50834
Кардиолог маманға жиі қойылатын 3 сұрақ – дәрігер жауабы
Кардиолог маманға жиі қойылатын 3 сұрақ – дәрігер жауабы
А.Н. Сызғанов ат. ҰҒХО-ның кардиолог дәрігері Халимназарова Рашида Тахировна кардиолог маманға жиі қойылатын 3 сұраққа жауап берді деп хабарлады turkystan.kz.
- Дәрігер, менің жүрегім ауырып тұр, жүрегімнің тамырларында тромб жоқ па екен, қарап көріңізші…
- Жүрек ауруларының барлығы қантамырлардағы тромбтарға байланысты емес. Сондай-ақ кардиологтың стандартты қабылдауында қантамырларда тромбтың бар-жоғын анықтау мүмкін емес. Тіпті жүрекке УДЗ және ЭКГ жасалған болса да. Бұл зерттеулер мен талдаулардың нәтижелері бойынша жүрек тамырлары зақымдалған деген тұжырым жасауымыз мүмкін. Нақтылау үшін жүректің КТ ангиографиясы немесе коронарография секілді дәйекті зерттеулерден өту керек.
- Кейін әуре болмас үшін қабылдауға келерден бұрын қандай талдауларды тапсырып келген жөн?
- Кардиолог дәрігердің алғашқы қабылдауына бару үшін жалпы талдауларды тапсырсаңыз жеткілікті: жалпы қан талдауы, жалпы несеп талдауы, биохимия (кеңейтілген) және коагулограмма, сондай-ақ жүрек УДЗ-сы және ЭКГ.
Меніңше, қабылдаудың алдында ешбір талдауды тапсырудың қажеті жоқ, алдымен дәрігерге бару керек. Өйткені дәрігер қабылдау кезінде қосымша талдауларды тағайындауы мүмкін. Сізге тағы да талдауларды тапсыруға тура келеді. Сол себепті дәрігердің нұсқаулығы бойынша барлығын бірден тапсырғаныңыз жөн емес пе?!
- Барлық жерде аспирин (кардиомагнил, тромбоасс) дәрілерін жарнамалайды. Менің жүрек тұсым ауырып жүр, сондықтан мен осы дәрілерді аурудың алдын алу үшін ішіп жүрмін. Бұл қаншалықты дұрыс? (Жас ер адамдар мен әйелдерден жиі естимін).
- Аспиринді қандай да бір аурудың алдын алу үшін ішпеу керек. Тіпті ешбір зияны жоқ деген дәрінің өзі денсаулығыңызға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Аспирин препараттарын нақты көрсетілімдер болғанда дәрігер ғана тағайындай алады. Бұл препараттарды қолдану қажеттілігі болмаса да іше берудің салдары асқазанның ойық жарасына, кейбір жағдайларда түрлі қан кетулерге (мұрын, қызыл иек, ішек) алып келуі мүмкін.
Марғұлан АҚАН.