«Тамаша лирик ақын»
Қытайдың Құлжа қаласында педагогикалық университет бар. Сонда Қазақстаннан шығатын «Егемен Қазақстаннан» бастап «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» журналы бар – 20 шақты газет-журнал келетін. Мұқағали мен Қасымдардың кітабы келетін де, одан кейінгі буынның өлеңдерін осы басылымдардан оқыдық. Есенғали Раушановтан бастап Мейірхан Ақдәулетұлы, Серік Ақсұңқарұлы, кейінгі Маралтай ағалардың замандастарын, одан кейінгі Ақберен Елгезек, Ерлан Жүністерді Құлжадағы әдеби ортаға осы басылымдар танытты. Одан соң гу-гу әңгіме. «Анау мықты, мынау мықты» деген дауласулар да боп жататын. Бірінен-бірі естіп, сол басылымдарды ақтарып жататын. Батырболат ағаны да солай таныдым. Алматыға келгенімізше сол газет-журналдарды оқып тұрдым. Басқа ақындар дүркін-дүркін шығып тұратын да, Батырболат ағамыз көрінбей кетті. «Тамаша лирик ақын» деп бір ағамыз аса қатты мақтаушы еді. Кейін елге келген соң кітаптарын тауып оқыдық. Шынында да, мөлдір жырлар, керемет өлеңдер. Интернеттен де тауып оқығанымыз сол бұрынғы жырлар екен. Неге жазбайды кетті екен деген сұрақ, әрине болды. Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ:Барлық өлеңінің қуаты бар
Батырболат ағаның жүрекке жылы тиетін, әрі жұп-жұмыр, әрі өте нәзік «Мен ғашық қыз» деген өлеңі бар. Жалғаннан мазасыз күй кешкен ғашық халдің көңілін соншалықты дөп басып жеткізеді. Іштегі қатып қалған шер-шеменді жібіткендей болады, жүрек түкпірінде көмескіленіп қалған сезімдерге жан бітіргендей күй кештіреді. Ол ақынның соншалықты лирик екенін білдіреді. Ақынның «Қарсаңда» және «Қайрош-Қайырбек. Бостандық» деген өлеңдерінің айтар ойы бір-бірімен сабақтасып жатқандай. Бірақ екеуі өзінше екі бөлек жыр. Лирикалық кейіпкердің аңғалдығы, тазалығы, сағынышы, туған топыраққа деген ақ ұлпадай махаббаты сондай шынайы бейнеленген. Осы өлең оқырманның да елге деген сағыныш отын маздатады. Ақынның ішкі қыжылы, қоғамның дертін жанайқайымен жеткізетін «Мектептесім Малдыбай милицияға мадақ» деген өлеңі бар. Онда өнердің, сөздің қадірінің жоғалуы мен оның қадір-қасиетін түйсінуден қалып бара жатқанын жырлайды. Батырболат Айтболатұлы ағаның жырлары шынайылығымен өміршең деп ойлаймын. Қай өлеңін алсаңыз да, ішінде ыстық қуаты бар. Ол қуат оқырманның жүрегіне дариды. Поэзияны біз сол үшін оқып, сол үшін қадірлейтін шығармыз. Шерхан ТАЛАП:Батырболат ағадай өлеңдегі биіктікті аласартып алмасақ екен
Шыны керек, Батырболат ағаның есімін алғаш Алматыға келгеннен кейін ғана естідім. Жершілдігіміз жоқ. Қай жүзден екенімізді де осында келіп жақсы біле бастағандаймыз. «Өлең сүріп, өмір жазып» жүрсек болғаны. Әмірхан Балқыбекті жиі жағалаймыз, Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Беделхан, Мұрат Шаймаран сынды ағаларды айналшықтаймыз. Алғашқы курс. Жатақханадағы жан тербер кештердің бірінде қатарлас жігіт «Мен ғашық қыз» деген өлең оқыды. Жүректі шымшып, көңілді өртейді. Қыздар жағы қызара төмен қарап, жылы жымияды. Жанымыз жадырап, ерекше бір сезімнің лебіне масайып қалғандаймыз. Авторы Батырболат Айтболатұлы екен. Кейін университеттің аядай кітапханасынан жұқа ғана жаңағы өлең аттас кітапты тауып оқыдық. Мына қызықты қараңыз! Біз сонау қиырда енді дүниеге келіп жатқан кезде жазылған өлең арада 17 жылдай уақыт өтсе де, әлі күн «он жетінші жатақхананың» қабырғасында жаңғырып тұр. Жақсы өлеңнің ғұмыры ұзақ болатынына қалай иланбассың! Сол жылы, қайдан екенін білмеймін, телефон нөмірін тауып алып хабарластым. Мақсатым – облыстық газетке сұхбат алу. Астана жаққа ауысқан екен. Мемлекеттік қызметтің қарбаласынан қолы қалт босамайтындай көрінді. Жұрт құсап жарқырай көрініп, ділмарсып сұхбат бере беруге де құлықты еместей. Тосылып қалдым. Біраз тілдескеннен кейін ғана бірінші курс студентінің көңілін қимағандай әрең келісім берді. Кейін ол сұхбатымызды бірнеше газет, сайттар көшіріп басып, әдеби ортада үлкен әңгімеге айналды. Сол сұхбатта Батырболат ағаның «Кейде мен өзімнің тым қатал талабым мен кінәз талғамым үшін қысылатыным бар. Сондықтан пікір айта бермеймін. Өзгені жоғарыдан сынап-мінейтін керемет деңгейге жеткен классикпін дегенім емес, адам бойынан асып секіре алмайды, өзімнің де жаза алмай кеткенім талғамым тұсағаннан шығар деп ойлаймын» дегені есте. Кейде біз де іштей өзімізге Батырболат аға сынды талап қойып, жаман дүние жазбауға қанша тырыссақ та, талғамымыз жетпей қалып жататындай. «Мен етікші болсам да, жаман етікші болмас едім» дейтін толстойлық талап пен талғамды жоғалтып алғандаймыз. Мұқағалидың Әбділдаға арнап жазған өлеңінде «Жаман жыр жазғанымда ақ таяғың, арқамда ойнай ма деп қауіптенем...» дейтініндей, жаңа жыр жаза қалсақ Батырболат ағадай өлеңдегі биіктікті аласартып алмасақ екен дейміз.Еламан ХАСЕНҰЛЫ:
Қызыға да қызғана оқимыз
Батырболат Айтболатұлымен «Мен ғашық қыз» өлеңі арқылы таныстым. Туған ауылдан жырақта, студент сағынышымен арпалысқан шақтарда, алғашқы махаббатымды күндіз ойымнан, түнде түсімнен «қуып шығара алмай» жүргенде жүрегіме жұбаныш болып еді. Мен де «Қаламыма жан азабын жаздырған едім...». Мен де «Жан таба алмай қойғам оған жерде тең!...». Мен де «Көзіне шөп салғым келмей ышқынғам, Қиялдағы сол мүбәрак елестің...». Одан кейін әр жерде кездескен сұхбаттарын, өлеңдерін оқып, жан-дәрігерін тапқан едім. Ағаның «Жүрегімнің лүпілімен тербетем...» топтамасындағы өлеңдер – өзімнің басымнан өткен, менің өмірімде де болған ерекше оқиғалармен жүректес жырлар. «Қарсаңда» өлеңінде Ақбеттаудан оғы жағында мекен жоқ деп ойлайтын менің ауылыммен қоштасқан сәттегі кешкен сезімім бедерленгендей. «Көзмоншақ» жырында жалғыз қарындасыма айта алмаған сырым, шаға алмаған мұңым, тек іштей күбірлеп, үнсіз айтар ақ тілегім бар. «Қайрош-Қайырбек. Бостандық» өлеңіндегі оқиға тура менің ауылымда болғандай. Біз де жігіт болып келіп, Алатауды сұраған, Алматыны аңсаған құрбыларға бар қызықты жыр қылатын едік. Жыр қып тұрып, ауылын қатты жақсы көретін әлгі бір достың көңіліне кірбің түсіруден сақтанатын едік... Ағаның әр жырын, қаламынан тамған әр тамшы сөзін қызыға да, қызғана да оқимыз. Неге мен жазбадым осы жырларды?Дайындаған Асылан ТІЛЕГЕН