51035
OLX-тен Kazpost-қа: Алаяқтар қалай алдап жүр? (Зерттеу)
OLX-тен Kazpost-қа: Алаяқтар қалай алдап жүр? (Зерттеу)
2020 жылдың көктемінен бастап өмірімізге етене енген онлайн әлеммен бірге оңай ақша табуды кәсіпке айналдырып алғандардың саны артты. Олар жердің кез келген нүктесінде отырып сіздің картаңыздағы ақшаны пайдалана береді. Жыл өткен сайын бұл мәселе өршімесе, азайған жоқ. Осы ретте turkystan.kz сайтының тілшісі алаяқтардың жаңа әдісіне зерттеу жасап көрді.
Киім-кешектен бастап тамақ өнімдерін көзбен көріп, қолмен ұстамай-ақ онлайн өмірде тапсырыс беріп, төрт қабырға ішінде жамбастап жатуға жаман үйрендік. Тапсырыс келсе жақсы, келмесе ше? Мұндай жағдайда дүкен иесімен сөйлесуге, мәселені шешуге болады. Ал сіз өнімді сатуға қойып, оны алатын адам «аламын» деген сөзбен арбап, сізге ақшаны аударып жібергендей көзбояушылық жасап, банк картаңызда тұрған ақшаны сыпырып алса не істейсіз?
Дәл қазір алаяқтар OLX арқылы тауарын сатуға қойған адамдарды алдап, ақшасын алудың мынандай бір әдісін ойлап тапқан:
Сіз OLX-ке өзіңіздің Macbook Air маркалы ноутбукті сатуға қоясыз. Бағасы шамамен 270.000 теңге. Сатуға шығарған өнім 2-3 күн сатылмай тұрады да, бір күннің ішінде сатып алушы табылып, сізбен өте жылдам сөйлесіп, барынша жақын коммуникация орнатуға тырысады.
Алаяқ алдымен сіздің өнім туралы, оның жай-күйі қандай екенін білгісі келіп, іші-бауырыңызға кіреді. Тіпті жеткізу қызметінің бар-жоғын да біліп, сатып алуға бекінген адамның рөліне өтеді. Кейін ноутбукті видеоға түсіріп жіберуді сұрайды. Сіздің өнімге күмәнмен қарап, қайта-қайта тексеріп алғысы келген сенімді актердің рөліне ауысқан алаяқты сіз тіпті байқап үлгермейсіз.
Бірінші кезең аяқталды. Екінші кезең бағаны түсіруге, келісуге қарай ойысады. Күмән келтіріп, артынан сенімді адамның әрекетін жасап отырған алаяқ сізге суреттегідей Kazpost жеткізу қызметінің скрин бетін және оның сілтемесін ұсынады (сілтеме төменде).
Үшінші кезең. Алаяқтың сізге алдымен жіберген скрин форматтағы суреті көзіңізді алдауға жақсы тәсіл. Себебі скриндегі суреттен кейін сілтеменің құрылымына мән де бермейсіз. Яғни шынымен де Kazpost жеткізу қызметінің ресми сайты екен деп қаласыз.
Мән беріңіз: алаяқ сіздің сенімге кіру үшін: «мен пошта арқылы жеткізу қызметін және тауардың құнын төлеп қоямын!» деп ағынан жарылғандай болады. Мұндай жағдайда кез келген адам сенім артады. Бәрі ретімен, ақырын-ақырын нобайға қарай ыңғайланып келе жатқандықтан күдік әлі туындамайды.
Төртінші кезең. Алаяқ жіберген ақшаны күтіп отырсыз ба? Дәл өзі. Ол сізге қайта-қайта «ақшаны алдыңыз ба?» деп жаза береді, сіз картаңызды ашып, минут сайын тексеріп «келмеді» дейсіз. Осылай жалғасып жатқан 15-20 минут ішінде сізге төменде тұрған үлгідегі скрин келеді. Біз әлі күдіктенбедік.
Алаяқ «алдыңыз ба?» деген сөзді әдейі жиі пайдаланады. Өзіндегі жауапкершілікті сізге итерудің амалы ғана. Суретте көрсетілген формадағы хатқа үңілсек. Алаяқ аудардым деген 270 000 теңге түсу үшін осы соманың 20% банк картаңызда болуы тиіс екен. Бұл дегеніміз 54 000 теңге. Енді біз жан-жаққа сабылып, картада жоқ 54 мың теңгені қарызға ала тұруға адам іздеп кетеміз. Себебі алаяқ ақшаны аударған чек жібереді. Ол чекті қазір екінің бірі фотошоп арқылы дайындап ала алатынын біріміз білсек, біріміз білмейміз.
54 мың теңгені іздеп жатқан кезде барып ақылыңыз іске қосылады. Енді жаңа ғана болған диалогтың артына майшам алып түсесіз. Сілтемені ашып көріп, доменді тексересіз. Ресми парақшамен сәйкес емес екенін көрген соң барып қана алданып қала жаздағаныңызды түсінесіз.
Алайда алдаудың амалы әлі біткен жоқ. Енді бесінші кезең басталады. Мұнда алаяқ сіздің өзіңізді адастырып, сізден алаяқ жасауға тырысады. Яғни сіз өзіңізді кінәлі сезініп, оған күдік келтіргеніңіз үшін өкініп отырғандай күйге түсесіз. Бұл әдіс төмендегі скринде көрсетілді.
Міне, осындай әдіс арқылы алаяқтар банк картаңыздағы ақшаны оп-оңай шешіп алып, жүре береді. Сондықтан міндетті түрде онлайн сауда жасаған кезде кез келген сілтемеге, ресми мәліметке, жалпы ақпаратқа жіті мән беріңіз. Себебі алданып қалу үшін картаңыздағы ақшаның 20%-ы мен 30 минут жеткілікті.