Сенбі, 8 Қазан, 2022

Петропавлда ұрылар көпқабатты үш үйді газсыз қалдырған

Петропавлда көп қабатты үш үйдің кіреберісіндегі газ шүмектерінің бұрандаларын белгісіз біреулер ұрлап әкеткен. Салдарынан тұрғындар газсыз қалды деп хабарлады turkystan.kz Хабар24 арнасына сілтеме жасап.

Петропавлдағы жергілікті пабликтердің бірінде көмек сұраған тұрғынның жазбасы тарады. Береке ықшамауданы тұрғынының айтуынша, бүгін түнгі сағат 4.30 шамасында ол қатты газ иісінен оянып кеткен. Бірден пәтердегі газын тексеріп, жабық тұрғанына көз жеткізгеннен кейін үйдің ортақ чатына жазған.

Газдың иісін сезген  көршілер де оянған екен. Терезелерін жапқан олар, арнайы қызметтерге хабар берген. 112 нөміріне көрші үйлердің тұрғындары да хабарласқан екен.

«Бұған дейін де осындай газдың иісі шыққан еді. Ол жолы дала желді болып, иісті қатты сезбедік. Бүгін тіпті демала алмадық. Үйде 6 айлық балам бар», – деп жазды Гастелло, 44 –  үйінің тұрғыны.

Береке ықшамауданында газдың ауаға тарауына ұрылар кінәлі болып шықты. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, Гастелло,  50,52 көп қабатты үйлердегі подъезге кіре берістегі газ шүмектері бұрандаларын біреулер шешіп алып кеткен.

«Қазіргі уақытта Гастелло 48, 50, 52 мекен жайындағы үйлер апатты жағдайда газдан ажыратылды. Жоспар бойынша көгілдір отын тек ертең ғана, жаңа бұрандалар салынғаннан кейін беріледі. «Горгаз» ЖШС ұрлыққа қатысты Петропавл қалалық Полиция басқармасына арыз жазды», – дейді мамандар.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button