471
Музей қызметінің сапасын жаңа деңгейге көтеру қажет
Музей қызметінің сапасын жаңа деңгейге көтеру қажет
Биылғы 5 қаңтарда Алматыда болған қаңтар оқиғасы кезіндегі музейде болған жағдайға байланысты менің түйгенім – өскелең ұрпаққа ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттау және оларды тәрбиелеуде маңызды рөлге ие мекеме ретінде музей жұмысына (қызметіне) жаңаша көзқарас қалыптастыру қажет. Ұзақ уақыт бойы музей коллекцияларды жинақтап, сақтайтын ағартушылық мекеме ретінде ғана қарастырылып келеді. Қазіргі заманғы даму үрдістері көрсетіп отырғандай, музейлер өз қызметінде жаңашылдыққа ерекше назар аударуға тиіс. Музейлер бір-бірімен келушілер санымен бәсекелесіп, жеке-дара қызметін көрсетпей, керісінше бір-бірімен әріптестікті дамытып, жұмыстың бірыңғай моделі мен механизмін жасап шығуы қажет. Өкініштісі сол, отандық музейлердің арасындағы қажетті байланыс жоқтың қасында.
Біз музей мамандары түрлі идеялардың бастамашысы және оны іске асырушысы ретінде статусымызды өзгерте отырып, отандық музейлердің қызметіне жан бітіріп, дамудың жаңа сатысына көтеруіміз қажет.
Музейлерді ғылым мен зерттеу қызметін дамытудың тірек орталықтары ретінде дамыту қажет. Сондықтан өнердің, музейтанудың және мәдениеттанудың барлық салаларында ғылымды дамытуға назар аудару керек. Сонда ғана музейлердің функцияларын мәдени-білім беру және имидж орталықтарына дейін кеңейту пайдалы болмақ. Өз құзырындағы мәдени құндылықтарды зерттеу, насихаттау және каталогтау жұмыстарын жаңа сапалық деңгейге көтергенде ғана музейлердің беделі артады. Қор сақтау қоймаларының материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Музей қорларындағы құндылықтарды кеңінен насихаттау жұмысын қолға алып, музейаралық байланысты дамыту қажет.
«Қаңтар оқиғасы» – жас ұрпақты ұлтымыздың ғасырлар бойғы дәстүрі мен елдің өткеніне құрметпен қарауға үйретудің қаншалықты өзекті мәселе екендігін көрсетіп берді. Осы ретте, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай «Музей және мектеп» айдарымен «Ұлттық мұраны сақтау» атты жылжымалы музей сабақтарын облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде жүйелі түрде өткізгеніміз дұрыс болар еді. Балалармен жұмыс жасау кеңістігін кеңейтетін бұл
жоба – мектеп оқушыларының музейге, артефактілерге, ұлттық тарих пен мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, мәдени мұраны көздің қарашығындай сақтаудың маңыздылығын түсіндіруде қуатты факторға айналады. Сонымен қатар жас ұрпақтың, рухани деңгейін көтеруге септігін тигізеді.
Музей – келушілерге сан алуан артефактілермен (тарихи, этнографиялық, археологиялық, палеонтологиялық және т.б.) «тілдесу» арқылы тарих пен мәдениеттің болмыс-бітімін зерделеуге мүмкіндік береді. Музей «тілі» – жасқа да, кәріге де, тіпті кез келген ұлттың өкіліне ұғынықты өзіндік «тіл». Музейдің ақпарат жүйесінің мектеп жасындағы, тіпті, балабақша тәрбиесіндегі бүлдіршіндерді образды әрі қисынды ойлауға үйрететінін ерекше айта кеткен жөн. Осы ретте қазіргі таңда түрлі мәдени-білім беру жобаларын және балаларымен, сондай-ақ, отбасымен музейге келушілерге арналған сан алуан бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы әр музейдің профиліне сай олардың жанынан Балалалар музейін ашу қажет екені айқын байқалып отыр.
Балалар музейі – балалар мен жасөспірімдерді дамыту мақсатында құрылған қосымша білім беру мекемесі. Балалар мен жасөспірімдердің «тіршілігін» ұйымдастырудың бір формасы балалардың әлемді қабылдауының ерекшелігін ескере отырып, интерактивті музей кеңістігін құру. Музей коллекциясын сақтау және зерттеу функциясын атқаратын қалың көпшілікке арналған дәстүрлі музейлерден балалар музейінің айырмашылығы, ол басты назарды келуші, яғни балаларға арнап, музей институтының білім берудегі рөлін көрсетуінде болып отыр. Балалар музейі музей коллекциясын экспозициялау, көрсетілетін нысанмен тікелей қарым-қатынас жасау арқылы оны таныстырудың ерекше стратегиясын дамытады. Балалар музейіндегі басымдық берілген зерттеулер – ол педагогикалық мәселе, балалар субмәдениетін, отбасындағы тәрбие дәстүрі, балалардың жас ерекшелігін ескере отырып музей таныстырылымдарын қабылдаудың сан алуан түрлері мен әдістерін зерттеу.
Бұл тұрғыда музей педагогтері, социологтары мен маркетологтарын даярлаудың маңызы зор. Сонымен қатар халықаралық дәрежеде музейтанушылардың кәсіби білімі мен біліктілігін көтеру туралы жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру қажет.
Сондай-ақ қазір ақпараттық, телекоммуникациялық және мультимедиялық технологиялар рөлінің артуына байланысты мультимедиалық құралдар – оқушыларға қосымша білім беретін және олардың зияткерлік қабілетін одан әрі дамытуға септесетін музейдің тұрақты экспозициясы мен көрмелері базасында дайындалған мультимедиалық интерактивті тақырыптық бағдарламалар өзекті болып отыр.
Сондықтан барлық музейлерді бірігуге, дамудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге, музейлерді белсендірудің жаңа формаларын дамытуға, қосымша қызметтер (балалар бөлмесі, тақырыптық кафе, мультимедиа залдары және тағы да басқа) көрсетуге, инновациялық орталықтар, заманауи жобалар мен экспозициялар жұмысын жандандыруға күш салуымыз қажет. Осы айтылғандар негізінде музейлердің қажеттілігі мен ықпалын арттырып, миллиондаған келушілер тартуға болатынын айтқым келеді. Музейлерді жоғары кәсіби деңгейге көтеріп, креатив шығармашылық алаңға айналдыруға болады. Бұл біздің табысты еңбегіміздің басты анықтаушы факторы және Жаңа Қазақстандағы музей ісінің табысы болмақ!
Бибігүл ДӘНДІҒАРАЕВА, Мемлекеттік орталық музей директорының музей менеджменті және маркетингі жөніндегі орынбасары