632
Қасымхан БЕГМАНОВ: Ауыл жастарына ерекше қамқорлық қажет
Қасымхан БЕГМАНОВ: Ауыл жастарына ерекше қамқорлық қажет
– Президент Қ.Тоқаевтың «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасына сәйкес кеше Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға баса мән берілетінін мәлімдеді. Биыл инженерлік-техникалық мамандықтарға 60 пайыз стипендия бөлінетін болды, былтыр 36 пайыз болған екен. Міне, жастарға мемлекеттік көңіл бөлу осындай деңгейде жүргізілуі керек. Негізі барлық салада жастарға жақын болып, олардың ой-пікірін, арман-мақсатын тыңдау керек. Жастарды уақытылы тыңдамаудың соңы Қаңтар оқиғасына дейін алып келгенін көрдік. Мұндай қасірет қайталанбауы үшін алдын алған дұрыс. Қазақ мұндайды бір ауыз сөзбен ештен кеш жақсы деп түйіндеген. Қазір білімді, зиялы жастар көп, бірақ алдау, арбау, өтірік айту, тонауды ұят, қылмыс санамайтындар да жиі ұшыраса бастады. Тал бесіктен берілер тәрбиені қолдан шығарып алмауымыз керек. Әсіресе, ауыл жастары ерекше қамқорлықты қажет етіп отыр. Ауылдағы кітапхана мен мектептегі кітапхана қоры бірін-бірі қайталайды. Мектеп кітапханаларындағы кітаптарды жаңартып, жаңа әдебиеттермен толықтыру керек. Тәрбиенің түп негізі бала кезден қалыптасатынын ескерсек, олардың бойына кішкентайынан ұлттық дәстүр, әдебиет, мәдениет, өнерімізді сіңіріп өсірген дұрыс. Еліміздегі қуыршақ театрларының репертуарларын байытуға күш салсақ ұтылмаймыз. Шетел драматургтерінің ескі шығармаларын аударып бергеннен жастарымыздың рухы көтерілмейді. Рухты жастарымыз көп болсын десек, ұрпағымызды сырт көзден қорғап, айтар ойын тыңдап, бастамаларына қолдау білдіріп, қамқорлық танытып, бағыт сілтейік дегім келеді.