- Қазақстанға келіп-кетіп жүрсіз. Қандай айырмашылық байқадыңыз?
- Қазір Қазақстанға жиі келіп жүрмін. Өйткені Алматыда жаңа кәсіп бастадым. Жалпы, Түркия мен Қазақстан арасындағы басты айырмашылық, ол – қымбатшылық. Қазір түріктерде де жағдай мәз емес. Мәселен, Қазақстандағы инфляция деңгейі 15% болса, ол жақта 79%-ға жетті. Дегенмен, Түркияда күнделікті пайдаланатын өнімдердің дені өздерінде өндірілетін болған соң қатты әсер ете қоймайды. Қазақстандағы киім-кешек пен азық-түлік бағасы Түркияға қарағанда өте қымбат.
Екі ел арасында айырмашылық көп. Мұндағы туризмнің қалай дамығанын айтпасам да көз көріп отыр. Білім саласы да бізге қарағанда жақсы дамыған. Өзім іштей осы салалардың Қазақстанда да дамығанын қалаймын.
- Түркияға әншілер жаппай көшіп, үй алып жатыр деген шу шықты. Шынымен үй сатып алу арзан ба? Орташа айлық табыс бір айға жеткілікті ме?
- Соңғы 2-3 жылда қазақстандық әншілердің ғана емес, халықтың да жаппай көшуі байқалды. Олардың дені Түркияның Алания қаласын таңдаған. Дәл қазір көш саябырлап қалды. Себебі, мұнда келген қазақстандықтар жергілікті жердің жағдайымен танысып, оған қанықты деп ойлаймын. Түрлі фактор әсер етіп те жатқан шығар.
Иә, Түркияда үй бізге қарағанда арзан. Баспана алған соң Стамбұл секілді ірі қалалардан алған дұрыс. Ал Алания секілді шағын қалаларда табыс көзі жоқ. Олар тек демалуға, саяхаттауға арналған елді-мекендер.
Түркияда орташа табыс 200 мың теңгенің айналасында. Ал бұл ақша ірі қалаларда өмір сүруге жеткіліксіз. Шағын қалаларда басқаша. Себебі онда барлық зат арзан әрі өз өнімдері болған соң алаңдаушылық жоқ.
- Кәсіпте жүрген қыз-келіншектер туралы соңғы кезде жиі ести бастадық. Бізде қазақ қыздарының карьера қууына қатысты түрлі ойлар бар. Сіз не дейсіз?
- Қазақ қыз-келіншектерінің өздерін дамытуға деген ниеттері ұнайды. Қыз болсын, жігіт болсын, білім алып, ізденіп, жетістікке жетуіне тілекшімін. Кәсіп бастап, карьера жасап, компаниясын алға сүйреймін деп күш салып жүрген қыз-келіншектерді қос қолдап қолдаймын.
1991-1992 жылдары, яғни Қазақстан алғаш тәуелсіздік алған кезеңде осы Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық қарым-қатынасты бастағандар, оны дамытқандар – әйелдер. Қазіргі «Түркиядан» дейтін сөздің шығуына, оның қалыптасуына сол кездегі ала дорбасын арқалап, еліне сапалы тауар тасыған қазақстандық қыз-келіншектер тікелей әсер еткен. Сондықтан Түркиямен ең бірінші болып кәсіп көзін бастаған әйелдер деп толық айтуға негіз бар және оған бірнеше рет көзім жетті.
- Қазақстанға оралып, осында кәсіпті жалғастырғыңыз келмей ме? Елге қайта оралуға не кедергі?
- Шындығында, көшіп кетпедім. Екі жақта жүрмін. Тіпті көшу де ойымда жоқ. Тек жұмыс, кәсіп болған соң солай жүріп-тұруға тура келеді. Бұрын Түркияда «есігін теуіп кіретін өзімнің үйім болса ғой» деп армандайтын едім. Сол арманға жеттім. Алайда Қазақстаннан ешқайда кетпеймін. Себебі мен ұлтын сүйетін, патриот адамдардың бірімін. Қай елге барсам да уақытша тұрақтаймын, бірақ Отаныма қайту, елімде өмір сүру минут сайын санамда жүреді.
- Түркияға кеткенге дейінгі және кейінгі Фатима қандай?
- Өткенді еске алғаннан ауыр нәрсе жоқ шығар... Ол кезде Фатима қарызға батқан, денсаулығы нашарлаған жан еді. Тағдырдың басқа салғанына көнбей, осы елді таңдап, тіршілік етемін деп келдім. Ал қазіргі Фатимамен ол кезді салыстыра алмаймын. Екеуінің арасы жер мен көктей. Түркиядағы күндер, қиындықтар өмірімді өзгертті. Сабақ болды. Сондықтан ол жаққа айтарым тек алғыс. Себебі сол қиындықтарды жеңу арқылы өз Отаныма титтей де болса пайдамды тигізіп жатырмын деп ойлаймын.
Шынайы жауаптарыңыз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан: Марғұлан АҚАН