныдық деп айту ерте. Өздеріңізге мәлім, түріктер 751 жылы мұсылмандықты қабылдаса, кейінірек Қарахандар мемлекеті ретінде исламға бет бұрды. Көшпелі түркі тайпалары тілдік кедергілерге байланысты жаппай исламға өте алмады. Сондай кезеңде Ясауидің ХІІ ғасырда Түркістанда ашқан мектеп-медреселерінде ислам халықтың өз ана тілінде түсіндіріліп, сол тілде хикметтер айтылды. Дінді түсіну жеңілдеген соң адамдар да топ-тобымен келе бастады.
– Білуімізше, Ясауи 99 мың шәкірт тәрбиелеген екен. Ясауи ілімінің Түркістаннан бастап, Орта Азияға, Анадолыға, сондай-ақ Балқан түбегі мен Африка елдеріне жылдам жайылуының сыры неде?
– Ясауи уақытты тиімді пайдалану мәселесін қарастыра келе, уақытты үшке бөледі. Ол 24 сағаттың үштен бір бөлігін бізді жаратқан Алла Тағалаға бағыштаса, тағы бір бөлігін шәкірт тәрбиелеуге арнаған. Мысалға, Түркиядағы түріктерге Қожа Ахмет Ясауиді танытқан адам Фуат Көпірұлы деген кісі. Оның айтуына қарағанда, Ясауи 99 мың шәкірт тәрбиелеген. Олардың қатарында білімді тұлғалар көп болған. Ясауидің шәкірттері Қорасан арқылы Анадолыға дейін, одан Балқанға дейін барып, дін жайды. Анадолының рухани діңгектері Мәулана, Қажы Бекташ, Жүніс Әміре, барлығы Ясауидің шәкірттері. Ал Балқандағы Гүл баба, Деміржи бабалар, Сары салтуклар да Ясауидің тәлімгерлері.
Балқан түбегіне келсек, Қожа Ахмет Ясауи тәрбиелеген Салтук Демирджи баба және Гүл бабалар дінді қалыптастырып, бір жағынан діни, екінші жағынан түріктік идеяларын қоғамға жаюға септігін тигізген. Олардың ерекшелігі сол, Қожа Ахмет Ясауи бабасы сияқты барлық адамға тең көзқараспен қараған.
Ясауидің адамзатқа арнаған ғаһлия нақылдары «Диуани хикметі» мен «Фақырнама» атты шығармасында ерекше көрініс тапқан. Ол достық, бауырластық, бірлік пен береке туралы терең толғап, төзімділік туралы жиі жазған. Оның шәкірттері де барған жеріне ұстазының өнегесі мен адамзаттың тыныштығына негізделген пәлсапасын таратқан. Мұндай игі ұғымды барған жерлері де жылы қабылдағанын айта кеткен жөн. Сондықтан да Ясауидің өнегесі Солтүстік Батыс Африкадағы Марокко мен Атлант мұхитының жағалауына дейін жеткен. Тіпті, Сібір, Қытай, Үндістанға дейін өнеге бола білді. Оның ілімінің тез таралуының себебі адамгершілікке, бейбітшілікке, білім мен ғылымға үндеуінде болса керек. Ол еңбектерінде исламның негізгі тіректері неден тұратындығын кеңінен қамтыған. Төрт тірек: шариғат, тарихат, мағрифат, ақиқат. Қожа Ахмет Ясауидің исламды төрт негізгі тірекке балап, исламды дүниежүзіне осы бағытта таратты. Ясауидің төрт тірегінің астары 40 қадамнан тұрады. Төрт тіректің әрқайсысында он есік бар. Он есік деген он қадам, жалпы алғанда қырық қадам. Мысалға айтсақ, бұл жомарт болу, өтірік айтпау деген сияқты қадамдардан тұрады. Демек, ислам діні бейбітшілікке, достыққа негізделген. Қазіргі таңда мұсылман елдерінде көптеген мәселенің туындау себебі – төрт негізгі тіректі толыққанды дұрыс пайдалана алмауында жатқан сияқты.
– Түркі халықтарының бірлігін арттыруға Ясауи ілімінің үлесі көп дейсіз ғой. Дегенмен, оны қоғамның кез келген буыны қабылдай ала ма? Балаға кішкентай кезден сіңіру үшін не істеу керек?
– Қожа Ахмет Ясауиді айтқанда, әлгінде айтқан «Диуани хикмет» атты еңбегі еске түседі. Былай қарағанда, оны ересектер ғана түсінуі мүмкін. Ал біз Ясауидің пәлсапалық және ізгілікті ойлары жас ұрпақтың санасына сіңе берсін деген оймен «Ясауи хикаялары» кітабын түрікше дайындадық. Онда Қожа Ахмет Ясауидің еңбектерінде үлкен маңызға ие, ел аузында жатталып қалған шумақтарды қысқа әрі ұғынықты тілмен бере білдік. Бұл кітапты кез келген адам сайтымыздан жүктей алады. Қазақшаға аударылып жатқан еңбек көп кідірмей оқырманмен қауышады. Тағы бір қуанышты жайт, көру, есту мүмкіндіктерінен айырылған азаматтарға Ясауи хикметтерін қолжетімді ету үшін арнайы дыбыстық һәм белгілермен жабдықталған оқу құралын даярладық. Демек, Ясауи ілімін жасөспірімдер мен жастарға насихаттаған кезде әуелі «біз түркітілдес елміз және мұсылманбыз. Халық арасына мұсылмандықтың ізін салған һәм жалғастырған бірден-бір адам – Қожа Ахмет Ясауи бабамыз» деп түсіндіруіміз керек. Яғни, жас буын өкілдеріне үлгі ретінде қалыптастыруға болады.
Сондай-ақ, «Ясауи жылы» аясында ғұламаның «Диуани хикметінің» шағатай, түрік, қазақ және орыс, ағылшын тілдеріндегі толық нұсқасы шықты. Бұдан өзге Ясауидің қабырғалы еңбегі «Фақырнама» мен «Салалар жинағы» да атаулы жыл аясында баспа бетін көрді.
– Соңғы кезде еліміздің телеарналарын түрік телесериалдары жаулап алғаны белгілі. Осы тұрғыда «Сұлтан Сүлеймен» тарихи фильмі сияқты жалпы түркі халықтарына ортақ тұлға Қожа Ахмет Ясауи жайында салмақты фильм түсіру ойда жоқ па?
– Біз бұған қатысты іс-шараны бастап кеттік. Бүгінгі таңда сценарийі толық қолға алынып жатыр. Бәрі де қаржы мәселесіне келіп тірелуде. Егер табылып жатса, оны қайда түсіру жағын да қарастырар едік. Бұдан бөлек Қазақстан мен Түркия тарапынан Қожа Ахмет Ясауи туралы анимациялық мультфильм түсірсек деп отырмыз. Әрине, фильмге қарағанда анимациялық мультфильмге көп қаржы кетпейді. Сондықтан да алдымен жас жеткіншектерге арнап мультфильм түсіру жоспарда бар.
– Ясауиді әлемге таныту жөнінде атқарылған іс-шаралар туралы айтып өтсеңіз...
ЮНЕСКО көлемінде атап өтілетін «Ясауи жылы» 2016 жылы басталып, 2017 жылы жалғасын табады. Біз «Ясауи жылына» арнап 25 тақырыпта 250 іс-шара өткізуді ұйғарғанбыз. Оның көпшілігі Түркия, Қазақстан мен түркітілдес мемлекеттерде жүзеге асты. Халықаралық симпозиумның алғашқысын Түркістандағы Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткіздік. Оған түркі әлемінің 235 ғалымы қатысты. Ал екінші халықаралық шара Анкарада жалғасты. Алдағы уақытта Алматы мен Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи халықаралық симпозиумы өтеді. Келер жылы Астанада Ұлттық музей және Түрік академиясымен бірігіп, ауқымды жиын өткізу жоспарда тұр. Бір сөзбен айтқанда, Ясауи руханиятын қайта түлетуге күш салып жатырмыз. Оның шығармаларының әрбір үйге жеткенін қалаймыз. Бүгін Түркі дүниесі мен Ислам әлемі бетпе-бет келіп отырған мәселелердің шешімі Ясауи шығармаларында бар деп есептеймін. Біз осы жылды ескеріп, халықаралық симпозиумдар өткіздік. Оның біріншісін Түркістанда, одан кейін Алматыда, Түркияда, Әзірбайжанда, келер жылы Қырғызстанда ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Біз Ясауи ілімін тарататын мектептер ашуды көздеп отырмыз. Түркияда Қожа Ахмет Ясауи атында 76 мектеп бар. Біз мұны 86-ға жеткіздік. Ал 2017 жылдың аяғына дейін 100-ге жеткізсек деген жоспар бар. Мұндағы мақсат – сол мектептерден Қожа Ахмет Ясауи сияқты түркі әлеміне танымал тұлға шықса, онда түпкі ойымыздың орындалғаны болар еді.
– Ал Қазақстан тарапы «Ясауи жылына» қаншалықты көңіл бөлуде?
– Астанада, Алматыда, Түркістанда, Шымкентте Қожа Ахмет Ясауи жылына орай арнайы өткізген шаралар туралы ақпарат құралдарына мәліметтер бердік. Сол сияқты университеттің тікелей ынтымақтастық орнатқан маңызды құрылым – Астанадағы халықаралық Түрік академиясы. Жақында аталмыш ұйым осы тақырыпта ауқымды іс-шараларға мұрындық болды. Түркітілдес елдер арасында ынтымақтастықты нығайту үшін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен арнайы мекеме құрылған болатын. Оның ең маңыздысы Стамбұлдағы Түрік кеңесі. Ал оның бір тармағы Астанадағы халықаралық Түрік академиясы. Үшіншісі – Әзірбайжандағы Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы. Бұдан басқа Әзірбайжандағы түркі әлемінің мәдениет және мирас қоры жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең маңыздысы, мәдениет пен руханиятты түгендеп жүрген халықаралық ТҮРКІСОЙ ұйымы. Сырт көз ретінде айтсам, Қазақстан Қожа Ахмет Ясауи жылына маңызды орын беріп отыр.
– Түркі халықтарының бірлігі маңызды мәселе. Жақында ғана түркітілдес жеті халықтың жер бетінен ұлт ретінде жойылу қаупінің алдында тұрғанын естіп едік. Бұл жөнінде пікіріңіз қандай?
– Қожа Ахмет Ясауи университеті бүкіл түркітілдес елдерден студенттер қабылдауға кірісіп кетті. Бүгінде 17 елден және 33 түркі тілдес қауымдастықтан келген студенттерді қамтамасыз еттік. Шынында да, хакас, тува секілді ұлттық қауымдастықтың тілі жойылып жатыр. Біз осы қауымдастықтардан жас буынды әкеліп, өз университетімізде оқуға мүмкіндік туғыздық. Олардың барып, қайту билетін толыққанды мойнымызға алдық. Дәл осылай жанашырлық танытқан университет дүниежүзінде жоқ шығар. Кезінде Қожа Ахмет Ясауи да өзінің шәкірттерін қаржы алмай оқытқан екен. Біз осы үрдісті ХХІ ғасырда жалғастырып, жүзеге асырмақ ниеттеміз. Олардың тілінің жойылып кетпесі үшін «Жойылуы мүмкін тілдер» деген арнайы жобаны қабылдадық. Келер жылдың 18-22 қазан аралығында Түркістанда жойылуы мүмкін түркітілдес тілдерге байланысты халықаралық симпозиум өткіземіз.
– Бауырлас екі елдің арасында алтын көпірге баланып жүрген Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университеті екені айдан анық. Түркі әлемінде сапалы білім мен саналы тәрбие беруді үздіксіз жалғастыруды қолға алған оқу орнының тыныс-тіршілігі қалай?
– Түркінің барша ұрпағы қазақ елін атажұрты ретінде қатты қастерлейді. Қарашаңырақтың қасиеті мен киесі – төрт қақпалы Түркістанның топырағына табан тіреуге талпынып тұратындықтары да сондықтан. Ясауи болмысын асқақтатып, ғасырдан ғасырға мызғымай тұрған кесене – баба рухына өміршең өрнек беруде. Халықаралық Қазақ-Түрік университеті болса – ғұлама бабамыздың ілім қайнарынан қуат алып, кемел ілім иесінің ұлы арманын бүгінде кеңінен жүзеге асырып отыр. Ясауи туып, өсіп, білім орталығын құрған қасиетті мекенде Елбасы Н.Назарбаев 1991 жылы – Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып, Түркістан университетін ашты. Қазақстан тәуелсіздік алып, туыс Түркиямен байланыс жанданған соң ол университеттің атын Қ.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университеті деп өзгертті. Бұл Түркияның шетелде алғаш рет бірлесе ашқан оқу орны. Бұл Қазақстан мен Түркияны біріктіретін ерекше жоба.
Университет биыл 25 жылдығын атап өтуде. Шаңырақ көтеруінің 25 жылдығын мерекелеп жатқан оқу орнының негізгі мақсат-миссиясы – Түркі дүниесінің бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтып, бауырластықты кеңінен насихаттау. Біздің арман ХІІ ғасырда ұлы далада ғұлама ойшыл Ясауи құрған медреселер рухының ортақ оқу орнында қайта түлеуі. Елбасы Н.Назарбаев былтыр Астанада өткен Түркі кеңесі көшбасшыларының бесінші саммиттінде Қ.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетін түркі әлемінің ортақ оқу орны етейік деген ұсыныс жасады. Оны күллі түркі дүниесінің көшбасшылары бірауыздан құптады. Бұл біз үшін ерекше мақтан ететін жағдай. Осы бағытта күндіз-түні еңбек етіп жатырмыз. Қазір 9 мыңнан астам шәкірт тәрбиеленуде.
Қожа Ахмет Ясауи университетінде Түркология инстиуты бар. Онда Phd бітірген 12 ұстазымыз жұмыс істеуде. «Түркология» атты ғылыми журналы жарық көреді. Университеттің құрылымы ретінде қалыптасқан Алматыдағы Еуразия ғылыми-зерттеу университеті Түркі академиясымен бірлесіп Орта Азия тарихнамасына байланысты іс-шаралар өткізуді қолға алды.
– Кезінде Қазақ-Түрік университетіне академик-ғалым М.Жұрынов ректорлық қызмет атқарған тұста Түркия тарапынан түрік квотасы көп бөлінетін еді. Соңғы жылдары азайып кетті деген пікір бар. Қазір университетке Түркия тарапынан бөлінетін квота саны неше? Оның қаншасы шеттен келген түрік бауырларға, қаншасы жергілікті отандастарға бөлінеді?
– 500 квота бөлінеді. Бәрі қазақстандықтарға арналған. Ал Қазақстан 200 грантты түрік әлеміне береді. Бізде жүйе солай. Квота мен гранттың да айырмашылығы бар. Грант бойынша стипендия мен университеттің төлемақысы төленеді. Ал квотада тек төлемақы ғана беріледі. Келесі жылдан бастап стипендия төлеуді қарастырып отырмыз.
– Сол сияқты бұрын Қазақ-Түрік университетінде оқитын студенттер Түркияға тәжірибе алмасуға жиі баратын. Қазір қалай? Әсіресе, жаңа клиникасымен ашылған Медицина факультеті студенттерінің түркиялық мамандардан үйренетіні көп қой...
– Қожа Ахмет Ясауидің сүйікті шәкіртінің атына орай «Мәулана» деген арнайы бағдарлама бар. Сол арқылы 300 студентті Түркияға апарып, тәжірибеден өткіземіз. Түркияда ТРТ – (Түркия радио-телевезион) деген мемлекеттік телеарна бар. Қазір осы телеарна мен Қожа Ахмет Ясауи университеті арасында келісімшарт жасалған. Сондай-ақ, магистратура, докторантурада оқитын студенттерді кем дегенде он күнге тәжірибеге жіберіп тұрамыз.
– Түркістан – Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы атанбақшы. Бұл жаңалық сізді қанаттандырды ма?
– Әзірбайжанның Шеки шаһарында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің 34-ші отырысында Қазақстанның Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп бекіту туралы шешім қабылданғанын естігенде қатты қуандым. Тұрақты Кеңестің 35-ші отырысының үйлестірушісі болу Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне жүктеліп, оның отырысы 2017 жылдың соңына қарай Түркістанда өтетін болып белгіленді. Бұған қоса, Әзірбайжан Мәдениет және туризм министрлігінің ұсынысымен ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдерде 2017 жыл «Молла Панах Вагифты еске алу жылы» деп жарияланды.
Түркістанның мәдени астана атына ие болатын 2017 жылы бірқатар шаралар ұйымдастырылмақшы. Атап айтқанда, түбі түркітілдес халықтар Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойын мерекелеп, театр фестивалін өткізеді. Кітап жәрмеңкесі мен қолөнер шеберлерінің Орта Азиялық фестивалі мен Ұлы Дала дәстүрлі музыкалық фестивалін, сонымен бірге суретшілер кездесуі сияқты ірі бағдарламаларды ұйымдастыру көзделіп отыр.
– Бірнеше тілді меңгерген екенсіз. Тіл үйрену үшін адамға не қажет?
– Ең алдымен өз тіліңді жақсы меңгеруің керек. Бұған қатысты көп тілде мақал бар. «Егер сен басқа тілді үйренгің келсе, өз тіліңді меңгер» дейді. Сондықтан әуелі қазақ тілін меңгерсеңіз, қалғанын үйрену оңай. Сосын тіл үйренуде оқытушы мен оның материалдары маңызды рөл ойнайды. Яғни, тілді үйрететін маман телеарнадағы шоумендер сияқты болуы керек. Бұрынғы классикалық тұрғыда тіл үйрету тәсілі ескіріп барады. Мәтінді жазу, оқумен тіл меңгеріп кете алмайсың. Қазір дүниежүзінде коммуникациялық тәсіл қалыптасқан. Соған сай оқытушы студенттермен тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік бар. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген адам – екі адам» дейді. Егер неғұрлым көп тіл білетін жастар өссе, келешекте мемлекеттің дамуына тікелей септігін тигізеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы