50981
«Оралдың үш оғланы» оқырмандармен жүздесті
«Оралдың үш оғланы» оқырмандармен жүздесті
Алматыдағы әдеби орта «Оралдың үш оғланы» деп мойындаған ақындар Қадыр орталығында оқырмандармен жүздесіп, жыр жинақтарының тұсаукесер рәсімін өткізді деп хабарлады turkystan.kz.
Іс-шараны Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ұйымдастырды.
«Аңсаттың Жайық...» атты кештің иелері – Шерхан Талап, Асылан Тілеген және Айбол Исламғали. Үш ақын да сонау Алматыда, ҚазҰУ шаһарында білім алып, 17-жатақханада студенттік шағын бірге өткізген.
Кездесу барысында қаламгерлер әдебиет төңірегінде әңгіме өрбітіп, өлеңдерін оқыды.
Әрмен қарай Қадыр орталығы директорының орынбасары Сәуия Темірова сөз сөйлеп, БҚО Мәдениет басқармасы басшысы Сайран Дүйсеновтің Алғыс хатын үш ақынға табыстады.
Шерхан Талаптың «Катарсис» атты кітабының тұсауын Жазушылар одағының мүшелері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері Қазбек Құттымұратұлы мен Танакөз Толқынқызы, Айбол Исламғалидың «Жетінші авенью» кітабының тұсауын Жазушылар одағының мүшесі, ақын, ұстаз Талап Таймасұлы мен Журналистер одағының мүшесі, ақын, журналист Тілес Жазықбай кесті. Ал Асылан Тілегеннің «Хадия» кітабының тұсаукесер рәсімін Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғайсағали Сейтақ пен Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, журналист Мұнайдар Балмолда жасады.
Кеште «BatysStar» және «Гранд меn» тобы, Сиғватулла Ешкаев, Әділ Ахметовтер ән айтып, Берік Шаймарданов күй шертіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш соңы «ZIYAT» кітап дүкенінің жәрмеңкесіне ұласты.