200
Ерлан Ыдырысов: Шындық осы, Қырымның ресми статусы жоқ
Ерлан Ыдырысов: Шындық осы, Қырымның ресми статусы жоқ
Түркия Шанхай ынтымақтастық ұйымына ену туралы ресми өтініш түсірмеген. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің биылғы жылды қорытындылаған баспасөз жиынында айтылды. Ал Қазақстан таласқа түскен Қырымға қандай статус бергенін Астана телеарнасы тарқатты.
Қазақстан биылғы 12 айда 50-ге жуық халықаралық іс-шараға қатысып, тура 81 қостараптық кездесулер өткізген. Осындай тығыз жұмыс барысына үңілсек, министрдің тілшілерге де айтары аз болмайтыны түсінікті еді. Жүйелі жұмыстардың бірі ретінде визалық режимнің жеңілдетілгенін айта кеткен жөн. Жаңа жылдан бастап Қазақстан шетелдіктерге айтарлықтай жеңілдік жасамақ. 14 визаның орнына небары үшеу болып, елде қалу ұзақтығы 1 айдан 3 айға дейін созылады. Ал, Өзбек елімен қарым-қатынас жағдайына келсек, Ыдырысов мырза, біздің ел Өзбекстанмен қуана қарым-қатынас жасауға дайын екенін, қадап айтты. Өз сөзінде өткен аптада ғана Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзеевпен телефон арқылы сөйлесіп, саясаттан өзге сауда- экономика бағытына да тоқталғандарын айтты. Келер жылы қазақ-өзбек бизнес форумы өткізіліп, екі ел қатынасының алдағы 10 жылдық жол картасы даярланбақ.
Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Біз негізгі 3 бірдей экономикалық блог арқылы жұмыс жасауға ниеттіміз. Ол көлік құрастыру, өндіріс және ауыл шаруашылығы мен транспорттық блог. Біз сызат түспеген осы бағыттағы басым бағыттар міндетті түрде өз жемісін беретініне сенімдіміз. Бұл қос тарап та қолдап отырған іс.
Қазақстанның Қырымға қатысты өз көзқарасын, статусын білдірмегені белгілі болды. Осыған байланысты Сыртқы істер министрі қазақстандықтарға Қырым территориясында тікелей қарым-қатынастан сақтануға кеңес беріп отыр. Бұл тек Қазақстан ғана емес, осындай ыңғайсыз жағдайда қалған елдер көп көрінеді.
Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Олар осы тұрақсыз статусты негізге алуы керек. Бұл орайда біздің кеңес: бұл бағытта тікелей қарым - қатынастан сақтанған жөн. Шындық осы, Қырымның ресми статусы жоқ. Оны мойындауымыз керек.
Баспасөз жиыны барысында Ыдырысов Астана Сирияға қатысты жүйелі шешімдер алаңына айналуға дайын екенін тағы да атап өтті. Мұны президент Санкт-Петербордағы ресми сапары кезінде де айтқан болатын.
Дегенмен өтіп бара жатқан жылдың СІМ үшін ең үлкен жетістігі - Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік ұйымына тұрақты емес мүшелігі, деп есептейді. Бұл орайда еліміз 2 жылдық төрағалық тиімді болуы үшін бәрін жасаймыз деп отыр. Ал басты сұрақ ретінде Орталық Азия мен Ауғанстан мәселесі таңдалған.