Бала неге сөйлемейді?

Бала неге сөйлемейді?

Бала неге сөйлемейді?
ашық дереккөзі
Бала тілінің кеш шығуы соңғы жылдары жиі кездесетін өзекті мәселеге айналып отыр. «Балам сөйлемейді» деп шағынатын ата-ана көп. Бұл жағдай логопед, дефектолог ма­ман­дарға сұранысты арттырып отыр. Осы орайда сөйлеу тілі бұзылған балалармен жұмыс істеп жүрген логопед-дефектолог, «Сөйле балақай» орталығының жетекшісі Айман Әділбекқызымен әңгімелескен едік. – Логопед мамандарға сұраныс жыл сайын артып келеді. Мұны қазіргі бала­лар тілінің кеш шығуымен байла­ныс­тырсақ бола ма? – Логопед мамандарға сұраныстың артып отыр­ғаны рас. Өйткені қазіргі балалардың тілі кеш шығады. Тіпті, бір отбасында 2-3 баланың сөй­леу тілі бұзылған жағдайлар кездеседі. Яғ­ни, үлкені сөйлемейді, екіншісі кекештенеді, тұ­тығып қалады, ал кішісі дыбысты анық айт­пайды. Мұның астарында ата-ананың пе­да­гогикалық-психологиялық білімінің жетк­і­лік­сіздігі, баламен қарым-қатынас кезеңін мең­гер­меуі және қалай жұмыс істеу керегін білмеу себептері жатыр. – Баланың тілі неліктен кеш шығады? Оның қандай себептері бар? – Баланың сөйлеу тілінің бұзылуы орга­ни­к­алық және жүре пайда болған деп екіге бө­лінеді. Органикалық бұзылысқа құрсақта бала пайда болған кезеңнен бастап ананың бойында болған өзгерістер әсерінен бала тілінің кеш шығуы жатады. Органикалық тіл бұзылуының өзін перинаталдық (туғанға дейін), постна­таль­дық кезең (туғаннан кейін) деп бөлеміз. Бала пайда болғанда ана ЖРВИ, тұмау сынды вирустық аурулармен ауырса, бұл да баланың сөйлеу тіліне әсер етеді. Сондықтан болашақ ана алғашқы 2-3 айда өте жақсы күтінуі керек. Се­бебі дәл осы кезеңде баланың миындағы сөй­леу тіліне әсер ететін жасушалар дамиды. Ана­ның психологиялық жағдайы тұрақсыз, ст­ресс, депрессияда жүрсе, ол жағымсыз энер­гетика, уайым-қайғы тікелей балаға беріледі. Кейін бала мазасыз, жылауық болады. Себебі ана мен баланың психологиясы тығыз бай­ла­нысты. Бала тілінің кеш шығуының тағы бір се­беб­і – авитаминоз. Анасының гемоглабині тө­­мен болса, темір тапшылығы байқалса, йод жетіспесе де баланың сөйлеу тілінің тежелуіне алып келеді. Әдетте жүкті әйелдер гемоглабині төмен болса сазға, борға жерік болады. Бала өзі­не керек дәруменді саз бен бордан алмайды, осыны ұмытпаған жөн. Белгілі бір дәруменнің жетіспеушілігі, қорыту процесінің болмауы да сөйлеу тілінің кешеуілдеуіне алып келеді. Келесі бір себеп – балаға оттегі жетіспеуі. Бо­сану кезінде анаға оттегі жетіспесе, тікелей баланың ми жасушаларына да оттегі толық бармайды. Ең кең тараған процесс өмірге келген баланың шыр етіп жыламауы, дауыс шығармауы. Миға оттегі қалыпты деңгейде жетпеуі, жылау процесінің қалыпты болмауы ба­ланың жалпы дамуын кешеуілдетеді. Миға 1-2 секунд оттегі бармаса, 1-2 жасында бала бойын­да арттақалушылық байқалады. Ана­сының кесарь тілігімен босануы, баланың тым ерте немесе кеш өмірге келуі де сөйлеудің ке­шеуілдеуіне әкеліп соғады. Себебі 41-42 ап­тада ананың құрсағында микрофлорада бұ­зылыс болады. Судың сарғаюы баланың сөй­леу тіліне, қалыпты түрде дамуына кері әсер етеді. Келесі ерекшелік – босану барысында баланың басы қысылып қалуы, ішекке оралып қалуы, қан қысымының жоғары болуы сөйлеу процесін тежейді. Сол себепті ана бала құр­сақта пайда болғаннан бастап онымен то­лыққанды сөйлесіп, өзінің психологиялық жағ­дайын қалыпқа келтіріп, авитаминоздың ал­дын ала отырып баланың сөйлеу тілінің, іс-әрекетінің, жалпы моторикасының қалып­ты дамуына жағдай жасауы қажет. – Бұл жағдайдың алдын алудың қан­дай жолдары бар? – Бала тілінің бұзылуымен жұмыс істеу ке­зеңінде бірінші себепті анықтап, сол се­беп­ке сәйкес жұмыс істеген дұрыс. Алдын алудың не­гізгі жолы – құрсақта бала пайда болғаннан бастап болашақ ананың өзін күтуі. Сонымен қатар ағзаға жетіспей тұрған дәрумендерді уа­қытылы қабылдау, дұрыс тамақтану, бола­шақ ананың көңіл күйінің жоғары болуы маңызды. Ананың денсаулығы тікелей бала­ның сөйлеу тілінің дамуына әсер етеді. Сол себепті қыз-келіншектерге бала жоспар­ла­саңыз, алдымен өзіңіздің денсаулығыңызды күтіңіз деймін. Құрсақта сәби пайда болған сәттен бастап ана баламен сөйлесуі керек. Ішін сипалап, ба­лаға жақсы сөз айтсаңыз, бала бір орыннан екін­ші орынға ауысып, қимылдап, тебеді. Өйт­кені бала бәрін сезеді. Өкінішке қарай, қазіргі таң­да анасы стрессте болса, баланың бір орын­нан қозғалмауы, тырысып қалуы, тебудің өте аз болуы көп кездеседі. – Қалыпты жағдайда әр жастағы ба­ланың сөздік қорында қанша сөз болуы керек? – Бір жастағы баланың сөздік қорында «мама», «бер», «ішем», «су», «папа», «ата», «апа», «әже» деген сынды 10 сөз болуы керек. Екі жас­тағы баланың сөздік қоры 70 сөзден тұруы ке­рек. Бала сөз тіркесін айта алуы керек. Мы­салы, «мама, берші», «су ішемін», «папа, жүрші» деген сынды екі сөзден құралған сөздерді айтуы керек. Бұл жерде бала 70 сөзді айту керек деген қатып қалған қағида жоқ. Бала ол сөздерді білуі, бірақ қолданбауы мүмкін. Бас­тысы, импрессивті, экспрессивті сөздік қор­дағы сөздерді бала түсініп, кері байланыспен сыртқа шығара алуы. Үш жасар баланың сөй­леу тілінде 700 сөз болады. Яғни, бала әңгі­ме құрастырып айта алады. «Мен балабақшаға бардым», «апай тамақ берді» деген сынды әңгі­ме айтуы қалыптасады. Төрт жастағы бала­ның сөздік қоры 1 000-1 200 сөзге дейін же­теді. Бұл өте үлкен сөздік қормен бала әңгі­ме құрап, сұраққа жауап беріп, үлкен адам­дарша кері байланыс бере бастайды. Ал бес жас­тағы баланың сөздік қоры 5 000 сөзге же­теді. Бала дыбыстарды анық айтады, мек­тепке баруға дайын болады. Бұл – қалыпты даму динамикасының нормативі. Ата-ана дәл осы нормативке сәйкес өз баласының сөйлеу тілінің деңгейін анықтай алады. – Балалар арасында «з» дыбысын «ж» деп, «р» дыбысын «л» деп айту жиі кезде­се­ді. Енді не себепті бұлай айтады деген сұраққа жауап берсеңіз. – Мұны ғылым тілінде «дислалия» дейді. Dis – гректің бұзылу, logos – сөйлеу деген сөзі­нен шыққан. Қарапайым тілмен айтсақ, бала дыбысты алмастырады, айтпай тастап кетеді немесе бұрмалап айтады. Мұның негізгі екі се­бебі бар. Біріншісі, бала дыбысты естіп, ана­лиз жасап, сыртқа дұрыс шығара алмауы. Екін­ші себеп – бала тілі тонусының бұзы­луы. Бала тілді қай жерге қойып, қалай дыбыс шы­ғаруды білмегендіктен дыбыстарды авто­мат­ты түрде шатастыра бастайды. Сол себепті біз алдымен баланың тонусын анықтаймыз, сол тонусқа сәйкес жұмыс жасай отырып, ды­быстарды кезек-кезек қойып шығамыз. – Бала тілінің кеш шығуына смарт­фон­ның әсері қандай? Ата-ана нені ес­керу­ге тиіс? – Балалардың тілінің кеш шығуына смарт­фон кері әсер етіп отыр. Бесіктегі 3 ай­лық балаға смартфон ұстатып қояды. Балаға обал, оның көзіне, денсаулығына, қаншама зиян келіп жатыр. Зейіннің тұрақсыздығы, ба­ланың бір орында отыра алмауы, смартфон берсең ғана тынышталуы, телефон берсең ғана тамақ ішіп, бермесең, тамақ ішпеуі бала­ның телефонға тәуелді екенін көрсетеді. Бала­ның смартфонға тәуелді болуы мидағы ақ­паратты қабылдау, сигнал беру процесінің бұғат­талуына алып келеді. Бала робот сияқты естіген нәрсесін yellow, red деп айтады, бірақ қа­зақ тілінде оның сары және қызыл түстер еке­нін білмейді. Орысша мультфильм көрген баланың тілі орысша шығады. Бастапқыда ата-анасы баласының орысша сөйлегеніне мәз болуы мүмкін. Қиындық мектепке баратын кезде басталады. Баласын қазақ сыныбына берейін десе, баласы қазақша білмейді, орыс сы­ныбына берейін десе, ата-ананың өзі орыс­шадан қиналады. Міне, бір смартфонның зияны адамның өміріне әсер етіп отыр. Со­нымен қатар балалардың 5-6 жасқа дейін сөй­лемеуі де осы смартфонға байланысты. Сол себепті ата-ана баланың сөйлеу тілі анық шық­пайынша, дұрыс сөйлемейінше балаға смартфон бермеуі керек. Үйдегі сөйлеу тілі де баланың ана тілінде болуы керек. Баланың тілі шыққаннан кейін ғана басқа тілдерді үйретуге болады. – Баласын логопедке апаруға барлық ата-ананың жағдайы келмейді. Осы орай­да үй жағдайында баланың сөйлеуін да­мы­татын қандай терапиялар бар? – Баланың сөйлеу тілін, психологиясын қа­лыпқа келтіретін, агрессиясын азайтатын бірнеше терапия бар. Соның бірі – арт-тера­пия. Бұл баланың психологиясын қалыпқа келтіруге, бойындағы ашу-ызаны сыртқа шы­ғаруға, агрессияның қалыпты деңгейге түсуіне жағдай жасайды. Бала әртүрлі акварель крас­каларын алып, саусағымен, алақанымен сурет салу арқылы тактильді сезімталдығын арт­ты­рып, қабылдауын қалыптастырады. Осы тера­пияның көмегімен дыбыстарды шығару, екін­ші адаммен қарым-қатынас орнату про­це­сі өте жақсы жүреді. Екіншісі – құм тера­пиясы. Бұл баланың өз әлемінен сыртқы әлемге шығу процесінде ерекше рөл ойнайды. Аталған терапия аутизм диагнозы бар бала­ларға өте жақсы көмектеседі. Баланың миын тыныштандырады, зейінін тұрақтандырады, ойлау қабілетін шыңдайды. Құм терапия­сы­ның көмегімен бала айналасымен қарым-қа­тынас орнатады, белгілі бір іс-әрекетті қайта­лау­ды үйреніп, дыбыстарды анығырақ айта­тын болады. Үшіншісі – кинезотерапия. Бұл – бала­ның саусақ ұштарындағы жүйке жасуша­ларын ояту. Саусақпен жаттығу жасату, жұ­ды­рық­­ты ашып-жұму, жұдырықты түю, ыстық-суық заттарды тактильді сезіп қабылдауын қа­­лыптастыру арқылы баланың өз саусақ­тары­­мен жұмыс жасауын үйренетін тәсіл. Осы үш терапияны қолданған ата-ана баланың сөйлеу тілін қалыптастыра алады. – Логопедке баланы неше жастан апар­ған дұрыс? – Балада үш жасқа дейін толыққанды даму процесі болады. Үш жастан бастап баланың сөйлеу тіліне, түсінігіне, іс-әрекетіне, психо­ло­гиялық дамуына мән бере бастаймыз. Қалып­ты жағдайда үш жастағы бала үш сөздің басын қосып әңгіме айтып, сұрақ қоя алады. Егер үш жасқа дейін атын атап шақырғанда қарамаса, іс-әрекеттерді түсініп жасай алмаса, сөз­дерді қосып айта алмаса, логопедтің кө­ме­гіне ертерек жүгінген жөн. Мен өзімнің же­ке ме­тодикама сәйкес орталыққа балаларды екі жас­тан бастап қабылдаймын. Көптеген лого­педтер баламен жұмыс істеуді үш жастан бас­тайды. «Екі жасар бала кішкентай, жұмыс іс­теуге икемділігі төмен, бала анасынан жы­рақ­тамаған, шешесі шығып кетсе жылайды» дейді кей мамандар. Себебі бұл жаста бала бір орында отырғысы келмейді, айтқан нәрсеңді түсінбейді. Бірақ логопедпен жұмыс неғұрлым ерте басталса, соғұрлым жақсы нәтиже береді. Екі жастан бастап келген бала 3-4 айдың кө­лемінде анық сөйлей бастайды. Сондықтан ата-аналар бала тілінен кемшілік байқаса, уа­қыт өткізбей арнайы маман көмегіне жүгін­гені жөн. – Бүгінгінің баласы ботқа мен блен­дерде езілген дайын өнімді жейді. Мұның тілдің кеш шығуына әсері бар ма? – Шайнау рефлексі артикуляциялық ап­парат­тың қалыптасуына, сонымен қатар бала­ның дыбыстарды анық айтуына және анық сөйлеуіне тікелей әсер етеді. Бала өмірге кел­генде сору рефлексін автоматты біліп, ана сүтін өзі емеді. Бала 4-6 айға келген кезде ра­цион­ға қосымша тамақтарды қосамыз. Олар­дың органикалық өнім болғаны дұрыс. Қазіргі дайын езбелердің құрамында ГМО бар. Негізі құрамында баланың денсаулығына қажетті дәрумендер бар езбелерден бастаған дұрыс. Яғни, ботқадан бастасаңыз да, ең бастысы қоспа дұрыс таңдалуы керек. жеміс-жидек, кө­көністерді күнделікті рационға аз-аздан берген дұрыс. Кейде балаға үлкендер ешкінің, сиыр­дың сүтін беріп жатады. Баланың ішек микрофлорасы дайын болмаса, оның асқазан-ішек жолдарының жұмысын бұзылады. Сон­дық­тан бұл мәселеге де асқан жауапкершілік­пен қарау керек. Қазір біздің орталыққа төрт жастан асқан ба­лалар келіп жүр. Сөйлеу тілі қалыптаспаған. Төрт жасқа дейін бөтелкеден қоспа (смесь) ішкен, ботқа, езбе жеген. Сондықтан шайнау реф­лексі қалыптаспаған. Шайнауды дұрыс үйрен­беген бала сөйлеуді де білмейді. Қазіргі балалар ет жемейді дейміз. Ата-аналар «Балам ет жемейді, шайнап-шайнап, жұтпай тастай салады» деп жиі айтады. Оның себебі баланың тісі шыққаннан бастап шайнау рефлексін қа­лып­тастырмауда. Шайнау дұрыс қалыптас­са, артикуляциялық аппарат дұрыс жұмыс істей­ді. Нәтижесінде, баланың тілі анық шығады. – Сөйлемейтін немесе тілі бұзылған ба­ланы логопедке апара ма, дефектологқа ма? – Баланың сөйлеу тілінде қандай да бір бұ­зылу болса, ең алдымен баланы невропо­то­логқа апару керек. Ол ары қарай логопед, де­фек­толог, психологқа жолдама береді. Бала­ның сөйлемеуінің бірнеше себептері бар. Бала атын атағанда қарамайтын болса, сөйлеу тура­лы түсінік болмаса, айналасындағылардың не айтып тұрғанын түсінбесе, дефектолог пен логопед бірлесе отырып жұмыс істеуі қажет. Егер балада сөйлеу тілі бар, 1-2 сөзді айтып, ары қарай айта алмайтын болса, логопедтің кө­­­мегіне жүгіну керек. Бұл жердегі ерекшелік – баланың деңгейін анықтау процесі нев­ропотологпен қатар жүргізілуі керек. – Аутизм белгісі бар балалардың сөй­леуін жақсартуға бола ма? – Орталықта аутизм диагнозы қойылған 4 бала бар. Олардың келіп жүргеніне 3-6 ай бол­ды. Қазір төртеуінің де сөйлеу тілі қалып­та­сып келе жатыр, өзіне керекті нәрсені сұрай­тын деңгейге жетті. «Апай, бер», «мама, кел», «тамақ ішем» деген сөздерді айта алады. Бұл нәтижеге мен баланы өз әлемінен сыртқа шығарып, қарым-қатынас орнату арқылы қол жеткіздім. Сондықтан аутизм, Даун деңгейін­дегі балаларды сөйлетіп, қоғамдық ортаға қоса аламыз.

Әңгімелескен Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ