- Бұл қауіпті ме?
- Әрине. Оларда базалық фундамент, медициналық білім жоқ. Массаж жасап, емдік шарасын қолданатын болар, бірақ науқастың нақты диагнозын білмейді. Кейін науқас маманның қателігінен қайта емделуге жүгінсе, әлгі курс оқыған реаблитолог ештеңе істей алмайды. Себебі реаблитация қысқа уақыт ішінде игеріп, аз уақытта науқасты аяғынан тұрғызып жіберетін сала емес.
- Бізде реаблитация саласын оқытатын арнайы факультет бар ма?
- Қазақстанда арнайы оқытатын факультет бар. Мәселен, пандемия кезінде реаблитолог мамандарға деген сұраныс артты. Себебі, дұрыс тыныс алуға, өкпені қалпына келтіру, дұрыс жаттығу жасау секілді проблемалармен реаблитолог маман айналысады. Негізі қазірдің өзінде бізде мамандар әлі аз.
- Мамандардың жетіспеуіне не себеп? Біздегі мемлекеттік ауруханаларда реаблитолог мамандар бар ма?
- Мемлекеттік ауруханаларда реаблитолог дәрігерлер бар, бірақ олардың жалақысы аз. Одан бөлек, барлық ауруханада реаблитацияға керек жағдай жасалмаған. Кей құрал-жабдықтар өте қымбат тұрады. Мәселен, операциядан шыққан науқасқа 10 шақты күн мемлекеттік ауруханада ем-дом жасалады. Одан кейін процесс тоқтайды. Науқас сырттан, жекеменшік орталық іздейді. Сол кезде олармен біз жұмыс істейміз. 10 күн деген ештеңе өзгертпейді. Ол науқасқа 3 ай немесе жарты жыл уақыт керек болуы мүмкін. Ал реаблитация солай созылған сайын, дұрыс жаттығуларды жасаған сайын нәтиже береді.
Марғұлан АҚАН.