Жолда ұйықтап кеткен: Павлодар облысында 11 адам қаза тапты

Жолда ұйықтап кеткен: Павлодар облысында 11 адам қаза тапты

Жолда ұйықтап кеткен: Павлодар облысында 11 адам қаза тапты
ашық дереккөзі
Биыл жарты жылда Павлодар облысының аумағында жүргізушілердің көлік жүргізу кезінде ұйықтап кетуінен сегіз жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 11 адам қаза тауып, 13 адам жарақат алды. Бұл туралы turkystan.kz @Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.  Полиция жол ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығы туралы ескертеді.
«Мәселен, Павлодар - Қызылорда автожолында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген жүргізуші рөлді басқара алмай,  жол жиегіне шығып, кюветке  түсіп кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты», - дейді  Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Тәртіп сақшыларының сөзінше, жүргізуші көлік жүргізу кезінде ұйықтап кеткен кезде көбінесе адамдар ажал құшады немесе ауыр жарақат алады. Мұндағы басты мәселе – жүргізушілердің өз күштерін асыра бағалауы. Қала көшелерімен жүрген кезде жасанды жол кедергілері, бағдаршамдары бар қиылыстар және көрші машиналардың дыбыстық сигналдары ұйықтап кетпеуге септігін тигізуі мүмкін. Ал тас жолда керісінше, монотонды қозғалыс пен ландшафт, қасында саяхатшылардың болмауы - жүргізушінің ұйықтап кетуіне әсер етуі мүмкін.
«Ұйқышылдық тек шаршағаннан ғана емес, аурудан, эмоционалдық депрессиядан, ұзақ уақытқа созылған мазасыздықтан туындайды. Соңғы жылдары интернеттің зиянды әсері тиіп жатқаны байқалады. Көптеген жүргізушілер  компьютерге тәуелділікке байланысты дұрыс ұйықтамайды. Егер түнгі уақытта жүретін болсаңыз, алдыңғы орындықта отырған жолаушы да ояу болуы керек немесе алмастыра алатын екінші жүргізуші болғаны дұрыс», - деді Жасқайрат Қайыров.
Айта кетсек, полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігі, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында медициналық-құтқару станциясының қызметкерлерімен бірлесіп, облыс жолдарында рейдтер жүргізеді. Рейд барысында жүргізушілердің денсаулық жағдайы тексеріледі, соның нәтижелері бойынша ұсынымдар беріледі, медициналық көмек көрсетіледі.