Тарыдан жасалған кофені халықаралық деңгейге шығарсақ дейміз – кәсіпкер

Тарыдан жасалған кофені халықаралық деңгейге шығарсақ дейміз – кәсіпкер

Тарыдан жасалған кофені халықаралық деңгейге шығарсақ дейміз – кәсіпкер
ашық дереккөзі
Қытайда туып-өскен қандасымыз Қуантай Жақсылық елімізге келіп, тары зауытын ашты. Кәсіпкер бүгінде алты адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіп ашу туралы идея базар аралап жүрген кезде ойына келген екен. Әрине, бизнесті бастау оңай шаруа емес. Кейіпкеріміз басында біраз қиындыққа тап болғанын айтады. Өйткені өндіріске қажетті құрал-жабдықтар арзан тұрмайды. Оларды сатып алуға 6 млн теңге жұмсаған.
 «2019 жылы Қытайдан отбасыммен көшіп келдім. Бастапқыда түрлі жағдай болды. Біраз жұмыс істеп көрдік. Жарты жылдан кейін кәсіп ашу туралы ой келді. Басында майлық қағаз, дәретхана қағазын шығарамын деп ойлап жүрдім. Базар аралап жүргенде 30-40 әйелдің тары сатып отырғанын көрдім. «Мына кәсіпті істесем де болады екен ғой» деп, осы істі қолға алдым. Ойлағанымнан да көп шығын кетеді екен. Сонда да тәуекелге барып, қажетті заттарды сатып алдым. Сөйтіп жұмысты бастап кеттік», – дейді  Қуантай Жақсылық.
Бүгінде зауытта тары, жүгері, арпа, бидайдан талқан жасап шығарады. 2 келі шикізаттан 1 келі өнім алынады екен. Қалғаны ысырап болмайды, мал азығы ретінде қолданылады. Ал тазаланған шикізат зауытта жуылып, пісіріліп, түрлі процестен өткен соң өндіріске жіберіледі.  width= «Сұраныс жаман емес. Еліміздің әр өңірінде тұрақты клиенттеріміз бар. Көтерме бағамен де береміз. Шикізатты өз елімізден және Ресейден алып келемін. Сапасына мән береміз. Қоластымдағы қызметкерлердің әрқайсының өз міндеті бар. Тауарды сатып алып, ақша жинауға сатушымыз жауапты. Қажетті шикізатты әкеліп тұратын қызметкеріміз де бар. Қалғанымыз өндіріске жауап береміз», – дейді ол. Зауыт талқаннан бөлек, тары қосылған шай шығарады. Кәсіпкер енді тарыдан кофе жасамақ ниеті бар. Ол үшін 4-5 млн қаражат керек екен.
«100 грамм қайнаған су құйсаңыз тары еріп, қою кофеге айналады. Тауарымызды түркі елдерінің бәріне апаруға болады. Өйткені кофе, шайды барлық ұлт тұтынады. Халықаралық деңгейдегі қазақстандық өнімді шығарсақ деген ойымыз бар. Әрине, айналып келгенде, бәрі қаржыға тіреледі. Жоспарымыздың жүзеге асқанын қалаймыз, сол үшін еңбектенеміз», – дейді кәсіпкер.
 width= Кейіпкеріміз Қытайда туып-өсіп, сол жақта білім алған.  Жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіріп, мемлекеттік қызмет те атқарыпты. Қытай әдебиеті мен психологиясы мамандығы бойынша мектепте сабақ берген ол қазір басқа салаға бет бұрып, жаңа кәсіппен айналысып жатқанына еш өкінбейді.
 «Жұмысымда айлығым жаман болмады. Түрлі ұлт балалары оқитын мектепте қызмет атқардым. Қарап тұрсам, 30 пайызы қазақ балалары екен. Көпке шыдамадым. Төрт ай жұмыс істеген соң, өз еркіммен жұмыстан кеттім. Саудамен айналыстым. Содан кейін 2019 жылы Қазақстанға қоныс аудардым», – дейді қандасымыз.
 width= Қазір «алма піс, аузыма түс» деп жататын кезеңнің ауылы алыс. Еңбек етсең ғана жемісін жеп, берілмесең ғана жетістікке жетерің анық. Қытайдан келіп, қол қусырып отырмай, өз идеясын іске асырған қандасымызға сәттілік тіледік.