Түркістан қаласындағы керуен жолдары қайтадан қалпына келтіріледі. Шаһардың тарихи орталығы 2 жоба арқылы регенерацияланады. Сондай-ақ, облыстық әкімдік Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы 22 гектар жерді сатып алуды көздеп отыр. Жобаның құны – 7 млрд теңге. Бұл туралы Мәдениет және спорт мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында «Қазқайтажаңғырту» мемлекеттік кәсіпорны ғылыми-зерттеу және жобалау филиалы директорының міндетін атқарушы Сәдуақас Ағытаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Түркістан қаласының тарихи орталығын регенерациялау 2 жобадан тұрады. 1-жоба – оның қорғау аймағындағы жұмыстар. Ол Түркістан қаласы әкімдігінің сұрауы бойынша атқарылуда. Бұл жобаның құны – дайындалған смета бойынша 1 млрд 300 млн теңге. Негізінде бұл жоба 1970 жылдары сүріліп тасталған мәдени қабатты қайта қалпына келтіруді көздейді. Түркістандағы көптеген мәдениет ескерткіштерді халық жақсы біледі. Бірақ бірде-бір ескі тұрғын үймен таныс емес. Сондықтан біз 2 мың жылдық тарихы бар Түркістанның үйлері, керуен жолдары қандай болды деген сұраққа жауап беру үшін осы жұмысты қолға алдық. 6-7 үйді қалпына келтіреміз. Бұл қорғау аймағында атқарылатын жұмыстар. Сондай-ақ, ескі керуен жолдары қалпына келтіріледі», - деді ол.
Керуен жолдары қайта қалпына келтіріледі

Керуен жолдары қайта қалпына келтіріледі
Сәдуақас Ағытаевтың айтуынша, Түркістан қаласындағы жоғалып кеткен ескі керуен жолдары қайтадан қалпына келтіріледі. Осылайша қаланың ескі кварталдары да жаңғыртылмақ. Сондай-ақ, филиал басшысы 2-жоба бойынша қандай жұмыстар атқарылатындығын атап өтті.
«Ал 2-ші жоба ТИКА ұйымының сұранысы бойынша қолға алынуда. Жобаның құны – 5-6 млрд теңге. Ол қорғанның сыртындағы қалаға қатысты жерлер. Ол аймақта тұрғын үйлер мен нысандар бар. Ұсыныс Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан түсті. Жоспар бойынша 22 гектар жерді сатып алғалы отырмыз», - деді ол.
Ал Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова аталмыш жобаға қаржы бюджеттен ғана бөлінбейтіндігін мәлімдеді.
«Жалпы жобаға 7 млрд теңге қажет. Қоғамдық кеңес аталмыш жобаны талқылаудан өткізді. Қаражат мәселесін Ұлттық экономика министрлігі шешеді. Бірақ жоғарыда аталған 7 млрд теңгенің барлығы мемлекет бюджетінен алынбайды. Жобаға қаржы жергілікті бюджеттен, халықаралық демеушілерден және мемлекет бюджетінен алынады», -деді басшы.