Мазуттың жайы маза бермей тұр

Мазуттың жайы маза бермей тұр

Мазуттың жайы маза бермей тұр
ашық дереккөзі
217
Таяуда Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен екі мәселеге баса назар аударылды. Соның бірі Үкіметтің заң шығарушылық қызметіне арналып, ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев ағымдағы жылдың заң шығару жоспарының орындалуы мен келер жылы қабылданатын заңдар туралы мәлімдеді. Ал отырысқа мұрындық болған екінші мәселе – жылыту маусымы мен Теміртау мәселесі. Министрдің мәлімдеуінше, биыл жоспарға 26 заң жобасын қабылдау қойылған. Бірақ бірқатар толықтырулар мен өзгертулерден кейін 10-18 жоба қаралып, жүзеге асырылған. Осыладың ішінен 3 заң жобасына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды. Ал Парламент 4 заңды қабылдаған. Тағы 11 заң жобасы Парламент қарауында. «Сондай-ақ, Президент әкімшілігі келісімі бойынша бірқатар заң жобалары жетілдіру мен толықтыру қажеттілігі жоспарынан алынды. Бұл заң жобалары жөнінде алдымен халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Сондықтан өкілетті органдарға 7 заң жобасы жөніндегі жұмыстарды 2017 жылға ауыстыру ұсынылады», – деді М.Бекетаев. Мұның сыртында жыл ішінде жоспарға қосымша заң жобаларын енгізуге қатысты өзгерістер жасалған. «Мұндай заң жобаларының қатарында «Дене тәрбиесі мен спорт мәселелеріне қатысты кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Дактилоскопиялық және гендік тіркеу туралы» заң жобалары бар. Оларды Парламент қарап қабылдады», – деді М.Бекетаев. Әділет министрінің айтуынша, 2017 жылдың жоспарына 28 заң жобасы енгізілген. 10 заң жобасы жылдың бірінші жартысында, қалған 18 заң жобасы екінші жарты жылдықта қабылдануы тиіс. Министр бұл заң жобаларына да қысқаша тоқталып өтті.

Жылыту маусымының маңызды мәселелері

Үкімет сағатында қаралған екінші мәселе жылыту маусымы болды. Маусым басталғалы аймақтардан жылыту жұмыстарының қызметіне түрлі шағымдар түскені белгілі. Осыған орай өңір басшылары мен министрлердің есептері тыңдалды. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жылыту маусымының негізгі мәселелеріне тоқталды. «Аталған мәселеге арналып, Үкімет қорынан 1 миллиард 862 миллион теңге бөлінген болатын. Бұл қаржы 1 миллион 528 мың теңгеге 30 мың 364 тонна мазут сатып алуға, 335 миллион теңгеге 92 мың тонна көмір сатып алуға бағытталды. Осының нәтижесінде электр стансаларында 3,3 миллион тонна көмір мен 121 мың тонна мазут қоры жасақталынды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзіміндегімен сәйкес және қысқы жылыту маусымын сенімді түрде бастауға мүмкіндік береді. Дегенмен, соған қарамастан кейбір өңірлерде аталған маусымды қалыптағыдай өткізу бағытында шешімін күткен мәселелер бар», – деп баяндады Энергетика министрі. Министрдің айтуынша, Семей қаласында «Жылукоммуэнерго» кәсіпорнының алдында тұтынушылардың 354 миллион теңге қарызы шығып отыр. Бұл жағдай жөндеу жұмыстарын жүргізуге кедергі болуда. Солардың бірі – көмір сатып алу жұмыстары мерзімінен кешіктіріліп жүргізілді. Мазут сатып алу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Осы себепті оның қоры таусылуға шақ қалған көрінеді. Бұдан өзге көпшілікті толғандырған тағы бір мәселе – Теміртаудағы апат салдары мен оған түрткі болған жайттарға министр тоқталып өтті. «Материалдардың кешіктіріліп жеткізілуіне байланысты «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-қа қарасты ЖЭС-2-дегі №1 қазандық пен №1 трубинаға күрделі жұмыстарын жүргізу үстіміздегі жылдың қазан айының ортасына дейін жалғасса, №2 қазандықты жөндеу 30 қыркүйек пен 25 желтоқсан аралығына белгіленген. Осының салдарынан жылыту маусымы кезінде Теміртау қаласы негізгі құрал-жабдықтардың резервімен дұрыс қамтамасыз етілмеген», – дейді Қ.Бозымбаев. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев осы жағдайға алаңдаушылық білдірді. «Жылу маусымы басталғалы бері «Арселор Миттал» ЖЭС-2 қазандығында 17 апатты жағдай орын алған, бүгін таңертең №2 қазандық істен шықты. Мұның сыртында тағы екі қазандық жөндеу жұмыстарына қойылған. Осыдан Теміртаудағы тұрғын үйлердегі жылу 16 градустан аспай тұр. Ауа райы қатты суытқан кездері 12 градусқа дейін төмендеген», – деді Үкімет басшысы. Қарағанды облысының әкімінен жағдайды мәлімдеуді сұрады. «Соңғы үш күнде Теміртауда сіз айтқан жайттардың орын алғаны рас. Бүгін кешке дейін №2 жылу қазандығы қайтадан іске қосылып, нормативтік жұмыс өлшеміне сай болады. Ал №5 қазандық ертең іске қосылады», – деп мәлімдеді Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков. Үкімет басшысы әкімнің бұл есебіне қанағаттанған жоқ. Осыған орай Теміртауда жағдай нақты қашан қалыпқа келетінін сұрады. Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков жылу берудің 30 желтоқсаннан бастап қалыпты жағдайға түсетіндігін уәде етті. Бір аптадан астам уақыт жылусыз отырған Теміртау халқының бастан кешкені басқа да өңірлерде байқалуда. Қанат Бозымбаев өз баяндамасында осы мәселелерге тоқталып өтті. «Әлеуметтік мазуттың жеткізілуі туралы бірер сөз айта кеткім келеді. Әкімдіктерден берілген тапсырыстарға сәйкес, Энергетика министрлігі ағымдағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық жүргізу үшін әлеуметтік өндірістік жұмыстарға арнап 342 мың тонна мазут жеткізудің кестесін жасады. Өкінішке қарай, қараша айында бұл жұмыс 59 пайызға, желтоқсан айында 26 пайызға ғана орындалды. Жоспардағы 83 мың тоннаның орнына 28 мың тонна мазутқа ғана ақша төленді. Оның 21 мың тоннасы жөнелтілді», – деді ол. Бұл жұмыстар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы мен Астана қалаларында да ұйымдастыру жұмыстары сылбыр. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жылыту маусымының дұрыс жүруіне әкімдердің дербес жауап беретінін ескертті. «Біз бұл мәселе жайында үнемі айтып келеміз. Сіздердің есептеріңізді тыңдап отырамыз. Дегенмен, жылу желілерінде әртүрлі апатты жағдайлар орын алып жатады. Енді, ең бастысы, Жаңа жыл мерекесі кезінде осындай оқиғалардың орын алмауын қатаң ескертеміз. Халықтың мерекелік көңіл-күйіне қаяу түсіріп жүрмейік», – деді Үкімет басшысы. Тиісті органдарға осы мәселе бойынша тапсырмалар берілді. Мереке қарсаңында қоғамдық тыныштықтың дұрыс сақталуы, барлық қызметтердің дұрыс жүргізілуі, жол тазалығын қамтып, барлық мемлекеттік органдар кезекшілік жұмыстарын мүлтіксіз атқаруы қажеттігін атап көрсетті. Отырыс соңында Үкімет басшысы жылдық қорытындыны қаңтарда тағы да қорытындылайтынын жеткізді.  «Он бір айдың қорытындысын біз өткендегі отырыста жасаған болатынбыз. Жыл қорытындысын қаңтар айының басында Үкіметтің кезекті отырысында жасаймыз. Жалпы, жұмыс көрсеткіштері мен өлшемдері жайында айтылды. Мемлекет басшысы біздің алдымызға қойған тапсырмаларды толық орындауға қол жеткізе алдық. Осы үшін Үкімет мүшелері мен әкімдерге бірлесіп атқарған жұмысымыз үшін алғысымды білдіремін», –деді Бақытжан Сағынтаев.    

Серіктес жаңалықтары