Польшада Dimash радиосын ашқан Тереза

Польшада Dimash радиосын ашқан Тереза

Польшада Dimash  радиосын ашқан Тереза
ашық дереккөзі
50514
Өткен аптада Димаш Құдайбергеннің шетелдегі бір топ жан­күйері Ақтөбеде өткен «Бақытты бала» балалар вокалдық байқауын тамашалау үшін елге арнайы келді. Олардың арасында Димаштың Польшадағы фан-клубының жетекшісі Тереза Какол да бар. Тереза – екі жыл бұрын Варшавада ашылған Dimash радиосының, сон­дай-ақ Димаштың поляк жанкүйерлерінің басын қосатын фан-клуб­тың негізін қалаушы. Одан бөлек, қоғамдық ұйымға жетекшілік ете­тін Тереза Димаштың әндерін тыңдағанда бойын тылсым бір сезім кер­неп кететінін айтады. Димаштың шығармашылығынан бөлек, қа­зақ мәдениетін дәріптеп жүрген Терезаға хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Қазақстанға қош келдіңіз, Тере­за! Сіз Ақтөбеде өткен «Бақытты бала» ха­­лық­аралық конкурсын тамашалау үшін По­льшадан арнайы келдіңіз бе әлде бас­қа да жоспарыңыз бар ма еді? – Негізі, құрбым екеуіміз Қазақстанды үш ап­та бойы аралаймыз деген жоспар құр­ған едік. Бірақ Ақтөбеде өткен сол кон­курсқа По­льша атынан бірінші рет Юлиан­на есімді жас өнер­паз қатысатын бол­ғандықтан, экскур­сия­мыздың бағытына Ақ­төбе қаласын қосып, сон­да ат басын бұрып, оған барынша қолдау біл­дірейік деп шештік. Мұнымыз дұрыс болды, се­бебі біздің қыз ол байқаудан құр қол қайт­пай, жүлдегер атанды. Қазір Алматыдамыз, мұн­да бұрыннан көргіміз келіп жүрген көрікті жер­лерді араламақ ойымыз бар. Сосын ас­та­нада бес күн боламыз. Негізі, бұған дейін ол қа­лада болғанмын. Димаштың 2019 жылы өт­кен «Арнау» атты шы­ғар­ма­шылық кешін та­ма­шалаған соң он алты адамнан құралған ха­лықаралық топпен Қа­зақстанның ішін бір аптадай аралаға­ны­мыз бар. Ал қазір құрбым екеуі­міз ғана кел­дік. Екеуіміз бас қаланың әде­мі жерлерін ара­лап қана қоймай, Димаш жа­қын­дас­тырған жанкүйерлермен кездесеміз. Жал­пы, жанкүйерлер тобы фан-клуб деп атал­ғанымен, бұл – өте ыстық, үлкен бір от­ба­сы. Қазақстанға келгенім туралы жазып, сурет жүк­тегенім сол-ақ еді, көпшілігі кез­деспесек бол­майтынын айтып, ха­бар­ла­сып жатыр (күліп). Содан кейін бұйырса, бір айдан соң Ди­маштың Алматыда өтетін Stranger атты кон­цертіне үлкен топпен бірге келеміз. Біз оның барлық концертіне бара­мыз. Қалған емес­піз. Ол қайда болса, біз­де сондамыз. [caption id="attachment_192761" align="alignnone" width="2048"] width= Dimash радиостудиясы[/caption] – Сізді Димаш Құдайбергеннің Поль­ша­дағы фан-клубының «жүрегі» деп атай­ды екен. – Иә, солай десе де болатын шығар. Бірақ мен ол клубты жалғыз құрмағанымды айтып өтейін. Дегенмен Польшада оның өнерін наси­хат­тау үшін барлық күш-жігерімді салып жүр­генімді көпшілік көріп жүр. Димаш менің өмі­рімді өзгертті. Өміріме серпіліс әкелгені сон­­шалық, тіпті сөзбен айтып жеткізе алмай­мын. Кәсіби тұрғыда дами бастадым. Көзқара­сым өзгерді. Мінезім өзгерді. Бәрі, бәрі өзгерді. Қазір Польшада Димаштың шығармашылығын кеңінен дәріптеу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасап жатырмын. Сізді «Қалайша Димаштың жанкүйері атандыңыз?» деген сұрақ қызықтырып тұрғаны анық. Негізі, мен По­льшаның Гданьск қаласынанмын. Қазір зейнеттемін. Оған дейін музыка пәнінен сабақ бердім. Көп жыл бойы балалар хорында дири­жер болып жұмыс істедім. Балалардың дауы­сын «қойып», музыкамен кәсіби түрде айна­лыс­қан соң, көп музыка тыңдаймын. Бірде Ди­маштың Қытайда өткен I am a Singer бай­қауының бірінші турында айтқан S.O.S әнін естіп қалдым. Димаштың бүкіл әлемдегі жан­күйер­лері де оны алғаш рет осы ән арқылы таны­ғанын айтады. Бұл әннің орындалуынан қан­дай әсер алғанымды сипаттауға сөз жет­пейді. Қанша ән тыңдасам да, бұрын-соңды мұн­дай әсер алып көрген емеспін. S.O.S-ты ал­ғаш рет тыңдаған кезде ерекше күй кештім. Аталған туындыны соңына дейін тыңдай алмай, бір өшіріп, бір қостым, себебі көзімнің жа­сын тыя алмай, қатты қобалжыдым. Му­зы­ка­мен отыз жыл айналысқан мен бұл сәтті көп күттім. Сосын ол туралы көп ақпарат білу үшін интернеттен фан-клубтарды іздестіре бас­­тадым. Алдымен, Димаштың шығар­ма­шы­лығын жіті зерттедім. Интернетте ол туралы деректің түгелін көз майым таусылғанша оқып шықтым. Мен ол сәтті «Ақ түн» деп атай­мын, себебі 24 сағат бойы ұйықтамай, Димаш­тың әндерін үзбей тыңдап, ерекше көңіл күйде жүрдім. Сосын мұны өзім ғана бастан ке­шірмей, әлем білсін, әлем тыңдасын, мен сияқ­ты әлем жұртшылығы да тамсансын деген мақ­сатпен салмақты бір шаруа атқару керек ек­е­нін түсіндім. Содан кейін дәл мен секілді ой­­лай­тын, мен секілді Димаштың шығар­ма­шылығы мен қазақ мәдениетін Польшада на­си­хат­тағысы келетін, креатив адамдармен жо­лымыз түйісті. Сөйтіп, Димаштың әлем- дегі барлық жан­күйері жақсы танитын Моника Василевска екеуіміз бірігіп, Dimash Kudaibergen Fanklub Poland деген атпен фан-клуб аштық.  width=– Естуімше, сіздер тек фан-клуб емес, Ди­маштың шығармашылығын наси­хат­тауға бағытталған қоғамдық ұйым ашып­сыздар. – Иә, тек фан-клуб емеспіз, сонымен қатар қо­ғам­дық ұйым ретінде де тіркелдік. Бұл ұйым­ның негізгі мақсаты – Польшаның әр ай­ма­ғында Димаштың өнерін насихаттау, ән­дерін көпшілікке жеткізу. Екіншіден, қазақ хал­қының мәдениетін, әдебиетін, ұлттық өнері мен салт-дәстүрін дәріптеу. Осы мақ­сат­та Варшавадағы Қазақстан елшілігімен, Гда­ньсктегі Қазақстан Консулдығымен жақсы бай­ланыс орнатып алдық. Польшада Қазақ­стан тарапы ұйымдастыратын барлық мем­ле­кет­тік іс-шараларға қатысамыз. Әсіресе, мә­дени іс-шаралардан қалмаймыз. Құрылғаны­мыз­­ға аз уақыт болса да өзіміз де осындай іс-шар­алар ұйымдастырамыз. Поляктарға қа­­зақ мәдениетін таныстыру мақсатында кі­ші­гірім ивенттерді өткізуді бастап та кеттік.  width=– Жыл сайын жанкүйерлер бас қо­са­тын дәстүр сіздерде бар шығар? – Әлбетте. Димаштың поляк жан­күйер­лерінің басын қосу, сондай-ақ қазақ мәде­ние­тін әйгілеу үшін жыл сайын кездесу ұйым­дас­тырамыз. Екі апта бұрын ел астанасы Вар­ша­ваның қақ ортасында үлкен жиын өткіздік. Ол кездесуге Польшаның көп қаласынан елуге жуық жанкүйер қатысты. Одан өзге, Аме­ри­кадан үш жанкүйер арнайы келді. Оларды был­­тырғыдан бетер таңғалдыру үшін қызық­ты бағдарлама жасадық. Көрме ұйым­дас­тыр­дық. Бұрын-соңды қазақтың ұлттық аспап­та­рын көрмеген көпшілікке домбыра мен қо­бызды көрсетіп, біраз мәлімет айтып бердік. – Ал ол аспаптарды Қазақстаннан ал­дырт­тыңыздар ма? – Үш апта бұрын Польшаның Қазақ­стан­дағы бұрынғы елшісі қазақтың ұлттық ас­пап­тарынан коллекция жинағанын естіп-білдім. Сосын оған хабарласып, қобызды уақытша ала тұр­дым. Құрбым екеуіміз екі домбыра сатып ал­дық. Алдағы уақытта домбыра шертуді үй­ренгім келеді. Негізі, мен гитара тартамын. Ал дом­быра шертуді бір көріп алсаң аса қиын емес деп ойлаймын. Бірақ Димаш секілді ше­бер орындай алмайтыным анық. Домбыраның құ­лағында ойнамасам да, бірнеше әнді айта ала­тындай деңгейде меңгергім келеді. Сон­дық­тан дәл қазір ол аспапты зерттеп, «қалай үй­рен­­се болады?» деп бас қатырып жүрген жайым бар (күліп). Тағы бір айтайын дегенім, өзім тұратын Гданьск қаласында «Қазақ­стан­мен танысайық» деген атпен ауқымды ивент өткіздім. Оған Варшавада тұратын журналист Жандос Қарынбаевты арнайы шақырдым. Жалпы, Жандос екеуіміз танысқан сәттен-ақ жақсы араласып кеттік, үнемі байланыстамыз. Оны біз өткізетін іс-шараларға жиі шақыра­мыз. Ол Гданьскте өткен сол кездесуде Қазақ­стан туралы көп дерек айтты. Содан соң бар­лығымыз Димаштың әнін тыңдадық, мен Димаш туралы бар білгенімді ортаға салдым. Содан соң бәріміз қазақ тілін үйрендік. Мен қазақ-поляк сөздігін басып шығарып, арнайы дайындап қойған едім. Барлығымыз қазақ сөз­дерінің мағынасын түсініп, оны бірнеше рет қайталап, жаттауға тырыстық. Кеш соңын­да барлығы Жандосты ортаға алып, оны жі­бер­гісі келмеді. Ол Қазақстан туралы қызық әрі танымдық дүниелер айтқаны соншалық, бар­­лығы бірден Қазақстанға қалай баруға бо­латынын білгісі келіп, төпелете сұрақтар қой­­ды. Осындай жылы, әдемі кеш болды. Қа­зақ тілі демекші, алдағы уақытта қазақ тілінен курс жүргізуді ойлап жүргенімізді айта ке­тейін. Негізі, біз бұл істі былтыр қолға алған едік. Барлығы дайын еді. Биыл Қаңтар айында бас­тауымыз керек болатын. Алайда Қазақ­стан­да болған қаңтар оқиғасынан кейін ойла­ғанымыз іске аспай қалды. Дегенмен қазақ ті­лін үйрену мүмкіндігін әлі де қарастырып жа­тырмыз. Онлайн курс жүргізілетін болса, тіп­ті жақсы болар еді. Бізде қазақ тілін үйрен­гісі келетін бір топ жиналып қалды. Ондай мүмкіндік туындай қалса, күні ертең сабақты бастап кетуге әзірміз. – Сондағы мақсат – Димаштың орын­дауын­дағы қазақша әндерінің мағы­на­сын түсіну ме?  width= – Тек ол үшін емес. Біздегілер Димаштың бар­лық әнін поляк тіліне аударады. Кей кезде Қа­зақстандағы достарымыз қазақша әндерін ағыл­шын я орыс тіліне аударады. Сосын біз оны поляк тіліне аударамыз. Димаш айтатын қа­зақша әндердің мағынасын жақсы білеміз. Бірақ біз қазақ тілін үйренгіміз келеді. Себебі бұл – өте әуезді, сұлу тіл. Музыка арқылы қа­зақ тіліне ғашық болдық. Бірақ бір өкініштісі, қа­зақша әңгіме естіп қалсақ, олардың не ай­тып жатқанын түсінбей, дал боламыз. Осы ретте айта кетейін дегенім, біздің фан-клуб әрі ұйымға 26 000 адам мүше. Facebook желі­сін­дегі жеке парақшамызды 14 мыңнан астам жан­күйер бақылайды. Олардың көбі біз бас­таған кез келген бастаманы, іс-шараны қар­жыландырады. Олардың түгелін Димаштың өнерінен бөлек, қазақтың халық әндері қы­зық­тырады. Расымен, қазақ халқының әндері жүре­гімізді жаулап, бізді қатты таңғалдырды. Содан соң бізді қазақтардың салт-дәстүрге берік болуы таң-тамаша етті. Әлі күнге дейін таң­данамын. Себебі Еуропа аймақтарында мұн­дай үрдіс қазір жоқ. Қазақстандағыдай дәс­түрді ерекше сыйлайтын адамдарды Еуропа­да көп кездестіре бермейміз. Біз бұған там­санып қоймай, бұл туралы жиі жазамыз. Бар­ған, көрген жерімізде байқағанымызды түр­тіп алып, өзге шетелдік жанкүйерлерге жет­кізуге асығамыз. Байқап отырғаныңыздай, біз тек Димаш туралы жазбаймыз. Қа­зақ­станның мәдениеті, салт-дәстүрі, өнері, геог­ра­фиялық орналасуы туралы деректерді де на­зардан тыс қалдырмаймыз.  width=– Осыдан екі жыл бұрын Аргентинада Димаш Құдайберген мен оның жан­күйерлеріне арналған La Era Dimash ра­диостанциясы ашылғанын білеміз. Ізін суытпай сіздің бастамаңызбен Польшада да Dimash радиосы ашылды. – «Аргентиналық жанкүйерлерден соң ра­дио ашқыңыз келді ме?» деп сұрағыңыз ке­ліп отыр ма? (күліп). Ол да бар. Бірақ бұған мы­на бір фактор әсер етті. Жоғарыда айтып өт­кенімдей, жыл сайын Варшавада Димаштың өне­рін жоғары бағалайтын жанкүйерлердің ба­сын қосатын дәстүр қалыптастырған едік. Бірақ 2020 жылы әлемді жайлаған пандемия салдарынан бізде де алаңда көп адам жиналуға рұқсат берілмеді. Сосын арамыздағы бір бел­сен­діміз «Менде бір идея бар. Dimash деген ат­пен радионы іске қосайық. Мен барлығын қа­рап, зерттедім. Бізде оны қосуға жағдай бар секіл­ді. Қазір-ақ бастауымызға болады» деп ұсы­ныс айтты. Өзара жақсы араласатын жан­күйер­лер кездесе алмай, Димаштың концер­тіне бара алмай жүргендіктен, бұл ұсыныс­ты қолдап, бірден іске кірістік. Бірақ ол уақытта бұл бастамамыздың қазіргідей ауқымды бо­ла­тынын білмедік. Варшаваның қақ орта­сы­нан пәтер жалдап, оның бір бөлмесін студия ж­а­сап, ішін түгелімен жабдықтадық. Бүгінде онда арнайы қонақтар шақырып, тікелей эфир жүр­гіземіз. Сонымен қатар, Қазақстан мәде­ние­ті, музыкасы, салт-дәстүріне қатысты қы­зықты бағдарлама әзірлейміз. Сезіп отыр­ғаныңыздай, Димаштың музыкасын 24 сағат бойы қосып қоямыз. Арасында Димаштың ән­деріне дауыс беріп, осы әнмен байланысты қы­зықты оқиғаларды баяндаймыз. Тыңдау­шы­лар қай әнді тыңдағысы келетінін хабар­ла­сып айтады. Сосын бізде «Ұлы дала ертегі­ле­рі» деген атпен үздіксіз шығып келе жатқан бағдарлама бар. Мирелла Гливинска деген бел­сендіміз – ертегі оқудың шебері. Ол қазақ ер­тегілерін тауып, оны аударып, сосын тың­дарманға қызық етіп жеткізеді. Осылайша, екі жыл бойы әр бейсенбі сайын кешкі сағат се­гіз­де қазақ ертегілерін тыңдаймыз. Айтпақ­шы, 15 сәуір – «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күніне» орай  width=Қозы Көрпеш пен Баян сұлу туралы аңыз­­дың тұсаукесерін өткізіп, елшіліктегілер­ге, Қазақстандағыларға айтып, сүйінші сұра­дық. Моника қазақ тілін білмегендіктен бұл аңыз­ды орысшадан поляк тіліне аударып, оқып шықты. Тыңдаған адамның бәрі хабар­ласып, қос ғашықтың арасында өрбіген оқи­ғадан қатты әсер алғанын айтады. Сосын Қа­зақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығын да на­зардан тыс қалдырмадық. Төрт ай бойы осы тақырыпты қозғап, біраз шаруа атқардық. Әң­гіме басында айтып өткенімдей, журналист Жандоспен сұхбат жүргіздім. Ол Қазақстан тура­лы поляк және қазақ тілінде құнды мәлі­меттер айтқанда барлығымыз ұйып тың­дай­мыз. Одан Қазақстан туралы көп қызық дерек ес­тідік. Қазақстандағы достарымызға «Қазір біз­дің радиода қазақша бағдарлама басталады. Тыңдаңдар!» деп ескертіп отырамыз. Сонымен қа­тар, бізде қазақ әдебиетіне арналған бағдар­лама тағы бар. Оның бірнешеуін қазақтың ұлы ақыны Абайға арнадық. Басқа бір бағ­дар­ламада Абайдың қара сөздерін сөз еттік. Қолы­мызда қара сөздердің поляк тіліне ауда­рыл­ған нұсқасы бар. Содан керегін түртіп алып, айтып отыруды жөн санадық. Одан өзге, Қа­зақстанға танымал қайраткерлер туралы да бағ­дарлама жүргіземіз. Жалпы, қазір бұл ра­диода жеті адам жұмыс істейді. Мен аптасына екі рет Варшаваға барып тұрамын. Ал Ди­маштың шығармашылығын насихаттауға кел­генде атсалысқысы келетін адамның са­нын­да шек жоқ. Өйткені олар оның шы­ғар­машылығын жақсы біледі. – Бұйырса, бір күні Димаш Варша­ва­да­ғы радиостудияның қонағы болады деп сенеміз. – Мен де соны армандап жүрмін. Біз ра­дио­ны іске қосқан күні таңғы төртте бір бел­сендіміз «Димаш бізге алғыс айтып жатыр!» деп ха­барласып, ұйқымыздан оятып алды. Сол кезде бақыттан басымыз айналып, бұл бас­таманы іске асырғанымызға қатты қуанғаным есімде. Сөйтсек, Димаш әлеуметтік желідегі же­ке парақшасында бізге алғысты қарша бора­тып, әлемде көп әртіс барын, бірақ По­ль­шадағы радионы дәл оның атымен аш­қа­ны­мызға қатты қуанышты екенін жеткізген. Қа­зір Димаштың сенімін ақтап, ол мақтанып жү­ретіндей деңгейден түспеуге тырысамыз. Біз­дегі бар арман – Димаш біздің студияға ке­ліп, қонақ болса екен! Бұл мүмкін емес іс се­кілді көрінеді. Бірақ кім біліпті?! Ол Еуро­паның бірнеше қаласында жеке концерт өт­кізсе де, Варшавада әлі ұйымдастырған жоқ. Де­генмен бұл Димаштың осында танымал емес екенін білдірмейді. Біздің бар жұмысымыз осы – Польшада оның танымалдығын арт­тыру. Сол үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Ди­маш туралы бізден басқа бір поляк ра­диосында да бағдарлама әзірленді. Біз бар біл­генімізді айтып, қолдағы бар деректердің бар­лығын ұсындық. Енді біз жаққа келсе дей­міз. Бір сұхбатында «Польшаға міндетті түрде бара­мын» дегені есімде. Өткен аптада Ақ­тө­беде Димаштың әкесі Қанатпен әңгімелескенде Варшавада жеке концертін өткізу туралы сөз қоз­ғадық. Бұйырса, ол күнге де жетерміз. Біз Ди­машты Польшада асыға күтеміз. Ерекше қар­сы аламыз деп дайындалып жүрміз. Сосын бізге Димаштың Қазақстандағы адал жан­күйерлері де келсе екен! Олар бізді Қазақстанға кел­ген сайын ерекше күтіп алады. Қонақ­жай­лығында сөз жоқ! Біз де оларға поляк хал­қы­ның қонақжай екенін көрсеткіміз келеді. – Димаштың орындауындағы сіз тың­дайтын ең сүйікті ән қайсысы? width= – Ой, көп (күліп). Ауысып отырады. S.O.S әнін бір жыл бойы тыңдадым. Сосын 2020 жы­лы Мәскеудегі Кремль сахнасында тұсауын кес­кен, сөзін есімі әлемге мәшһүр Лара Фа­биан, әнін Игорь Крутой жазған Your Love әнін қатты ұнаттым. Бұл әнді жарты жыл бойы тың­дадым. Таңертең тұра сала осы әнді қосып қоятынмын. Бірақ мен Димаштың барлық әнін тыңдаймын. Өйткені оның әндері туралы бағдарлама жүргізетіндіктен, бәрін тыңдауға тиіспін. Сосын Димаштың қазақ тіліндегі ән­дерін тыңдағанда қандай күй кешетінімді біл­сеңіз ғой! Жүрегімді қозғап, ерекше бір се­зімге жетелейді. Қазақша әндерін тыңдасам, бір тылсым күйді бастан кешіремін. Өткенде Қанаттан «Қазақ әндері жазылған диск қашан шығады? Себебі жанкүйерлер осыны қатты күтіп отыр» деп сұраған едім. Қанат ол диск дайын екенін, бірақ Димаш перфекционист бо­лғандықтан, үнемі бірдеңесін өзгертіп оты­ратынын айтты. Біз расымен «Димаштың ре­пертуарына қазақша тағы қандай ән қосылды екен?» деп күтіп жүрміз. Қанаттың сөзіне сен­сек, алдағы уақытта жаңа туындылар тың­дайтын боламыз. – Сізді танитындар «Димаштың шет­ел­дік жанкүйері» дегенде сыртта осын­шалық қыруар шаруа атқарып жүр деп ойламаппын. Сіз ел айтқандай, расымен По­льшадағы Димаштың фан-клубының «жүрегі» екенсіз. – Айтып тұрмын ғой. Димаш өмірімді тү­бе­гейлі өзгертті. Мен оған дейін ешбір әр­тістің жанкүйері болған емеспін. Айна­лам­да­ғылардың бір әртіске табынып, күні бойы ол туралы деректер іздеп, тамсанып жүргені ма­ған оғаш көрінетін. Байыбына барып түсін­бейтінмін. Негізі, мен опера, классикалық ән­дерді жиі тыңдаймын. Бірақ 2017 жылы Ди­маштың әнін алғаш рет тыңдаған соң бар­лығы өзгеріп сала берді. – Әңгімеңізге рахмет! Димаштың шы­ғар­машылығымен қатар, қазақ мә­дение­тін насихаттап жүрген еңбегіңіз есе­лене берсін!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары