«Жұбантөбедегі» жазу тарихымызды тереңге тартады

«Жұбантөбедегі» жазу тарихымызды тереңге тартады

«Жұбантөбедегі» жазу тарихымызды тереңге тартады
ашық дереккөзі
769
Профессор Ханғали Сүйіншәлиевтің «Біздегі жазба мәдение­тінің түп-тамыры халқымыздың өз жерінде пайда болды» деген сө­зін­де үлкен ақиқат жатыр. Расында, біздің арғы бабалары­мыз­дан қал­­ған руникалық жазу – Орхон-Енисей жазулары Түркі қаға­наты дәуірін­де Ұлы дала халықтарының өз әліпбиі жасап, жазу мә­дениетін қа­­лыптастырғанын көрсетеді. Өкініштісі сол, XX ғасыр­дың ортасына дейін «қазақтарда жазу болмаған, олар Қазан төң­керісіне дейін араб жазуын ғана пайдаланған» деген ғылыми қисыны жоқ пікір біраз уа­қыт басым болып келді. Дегенмен түрколог ғалым­дар руникалық жазу­дың жұмбағын шешкеннен кейін және оның түркілерге тиесілі еке­ні мойындалған соң барып қана аталған халқы­мыз­дың жазу мә­де­ниетінің тамыры терең екеніне көзіміз жетті. Бүгін­де еліміздің әр ау­ма­ғынан табылып жатқан тастағы жазулар – пі­кірі­міздің дәлелі. Соның бірі – Жамбыл облысынан табылған тас­тағы жазу. Тараз қаласы маңындағы «Жұбантөбе» қа­лашығынан табылған жазу «Аң ау­лау» деп оқылады. Екі сөзден тұратын бұл сөй­­лемді ғалымдар ІХ-Х ғасырларға жатқызады. Бұл ІХ-Х ғасырларға қатысты Тараз қаласынан 15 шақырым батысында Жұбантөбе қала­шы­ғы­нан табылған әдеби жәдігерлік қазақ түр­кі­лері­нің жазу алфавиті болғанын дәлелдейді. Тас құралда алты таңба бар. Бұл жәдігерлікті 1987 жы­лы К.Байпақов басқарған экспедиция тап­қан. Ғалымдар С.Кляшторный, А.Аманжолов жазу­ды зерттеген. Ғалым А.Аманжоловтың оқуын­дағы тас құралдағы жазу былай оқылады: «Охота (на диких зверей)». «Аң аулау». (Н.Ба­зыл­ханның «Көне түрік бітіктастары мен ес­керткіштері (Орхон, Енисей, Талас), «Қазақстан тарихы түркітілді деректемелерде» атты серия­сы бойынша. 2-том, Алматы, Дайк-пресс, 2005-жыл, 243-бет). Бұл жазу да осы ІХ-Х ғасырлардағы қазақ түркілерінің жазба әдебиетіне жататын жә­дігерлік деп қарауымызға болады. Тілді зерт­теуші белгілі ғалымдар көне жазулардың түп төр­кіні жайлы өздерінің ғылыми тұжырым­да­рын білдіре отырып, әдеби тіл туралы пікір өр­бітеді. Бұл жөнінде қазақ түркісінен шыққан бел­гілі ғалым Рәбиға Сыздықова былай деп жа­зады: «Бірқатар ғалымдар әдеби тіл дегеніміз жал­пы халықтық тілдің өңделіп, қырланған түрі деп таныса, енді бірсыпырасы жалпы хатқа түс­кен туындылардың тілі әдеби тіл деп таба­ды. Сондықтан орыс әдеби тілінің тарихын сөз еткен бірқатар мамандар жазусыз әдеби тілдің болуы мүмкін емес деп санайды...» (Р. Сыз­дықова, «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы», Алматы, «Мектеп» баспасы, 1984 жыл, 6-бет). Жазусыз әдеби тілдің болуы мүмкін емес деп жүрген ғалымдар халық ауыз әде­биетінің ғажайып үлгілеріне көз жұ­мып қарайды. Біздің пікірімізше, жазумен қа­лыптасқан әдеби тілдің өзі жазусыз қалып­та­сып, дамыған ауыз әдебиетінен нәр алады. Әдеби тіл өз-өзінен қалыптаспайды. Әдеби тіл­дің қалыптасуына сол халықтың салт-дәс­түрі, тілі, ділі мен діні, мәдениеті мен ауыз әде­биеті, халықтық эстетикасы әсер етеді. «...ер­тегілерді алайық. Одан керемет поэзияның же­лі еседі, көркемдік шеберліктің тамаша үлгісі көрінеді...» (Т.Кәкішев). Олай болса, әдеби тіл осы факторларды өз ішіне қамтыған соң жазба әдеби тілі пайда болады. Қазақ түркісінен шыққан белгілі ғалым Х.Сүйіншәлиев көне жазба жәдігерліктердегі жазу мәдениеті туралы былай деп жазды: «...Қазақстан жерінде пайда болған ілкі жазу мә­дениетінің маңызы ерекше. Қазақстан жерінде алғашқы феодалдық қоғам соңғы үйсін (ІІІ-V ғасыр) заманында көріне бастады. Атақты ғалым Абел Ремюзаның жобалауынша, үйсіндер орхон жазуын пайдалана білген болуы керек. Осының дәлелі ретінде үйсіндердің ескі қыпшақ орындарынан кейде тасқа түсірген ор­хон жазуларының таңбасы кездеседі. Үйсін­дерден кейінгі түрік қағанаты кезінде орхон жазулары олардың мемлекеттік жазуына айна­ла­ды. Бұл жазумен түрік қағандары Иранға, Византияға, Қытайға елшілік хат жазып, өлген адамдарының басына қойған құлпытасқа жоқтау жырларын жазып отырған. Демек, кейін қазақ халқына мирас болған жоқтау, ес­тірту, барлық эпостық дәстүр, алғашқы жазу осы қағанат кезінен қалғанға ұқсайды. Қазақстандағы жазудың тарихын бір кез­дегі ғалымдар тек ислам дінінің тарауымен ға­на байланыстыратын еді. Орхон жазуы ашыл­ған соң кейінгі зерттеушілер бұл пікірді жеткіліксіз деп тапты. Ғалымдардың пайымынша, орхон жазуын түсіруге тас, түсті металл, был­ғары, ағаш, сүйек, жібек (С.Малов. Памят­ники древ­не­тюркс­кой письменности, М-Л., 1951,11-60-беттер және Т. Стеблева «Поэзия тюр­ков», М., 1965, 22-бет) сияқ­ты нәрселер қол­данған. Көне сақ, ғұн, үйсін, қаңлы дәуірлерінде қазақ түркілерінде ауыз әдебиеті де, жазу-сызу да болған. Оған мысал: ауыз әде­бие­тінің үлгісі – Алып Ер Тұңғаны жоқтау жыры. Қаш­қарлық Махмұттың «Түркі сөздерінің жи­­на­ғындағы» мақалдар мен мәтелдер. Қаш­қар­лық Махмұттың жинаған ауыз әдебиеті үлгі­лері көне сақ дәуірі ауыз әдебиетінен бас­та­латынын ғалымдар біледі. Демек, орыс ғалы­мы В.Виноградовтың жазған ғылыми тұжыры­мына назар аударсақ, қай халықтың болса да әдеби тілі жазуы қалыптаспаған кезде де пайда бо­лады екен. Бұл – құптауға тұрарлық пікір. Сақтардың алфавиті, күміс тостағандағы жазу, үйсін дәуіріндегі жазба мәдение­ті­нің болуы қазақ даласына VІІІ-ІХ ғасыр­лардағы, одан кейінгі орта ғасырлардағы араб жазба мәдениетінен бұрын пайда болғаны жөнінде айтылған жоғарыдағы пікірлерге жүгінбеске болмайды. Жұбантөбеден табылған екі сөзден тұра­тын «Аң аулау» деп оқылатын сөйлем ІХ-Х ғасырларда бізде жазба әдебиеттің болғанын, аң аулау дәстүрінің қанат жайғанын растайды. Тарих біз білмейтін құпияларды ішіне сақтап отырғанына назар аударуымыз қажет. Аң аулап, бала-шағасын асыраған ежелгі түркілер аң аулауды ең тиімді әдіс деп ойлағаны рас. Астық өсіруге дағдылана қоймаған ежелгі түр­кілер елдің молшылықта, тоқшылықта жа­сауына бірден-бір мүмкіндік аң аулауды ха­лықтың дәстүрлі салтына айналдырған. Осыны ой­лай отырып, «Аң аулау» мәтінінің тегіннен-те­гін жазылып отырмағанын түсінеміз. Қа­зақтың көрнекті ғалымы Н.Келімбетов ұзақ жыл­дар бойы петроглифтерді зерттеген ғалым А.Окладниковтың айтуына назар аударады: «Ұзақ жылдар бойы петроглифтерді зерттеп кел­ген көрнекті ғалым А.Окладниковтың айтуы бойынша, ежелгі адамдар жылына бір рет жиналып, әрбір аңшы қанжығасының қандануын, яғни аң аулау сапарының сәтті аяқталуын Көк Тәңірісінен жалбарынып сұрайтын болған. Ол үшін аңшылар үстіне бұғының терісін жамылып, басына мүйіз бай­лап алып «Сиқыршы биін» билеген. Мұн­дай ғажайып билерге дала кезіп жүрген түрлі аң таңырқап, ішінен жеңілгенін мойын­дауы тиіс екен. Қолдарын аспанға кө­теріп, бар даусымен айғай салған аңшылар Көк Тәңірі­нен көмек сұраған. Міне, осындай ежелгі әдет-ғұрыпты мүл­тіксіз орындаған жағдайда Тәңірі­нің ықылас-рақымы түсіп, аң аулау сәтті аяқ­талатынына адамдар мүлтіксіз иланған. Жар­тастағы суреттер осы бір тарихи шындықты та­ғы да растай түсетін сияқты». (Н.Келімбетов, «Ежелгі дәуір әдебиеті», Алматы, «Атамұра» бас­пасы, 2005 жыл, 13-бет). Дәл осы ғасырларда өркендеп, қанат жайып бара жатқан жазба әдебиетіміз­дің саналы түрде жойылғанын біз білеміз бе? Н.Келімбетов: «Орталық Азия мен Қазақстан­ның көп жерлерін араб басқыншылары VІІІ-ІХ ғасырларда жаулап алғаны мәлім. Арабтар жер­гілікті халықтардың мал-мүлкін тонады, өз­дерін құлдыққа салды, қалалары мен елді ме­кендерін қиратты. Сондай-ақ олар жергілікті ха­лықтың санғасырлық тарихы бар рухани қа­зынасын – тілін, жазуын, мәдениетін, әде­бие­тін ежелден қалыптасқан наным-сенімін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, тағы басқа мүлдем жойып жіберуге барынша әрекет жасады. Олар зор­лықпен елдің бәрін Ислам дініне енгізіп, араб тілін міндетті мемлекеттік тілге айнал­дыр­ды. Барлық жерде оқу-білім тек араб тілінде ғана жүргізілді. Ежелгі түркі жазуларын қол­дану­ға қатаң тыйым салынды» деп жазды (Н. Келім­бетов, «Ежелгі дәуір әдебиеті», Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1991 жыл, 135-бет). Түркілердің ойма жазуы туралы және араб шапқыншылығының зардаптары тура­лы қазақ түркісінен шыққан көрнекті ға­лым М. Мырзахметұлы былай деп ой өрбітеді: «Бү­гінде бүкіл әлем халқына танымал қазіргі түр­кітілді халықтардың арғы аталары болып са­налатын ғұн, үйсін, қаңлылардың V-VІІІ ға­сырлардағы жазу таңбалары, бір сөзбен атағанда ойма жазуы (тасқа қашалып жазылуы себепті) деп аталады. Есік қорғанынан табылған алтын киімді жауынгердің күміс тостағанына шекілген жазу таңбасы біздің дәуірімізге дейінгі заманның V ғасырына қарай меңзесе, жуық арада археологиялық қазба жұмысы арқылы Моңғолия жерінен табылған ғұндардың әріп таңбасымен таңбаланған мойынға тағатын алқадағы «Сеңгір» сөзінің оқылуымен ғұндар жазуының тікелей мұрагері түркі халықтары екені нақтылы дерекпен дәлелденіп отыр. Бұлардың бәрі де археологиялық зерттеулердің нәтижесінде табылған заттай деректер болса, ғұндардың өзіне тән жазу таңбалары болғаны қытай тілінде жазылған еңбектерде де айты­лады. Мысалы, б.э.д. 192 жылы қытай тілінде жазылған «Тарихи естеліктер кітабында» «Мәді Тәңір құтты дәуіріне келгенде, ғұндар күшейіп, жазу қолдануды жолға қойған, сол арқылы соңғыларға үлкен мұра қалдырған» («Егемен Қазақстан», 7.07.1991) деп нақтылы әрі бұл­таруға келмейтін тарихи деректі қолымызға берді». (М.Мырзахметұлы, «Түркістанда туған ойлар», Алматы, «Санат» баспасы, 1998 жыл, 38-39-беттер). Ғұн дәуірінде ойма жазудың болғанын халық ауыз әдебиетінің үлгілерінің бірі­не жататын «Он үш жасар Алып Бамсы (Ал­па­мыс)» қиссасында Алып Бамсының Гүлбар­шын­ға тасқа қашап жазған хаты дәлел бола ала­ды. Ғұндардың Еуропаға дейінгі жорығы, Еу­ропада құлдық билікті жоюы туралы мәлі­мет­тер ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетте де бар. Демек, ғұн дәуіріндегі жазба ескерткіш­тердің көне түркілерде әдебиеттің кең арнасы бол­ғанын да дәлелдейді. Ал ғұн дәуірінде өмір сүр­ген Молақсай жырау, Тоғанас жырау мұра­ларының қазақ түркілерінің әдебиетіндегі ға­жайып мұра болғаны әдебиеттану ғылымын­дағы құбылыс болғаны да анық. Ғалым М. Мырзахметұлының сырттан кел­ген араб басқыншыларының идеоло­гия­лық үстемдігі туралы былай деп жазғаны бар: «...отаршыл атаулының бәрі де саяси-идео­логиялық мақсат қоя келгенде, алдымен ха­лықтың тілі мен дініне рухани қазына көз­деріне сұғын қадап, әсіресе дәстүрлік жал­ғас­тықты ұштастырып отырған басты құрал-жазу таңбасын жоюға ерекше мән берген. Өйткені халықтың тарихы жадын өшіріп, мәңгілік рухани құлдық тұтқынында ұстау үшін, алды­мен өткені мен бүгінгіні жалғастырушы қан та­мырларын қиюға күш салуы жайдан-жай нәр­се болмаса керек-ті». Бұл – бүгінде құлақ қою­ға тұратын пікір. Тарихтың аласапыран кезең­дерінде жойылып кеткен құнды мәдени мұра­сын білмеген, өз халқын тек өзгелер жаса­ған мәдениетті тұтынушы ретінде танып өскен ұрпақта рух бола ма?! Жалпы, елімізден табылған көне жазба жәдігерліктердің көне жазба әдебие­ті­міз­дің бастау көзі екенін таныту арқылы ұлты­мыздың тамыры тереңде екенін, тарихы тым арыдан басталатынын насихаттасақ – жас ұрпақты өзінің әлемдік мәдениетке зор үлес қосқан үлкен халықтың перзенті екенін сезініп өсуі­не зор әсер етер едік. Ол – өте маңызды нәр­се.

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің доценті

Серіктес жаңалықтары