Қанат АЙТБАЕВ: Қазақ екенімізге мақтанатын деңгейге жетуіміз керек

Қанат АЙТБАЕВ: Қазақ екенімізге мақтанатын деңгейге жетуіміз керек

Қанат АЙТБАЕВ: Қазақ екенімізге мақтанатын деңгейге жетуіміз керек
ашық дереккөзі
– Мемлекет деген ұғымның ең басты көрсеткіштеріне мемлекеттік тіл, мемлекеттік рух және мемлекетті құрайтын ұлттың дәстүрі мен тарихы кіреді. Өткеніне көз жіберіп, саралай білмеген адам болашаққа дұрыс бағдар жасай алмайды. Жастар ата-бабамыздың салып кеткен дәстүрлі жолын, өзіміздің ұлттық рухымызды асқақтата отырып, мемлекетіміздің беделін көтеруге, көк байрағымызды желбіретуге барынша атсалысуы керек. Жастар өзгенің қаңсығына еліктемей, өзіміздің ең жақсы тұстарымызға бет бұруы керек. Жастар саясаты, бұл бағыттағы идеология міндетті түрде өзіміздің ұлттық бояуымызды айшықтай отырып, осы тұрғыда дамуы керек. Осылай болғанда ғана мемлекеттің іргетасы мықты, рух асқақ болады. Тарихын білетін, өзгені сыйлай алатын, бірнеше тілді меңгерген креативті жастар көбейсе, ел болашағына сенуге болады. Қыздарымыз мектеп қабырғасынан бастап дәстүрлі тәрбие алып, үлгілі келін болуды, тектілікті бойына сіңірсе, ал ұлдарымыз батылдықты, сөзге тоқтау, уәдеде тұру, оны орындау қағидаларын ту етсе, болашақта сөзіне берік, ісіне мығым, ұтқыр ойлы ұрпақ көбейеді. Жастар еліктейтін тұлғалар өз арамыздан шығуы керек. Өмірі мен өнері үлгі болатын қаншама тұлға бар. Солардың үлгі болатын тұстарын жастардың санасына сіңіретін болсақ, қазақ дейтін елді, Қазақстан деген мемлекетті әлем жақсы жағынан таниды. Ұлттық рухты бойына сіңірген жастар өзінің қазақ екеніне мақтанатындай деңгейде өсуі керек. «Жастар Рухы» жастар қанаты осы бағытта жұмыс істесе деймін.