718
Ақтөбеде Әйтеке биге ескерткіш орнатылды
Ақтөбеде Әйтеке биге ескерткіш орнатылды
Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, Қазақ мемлекеттілігін қалыптастыруда өлшеусіз еңбек еткен би-шешендерімізді, елдігімізді қорғауда ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батырларымызды бағалауға қол жеткіздік.
Мұндай жаңалықтар мен жақсылықтар Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында бұрынғыдан да көбейе түсті. Осындай бір айтулы да айшықты оқиға - Қарабұтақ ауылында Қазақ жұртының тыныштығы мен тұтастығы жолында көсемдігімен де, шешендігімен де қызмет еткен дарабоз тұлға, елдің бірлігін нығайтуға үлес қосқан атақты үш биіміздің бірі - Әйтеке би ескерткішінің ашылуы дер едік. Төле және Қазыбек билермен бірге қалың қазағының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Әйтеке би - философ, дала данышпаны, мемлекет қайраткері. Ол 25 жасында Кіші жүздің бас биі болған, Әз Тәуке хан құрған билер кеңесінің мүшесі, абыз баба, дарабоз тұлға қандай құрметке де лайық. Әйтеке биді есте қалдыру бағытында біраз шаруалар да жасалды. Облыс орталығында ескерткіші орнатылды. Оның атында аудан, көшелер, ауыл бар. Осы Қарабұтақ өңірінде Әйтеке бидің 350 жылдығы аталып өтті. Ғылыми-практикалық конференциялар өткізілуде. «Әйтеке би» атындағы қайырымдылық қоры жұмыс істейді, деп жазады Егемен Қазақстан. Биіктігі 7 метр болатын Әйтеке бидің ескерткіші Қарабұтақ ауылына кіреберістегі үш жолдың, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Қызылорда бағытына және Қостанай бағытына бұрылатын айрығына орнатылған. Мұның өзі - үш бағытқа жүретін автокөлік жүргізушілері мен жолаушылардың назарына бірден ілігетін көрнекті орын. Бұл ескерткішті орнатуға «Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бағлан Баймағамбетов пен бас мердігер, «Қазавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе облыстық филиалының директоры Әкімжан Өтемұратов бастамашы болды. «Әйтеке би бабамызға бір әдемі ескерткіш орнату көптен бері ойда жүр еді. Соны ақылдаса келе, осы үш жолдың айры-ғына қоюды шештік.
Мүсінші Аяпберген Қарпықовтың қолынан шыққан ескерткіш еңселі де көрнекті. Бұл ақтөбелік жолшылардың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жасаған тартуы десе де болады. Бұл бағыттағы шаруаларды алда да жалғастырамыз. Батырларымызды, хандарымызды және билерімізді, Алаштың айтулы тұлғаларын есте қалдыру арқылы Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жастарға өнеге-үлгі етудің тәрбиелік мәні зор», - дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бағлан Баймағамбетов. Оның айтуынша, ескерткіш маңайын көріктендіру және көгалдандыру жұмыстары көктем шыға басталады. Ескерткіш тұғырына келер ұрпаққа жолдау жазылған капсул салынды. Осы жерге «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 25 жыл» деп жазылған стелла орнатылған. Ескерткішті Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ыбрашев пен еңбек ардагері, Әйтеке бидің тікелей ұрпағы Сәрсенәлі Қалтаев ашты. Әйтеке би бабамызға ас беріліп, Құран бағышталды.