50220
Қазақстан-Әзербайжан: қос Президент қандай келіссөз жүргізіп жатыр?
Қазақстан-Әзербайжан: қос Президент қандай келіссөз жүргізіп жатыр?
Қазақстан Президентінің Әзербайжанға ресми сапарының бағдарламасы мемлекеттер басшыларының кеңейтілген құраммен өткен келіссөзімен жалғасты деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігінің негізгі мәселелерін талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.
Қазақстан Президенті Бакуға шақырғаны және көрсетілген қонақжайлылық үшін тағы да ризашылығын білдірді.
– Мен шағын құрамдағы кездесуге өте ризамын, онда біз мемлекеттеріміздің өзара іс-әрекетінің барлық мәселелері мен әртүрлі салалары туралы жан-жақты пікір алмастық. Қазақстан мен Әзербайжан – жақын мемлекеттер, біз стратегиялық серіктеспіз және одақтаспыз. Бүгін елдеріміз арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларацияға қол қойылады, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару үшін арнайы миссиямен келгенін айтты. Қазақстан Президенті екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
– Кейінгі жылдары тауар айналымының айтарлықтай, үш есеге жуық өскеніне қуаныштымын. Бірақ бұл, әрине, жайбарақат жүруге негіз емес екенін атап өткім келеді. Сауданы арттыруға мүмкіндіктер бар деп есептеймін. Біздің үкіметтеріміз жақын арада елдеріміз арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанда Президент Ильхам Әлиевтің басшылығымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жоғары бағалады.