603
Тарихтың көшін сүйреген
Тарихтың көшін сүйреген
1991 жыл. Әрине, қазақ халқы үшін қасиетті де қастерлі бұл жылды оқырманға таныстырып жатудың өзі артық. Нақ осы жылдың наурыз айында біздің бүгінгі кейіпкеріміз Тұяқбай Зейітұлының ғылыми-педагогикалық қызметінің жаңа бір кезеңі басталды.
Тарқатып айтсақ, ол осы жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ды тәмамдағаннан кейін өзінің еңбек жолын бастаған А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының тізгінін ұстап, ректорлық лауазымға жайғасқан еді.
Көп ұзамай ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ таңының атуы – қырықтың қырқасына шыққан қырма сақал жігіттің мойнына атан тартпас ауыр жүкті бірге ала келді. Сол уақыт үшін жас ғылым докторының алдында отаршылдықтан әбден езіліп, жаншылған қазақ халқының ұлттық тарихи санасын жергілікті жерде қалыптастыру жолында қыруар жұмыс күтіп тұрды.
Иә, ел тәуелсіздігі һәм «бостандық желінің есуімен» бірге қоғамның есті бөлігінің жаппай тарих жазуға құлшына кіріскені сондай – өлкетанушы да, жазушы да, зейнеткер де, инженер де бір-бірінен еш қалысқан жоқ. Бұл заңдылық еді. Хакім Абай «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп айтпақшы, сол бір елең-алаң шақта қазақ халқының ата тарихына деген сұранысы жойқын болатын. Өкініштісі, сол кезде елімізде, соның ішінде аймақтарда өз ісінің «жілігін шағып, майын ішетін» кәсіби тарихшылар жетіспей жатты. Осы ретте өңірлердегі осындай мамандар жетіспеушілігін дер кезінде аңғарған Тұяқбай Рысбековтің өз замандастарының арасында орны оқшау, шоқтығы биік. Олай дейтін себебіміз, көп ұзамай алысты болжап, қиядағыны шолатын қырағы басшының мұрындық болуымен 1991 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан тарихы кафедрасы құрылған-ды.
Иә, тағы да өткенге сәл шегініс жасайық. Осыдан 25 жыл бұрын Тұяқбай Зейітұлының 50 жылдық мерейтойына арналған торқалы тойда оның «Өскен өлке тарихы» атты еңбегінің тұсауы кесілген болатын. Сол жолы Ақжайық топырағына Кеңес Нұрпейісов, Хангелді Әбжанов бастаған елімізге танымал мүйізі қарағайдай ғалымдардың ат басын бұруы, олардың конференцияда жасаған баяндамалары мен дөңгелек үстелде жергілікті зиялы қауыммен кездесуі – сол кездегі республикамыздың бір бүйірінде тып-тыныш жатқан провинциялық қала үшін әжептәуір жаңалық болған-ды. Беделді ғалым һәм білікті басшының ұйытқы болуымен бірте-бірте үлкен ғылыми орталықтағы көрнекті ғалымдармен байланыс аясы кеңейіп, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан Отан тарихы (Қазақстан Республикасы тарихы) мамандығы бойынша алғашында кандидаттық, кейін докторлық диссертациялық кеңес ашылып, тұрақты жұмыс істей бастады. Бұл аймақтарда ғылымға қанат қаққан жас ізденушілерді орталыққа барып қорғау қиындығынан құтқарып, оларға материалдық һәм моральдық тұрғыдан зор қолдау көрсеткен игілікті іс болып шықты. Академик Т.Рысбеков ғылымға құлшыныс білдірген қазақтың өрімдей жастарын қанатының астына алып, ғылымдағы әкелік қамқорлығын еш аямады. Соның нәтижесінде ол ғылымға ынтасы мен табиғи икемі бар көкөрім қазақ жастарына бағыт-бағдар беріп, өлке тарихының тынысын ашты. Шәкірттері де ұстаздарының үмітін ақтауға ұмтылып, ұзақ ізденістен кейін, бірінен кейін бірі кандидаттық, қайсыбірі докторлық диссертацияларын сәтті қорғап жатты. Оларды балапанынан бауырына басып тәрбиелеп, қанаттарын қатайтты және осы жылдар ішінде өзінің де қолынан қаламы еш түскен жоқ. Ондаған кітап жазып, өлке тарихшыларының көшін бастады. Сайып келгенде, Ақжайық өңірінде соны сүрлеуге түскен жас тарихшы-ғалымдардың шоғыры пайда болып, академик Т.Рысбековтің тарихи мектебі қалыптасты. Мұны мойындамау – ақиқатқа қиянат. Сөйтіп, Тұяқбай Зейітұлы университет ректоры ретінде сан салалы жұмыстарымен бірге, ғылыми істі ұйымдастырушылық бағытта да жарқырай көрініп, тек Батыс аймаққа емес, республикаға танымал ірі ғылыми мектептің іргетасын қалады. Сөз жоқ, Отан тарихы ғылымының арналы саласының бірі – өлке тарихы. Туған өлке тарихының түйткілдерін толық тарқату бүкіл Қазақ тарихымен тұтасқанда ғана ұлттың жасампаздық рухы екі есе асқақтайды.
Өлке тарихын – Отан тарихынан әсте бөліп қарауға болмайды. Білетінімізден білмейтініміз мол, сыр-жұмбағын ішіне бүгіп жатқан өлке тарихының қатпар-қатпар қыртыстарына сарабдалдықпен тереңдеп, салиқалылықпен ден қою – зерттеушілік ғұмырын өлке тарихына арнаған, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Т.Рысбековтің өнегелі өмір жолына тән. Қазіргі уақыт – бірегей тұлғаның зерттеуші ғалым ретінде жиған-терген білім кенінің, ақыл-парасатының һәм соны пайымдарының әбден толысқан кемел шағы. Соңғы жылдардағы еңбектері тәжірибелі ғалымның ұзақ жылға созылған ғылыми ізденістерінің қорытылып-екшеленген, әбден жүйеленіп-сараланған жемісі десек артық айтқанымыз емес. Өйткені Тұяқбай Рысбеков жай не әуесқой тарихшы емес, кәнігі тіс қаққан кәсіби тарихшы. Әрине, ғалым шығармаларының жұлын тұтасын құрайтын оның өлке тарихына арналған еңбектері. Иә, басшылық, ашып айтсақ 20 жылға жуық ректорлық қызметте жүріп ғылыммен, соның ішінде негізінен өлке тарихымен үзіліссіз айналысу біздің бүгінгі кейіпкеріміздің мамандығына деген адалдығы мен шексіз махаббаты деп түсінеміз.
Мұқият зерделеген жанға өте жауапты екі саланы қоса алып жүру – әлемдік және өз тәжірибемізде де бар үрдіс. Мәселен, неміс классикалық философиясының және романтизм философиясының негіздеушісі Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831) Берлин университетінің ректоры бола жүріп, философиялық жүйесі мен диалектикалық әдісін аяқтап үлгерген-ді. Осы ретте қазақтың біртуар перзенті Санжар Асфендияровтың Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті болып құрылған Қазақ мемлекеттік университетінің алғашқы ректоры (1928-1931), Алматы медицина институтының ұйымдастырушысы және тұңғыш ректоры (1931-1933) қызметімен қоса қаншама ғылыми еңбек жазғанын еске түсірсек те жеткілікті.
Сөздің қысқасы, тарихшы-ғалым ұзақ жыл ЖОО-ғы ұйымдастырушылық-басшылық қызметтен қол үзбей жүріп, өзінің бүкіл-болмысымен, жан дүниесімен сүйетін Қазақстан тарихын жанына мәңгілік серік етіп, екі тізгін, бір шылбырды тең ұстады. Атам қазақтың «Екі кеме құйрығын. Ұста, жетсе бұйрығың» деген қанатты сөзі бекерден-бекер айтылмаса керек. Сайып келгенде, ұрпақтар сабақтастығын жадынан шығармаған тәжірибелі ғалым «үндемей жүріп, үлкен іс бітіріп», тәуелсіздіктің 30 жылында өлке тарихының «жапырағын жайған алып бәйтерегіне» айналып, өңірімізде аяғынан қаз тұрған ғылыми мектептің ырғақты жұмыс істеуіне жағдай жасады.
Тәуелсіздігіміздің таңсәрісінде ұлт тарихының туын ұстаған академик Манаш Қозыбаев «Менің жұлдызым» атты мемуарлық еңбегінде еліміз бойынша өңір тарихшыларының көшін бастап жүрген тарихшылардың алдыңғы сапында Т.Рысбековтің есімін атаған болатын. Тегінде «ұлы дариялардың ағысы білінбей терең, арналы ағады» деген даналық нақыл осындай жайсаң жандарға арналса керек-ті.
Жазарыңыз таусылмасын, ұлағатты Ұстаз!
Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ, М.Өтемісов атындағы БҚУ-дің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты