50242
Соғыста қаза тапқан жауынгерлердің сүйегі елге жеткізілді
Соғыста қаза тапқан жауынгерлердің сүйегі елге жеткізілді
Қазақстан Қарулы күштерінің әскери борты Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер – Николай Матвеевич Гуровтың, Төлеген Үркербаевтың және Петр Абрамович Фоменконың сүйектерін Мәскеуден Нұр-Сұлтанға жеткізді деп хабарлады turkystan.kz. «Сұрапыл соғыстан оралмай, хабар-ошарсыз кеткен сарбаздар мен офицерлердің ұрпақтары әлі күнге дейін бабалары жайлы хабар күтеді. Соғыста қаза тапқан соңғы сарбаз жерленгенге дейін іздеу жалғаса бермек. Біз бірлесіп атқарып жатқан жұмыс жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге, қазақстандық жауынгерлердің жанқиярлығы мен батылдығы туралы тарихты жадымызда сақтауға барынша ықпал етеріне сенімдімін», – деді рәсім барысында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов.Министр қазақстандық жауынгерлердің сүйектерін іздестіруге белсене қатысқандардың бәріне алғыс білдірді. Төлеген Үркербаев – Алматы облысының Ұзынағаш кентінен, Петр Абрамович Фоменко – Қостанай облысы Алтынсарин ауданының Щербаковка ауылынан, Николай Матвеевич Гуров – Алматы қаласынан екені нақтыланған. Аталған өңірлерде жауынгерлердің сүйектерін қарсы алу, туыстарына беру және әскери құрмет көрсетіліп, қайта жерлеу рәсімдері өтеді.